«..Кетпеймін, менің орным тек қана редакция».

Бұл 1965 жылы балаң шағында аудан баспасөзі қарашаңырағына келген Сансызбай Базарбаевтың 1986-ыншы жылы қайта құрудың балғасы дүңкілдете соғып тұрған шақта аупарткомда сегіз айдай жұмыс істеп қайта оралғанда аудандық газет  редакторы Ерсайын Көшекұлы ағамызға айтқан өз сөзі.

-«Қаршадайынан редакциямен етене табысып, қызметкерліктен бастап жұмыстың барлық сатысынан өткен Сансызбай айтқанына тұрды,табан аудармастан жұмыс жасады. С.Базарбаев газет жанрының қай түрінде болсын қандайма тақырыпта де терең толғап, кең қамтып жаза алатын жүйрік журналист»,- деп кейін Ерсайын ағамыз өзінің «Дендер»-де өтті күндер» атты кітабында үлкен ризашылықпен атап, оған лайықты бағасын да берген болатын. Сөйткен Сәкең өзі еңбек еткен  «Дендер» газеті редакциясын екінші үйі санап,  үнемі ардақ тұтып, отбасына, ұрпағына, елге үлгі етіп, әлденеше туындысын да арнады. Солардың бірінде:

Қаршадай болып газетке,

Қалам ұстап келгенбіз.

Ойдағы асыл қажетке,

Бойдағы барды бергенбіз,-деп, өзіне ғана тән болмысымен жүректегі шындығын ашып салған да еді. Өйтпесе Сәкең болар ма?!

Міне, сол бір асыл аға, сыйлас дос, сырлас әріптес,«Қазақстанның Құрметті журналисі» Сансызбай Базарбайұлы туралы өткен шақпен сөз саптап, естелік айтудың өзі қаншама ауыр болса да өзіме мәртебе, әрі жауапкершілігі өте жоғары міндет санап қолға қалам алған жайым бар.

Оны облыстық «Атырау» газетінде бас редактордың орынбасары болып жұмыс істейтін ұлы Азамат Сансызбайұлы айтпаса да ойластырып, ретін таппай жүрген де едім.

Аудандық газет редакциясына келместен бұрын-ақ жақсы білген автор, ақын ретінде таныған Сәкеңмен 1984 жылы қыркүйектен бастап, әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданғаннан-ақ 37 жыл бойына 2011 жылға дейін бір ұжымда, зейнеткерлікке шыққан соң да бір-бірімізді еш жатсынбай, тонның ішкі бауындай араласып, ақырғы демі таусылып өмірден өткенше қатар жүрдік.

Шүкір, бір-бірімізді сыйлап, ашық пікірлесіп, ища деспей, тіпті өзі жиі қайталайтын «сәрсенбінің сәтті күндері» шуақты шақтарда шат көңілмен талай сырларды армансыз ақтарыстық та.

Сол бір шуақты сәттерде орнаған сыйластық жібі өткен жылғы осы уақытта ауыр дертпен қанша арпалысса да дес бермей бақилыққа аттанған соң үзіліп қалғандай көрінген.

Содан да ауыр мұңға беріліп, кіләңкөрдей ақ көңілімізбен ақ қағазға қимастықпен «Дүниеден кім өткенін білесіз бе?!» деп сауал тастап, егіле «Көңілі шуақ, жырлары қуат еді» атты қазанама жазып, баршамен бірге қоштасқанымызға да  тура бір жыл өтіпті-ау! Неткен уақыт жүйрік десеңізші.

Сол бір мұңлы сәттерде: «Бір шүкір етеріміз, асыл аға қасиетті Рамазан айының алғашқы күні, сегіз жыл бойына ауыр дертіне шипа болуға қарлығаштай жанұшырған жан-жары мен соңында қалған қаумалаған ұрпағы, ағайын-дос, әріптестер алдында бақилық сапарға аттанды. …Оның өлеңдерімен әлі де сан қауышып, естеліктер теңізі болашақта толас таппасына сенімдіміз»,- деген екенбіз.

Сол сенім еш алдамапты. Бүгін тағы қолға қалам алып, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Б.Қаратаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Индер ауданының Құрметті азаматы», «Тәуелсіздіктің-30 жылдығы» медалінің иегері, талантты ақын Сансызбай Базарбайұлының Жарсуат округіндегі «Қылыш» қыстағынан басталған ғұмыр жолына үңіліп отырмыз.

