Сонымен, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары да белгілі болды. Биылғы бірінші жартыжылдық сайлаумен өтті. Мемлекет басшысы айтқанындай, енді ерекше екпінмен іске кірісетін кез келді. Алайда, осы жолғы дода ашық делінгенімен, соңы дауға да ұласуда. Заңға қайшы әрекеттер орын алғандығын әлеуметтік желілер де жарыса жазып жатыр, кейбірін ресми органдар да мойындап отыр. Демек, әділдік әлі орныға қоймағаны-ау.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Қарағанды облысының Ақтас кентіндегі №279 сайлау учаскесінде бюллетендерді жәшікке жаппай салып жатқандығы әлеуметтік желіге тараған. Кейін прокурорлық тексеріс нәтижесінде кінәлілер анықталған. Осындай жағдай Алматы облысының Іргелі селосында да орын алған. Өзге өңірлерде де жұртшылық реніші байқалады. Маңғыстаулық сайлаушылар шараның әділ өтпегеніне наразылық акциясын ұйымдастыруға ұмтылды. Айта берсе, жекелеген кемшіліктер жеткілікті. Қырық шақты кісінің тәртіпсіздік жасап, жауапқа тартылғаны тағы бар.
Сонда мұның бәрі неге істеліп отыр? Жаңа Қазақстанға қадам осылай болушы ма еді? Комиссия төрағасының бюллетендерді уыстап жәшікке салып жатқанына жанындағы басқа мүшелердің қарсылық көрсетпеуі қалай? Әлде барлығы да заң бұзушылықты қолдап отыр ма? Соған баруға кім нұсқау берді? Құзырлы орындар жекелеген жауапты жандардың жазаға жығылып, айыппұл арқалағанын айтады. Сонымен ғана шектелу керек пе? Іс бітті, қу кетті ме? Тұтас елдің келешегі таразыға тартылған саяси науқанда қылмысқа барғандарға қатаң шара алынбай ма? Ең бастысы, соларды осыған мәжбүрлеген кімдер?
Рас, кейбір лауазымды тұлғалар сайлаудың әділ өткендігіне сенімді. Мәселен, еліміздегі адам құқығы жөніндегі өкілетті өкіл Артур Ластаевтың айтуынша, сайлауалды науқанында ешкім осы құзырлы орынға шағымданбаған. Сонда бәрі ретімен болғаны ма? Алайда, әлеуметтік желідегі Сәрсенбай Еңсегеновтің сөзін қайда тастаймыз? Экс-сенатор бұл жолы бір мандаттық жүйемен Мәжіліске бағын сынамақ екен, Атыраудағы сайлау учаскесі тіркемепті. Кәнігі заңгер Жоғары сотқа шағымданып, жеңіп шыққанымен, үгіт жұмыстарын ұйымдастыратын уақыттан ұтылған. Ал, бұған кім кінәлі? Қос мәрте Сенатқа сайланған ол өзіне еңбек ұжымдарымен кездесуге мүмкіндік жетпегеніне ренжиді. Ал, Атыраудан Мәжіліске кәсіпкер Әділ Жұбанов жол тартты.
Немесе Серік Әбдірахмановтың өзі үміткер ретінде тіркелген сайлау учаскесіне үндеуі нені білдіреді? Сайып келгенде, бұрынғы жүйенің салмақты тұлғасының саясаттан мол хабары бар. Ол – Мәжілістің екінші және үшінші шақырылымдарының депутаты. Тағы да дәмесі бар-ды. Сірә, бір шикілікті сезсе керек, сайлау комиссиясын алдын ала адалдыққа шақырды. Бұрынғы президенттің тұсында бірқатар лауазымда еңбек еткен, «Парасат» орденімен марапатталған ол енді сол жүйені сынға да алды.
