«… Әр адамда өз анасынан басқа да,

                                                                       Ғұмырына етер мәңгі астана,

                                                                    Демеп жүрер,жебеп жүрер арқада

                                                                      Болу керек құдыретті төрт ана…»

                                                                                                     М.Шаханов

       Түрік әлемінің шоң шайыры, жақында ғана Президент қолынан Ұлытауда  «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары мәртебелі атағын алған мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың  оның поэзиясынан хабары бар оқырман жұртшылыққа жақсы таныс «Төрт ана» өлеңіндегі туған жер, туған тіл (ана тілі), салт-дәстүр және Туған тарих (ұлттық тарих) аталатын «қасиетті төрт ұғым»-Еліміздің ұлттық сана,ұлттық рух қалыптасуындағы мемлекеттік ұлттық идеологиямыздың төрт діңгегі, төрт тұғыртасы болуға әбден лайықты дүниелер деп санауға болады.

   «Идеология» дегенге бүгінгі қоғамымызда үрке қарайтындар аз емес.Мұны да түсінуге болады. Жетпіс жыл әбден саясиландырылған қоғамдағы идеология ықпалында  темір қоршау, тас құрсауда қалып ішінде «стандартталып» қалған ұрпақ бірден құлдық санадан арылғанша қашан?!

Десек те көзі ашық, көкірегі ояу,құлдық санадан өздері арылып, енді айналасына отаншылдық, тәуелсіздік,азаттық рухының жарық сәулесін таратып жүрген аймаңдай азаматтарымыздың да бүгінгі қоғамда бізбен бірге жүргенін сезіп те,көріп те жүрміз.

   Ойымды күні кеше «Атырау» газетінде жарияланған қос жаңалықпен нақтыласам деймін. Оның біріншісі: Атырау қаласындағы №34 көп салалы мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік тұғыры: Тарих, тіл,тәрбие бірлігінде» деген тақырыппен өткен дөңгелек үстел де, екіншісі:Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер Қайрат Сәкидің «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі» атты мақаласы.

  Аталған екі жаңалықты да «елді елең еткізді» деген үйреншікті тіркеспен айтсақ та, мән-мазмұны әлдеқайда жоғары.Олай дейтініміз: мектеп-гимназияда өткен «дөңгелек үстелге» Атырау облысының әкімі Серік Жамбылұлы Шәпкеновтің  өзі келіп,мазмұнды сөз сөйлеп, ізгі ойларын жеткізген.Осындай қарапайым бір қадамнан сөз бен іс-әрекет үйлесім тапқан Жаңа Қазақстандағы түбегейлі оң бетбұрысты аңғаруға болатындай. Лайымда осы бір оң үдерісті аймақтағы аудан, ауыл әкімдері жалғастырып алып кетсе,қандай ғанибет болар еді!

         (Гүлжан Әмірова, «Біздің болашағымыз-ұрпағымыз», «Атырау», №101,   20.12.2022 ж.)

  Қайрат Сәкидің  «Тәуелсіздіктің тар жол,тайғақ кешуі» мақаласына келсек,жаңалығы сонда:мазмұнға бай, қарапайым да анық,түсінікті және тарихи құнды мағлұматтармен барынша толық нақтыланған өз басым мұндай түсінікті әрі нақты еңбекті қашан оқығанымды есіме түсіре алар емеспін.

   Қайрат Сәкидің «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі» еңбегін Еліміздің барлық мектеп,колледж,университеттерінің мұғалімдері ең алдымен өздері талдап,түсініп оқып алып,жас жеткіншек ұрпаққа саналарына сәуле түсіріп, жеткізсе ғой, шіркін! Әсіресе,бүгінде жастары отыздан асып бара жатқан Тәуелсіздік заманының жас толқыны құныға оқыса ғой!

  Сөз басындағы «Төрт ана» ұғымына қайта оралғым келеді.

  Төрт анамыз: туған жеріміз, ана тіліміз, салт-дәстүріміз,тарихымыз.