Бір жеңілі бірге жүргенімізбен қоймай, ағамыз туралы бірнеше мақала жазып, әлденеше рет естеліктер айтып, тіпті екеу-ара сұхбаттарда айтылған көп сырлар көл-көсір болып, санамызға ақ Жайықтың асау толқындарындай көңіл жарына лықси соғып, байыздауға да еш мұрсат берер емес. Сол ақжарқын сұхбаттардың бірінде шіркін, ол былайша бір ақтарылып еді:

-Қай азамат болмасын оның өткен өмір тіні бар, өйткені, ол жарық дүниенің есігін ашқаннан кейін өз тірлігімен бұлқынып, қолды аяққа тұрмай, ата-анасының қолынан да сусып жеке бағдарын күйсеңдеп жатары кәміл. Менде соның бірі болып 1946 жылы 6 қаңтарда Құрылыс ауылынан 45 шақырымдағы «Қылыш» қыстағының түбінде, ұзын сайдың іргесінде шырылдап дүниеге келіппін.

 Әкем Базарбай кейін есейген соң сол жерді көрсеткен. Ал 2011-2013 жылдары сол «Қылыштың» биік төбесі республикалық ғалымдардың  ой тоғысымен қазылғаны белгілі. Мұндай биік төбе Батыс Қазақстанда үшеу дегенді естіп жүрміз. Ол сірә, жаугершілік заманда бір-біріне төбесінен от жағып, белгі беруге арналса керек.

Немесе басқа мұрат – мақсаты бар ма, оның мән мен  мәнісі бізге тап-тұйнақтай аян емес. Сонымен «Қылыш» қыстағында туып, кейінгі өмірдің сан түрлі қыспағынан өттік. Әкем Базарбай жылқышы, кейінгі зәрі қайтар зәудімде сиыршы, қойшы болып, ең соңында отырықшылыққа ауып орталықтағы өрт сөндіру командасының бір басшысы ретінде өмірін өткерген.

Ал мен 1965 жылы әуелі Құрылыста жалаңаяқ, шүберек сөмкемен мектепке барып, Қарабауда, Жарсуатта, Кулагинода (қазіргі Есбол) он бірінші сыныпқа дейін үй көрместен интернатта жатып бітірдім.

Сол интернаттың көптеген бойға сіңген қағидасынан әлі күнге арыла алмай келемін. Мәселен, интернатта шалбарымызды, төсектің астына салып, қыр салатын едік қой, сол әдетті осы жасқа келгенше әлі ұстанамын. Бойға сіңгені соншалық, бар киімімді өзім күтемін. Біздің кезімізде Кеңес Одағының басшысы Н.С.Хрущевтың нұсқауымен осындай практикасы көп, салдырлаған оқу жүйесі болып еді ғой»,-деген-ді.

Тағы бірде ақын пәк көңілімен Базарбай әкесі туралы:

Жан әкем бақты жылқы, қой да сиыр,

Байқасам өтті кезең қиыр-шиыр.

«Құрмас», «Мәтеш», «Құдабай» қыстағымыз,

Маңында жайылатын толған үйір,-деп өңірдегі біраз қыстақ, жайлаудың аттарын атап, Мұрат бабасынша талай ақтарыла жырлап, жерлестерінің мәртебесін асырып, ұрпағына ұлағат еткен.

Айтпақшы ағамыз кезінде, сонау 70-інші жылдары Мұрат ақын туралы сыр тербеп, онысы қолдау таппай аңтарылған да сәттері болған. Кейін бәрі де орнына келіп, алмас қылыш қап түбінде жатпай, ағамыздың ол туралы шығармашылығы соны бір қырынан танылып, шамырқана өркен жайған.

Сөзіміздің желісіне оралсақ, Сәкең 11 жылдықты Есболдағы Жамбыл атындағы орта мектептен бітірер тұстағы емтиханда шығарманы өлеңмен өріп, комиссия мүшелерін тамсандырып, айды аспаннан бір-ақ шығарғанын ұстазы, марқұм Кенжеғали Қайып ағамыз үнемі мақтаныш білдіре әңгімелеуші еді.

