Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы – дегендей тамылжыта ән салып өлкемізге құстар да келе бастады. Кең дала құстардың небір тамаша әніне толды.
1906 жылы құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылды. Құстардың барлық түрін жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілінде қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу осы конвенцияның негізгі қағидаларына жатады.
Табиғаттың теңдесі жоқ сыйы құстар жөнінде тебіреніп те, сүйсініп те, талай әңгіме айтуға болады. Өйткені қанаттылар біздің өміріміздің нәрі, сәні, мәні, әні ғой. Сондықтан да халқымыз құстарды жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы, достықтың үлгісі деп дәріптеп, құстардың сайрауын бейбіт заманға, табиғаттың ғажайып көрінісіне, өмірдің әдемі бір сәтіне балаған.
Атам қазақ кейбір құстарды киелі санаған. Қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімінде, әдет-ғұрпында киелі құстар-жақсылықтың жаршысы, берекенің бастауы, бақыт әкелуші, ырыс- құттың нышаны. Халқымыздың ұғымында киелі құстарға қарлығаш, үкі, бүркіт, ұлар, аққу, дегелек, тырна және тағы басқа құс түрлері жатады. Мысалы, қарлығаш- адамның досы, аққу- пәктіктің нышаны деп дәріптеген. Сондықтан да аққуды атпа, ұларды шулатпа, тырнаға тиме деп есептейді. Ұларды атсаң ұлардай шулап қаласың деп түсіндірген. Құстар туралы небір аңыз-әңгімелер де жетерлік.
Ал енді өлкемізде кездесетін құстар түрлеріне тоқталып өтейік.
Солтүстік, Солтүстік- шығыс (Атырау облысы) және Орта Каспий (Маңғыстау облысы) жағалауында құстардың 292 түрі кездеседі. Құстардың 110 түрі көктемде ұшып келіп, өз ұяларын салып, балапандарын басып шығарады. Олардың жергілікті немесе солтүстік аймақтардан ұшып келетін 76 түрлері ғана қыстайды. Құстардың көпшілік түрлері үшін Солтүстік Каспий жағалауы көктемде солтүстікке, ал күзде оңтүстікке қарай қоныс аудару жолы болып табылады.
Каспий теңізінің жағалауы және оған шектес жатқан жерлерде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, жойылып кету қаупі төніп тұрған сирек кездесетін құстардың 36 түрлері кездеседі. Олардың көпшілігі су және жағалау экожүйелерін мекендейтін қызғылт және бұйра бірқазандар, сары, кіші, мысыр құтандары, жалбағай, қарабай, қоқиқаз, сұңқылдақ аққу және кішкене аққу, қарашақаз, мәрмәр шүрегей, ақбас үйрек, ақтырна, қарабас өгізшағала, балықшы тұйғын және аққұйрық субүркіттер. Шөлейтті ландшафтыларда сирек кездесетін құстардың түрлері алдыңғыларына қарағанда аздау, олардың 13 түрі бар, тарғақ, қарабауыр бұлдырық, ақбас тырна, дуадақ, жорға дуадақ, безгелдек, жыланшы бүркіт, қарақұс, бүркіт, дала қыраны, ителгі және үкі.
Өлкемізде кездесетін ең ірі құстардың бірі — қызғылт бірқазан. Аналығының тұмсығы- қызыл. Тұмсығының қызыл болуы оның орасан зор аналық жауапкершілігінен туындаған деген мынандай аңыз бар дейді: күні бойы өз балапандарына азық таппай келген бірқазан мазасыз күйде ұясына келіп қонады. Ұясында қарындары аш күтіп отырған балапандарының дауысы ана бірқазанның жүрегін күйзелте түседі. Шаршаған құс тағы да қорек іздеу мақсатында ауырлай көкке көтеріледі. Айналадан қорек таппаған ана бірқазан бос тұмсығымен қайтадан ұяға енеді. Ал балапандары болса шулап, аналарын сабалап, тістеп, төсінен ұра бастайды. Жүрегіне аналық мейірім тұнған, тек қана балапандарын қоректендіруді ойлаған құс денесінің ауырғанын сезінбейді. Тұмсығының қатты соққысымен төсін жыртып жібереді. Анасының жылы қаны қарны аш балапандарының тұмсығына аға бастайды. Сөйтіп олардың өмірін сақтап қалады. Тұмсығының қызыл түсі содан қалған екен дейді. Олардың қорегін аулауы да ерекше. Бірқазандар балық аулағанда мойынын немесе денесінің алдыңғы бөлігін суға батырып жібереді. Көбіне балықты бірігіп аулайды. Әуелі қанаттарымен суды қатты соғып, үлкен шу шығарып балықтарды жағаға қуып әкеледі. Оның біразын сол жерде ұстап жесе, жемсауына тығып та көп балық әкетеді. Өте ірі құс, салмағы 10-13 кг. Қызғылт бірқазандар ұяларын негізінен Жем өзенінің сағасына салады.