Әйтпесе, «билікті халыққа қайтару қажет» деп тура айтуы қалай? Бұған дейін басқаша болғаны ма? Экс-депутаттың сөзінше, билік өзгелерге өгейлік танытыпты. Қарапайым көпшілікті естімепті. Аса бай мемлекетте ат төбеліндей адамдардың ғана табысы тасып, басқаларының аяққа тартқан көрпесі басына жетпепті. Қаңтар оқиғасы адамдар бойында сенімсіздік ұялатып, тұрмыс тауқыметін әшкерелеген. Қоғам қайраткері Назарбаевтың билікті де жекешелендіріп алғандығын ашық айтады. Мәселен, құқық қорғау органдарын уысында ұстаған, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тек соның отбасын қорғаумен шұғылданған. Дегенмен, кеше неге үнсіз жүрді, бүгін неге сайрап отыр? Әлде, адамдардың санасы оңға өзгере бастады ма? Әйтсе де, 72 жасар ол үшінші мәрте қатарынан депутат бола алмады. Бес жылдан соң сайлауға түсе ме, жоқ па – оны уақыт көрсетер.
Алматы облысының тумасы Серік Әбдірахманов кеңестік кезде де көш соңында жүрген жоқ. Комсомолдық қызметте болды, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 10, 11 және 12 шақырылымдарының депутаты болды. Тіпті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне де сайланды. Барлығы алты рет жоғары заң шығарушы органда отырған екен. Жетіншісі бұйырмады. Әйтсе де, ренішті сөздері есте қалды. Айтуынша, әлдекім жоғарыдан қоңырау шалып, мұны Парламентке өткізбеуге тапсырма беріпті. Рас па, жоқ па – оны білмедік. Бірақ, бұл да – сайлаудан соңғы сайыстың көрінісі.
Сонымен, шара өтті. Мәреге алдымен жеткендер, әрине, мәз. Ал, кейін қалғандар әділдік салтанат құрмағанын айтуда. Демек, сайлаудан соңғы сайыс әлі жүруде. Мәселен, журналист Думан Мұхамедкәрім дауыс беру қорытындысы бұрмаланғанын айтып, наразылық танытқаны үшін абақтыға қамалды. Ол Мәжіліске өзін өзі ұсынған-ды. Мұндай реніш республиканың өзге өңірінде де орын алғаны ақиқат. Әйтсе де, келісімге келмегендердің алды түрмеге тоғытылып жатқанда басқалары бұғып қалары кәміл. Рас, тәртіп керек, бірақ демократиялық бастамаларды бұлай бастау да жараспайды. Президент адалдық пен ашықтыққа үндеп отырғанда тізе батыру – артық әрекет. Соның салдарынан үміткер аштық жариялауға мәжбүр болды.
Айтпақшы, сайлау өткен соң үміткерлердің оның қорытындысына шағым айту мүмкіндігі де шектеліпті. Өйткені, электронды арыз түсіретін желі жұмыс жасамаған. Енді «жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» дегендей жағдай қалыптасты.
Депутаттар арасында «Дат» газетінің редакторы, Назарбаев тұсында біраз қуғынға түскен Ерболат Бапи бар. Онымен оппозицияның тағы бір өкілі Инга Иманбай таласқа түскен-ді. Жеңіліске ұшыраған соңғысы сайлаудың әділ өтпегеніне өкпелі. Бұл да сайлаудан соңғы сайыстың көрінісі емес пе? Тағы қанша адам реніш білдірер екен?
Жалпы, осы Мәжістің бір ерекшелігі – оған алты партияның өтуі. Әрине, «Аmаnаt» көбірек, өзгелері азырақ. Он екі өзге ұлт өкілі бар екен, орыстар молырақ. Депутаттардың орташа жасы елуден төмен, әйтсе де зейнет жасындағы төрт адам бар. Мәселен, Бақтықожа Ізмұхамбетов – 75, Жигули Дайрабаев пен Құдайберген Бексұлтанов – 69, Дүйсенбай Тұрғанов 64 жаста. Бұлардың өкшесін басып Альберт Рау, Дания Еспаева, Мұқаш Ескендіров, Ирина Смирнова келеді. Алпыстағы Қазыбек Иса, Нұрлан Әуесбай, Ермұрат Бапи, Нұртай Сабильянов қарттыққа Парламент қабырғасында келмекші.