Ал мұндай талапты шәкірттің орны, әрине, сол кездегі бірден бір әдеби орта газет редакциясы екендігін айтпаса да болатындай. Онысын ағамыз:

-Сол кезде мектеп бітіре салып жаңа ұйымдасып жатқан, Махамбеттен ажырап, қайтадан құрылған Индер ауданының «Индер» газетіне корректор болып орналастым. Ол кезде редактор Уәжит Машанов, оның орынбасары Мақажан Қабиев, жауапты хатшы Өтеміс Қонашев еді.

Менің алдымда Кеңес Сахиев ағамыз келіпті. Бізден кейін Зейнеден Қабдешев, Есболай Нығыметов деген педагогтармен жұмыстас болдым. Ақын қыз, есімі сол кездерде Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Нәбиева сияқты жастармен бірге аталатын Бақыт Қоянақова да редакцияда істеген еді.

Аудан орталығында сол шақта дұрыс мекемелік ғимараттары болған жоқ. Аупартком мен ауатком босаған мекемелердің орнында болса, редакция біреудің жеке шарбағында орналасты. Онда да бір қызық бар.

Машинисткалар отырған жер бұрынғы ешкі қора болған соң, түс кезінде бұрынғы иелерінің ешкілері өрістен сау етіп кіріп келетін. Марқұм машинистка Мария Хамитова жеңгеміз «шек—шек» деп есіктен қуып жүретін. Ол да бір қызық кезең екен-ау,-деп қимастықпен еске алған.

Осындайда екеу-ара сөзді шығармашылыққа қарай ойыстырғанымда, ағамыз: -«Мен ілкіден өзімше тыраштанып жазуға талпындым. Өзімді редактор Уәжитке әкеліп таныстырып, тұңғыш рет мектептен соң қызметке алуға мүмкіндік жасаған  Мақажан Қабиев ағамызға әлі күн басымды ием.

Өзім әскерге кеткенше, одан келіп қайтадан аз-кем кідірістен кейін орналасқан соң да жалпы мақала, репортаж, очерк, суреттеме сияқты жанрлармен бірге сын материалдарға бейімделдім.

Осы жылдар ішінде, «Әлдекімге жұбанып», «Бұқардағы бұққандар», «Тып-типыл», Қ.Дүйсембиевпен бірігіп «Шалқып жүрген Шалманов», «Бал ұстаған бармағын жалайды», «Қадесіз қыз болмайды», «Алимент әке бола ма», «Бастық мырза, шофер ырза», «Цифр сылдыр, сын сылбыр», «Кесілген жолдың кесірі», «Бастық неге байбалам салады», «Ақша деген қағаз ба» сияқты бірнеше фельетондар мен сын мақалалар жаздық.

 «Көп сөз – көбік сөз» дегендей, оның да парқын білем ғой. Әскерде болғанда да менің өлеңдерім газеттің бетінде шығып жатты. Мысалы, Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевқа ауданның Максим Хасанұлы басқарған комсомол– жастары Зеленыйда клуб алдына орналасқан ескерткіші ашылғанда менің өлеңім газетте жанында тұрғанын жауынгер жолдастарыма көрсетіп мақтаныш етіп едім.

Кейіннен Боран батыр туралы поэма жаздым. Ол жеке кітапшамда, ал соңынан «Жеңісті жақындатқан жандар» атты үлкен кітапта толық басылды. Қазір көп мектепте жыл сайын Б.Нысанбаевқа арналған шараларда пайдаланып та  жүр.

Жалпы мен Ерсайын ағамыздың елеулі бір ісіне үнемі ризалық білдіріп жүремін. Менің 50 жасқа толуыма байланысты шағын болса да «Жырымды саған арнадым» атымен Алматыдан заңды нөмірін тіркетіп, тұңғыш кітабымды шығарып берді.

 Кейіннен Гүлзада Ниетқалиева екеуміздің «Ақбота күнді аңсаумен» атты қос авторлық кітабымыз Ақтөбеден шықты. Сондай-ақ «Атырау айдыны», «Өмір жолы», «Әділет», «Жеңісті жақындатқан жандар» сияқты жинақтарда, аудан талапкерлерінің кезекті шыққан туындыларында өлеңдерім, танымдық мақалаларым шықты.