Аққу — халқымыз әнге қосып жырлаған, күйге арқау етіп дәріптеген табиғаттың әсем бір сыйлығы. Өлкемізде аққудың екі түрі — сыбырлақ және сұңқылдақ аққу кездеседі. Екеуінің сыртқы келбетіндегі айырмашылығы сыбырлақ аққу иір мойынды келсе, сұңқылдақ аққу керісінше тік мойынды келеді. Соның ішінде тез жойылып бара жатқаны- сұңқылдақ аққу.
Сұңқылдақ аққу сыбырлақтан сәл кішірек, мойнын тік ұстайды, тұмсығы сары, әдемі ашық дауысы бар. Сұңқылдақ аққудың ұя салып мекен етуге таңдап алатын орны барынша жағасында қалың қамыс, басқа да су және жағалау өсімдіктері өскен ірі көлдер. Сұңқылдақ аққудың тұмсығында томпақ өскін жоқ. Салымында (көкек-мамыр) 4-9 ақжасыл жұмыртқасы болады, оны ұябасары 6 апта басады. Балапандары тамызда қанат қағады. Өсімдіктермен және су омыртқасыздармен қоректенеді. Жемді үйрек секілді суға құлай, мойынын тереңге сұғып, су астынан алады. Сұңқылдақ аққу Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ал әлдене әсер ете қалса өзіне тән ызылдаған дауыс шығаратындықтан сыбырлақ аққу осы атауына ие болған. Аққулардың ішіндегі ең әдемісі, мойынын латынша «S» әрпі тәрізді етіп әсем ұстайды, қанаттарын сәл қомпайтқанда аппақ желкенге ұқсайды. Сыбырлақ аққудың тұмсығы қызыл, маңдай алдында қара түсті томпақ өсінді болады. Байқампаз халқымыз аққудың кез-келген шалшықта кездесе бермейтін кіршіксіздігі мен талғампаздығына қоса оның жан сезімін де түсіне білген. Кіршіксіз ақтығын, бой тазалығын, бір-біріне деген тұрақтылығы мен мейірімін қастерлеп, ақ ниет, аппақ сезімді «аққу сезім» деп атаған. Қастерлеп қана қоймай, «құс падишасы» деп асқақтатқан. Аққу жайында аңыз көп. Халқымыз оны лиро-эпостары мен батырлар жырында толғаған. Оның бәрінде аққудың пәктігі өнеге болады, оған қастандық еткен адам «киесіне» ұшырап жатады. Себебі халқымыз аққуды киелі құс деп есептейді. Негізінен өсімдіктер, сонымен қатар ұсақ жәндіктермен қоректенетін аққу өзге құстар сияқты зиянкестерді жойып, халық шаруашылығына тигізетін көмегімен ғана емес, адамға ең бастысы әсемдік туы ретінде жақын.
Қызыл кітапқа енгізілген әдемі құстардың бірі — дуадақ. Жусанды және дәнді шөпті даланы мекендейді. Сәуір, қыркүйек және қазан айларында ұшып бара жатқанда кездеседі. Кеудесі мығым, мойны жуандау, ұзындау, аяғы қауырсынсыз. Арқасы сарысұр, бауыры ақшылтым, қанаты ақ, ұшы қаралау, өте сақ құс. Дағы бар қою жасыл 2-3 жұмыртқа салады, ұябасары 30 күн басады. Мамыр айының екінші жартысы мен маусым айының басында балапандар шыға бастайды.