Жә, саулықтары жарап, айтары таусылмаса, бәрі де кәдеге асар. Оны көрерміз. Осы сайлау кейбір жандардың саяси көзқарасын өзгерткен де тәрізді. Мәселен, айтыскер ақын Ринат Зайытов 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевты қатты сынап жүрген-ді. Наразылығы шектен шығып, түрмеге де тоғытылған. Алайда, одан шыққан соң «Алатау» өнер театрының директоры болды. Енді, міне, Мәжілістен орын алды. Ең бастысы – «Аmanat» партиясының тізімімен өтуі. Президент бастаған бастамаларға сенгені шығар.
Қазір бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заңдылықтар түрліше талқылануда. Бірқатары қостаса, кейбіреу қарсы шығады. Бұл жолы Мәжіліске Мақсат Толықбай мен Нартай Аралбайұлы атты журналистер сайланды. Мүмкін солар тұщымды тіл қатар. Рас, Парламентте журналистер бұған дейін де болған, бәрі де топтың тасасында қалған. Бұлар да сөйтіп кете ме, кім білсін?.
Оқырмандардың жадында болса, газетіміздің ілгергі санында президенттік додаға қатысып, көш соңында қалған үміткерлердің түбі Парламентке келерін болжағанбыз. Сол айнымай келді, Жигули Дайрабаев та, Нұрлан Әуесбай да, Қарақат Әбден де депутат атанды. Соңғысы Мәжіліс спикерінің орынбасары болды. Ілгергі жылдары Дания Еспаева да бағын сынаған. Қайткенде де, ешқайсысы далада қалған жоқ, бәріне де орын табылды. Білім министрлігі тағынан ауып түскен Асхат Аймахамбетовке де. Енді ол да депутат, тұрақты комитет төрағасы.
Мемлекет басшысының қатысуымен сегізінші сайланған Мәжілістің бірінші отырысы да өтті. Депутаттар ант қабылдады. Оның сөзінен жаңылысқандар да табылды. Қазақстан халқына адал қызмет етуге уәде берген жандардың кішкене ғана мәтінді жаттай алмағандарына налыдық. Дауыстары саңқылдап, әр әріпті ашық айтпас па? Қайтеміз енді? Адалдығын ісімен дәлелдесе, сол да жарар. Әйтсе де, келешекте үміткерлерге ант мәтінін жатқа білу талабы қойылғаны жөн секілді. Қажет десе, заңдастыру қажет. Әйтпесе, алдындағы қағазына үңіліп, сонда жазылғанды ежіктеп оқып тұрған тым ұят. Тіпті ант мәтінін қаншалықты жадына сақтағанын ара-тұра тексеріп тұрған да артық етпейді. Парламент мүшелері алдымен өздері өзгелерге өнеге көрсетсін.
Бұған дейін де болжағанымыздай, Мәжіліс жүз пайыз жаңарған жоқ. Оның төрағалығына Ерлан Қошановтың қайта сайланғаны өз алдына, кем дегенде жиырма-отыз шақты бұрынғы депутат орнына оралды. Қызметтік пәтерлерін тапсырғандар кері алатын болды.
Рас, түрлі сарапшылар бұл сайлаудан үлкен үміт күтетінін жасырмайды. Мәселен, сясаткер Аман Мәмбеталиннің пікірінше, Мәжіліске партиялық тізімнен басқа бір мандаттық жүйемен сайланған депутаттардың келуі оның жұмысына жаңаша сипат береді. Шындығында, солай болар ма екен? Қазір «Аmanat» партиясы сан жағынан басымдыққа ие. Бұған осы саяси күштің бір мандаттық жүйемен сайланған мүшелерін қосыңыз. Сонда бұлардың салмағы сомдана түседі. Бірақ, тікелей сайлауға түскендердің халыққа берген уәдесі бар емес пе? «Осыдан Парламентке барсам, жұмыссыздықты жоқ етем, жалақы көтерем» дегендей сөз айтқандар табылар. Алайда, ол партияның бағдарламасымен сәйкес келе ме? Үкіметте мұндай мүмкіндік бар ма? Ал, уәде орындалмаса, сайлаушылар шу шығармай ма? Қолданыстағы заңдылықтар бойынша, сенімсіздік жариялап, кейін шақырып алуға да құқылы. Демократиялық үрдістің үлгісі ретінде осындай бірер көрініс орын алуы да ықтимал. Тек етек жайып кетпесін. Әйтпесе, шаруа жайына қалып, сайлаудан көз ашпауымыз әбден ықтимал. Сондықтан, депутаттар жерлестерімен жиі жүздесіп тұруға мүдделі болады.