Осының бәрі бір тірлік қой. Дегенмен дұрыс толымды кітап шығаруыма қалтам да жұқа, әрі зейнеткерге демеуші де табылмай жүр ғой, жаным-ау. Біреу қазір не жазып жүрсің десе, мен «Бас жазып жүрмін» деп әзілдеймін. Әрине, бәрі де ойын ғой, дегенмен құр емеспін.

«Сезім жарқылдары» циклым «Атырау», «Сахара», «Самал сарайы» газетінде там-тұмдап жариялап жүр»,-деп біраз қиындықтарының да ұшын шығарған журналистің өз алдына ол тілегі де кейін іске асып, «Атырау айдыны», «Өмір жолы», «Әділет», «Жеңісті жақындатқан жандар», «Жүрек сыры», «Сезім жарқылдары» жинақтары шығып, оқырманымен қауышты.

Журналистің зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отыруы қиын шаруа екені белгілі. Сол секілді аудандық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болған Сансызбай ағамыз да қоғамдық жұмыстардан тыс қалған жоқ. Ол аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі бола жүріп, еліміз бен облыс, аудандағы маңызды шараларға үнін қосып, үнемі тіл жанашырларының ортасынан табылды.

Көпті көрген журналист басшының үлгі тұтқан ағалары, марқұмдар Уәжит Машанов, Төлеубай Ысқақов, Мүтәлі Шәріпов, Ізтелеу Көпбаев және Ерсайын Көшековтей бес редактордың басшылығымен қызмет істегенін, жинақтаған мол тәжірибесі 1998-2004 жылдарда бас редактор болғанда өзіне көмекке келгенін де үнемі әңгімелеп отырушы еді.

-Бұл кезде жағдай өте қиын еді. Көршілерімізде бірқатар газеттер жабылып, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарының газеттері дәптер бетіндей қағазға басылып, апта сайын бір рет шықты. Ал біздер қанша қиындық болса да шыдап, аптасына екі рет шығарудан танбадық.

Аудан әкімі сол кездегі ақшамен 500-700 мың теңге бөлсе, біз ақылы қызметпен 1 млн жарым табыс тауып отырдық. Бірақ бұл газет басуға, салыққа, басқа төлемдерді өтеуге жұмсалды. Тіпті машинамыз болмаса да жолға шығуға, бастысы бөліп-бөліп еңбекақыға жұмсалып тұрды.

Бір құрметпен атап өтер нәрсем, сол кезде қаншама жоқшылық көрсе де газет қызметкерлері ерекше шыдам танытты. Әйтпесе 2-3 ай еңбекақы ала алмай кім шыдайды?! Есепші Ақбілек Бектұрлиева екеуміз осының бәрін реттеуге күш салдық. Үкімет өзгеріп жатқан шақта Ерсайын Көшек ағамыз да осы күйді бастан кешіп еді,-деген әңгімесінің делбесін жалғап, оған:

— Сіз қатардағы қызметкерден бастап 19 жылдық орынбасар, 6 жыл бас редактор болдыңыз. Осы уақыт ішінде өзге басшы болған ағаларға қарағанда жұмыста не өзгеріс жасадым деп ойлайсыз?-деген сауалымды тастағанымда ол аз-мұз үнсіздіктен соң барып, журналистің өз әріптестерін көтермелеудегі редакциялық «Құрмет отауы» атты дәстүрлі мүшел жас иелерін марапаттайтын рәсімді жалғастырғанын, газет бетінде басшылар мен орта буын қызметкерлердің өмір жолы, қоғамдық қызметі, жеке бас ерекшеліктері туралы сыр-сұхбаттар оқырмандардың зор ықыласын туғызған жаңалықтары болғанын еске алған еді.

Сәкең жиі өз  редакторы Төлеубай Ысқақовты үлгі тұтып, оның жазушылыққа бейімдігін, аудармалары мен сын мақалаларының республикалық «Жұлдыз» журналына дейін шығып тұрғанын қимастықпен еске алушы еді. Төкеңнің кезінде жыл сайын облыста әдебиетшілер жиналысы болып, атақты ақын-жазушылар Хамит Ерғалиев, Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Серікқалиев, тіпті сол тұста Мұқағали Мақатаевпен де индерліктер боп кездескені, оған өлең шығарғаны кейін аңызға айналып та кетті.

