Бала бойына тәлім-тәрбиенің асыл қазынасын құйып, тәрбие мен білімнің алтын діңгегі, әулие мамандық иесі болып қана қоймай, қоғамның айнасына айналған ұстаздар өңірімізде көптеп саналады. Жақында Томарлы ауылының мәдениет үйіне қала мектептерінен жиналған үлгілі педагогтарға «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атырау қалалық комитеті ұйымдастырған салтанатты шарада үлкен құрмет көрсетілді. Мәдениет үйінің фойесіне қала мектептерінен осы слетке қатысушы озат ұстаздардың оқу-тәрбие жұмыстары туралы көрнекі насихаттық материалдары қойылып, олар әріптестері мен шара қонақтарының назарына ұсынылды.
Қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақытжан Мусағали «Ұстаз – мектеп жүрегі» атты үздік ұстаздар арасындағы қалалық байқау слетіне қатысушыларды құттықтады. Білім беру ұйымдары педагогтарының қызметтеріне қолдау көрсету, ынталандыру, оқу-тәрбие үрдісін жүзеге асырудағы ролін, кәсіби біліктілік деңгейі мен шығармашылық шеберлігін көтеруді мақсат еткен бұл байқау екі кезеңмен өткен болатын. Ұйымдастыру комитеті мен қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықтанған-ды.
Кеште «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, ардагер ұстаз, қаланың құрметті азаматы Ғабдолла Хамза, қалалық білім бөлімінің басшысы Аманбай Хұсынов сөйлеп, оқу-тәрбие ісінде шығармашылығын шыңдаған, жұмысында кәсіби зор жетістіктерге жеткен мұғалімдерге түрлі деңгейдегі марапаттарды – Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтарды және дипломдарды табыс етті. Байлау жеңімпазы мен жүлдегерлері қатарындағы марапат иелеріне І,ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен қоса әрқайсысына тиісінше 100, 80 және 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтың сертификаттары табысталды. Олардың қатарында №34 көп салалы мектеп гимназияның математика пәнінің мұғалімі Айымжан Мұратқызы, №40 З.Қабдолов атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Қарлығаш Арыстанова, Алмалы орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі Медет Әлиев, М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ақырыс Бекжанова және басқалар бар. Ал, байқаудың бас жүлде иегері деп танылған №38 мектеп лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Исмухановаға «Сарыағаш» шипажайына демалуға жолдама табыс етілді.
Қала мектептерінің ұстаздары мен білім беру саласының ардагерлері сахна төрінде түрлі ұлттық аспаптарда ойнап, әсем әндері мен күмбірлеген күйлерін, мың бұралған билерін тарту еткен Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов атындағы орта мектептің балғын өнерпаздарына ризашылықтарын білдіріп, көңілді тарқасты.
Бақытжан ЖҰМАТ
Осындай шараны ұйымдастырған Бақытжан аға бастаған кәсіподақ қызметкерлеріне рахмет
Кеш керемет өтті
Касиподак постоянно осындай шараларды откизеди, молодцы