     Мұхтар аға бұл төртеуін «Құдыретті төрт ана»дейді.Айтса, айтқандай-ау.Алдымен туған жердің құдыретіне көз жіберсек.Ойымызға қазақ поэзиясының асқар шыңы-қайран ақын Қасым Аманжолов келеді.

              «Уа дариға, алтын бесік-туған жер!

               Қадіріңді келсем білмей кеше гөр.

               Жата алмас ем топырағыңда тебіренбей,

               Ақын болмай, тасың болсам мен …»

   Ақын,жазушы, қаламгер атаулының егер түпкі мақсаты- қалың оқырманға,халыққа жүректен шыққан ой мен сезім лебізін жеткізу екені әмбеге аян. Туған жердің қадірін білгенде ғана, сезінгенде ғана қазақ баласы отаншыл,патриот,жүректі болары анық.

  Мұхтар Шаханов: «Сезіммен тәрбиелеу-тәрбие атаулының ұлысы» десе, әр бала сәби шағынан өз отбасында, ортасында, балабақшада, мектепте Туған жер,атамекен, Отан туралы ән-жырлар тыңдап, жаттап өссе, ана тіліміз арқылы рухани тамырларын тереңге байлатып,құлдық санадан арылып, азат ойлы, ұлттық намысты боларына сеніммен қарауға болады. Әрине, баланың басты үлгі, өнеге әкесі мен анасы, атасымен әжесі.

   Туған жер құдыреті дегенде  қазақ баласын айтасыз, тіпті Ойсылқара мен Қамбар ата түліктерінің де туған жершіл екенін біз көркем әдебиет шығармаларынан білеміз. Көз жеткізгіңіз келсе, Сәтімжан Санбаевтың «Аруанасын», Төлеген Айбергеновтің «Аруана-бауыр-дүниесін», Қабдеш Жұмаділовтың «Сәйгүліктерін», Оралхан Бөкейдің «Айпара –анасын» оқып көріңіз.Бұл шығармаларды түсініп оқыған жандар ана тіліміздің нәрлі қасиетімен туған жердің қадіріне тереңдеп бойлап,оны тебіреніспен жан –жүрегімен сезінеді.

   Қасиетті ана тіліміздің құдыретін заманында  қазақ радиосының күміс көмей, жезтаңдай дикторлары: Әнуарбек Байжанбаев,Сауық Жақанова, Ласкер Сейітовтердің «алтын дауыстарынан; Зейнолла Қабдолов,Әбіш Кекілбай,Салық Зиманов секілді ғұламалар сөз саптауынан;қазіргі уақытта өнер тарландары: Болат Әбділманов, Бекжан Тұрыс,Сәбит Оразбаев,Нұрлан Өнербаевтардың даланың жанға жайлы самалындай қазақы қоңыр дауысты үндерінен естіп, көзайым болғандармыз.

   Заманында Абай хакім бастаған қазақтың марғасқа ақын-жазушылары:Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов,Қалижан Бекхожин,Ғали Орманов, Қасым Аманжолов,Мұқағали Мақатаев, Сағынғали Сейітов секілді ондаған сөз зергерлеріміз әлемдік классиканың інжу-маржандарын: Шекспирді,Байронды, Гетені,Дантені, Пушкин,Лермонтов,Толстойларды ана тілімізде түпнұсқа тілден асырмаса, кем  түсірмей, көсілте, шалқыта еркін сөйлетпеп пе еді!?

  Бұл да бір тіліміздің құдыреттілігінің бір белгісі емес пе!? Осы жаһандану үдерісі жоғары қарқынға ие болған жетілген ақпараттық технология заманында да ана тіліміздің әуезділігін, адам сезіміне әсері күшті үн бояуын бүкіл әлемге дарынды әншіміз Димаш Құдайберген жарқырата көрсетіп жүргені –мемлекеттің де, қазақ деген халықтың да мәртебесі.

  Бабадан балаға мирас боп жеткен айтыс өнері тіл,сөз құдыретін ұшқырлығымен,өткірлігімен, алғырлығымен дәлелдейтін ұлттық өзгеде кездеспейтін феноменіміз.