Мәжіліске талас кезінде «Respublica» партиясының мәреге үшінші келуі көпті таң қалдырған шығар. Құрылғанына бірер ай ғана болған ол қысқа мерзімде жұртшылықтың жүрегін жаулап алды. Депутаттардың ең жасы да осы саяси құрылымның қатарынан шықты. Шынымен-ақ саяси сахнаға жаңа күш келгені ме? Демек, оның келешегі көпшіліктің көз алдында болары кәміл.
Енді жергілікті өкілетті органға келетін болсақ, облыстық мәслихатта біраз өзгеріс бар. Рас, Әлібек Семғалиев, Абдолла Ідіресов, Ермекқали Юсупов, Сырымбек Сәрсембаев, Айжан Қарабаева, Саламат Ідірісов сынды бұрынғылар орындарын сақтап қалды. Әйтсе де, тың есімдер де көп. Солардың ішінде Жанай Амантурлин, Арман Хайруллин соны серпін беруі мүмкін. Соңғысы ә дегенде экология, табиғи ресурстар және агроөнеркәсіптік кешен бойынша тұрақты комиссияның жетекшілігіне орнықты. Ал, облыстық мәслихаттың төрағасы (бұрын хатшы делінетін) болып Мұса Хайруллаев сайланды. Атырау қаласы бойынша бұл қызметке Нұрбол Құрманов лайық деп танылды. Екеуі де жаңа жігіттер. Азды-көпті өмірлік тәжірибесі болғанымен, бұрын мұндай лауазымды атқармағандар.
Рас, мұнда да басшылар көбірек бас қосыпты. Екі-үш журналист бар демесек, дені коммерциялық құрылымдар мен өндіріс жетекшілері. Оның да пайдасы бар. Үнемі бюджеттің қаражатына иек артпай, сайлаушыларының тілегін өз күштерімен қанағаттандыра салса, артық етпейді ғой. Бұған дейін облыстық мәслихаттың бірнеше мәрте депутаты болған Оразғали Қаршегенов талай адамға электр желісі мен газ құбырын тегін тартып, алдына келген мұқтаж адамдарға қаржылай көмек көрсетіп, көпшіліктің алғысын алған. Мәрттігін танытқан. Биыл додаға қатыспаса, жастарға жол ұсынғаны шығар. Кейінгі толқын сол үрдісті жалғастырып кетсе жақсы-ау.
Әйтсе де, жұрт көңілінде күдік те бар. Жергілікті мәслихат депутаттары бюджет қаражатын жасақтауға қатысады. Демек, әр салаға қаржы бөлінеді. Депутаттардың дені директор болса, өздеріне бұра тартуы әбден мүмкін ғой. Мұндай болжам ілгергі жылдары жұртшылық тарапынан айтылған. «Жел болмаса, шөптің басы қозғалмайды» дегендей, бұл жорамалдың шындыққа сәйкестігі әбден мүмкін. Кейбіреулер осы лауазымға соны ойлап келсе ше? Әйтпесе, бизнес иесіне депутаттық неге қажет? Кәсібімен шұғылданып жүре бермей ме? Рас, айтып отырғанымыз керісінше шықса, болжам күйінде қалса, қуанар едік. Демек, көңілдегі күдікті сейілтетін игі қадамдар күтеміз.