Сірәсінде, біз таныған журналист Базарбаев Сансызбайдың газеттен басқа да түрлі қызықты қылықтары жетерлік. Оның Мұрат Қазиханов, Қасқырбай Әжіғалиев, Әнуар Нәбиев, Базарғали Суханқұлов, Бағытжан Жұматов, Себекбай Үмітқалиев, Қуаныш Мұхамедәлиев, Бағытжан Мусағалиев, Ләззат Қаражанова, Ақбілек Бектұрлиева, Маргарита Бозаева, тағыда басқаларымен әзілдесулері, ашық-жарқын сырласулары, кейбір қонақтық үстіндегі шуақты да жарасымды әдемі әзілдерінің бәрін бірдей еске алу мүмкін емес. Оның бәрін жинақтаса бір кітапқа жүк болары сөзсіз.

Сәкеңнен әріптес ретінде бірден таныған қасиеттерінің ең басында жанындағы адамды ұдайы құрметтеп, сыйлай білуі, аңқылдаған ашықтығы және досты далаға тастамайтын әділдігі, адами тазалығы, қонақжайлылығы болса, ал қызметте қай тақырыпқа бармасын тез меңгеріп, жатық та шұрайлы тілімен оқырманға жеткізе білуімен дараланатын.

Әріптес ағамыздың тағы бір қасиеті қай мақаланы болмасын қысқа жазуды жаратпайтын. Онысын редактор ағалары Ізтілеу Көпбаев, не Ерсайын Көшек, кей жауапты хатшылар да жақсы білетін.Ал титтей деректен жалт-жұлт еткен жаңалық табуы, оны оқырманына жедел жеткізуге асығуы тіпті қызық-ақ.

Көбіне іссапарлардан келген бойда-ақ қаны сорғалаған өзекті тақырыптарды миында әбден пісіріп алып, қаламмен емес, машинистка қыздардың қасында, соның ішінде Мария Хамитова, Гүлайым Мақашева, Майра Құспановалардың жанында тұрып алып диктовка жасауы бүгінде ерекше құбылыс сияқты.

 Бұл да бір Мақажан Қабиевтей майталмандардан дарыған, болмаса  журналистің өзінің ғана бойына біткен қасиеті болса керек. Өйткені, былайша қарағанда «аяқ үстінде келе жатып» мақала жазу әдісін, шыны керек, бүгінгі журналистерден көп көре қойғанымыз жоқ.

Тағы бір көбімізден алабөтен ерекшелігі «Боран батыр», Сақан Дәулетқалиевке арнаған «Темірқазық» сынды, тағы басқа да көптеген ерлермен қатар бірқатар қарапайым кәсіп иелері, еңбек озаттары туралы жазылған өлең очерктері, поэмалары,баллада, толғаулары көптігі.

Оның бірқатары өзі шығарған кітаптарына енбей қалған сияқтанады да тұрады. Ағамыздың журналистігімен қатар ақындық қасиеті, оның Алматыда тұрса, қазақтың маңдайалды деген көп ақындарын ығыстырып, болмаса қатарында жүруі де әбден-ақ мүмкін еді.

Оның бірнеше айтыстарға қатысып, болмаса жай тұрғын, мұғалім, не оқушы болсын алдына келгенннің меселін қайтармай сүт пісірім уақытта ұзыннан ұзақ өлең жазып бере қоятын шеберлігі өз алдына ғой. Сөйткен, азаматты, дара ақынды Жайық бойы халқы  қалай ұмытпақ!

Әлі де бұл сыйластық өшпейді, қайта өсе түсетініне сенімдімін. Оның Молдабай Берғалиев, Қойшығұл Жылқышиев, Қуандық Батыров, Шәміл Әбілтаев, Хисметолла Жәрдемов,Бауыржан Омаров, тіпті әр ауыл сайын кездесетін сыныптастары, достары, таныстары да көп болды.

Осындайда еске түседі, ағамыздың «Сезім жарқылдары» атты сериялық ой-тұжырымдары шыққан кітапқа жазған алғы сөзінде:

-«Жақсылығы көп жақсы ағаның жастық шағы туралы оны замандас достары Базарғали, Қойшығұл, Қуандық ағаларымыз әзіл-қалжыңмен қабаттастырып, ішік-сілемізді қатыратын. Сол әңгімелерді қарасаң,әйтеуір, алдайтындары, әңгіме қылатындары-Сәкең.