 Егер қазақ баласы өз ана тілінде сөйлей алмаса,бұл-оның жеке басының ғана қасіреті емес. Енді бұл үшін, тіл білмейтін қандасымыз үшін оның ең жақындары,бауырлары, ортасы, қызметтестері, ұжымдастары, қоғам болып ұялатындай кезеңге келдік.Себебі,Жаңа Қазақстан-әділетті Қазақстанның басты сипаты- өз Елінде өгейдің күнін кешкен ана тіліміз әділетті тұғырына қонуы үшін де барша қазақ баласы өз тілінде еркін сөйлеуге жауапты.

  Салт-дәстүріміздің құдыретін айтсақ,баяғы ел дегенде ұйқы-күлкіні ұмытқан; ұрпағым аман, жеріміз бүтін болсын деп күндіз-түн ат үстінен түспеген қайран бабалар ойға оралады.

 Басқасын айтпағанда «Бесік жыры», «шілдехана», «Бесік тойлардың» әлеуметтік, эстетикалық, пәлсапалық, маңызының өзі бір атанға жүк болмай ма!?

   Даңқты Төле билер,Қазыбектер, Әйтекелер мен Абай,Шоқан,Ыбырайлар; Әлихан, Ахмет,Бауыржандар –қасиетті салт-дәстүрімізбен нәрленіп,жетілген ұрпақ екеніне кімнің шүбәсі бар !?

    «Төртінші ана» — туған тарихымыз,төл тарихымыздың құдыретін тебіренбей,толғанбай айта аламыз ба? Біздің ұрпақ, жастары бүгінде алпыстың  сегізіне келгендер, Қадыр ақын дәл бейнелегендей: «Біздің тарих-ол да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ –тағы» дегеніндей, тарихымызды пышақтың қырындай оқулықтардан оқып өстік.

  Өткен тарихымызда үлгі алар ештеңе жоқ; надандық жайлаған Ел екенбіз; бізді адам қылып, өркениетке жеткізген орыстар екен…» деген сықылды түсініктердің шырмауында болдық…

  Отыз екінші жылға қадам басқан Тәуелсіздік заманының қазаққа берген зор мүмкіндіктерінің бірі –Қазақ тарихнамасының түбегейлі жаңару үдерісі дер едім.Әрине, әлі де болса тарих оқулықтарының бір ізді болмауы; жекелеген тарихи оқиғалар мен тұлғаларға қатысты дәлдіктердегі олқылықтар секілді бірқатар кемшіліктерге қарамастан «Қазақстан тарихының» көп томдық академиялық өмірге келгені- ұлт мерейі,Тәуелсіздіктің, Қайрат Сәкидің сөзімен айтқанда:

    «Еліміздің Тәуелсіздігінің құны атылып кеткен қазақ ұлтшылдары мен қызыл қазақтың қанымен, 1916-1934 жылдар  арасындағы екі созылмалы аштық кезінде қырылған   4 млн қазақ өмірімен асыра төленген  деп айта аламыз»,-дегеніндей, « Еске алуға қаншама ауыр әрі қасіретті болса да»

(М. Шаханов), біз үшін  қастерлі Тәуелсіздіктің  берген жемісі.

  Халқымыздың қазақы дара қасиеті-қарапайымдылық. Ұғынуға жеңіл ұғымдардың бәрі қарапайым.т

   Қасиеті мен құдыреті-ішкі мазмұнында: тереңдігінде, биіктігінде, кеңдігінде.

   Қасиетті төрт анамыз: туған жеріміз, ана тіліміз, салт-дәстүріміз, төл тарихымыз қашан да біз үшін құдыретті десек, «ғұмырымызға серік етер астана»,  «демеп жүрер, жебеп жүрер арқада» (М.Шаханов) төрт анамыз мәңгі жасай берсін!

   Құдыретті төрт анамыз ұлттық идеологиямыздың төрт тұғыртасы-төрт діңгегі болуға әбден лайықты.

                                    Амантай Бақыт