Жергілікті өкілетті органдарға ұмтылыс Мәжіліспен салыстырғанда жеңілдеу өтті. Бір орынға екі үміткерден аспады, талас тартысты болды деуге келіңкіремейді. Дегенмен, мұнда да реніш бар. «Мен көп дауыс алуым қажет еді, анау өтіп кетіпті» деген сөздерді жиі естіп жатырмыз. Әйтсе де, бұл күрестің соңы болмауы да мүмкін. Мәселен, облыстық маңыздағы қалалар мен аудандық мәслихаттар сайлауына тек өзін ұсынған үміткерлер ғана қатысты. Яғни, халық тікелей дауыс беру арқылы сайлады. Ендеше, көңілінен шықпаса, ертең сол халық кері шақырып алуы да мұмкін.
Саясаттанушы Әйгерім Оспанованың айтуынша, бұлар партиялардың артына жасырына алмайды. Өйткені, облыс орталығы мен аудандар аясында саяси күштер тізім ұсынған жоқ. Демек, осы деңгейдегі депутаттарға жұртшылықпен жиі араласуға тура келеді. Бүгін сайланып, ертең сенімсіздікке ұшырап жатса, нағыз ұят сонда болады. Қажет десеңіз, өз учаскесіндегі әр отбасының өз адамы саналуға ұмтылуы шарт. Бұл бағытта депутаттар бір-бірімен бәсекеге де түссе, артық па? Сонда ғана нағыз ашықтық салтанат құрады.
Философия, саясаттану және дін істері жөніндегі институттың бас ғылыми қызметкері Юрий Булукаевтың пікірінше, мәслихаттарға сайланғандар үміткер кезінде уәдені барынша берді. Олардың арасында жергілікті маңызы бар, орындалуы көп күш қажет етпейтін шағын жобалар бар. Демек, енді жұртшылық соны бақылайды. Депутаттардың сайланып алып, тайып тұруына мүмкіндік бермейді. Ертең әлеуметтік желіде кімнің не тындырып жатқандығы жөнінде хабарламалар қаптайды. Сайлаушылардың бір тобы мақтаса, екіншісі даттайды. Өздерін халық қалаулысы санайтындар соған да даяр болуы тиіс.
P.S. Cонымен, сайлау өтті. Сенат та, Мәжіліс те, мәслихаттар да біраз жаңарды. Бірқатар бұрынғылар болғанымен, тың күш те қосылды. Рас, Парламенттің қос палатасының төрағалары орындарын сақтап қалды. Премьер-министрге де қайта сенім білдірілді. Мемлекет басшысы оны мақтап та қойды. «Сонда не өзгерді?» деген саналы сауал да туындайды. Өмірге көзқарас өзгерді. Көпшіліктің көңілінде күдік қалғанымен, сенім де ұялады. Қарапайым халық билікке сөзі жетеріне үмітті. «Менімен де санасатын кісі бар екен ғой» деп кеудесін кере дем алады. Сондықтан, сайлау секілді саяси науқанды шыншыл ұйымдастыру қажет.
Білесіз бе, кейбіреулер мұндағы әділетсіздікті Президентке жасалған қастандық ретінде бағалайды. Әділетті Қазақстан орнатуға ұмтылып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ту сыртынан пышақ ұрғандық деп есептейді. Сайлаудан соңғы сайыстың жалғасып жатқандығы да сондықтан. Егер шын мәнінде әділдік салтанат құрып, нағыз таңдаулылар лайықты қызметке ие болса, жұртшылық жел сөзге ермейді ғой. Демек, заң бұзушылыққа жол бергендер айыппұлдан да қатаңырақ жазаға тартылуы тиіс. Сонда ғана мұндай көрініс келешекте қайталанбайды. Әйтпесе, алдымызда облыс әкімдерінің сайлауы бар. Ал, тұтас өңірге лайықты тұлға қажет. Соны ертең жөнімен жүзеге асыру үшін бүгінгі кемшіліктерден сабақ алған лазым.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