Мұның өзі оның өмір жолының қызықққа толы екендігін, әзілге әзілмен жауап беріп, кек сақтауды білмейтін бала мінез жайсаңдығының кепіліндей көрінеді»,-деп ізбасар інісі Жанай Ислямғалиұлының жазғанына толықтай қосыламыз.

Тіпті оның кейбір дос-таныстарын өзі де танымай, кейде есімін бізден сұрап жататын қожанасырлығы да бір басына жетерлік еді-ау. Қайталанбас өнерпаздығы, сиқыршылығы, суретшілігі туралы ел арасында аңыз болып кеткен әңгімелер де аз емес. Соның бірін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Себекбай Үмітқалиев әзіл әңгімеге айналдырып жазды да.

 Біз, ұжымдастары, әріптес ағамыздың қолы қысқа болып, күрмеуге келмей жатқан шақта атап өткен 50 жасына сыйлық етіп, «Жырымды саған арнаймын» деген кітабын өз баспаханамыздан шығарып беруімізді еске алып, оны үлкен ерлікке балаймыз, мақтан етіп те жүреміз. 

Жалпы әр сәтте де үлкен құрметпен атаймыз, «Жегені жантақ, арқалағаны алтын» (Ш. Мұртаза) болып келетін ақын-журналистер қауымының өкіліСансызбай Базарбайұлының көп жылдар бойына алаңсыз біржола журналистік қызметті меңгеріп, басылымның басшысына дейін жетуінде, шығармашылық иесі ретінде үнемі ізденісте жүруіне, ақындық шабытының шарықтауына адал жары, айнымас серігі, кейде әділ сыншысы да бола білген Гүлжан апамыздың үлесі зор.

Оны өзінің періште көңілімен «жалғыз жарым бар» деп масаттана топ ортада талай айтқан, жырға да қосқан.

-Кәдімгі қазақи көңілмен білдірсем, бәрі де құдайға шүкір, журналист болсам да Гүлжан жеңгең екеуіміздің қарапайым дастарханымызда еліміздің талай марқасқа азаматтары қонақ болып, дәм татты.

Қажымұқанның рөлінде ойнаған Әлеуханды бастап келген журналистер Исатай Балмағамбетов пен Табылды Досымов, Құттыгерей Смадияр,  ақын-жазушылар Б.Исаев, С.Сейтқазин. Қ.Қамбаров, Е.Домбаев, мұраттанушы ғалым Б.Омаров, домбырашы Ш.Әбілтай Өріккүлімен, Қойшығұл, тағы да басқа көптеген игі жақсылармен дәмдес болдық.

Жалпы бұрынғы кездері қонақ үй жоқ, іссапармен келген әріптестердің бәріде атбасын бұрып, біздің тар да болса кең көрінетін үйімізде көсіле жатып әңгіме айтып, сыр тербеген еді,-деген Сансызбай ағамыздың сөзінде бір өтірігі жоқ, ып-рас, көңілімізде сайрап тұр.

Гүлжан апай да тұрмыста кездескен сан қиындықтарға төтеп бере жүріп, әулеттің үлкендерін де бағып-қағып, отбасының берекесін, ынтамағын асырып, ұрпақтарын адам-асыл етіп тәрбиелеуге күш салды. Апамызға да тек амандық, ұл-қыздары мен немере-шөбере, жиендерінің қызығын көре беруін тілеймін.

Расында ел арасындағы қарапайым көп мамандықтың бірі саналатын журналистіктің ауылдық жердегі мүмкіндігін кеңейтіп, оның ең сыйлы кәсіптің біріне айналуына, құрметке бөленіп, беделі арта түсуінде өз ісіне әбден берілген Сансызбай Базарбайұлы сынды  шынайы талант иесінің қосқан үлесі қомақты. 

Содан да оның барлық ізбасарлары, шәкірттері, осы жолды таңдаған Саламат пен Азамат, Айболат сынды ұл-немерелері де әрдайым оны естерінен шығармайды, үлгі тұтады деп сенемін.Ағамыздың рухы биікте, есімі ел жадында мәңгілікке ұмытылмасын. Әумин.

С.ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі