Индербордағы мәдениет сарайында өткен «Тектілік тұғырынан таймаған» атты шара «Атырау облысының Құрметті азаматы», жерлесіміз, соғыс және еңбек ардагері Орынғали Қарасаевқа арналды.
Көп жүректерді тебіренткен фоэда ұйымдастырылған көрмеге көз тіккен көп жан кең залға орналасқан соң бейне фильмді тамашалап одан да көп ой түйді. Ал еске алуды аудан әкімі Дарын Дүйсембайұлы Шамұратов ашып, шақырылған қонақтар: облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы Өтешов бастаған топ құрамындағы асыл азаматтың жары, 93 жастағы Дәметия Қосалықызын таныстырып, иығына камзол жауып, гүл шоқтарын ұсынды.
Ұрпағы Қалам Орынғалиқызы, жақын бауырлары Нұғыман Қарабалин, Бағытжан Мүбәраков, Қалыбай Мәмбетов, белгілі журналист Әбілхан Төлеуішов, тағы да басқаларына хош келдіңіздер дей келе, бұл басқосудың негізгі игі мақсаттарын да саралап берді.
Жасыратыны жоқ мұндай шараны Атырау қаласында облыстық әкімдік пен облыстық ардагерлер кеңесі бірлесіп өткізген болатын. Сондай-ақ көрші Исатай ауданын да ұйымдастырылып, азаматқа деген игі тілектер ағыны толас таппаған. Міне, ендігі кезек ардақты жанның туған жері Индер ауданында да ұйымдастырылып, оған Индербормен қатар көрші Елтай, Есбол ауылдарынан да бір бөлек азаматтар, ардагерлер шақырылып қатынасты.
Айта кетелік, есімі елімізге танымал Қарасаевтар әулетінің алтын діңгегі, 93 жасты еңсерген ақ жаулықты ана Дәметия Қосалықызының адал жары, ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері, Атырау облысы және «Индер ауданының Құрметті азаматы», республикалық дәрежедегі зейнеткер Орынғали Мусаұлы ҚАРАСАЕВҚА арналған шарада облыс әкімі Серік Шапкенов сөйлеп, көріністер қойылып, патриоттық бағыттағы әндер шырқалған. Бұл шараға облыс орталығындағы әскери бөлімшелердегі жауынгерлер де қатынасып, ерекше әсер алғандарын да ерекше атаған жөн.
Міне, енді отызыншы жылдардың ыстық-суығында шыңдалып, жастық жігерін соғыста жанып, одан кейінгі ел ахуалын жақсарта түсу жолындағы сан жұмыстардың басшысы болған, ғибратты ғұмыр иесінің өмір жолы мен ақыл-ойлары топтастырылған,естеліктер жинақталған кітап та жерлестерінің ортасына келіп, сағына күткен оқырмандарымен қауышты.
«Тектілік тұғырынан таймаған» атты кітаптың шығуының мән-жайына облыстық арадагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлы арнайы тоқталды. Әр қазақ баласы ардақтайтын тек, тектілік ұғымдарының мәнін аша сыр тиегін ағытты. 96 жасында өмірден өткен азаматтың шаңыраған ұстап отырған ардақты ана Дәметия Қосалықызына амандық, ұзақ ғұмыр иесі бола беруді тіледі.
Сонан соң салтанатты жағдайда жаңа кітаптың тұсауын кесті. Ал жаңа кітаптың мазмұнын көпке Индер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сүйеу Халықов таныстырды. Баяндамашы:
«Ұсынылып отырған бұл еңбекте Отан соғысының ардагері, Атырау облысының және бірнеше ауданның Құрметті азаматы Орынғали Мусаұлы Қарасаевтың көзін көріп, тәлім-тәрбие алған,бірге жұмыс жасаған дос-жолдастарының, Қазақстан Үкіметі мен,облысты басқарған көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлерінің,туыс-ағайындарының естеліктері енгізіліп отыр. Орекең әрбір ісі-өнеге,тазалық пен адалдықтың өлшеміндей,өміріне, арына кір жұқтырмай өткен азамат.