Енді бозторғай құсына тоқталайық. Қазақстандық көрнекті орнитолог ғалым (құстардың тыныс тіршілігін зерттеуші) А.Ф.Ковшарь елімізде бозторғайлардың 13 түрі мекен ететінін атаған. Құстардың ішінде түр құрамы өте мол отряды торғай тектестер деп аталады. Дүниежүзінде торғай тектестерге жататын бозторғайлар тұқымдасының 74 түрі ғылымға белгілі. Олардың дене тұрқы шағын және олар әнші құстар деп аталады. Көпшілігінің қауырсындарының түсі ақшыл боз түсті болып келетіндіктен бозторғайлар деп аталған. Ақ қанат бозторғай, дала бозторғайы, қара бозторғай, айдарлы бозторғай, қос теңбілді бозторғай, құлақты бозторғай, жіңішке тұмсықты бозторғай, орман бозторғайы, сор бозторғайы, сұр бозторғай, шабындық бозторғайы деген түрлері бар. Наурыз мейрамы кезінде арнайы берілетін ақ тілек, баталарда да «көже істеген келіндер, көпке жаққан елшіл бол, бозторғайдай төлшіл бол» деген ниеттер жиі айтылады.
Саятшылық өнерінде де бозторғайға қатысты жөн- жоралғылар кездеседі. Мысалы, қақпанға түскен аң тірі болып жанында бозторғай шырылдап ұшып жүрсе, онда аңшы сол аңды қақпаннан босатып жіберетін болған. Кейде аңшы қуып келе жатқан аңның жанынан қалмай бозторғай ұшып жүрсе, онда сол аңды одан әрі қумай, өз еркіне жіберуді жөн көрген. Мұның бәрі де халқымыздың ұшқан құс пен жүгірген аңға деген жанашырлық сезімін білдіреді. Кең байтақ жазиралы жазық даланы бозторғайсыз көз алдымызға елестетудің өзі де тіпті мүмкін емес. Халқымызда бозторғай мен кең байтақ даламызға жүрегінен жыр арнамаған, көкейінен ән шырқамаған ақын мен әнші мүлдем жоқ шығар…
Үлкен суқұзғын — Каспий теңізінің солтүстік жағалауында, Еділ мен Жайық өзендерінің атырауларын мекендейді. Суқұзғындар суда өте жақсы сүңгиді. Олар құрған жұбымен өмір бойы бірге болады. Ұясын теңіз жағасындағы кішкене ғана аралдардағы қалың қамысқа салады. Сәуір, маусым айларында солғын қоңыр-жасыл түсті, ұзынша, сопақтау келген 5 жұмыртқа салады. Бұзаубас, қаракөз, шабақ балықтарымен қоректенеді. Балықты ұйымдасқан түрде аулайды. Балық аулау кезінде өте қатты шу көтеріледі. Біресе суға сүңгіп, қайтадан су бетіне шығып, қанаттарын сабалайды. Үйірдің соңындағылары бір- бірінен басып озып оның алдына қарай ұмтылады, сөйтіп үйірдің басынан орын алуға тырысады. Содан соң жағада жайбарақат күйде қанаттарын жазып, қауырсындарын кептіріп отырады. Күніне шамамен 300-400 г балықты азық етеді.
Құстардың тіршілігінде мынандай бір қызықты әрекетті байқауға болады, мысалы, ала қарға жұмыртқа басып жатырған суқұзғынға маза бермей оны өшіктіреді. Суқұзғын оны тұмсығымен шоқып алғысы келіп ұмтылады. Алайда ала қарға өз әрекетін қоймағаннан кейін суқұзғын орнынан тұрып оны қуған кезде ұяны қарауылдап тұрған оның жұптасы қаперсіз көтерілген суқұзғынның астындағы жұмыртқаны тұмсығымен алып ұшып кетеді. Каспий теңізінің шығыс жағалауында ұя салып балапан басқан суқұзғындар осы жағалаумен бойлай ұшып, Маңғыстау аралдарында аялдап, теңіздің солтүстік жағалауына, Еділ өзенінің балығы мол сағаларына дейін жетеді. Оның сағаларында жайылып, қыркүйек-қазан айларында теңіздің батыс жағалауын бойлай оңтүстікке қарай қоныс аударады.
Ақбас үйрек — Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, қазтәрізділер отрядының өкілі. Ақбас үйректі құйрығын тіп-тік ұстап жүзетін ерекшелігімен ажыратуға болады. Ол суда биік отырады. Қауіпті жағдай туғанда және судың қатты толқындану кездерінде ол денесін суға батырады да, судың бетінде тек арқасының ең жоғарғы жағы ғана көрінеді. Ақбас үйрек суда өте әдемі жүзеді және тамаша сүңгиді. Ұясын саяз сулардағы қамыстың арасына шағын әрі жүзбелі етіп салады. Өте ірі 6 жұмыртқа салады. Мамықты балапандарының бағыттаушы қанаттары қатты болады. Әртүрлі су өсімдіктерінің жапырақтарымен және дәндерімен, су жәндіктерімен, былқылдақденелілермен, шаянтәрізділермен қоректенеді. Қазан айында жылы жаққа қоныс аударады.
Қарабауыр бұлдырық — Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, кептер тәрізділер отрядының кәдімгі кептерден біршама ірірек жыл құсы. Сәуір және қыркүйек айларында кездеседі. Жусан мен дәнді өсімдіктер өскен сазды және құмды топырақты шөлді, шөлейтті жерлер мен даланы мекендейді. Аяғы қысқа, құйрығы ұзын, құрсағы қара түсті. Ұясы жерге салынады, күңгірт дақтары бар ашық- сұр немесе сарғыш түсті 2-3 жұмыртқа салады. Жұмыртқаны аналығы мен аталығы кезектесіп бір айдай басады. Маусым айының ортасында балапандар жұмыртқадан шығады да, тамыз айында жақсы ұша бастайды. Далалық және шөлді жерлерде өсетін жусан, сораң, жантақ, мәдени өсімдіктердің дәндерімен, жеміспен және жәндіктермен қоректенеді. Құстар үйірлерінің күзгі көшіп-қонып жүруі, бірте- бірте қыркүйек-қазан айларында жылы жаққа қоныс аударуына ұласады.
Бұйрабас бірқазан — Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, ескекаяқтылар отрядының ірі жыл құсы. Каспий жағалауын мекендейді. Аяғы қысқа, мойны ұзын, тұмсығы басынан 4-5 есе ұзынырақ, төменгі жақ сүйегінің терілі қалтасы бар. Қауырсыны ақ, қанатының ұшы қара, шүйдесінің қауырсыны ұзын және бұйра, жал секілді келеді (құстың аты да содан шыққан). Ол Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы Забурын маңайына және Жем сағасына ұялайды. Топтасып ұя салады, көкекте 3-4, оқта- текте 5 жұмыртқа салады, 33 күн бойы басады, ақшылтым мамық балапандары 70 күннен кейін қанат қағады. Балықпен қоректенеді, жақсы жүзеді, бірақ сүңгімейді. Азғантай тобы Каспий теңізінің оңтүстік жағалауында қыстайды. Құстардың негізгі бөлігі қыркүйек айының соңында жылы жаққа қоныс аударады.
Қызылжемсаулы қарашақаз — Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, жалпақ тұмсықтылар отрядының сирек кездесетін жыл құсы. Барылдауық үйректен біршама ірілеу кішкене қаз. Басқа қаздардан өзінің қысқа мойынымен, жылдам қозғалысымен және ашық түсімен ерекшеленеді. Арқасы және бауырының алдыңғы жағы қара, бүйірі мен құйрығының асты ақ, екі шекесінде енді жолақпен қоршалған қызғылтсары үлкен дақтар бар, тамағы мен мойны қызғылтсары. Суда өте жақсы жүзіп, сүңгиді. Ұясындағы 3-9 жұмыртқаны ұябасары басады. Балапандары шілде айында шығады. Олар ата- анасымен бірге ұяны тастап, шөптесін жерлерге барып жайылады. Балапандары жылдам өседі. Қоректері негізінен шөптесін өсімдіктер. Жылы жаққа қайтатын уақыты күзде, қыркүйек айынан басталады.