Өмірден аз ба,көп пе тапқандарым,
Жатыр ғой көз алдымда баққан малым.
Барымды азсынбадым, көпсінбедім
кемсінсе кедейсің деп кексінбедім.
Аулақпын сараңдықтан, жомарттықтан,
Жерім жоқ жөнді бұзған,жолды ұмытқан.
Бірді алсам, бірді беріп жасай берем,
Тұрмаймын оқшауланып өзге жұрттан»,-деп Дәметия ана Қосалықызы осы кітаптың беташарында жазғанындай, бұл жинақпен танысқан адам ұмытылмас әсер, өмірлік рухани азық аларына сенімдіміз»,-деп сөз саптап, жаңа кітаптың негізгі кейіпкерімен қатар өзге де сыйлы тұлғалардың естеліктеріне де орын берілгеніне тоқталды.
-Азаматты туып-өскен Елтай ауылы ғана емес, барша атыраулықтар да жақсы білетін болар, бұл әулет бұған дейін білікті маман Әлия Орынғалиқызы сияқты қызғалдақ өмір иесінен, Пайғамбар жасына толады-ау деп отырған шағында Ғизат Орынғалиұлындай асыл перзентінен де ажырап қалып, үлкен қайғы құшағында қалғандықтан да, «Қайғы бөліссе азаяды» дегендей, әлгінде осы шара басталарда, шаңыраққа әр тұстан да ізгі тілектерін арнап жатқандар қатары да аз болмады.
Осы ретте «Ер қазынасы- жүрген ізі» демекші, 96 жасында өмірден өткен елі сыйлаған азамат туралы Сіздердің баршаларыңыз да жақсы біледі деген үміттеміз. Оның үстіне осы жиынға ағайымыздың көптеген туған-туысқандары да қатысып отыр, олар да ежелгі Болпыш би, Арал батырдан басталған шежіре жолдарымен тереңдей танысып алса, еш артықтығы болмас та еді деп ойлаймыз.
Бәрімізге сыйлы болған Муса қарт пен Байғабылқылы Жәміш ананың қарапайым отбасынан өрген Орынғалидан басқа Айғали, Дүйімбай, Мұрат атты ұлдары мен Ағираш, Мақанай, Зайда атты қыздары, олардан тараған ұл-қыздары, ұрпақтары бүгін міне ортамызда отыр.
Осы арада жуырда Қазақстан Жазушылар одағының басшысы болып сайланған Мереке Құлкеновтың осы кітаптағы мына бір сөздері ойға оралып тұрғаны. Ол жазады: «Мен үшін бір өкініштісі-құйма көкірек Орынғали ағаның, тірі шежіре адамның жандүниесіне үңіліп, терең әңгімелесе алмағаным.
Тірлікте адам баласы мәңгілік өмір сүретіндей көрінеді де, күнде ертең деп жүріп, кеш, мүлдем кеш қалғаныңды біліп, саусағыңды тістейсің. Жаңа айттым ғой Орынғали ағалар басқа ибалы тәрбиенің адамы. Олар ешқашан мақтануды білмейді, істеген жақсы істерінің бәрі солай болуға тиіс деп есептейді. Әйтпесе Атырау облысындағы қаншама тарихи, мәдени оқиғалардың куәсі болды,талай-талай жақсы істердің бастауында тұрды ғой» дегені шынайы шындықтың шымылдығын аша түседі.
Иә, шыныда да ағамыз Атыраудың ардақтысы еді ғой. Ол өмірінің соңына дейін өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласты. Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында тәрбиелік мәні зор мақалалар жазды,сұхбаттар берді, халық алдында ұлғатты сөз сөйледі.