Безгелдек — тырна тәрізділер отрядының өкілі. Каспий маңының қуаң даласында ұя салады. Жеке жұптарымен тұрады, үндемейді, өте сақ құс. Суырыла ұшып шығады және тез серпілген қанатынан дызылдаған дыбыс шығады. Жерде өте жылдам жүгіреді. Арқа қауырсыны сұрғылт- қызғылт, бүйірі ақшыл, жіңішке екі ақ жолақты мойны қара келеді, қанатында үлкен ақ дағы бар, ұшы қара. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Жұбымен ұя салады, ішіне жұқа құрғақ бұталар төселінген шұңқыр тәріздес ұяны жерге салады. Мамыр айында ұсақ дақтары бар 3-5 жұмыртқа салады. Жәндіктермен қоректенеді. Қыстау үшін жылы жаққа қыркүйек- қазан айларында ұшып кетеді.
Қасқалдақ — бақташылар отрядының өкілі. Жыл құсы, сәуір айының басында Солтүстік Каспий маңында кездеседі. Түсі біртекті қара, маңдайында ақ түсті белгілері болғандықтан қасқалдақ деп аталған. Жақсы жүзгенімен, нашар сүңгиді. Ұшарда үнемі желге қарсы суды шалпылдатып ұзақ жүгіріп барып судан ауыр көтеріледі. Көтерілгеннен кейін тез ұшып кетеді. Ұяларын су өсімдіктері- қалың қамыс пен құрақтардың арасына салады. Қураған су өсімдіктерінің жапырақтары мен сабақтарынан тұратын ортасында науасы бар үйінді немесе төсеніш сияқты ұяның түбі су бетіне тиіп тұрады немесе суда жүзіп жүреді. Ішіне қамыстың, құрақтың және басқа да өсімдіктердің ылғал жапырақтары төселінеді. Салымында 6-9 жұмыртқасы болады. Еті өте сапалы әрі дәмді болады. Аңшылық нысан болып есептелінеді. Қыркүйек және қазан айларында үйірімен жылы жаққа қоныс аударады.
Оқпан — ең кішкене денелі құтан, сидам сирақтылар отрядының өкілі. Салмағы — 150 г. шамасында. Реңі көрікті, ұя салатын кездегі аталықтың жоны — қара, бауыры — сары реңді ақшыл түсті. Аналығында қара түс қоңырға ауысқан. Салымындағы 4-9 ақ жұмыртқаларды кезектесіп басады, алайда аналық уақытының көпшілігін ұяда өткізеді. Бұдан соң ата-енелері балапандарды қанаттанғанша қоректендіреді. Оқпандар әр алуан су бунақденелілерін, ұлуларды, ұсақ балықтарды азық етеді. Сондай-ақ жұмыртқаларды, ұсақ құстардың жаңа ғана жұмыртқадан жарып шыққан балапандарын қорегіне жаратады. Негізінде іңір қараңғысында белсенді өмір сүреді. Оқпан Қазақстанның батысында және оңтүстігінде қамыс қалың өскен, суқоймалардың жағасын бойлай тіршілік етеді.
Құстардың қоршаған ортаға тигізетін пайдасы ұшан теңіз. Құстардың адамның рухани өмірінде алатын орны зор. Олардың мәдени — эстетикалық маңызы бар. Құс адамды аспанда қалықтау сезіміне бөлейді. Құс адамға қуаныш сыйлайды. Құстың ой-өрісімізді кеңейтуде алатын орны зор. Қаншама нәзік болса да, құс өміріміздің салтанаттық символына айналды. Табиғатта да, адам өмірінде де құстардың мәні өте зор. Құстар-ауыл мен орман шаруашылығы үшін зиянды жәндіктер мен сүткоректілер санын елеулі дәрежеде азайтушылар. Шағын денелі құстар бунақденелі жәндіктерді азық етіп, ал жыртқыш құстар кемірушілерді құртып, олардың табиғаттағы таралу мөлшерін реттейді. Көптеген құстар өсімдіктермен қоректеніп, олардың жемістерін, тұқымдарын таратады. Өлексемен қоректенетін құстар табиғат тазалығын сақтауға үлес қосады.
Құссыз әлем қаңырап бос қалар еді. Сондықтан да халқымыз жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы, достықтың үлгісі деп дәріптеген құстарымызды қамқорлыққа алып қорғау баршамыздың да басты міндетіміз.
Эльмира Қабесқызы