Ең бастысы жүзге қараған шағында мына фәни жалғаннан біз сүйсінетін сымбатты, сұлу қалпында,мейірі мен парасат шуағы төгілген нұрлы жүзімен өтті»-деген жолдарды да осы кітаптан алып Сіздерге ұсынып отырмыз»,-деді баяндамашы,
«Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жылнамасында Отан үшін пәруанадай отқа түскен өзге де алыптармен қатар,маңдайы жарқырап, Орынғали Қарасаевтың да бейнесі тұруға әбден лайық.
Иә тағдыр тезінде шыңдалып, тарих легінде өз орынын алған мұрасы, метеориттей жарқыраған сәулелі ғұмыры бәрімізді мерейтой төріне ғана емес, мағыналы ой төріне бастаса- мақсатымыздың орындалғаны, үмітіміздің ақталғаны емес пе?!»-деген облыс әкімі Серік Шапкеновтың сөзін де келтіре кетті.
Осы кітпатың тағы бір құнды тұсы, мұнда ел ардақтылары, осы өңірде туып-өсіп, еңбек еткен Елеусін Ахметұлы, Нәсіпқали Сапаров, Мұқанғазы Сиранов, Уәли Жайықов, Аташ Досалиев, Нариман Үлкенбаев, Қаршыға Ахмедияров, Закаш Камалиденов сияқты тағы да басқа бірнеше тұлғалар туралы ағамыз жазған естеліктерді ерекше атағымыз келеді.
Ағамыздың өзі жазған, немесе ол туралы әріптес аға-іні,дос-жолдастарының естеліктері мен тілектерінің де ұзын-саны 50-ге жуықтаса, олардың арасынан майдангердің жорық жолдары туралы облысымызға танымал журналист Любовь Монастырская, өзінің «Прикаспийская коммуна» газетіне кезінде үлкен мақала жазғаны бар.
Майдангер Орынғали Қарасаевтың Жеңіспен елге оралған соң ерінбес еңбегі, елін-жерін сүйген бітім-болмысымен ел құрметіне, зор абыройға бөленгені туралы ұмытылмас естелік жолдарын біз бұрын аудандық «Дендер» газетінен де оқып білген едік.
Осы естелігінде Орынғали Мұсаұлы: «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» демекші, 1948 жылы шілдеде: «Ауданда алғашқы 13 Социалистік Еңбек Ері атағын алғандардың (барлығы ауданда 16 адам бұл жоғары атаққа ие болған. СХ.) ішінде 5 комсомол мүшесі болуы, оның төртеуі Есбол ауданынан.
Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған комсомол мүшелері Маржан Енбаева, Ғалым Есмұратов, Ишақат Құспанов, Сапарғали Өтепов және Исатай (Новобогат) ауданынан Кәрімов Қапизолла сол жылдардың жастарына үлгі ретінде көптеген игілікті шаралардың басы-қасынан табылуы да бүгінгі күні қарап отырсаң таптырмайтын тарихи сәттер екені сөзсіз.
«1948 жылы тамыз айының жаймашуақ күні марапатталғандар Гурьев (Атырау) қаласына жиналды. Осы кезде мен Есбол аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатынмын, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жаппасқали Төлепбергенов және аудандық Советі атқару комитетінің төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Штатбай Иманғазиевпен бірге облыс орталығында өтетін салтанатқа шақырылдым.
Салтанатты жиын Мұнайшылар мәдениет үйінде өтті. Марапаттауды Д.Керімбаев КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан сөйлеп, озаттарға тапсырды. Кеш соңында Ғ.Құрманғалиев, М.Ержанов, Қ.Жантілеуов, Ж.Омарова бастаған бір топ өнер саңлақтары ән шырқап, күй тартып қатысқандарды шаттыққа бөледі»,- деп еске алған сәтін де бүгінгі 95 жылдық тарихы бар ауданның шежіресіне алтын әріппен жазылса еш артық та болмас еді.
Бұл қуанышты сәттің сабағын үлгі етіп, жастар тәрбиесіне әр кез жаны ауыратын Атыраудың Құрметті азаматы Орынғали ағамыз: «Маржан Енбаева-еңбек етудің үлгісін көрсеткен қазақ аруы. Сонымен қатар оның бойында қазақ қыздарына тән ұяңдық, ізеттілік, әсемдік дарыған, ұяты мол, намысы жоғары, сүйкімді адам болды.
Сондықтан да болар сол жылдары дүниеге келген Маржандар көп болды, еліміздің дарынды композиторы Әбілахат Еспаев пен белгілі ақын Садықбек Адамбеков «Маржан қыз» әнін шығарып, ол кеңінен тарады. Қазірде де ол халықтың сүйікті әндерінің бірі болып есептеледі.
Маржан Енбаеваның жастарды тәрбиелеуге қосқан үлесі де қомақты. Үйрен, үлгі ал, жас ұрпақ, Маржан сынды апаларыңнан! Ол кешегі сұрапыл соғыста шығыстың жарқын жұлдыздарына айналған Мәншүк пен Әлияның тамаша ерлік істерін еңбек майданында көрсеткен тұлға»,- деуінен бір танған емес. Бұл мақаласы жергілікті басылымдарда жарияланып, оқырмандарының жүрегіне жол тапты да.
Ал ардақты азаматтың ерлікке толы адал еңбегі «Отан соғысы» мен екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендері және бірнеше сан медальдармен, Алғыс, Құрмет грамоталарымен атап өтілді.
Ардақты азамат Орынғали Мусаұлы Дәметия анамыз екеуі үлкен әулеттің басшысы болуымен де ел қадірлісі, ағайын-туыстың сыйлысы.Ата-анасың Ақ сүтін емген Әлия мен Қалам, ұлы Ғизатты оқытып, тоқытып, тұлға болып қалыптасуларына зор ата-аналық еңбектері мен мейірімдерін аямады. Олар да ата-ана тәрбиесіне, тағылымына зор құрметпен қарап, орталарының сыйлысы болып еркін өсіп, халқының беделді азамат-азаматшалары атанып, құрметке бөленгендеріне барша қазақстандықтар да куә.
Түрік ғұламасы Ж.Руми: «Жақсы адамның қабірін жердің бетінен іздемеңдер, ол өзінің туған халқының жүрегіне жерленеді» деген екен. Сондықтан да халқы мен елі алдында есімі ұмытылмас тұлға, абыз бейнесі жадымызда ұзақ сақталары анық.
Барша атыраулықтармен бірге бүгінгі барша жерлестері де жаңа кітаптың осынау тұсаукесерінде азаматтың асыл жары Дәметия Қосалықызы мен қызы Қаламға, немере-жиендеріне, туған-туысқандарына ыстық ықыласпен ризашылықтарын білдіріп, қолдап, жарасымды игі жақсылықтар тілейтіндерін тағы қайталағымыз келеді,-деп баяндамасын аяқтаған соң азаматтың көзін көріп, жұмыстас та болып үлгерген аудан ардагерлері Тасқали Темірболатов пен Жолдасқали Өмірбаевтар сөз алды.
Қос ардагердің сөзі де негізінен естеліктерден тұрды. Бір ауылда көрші тұрып, әкелері Темірболат пен Мұсаның өзара сыйластығы, алғашқы колхоздастыру кезіндегі қарым-қатынастар жайы сөз етсе, әкесін соғыста жоғалтқан Жолдасқали Өмірбаев болса, хабарсыз кеткен асылдарын іздеуге үлесін қосып, тіпті сол боздақтардың жерленген жерлеріне барып келуіне дейін көмектескен жерлесі Орынғали Мұсаұлының азаматтығына ризашылық білдірді. Рухына бас иді.
Алыстан-жақыннан келгендер естелігі ағылған бұл тұсаукесерді аудан өнерпаздары Нағиым Сатышов, Тимур Нұрмағамбетов,тағы да басқалары әсем әндермен әрлеп, қатынасушылар көңілдеріне шуақ сыйлады. Бастысы елге сыйлы азаматты еске алумен бірге адал еңбекке әрқашанда төрден орын барлығы да айрықша таныла түсті.
С.БИСЕНОВ