«…Тәуелсіздікті дәріптеп жатырмыз. Жылда дәріптейміз. Телеарна,радио,газет-журнал,сайт атаулы бірі қалмай сапта тұрады,қарайсың да,өзгерген ештеңе жоқ екенін көріп, «е, дүние орнында екен ғой» деп тәубе жасайсың… «Бабаларымның қанымен келген,аруларымның арымен келген…» деп ақындар күшенеді; «Қазақ болып тумағанда, не етер ем!» деп әншілер бөседі… Осы бір жаттанды,жадағай идеология Тәуелсіздік алған тұста дүниені алғаш түйсінген бір буынды есейтті. Немқұрайды,ештеңеге сенбейтін,тіршілік қамытын мойнына іліп алып,көптің ішінде сөлбірейіп жүретін де қоятын құр сүлдер буынға қазір бәрібір.Бұл буын бесікте жатқанда қылшылдап тұрған,өзінше еркіндік келді деп қуанған,жаңа билік күш алып кеткенше қолтығынан демеген, кейін аздап қарсылық көрсеткен,болмағасын «келісуге» мәжбүр болған алдыңғы толқын да сүлесоқ. Кейінгі университет пен мектеп қабырғасындағы оқушылар да біздің ізімізді басып келеді,өзгерген ештеңе жоқ…»
(Алмас Нүсіп, «Қазақ бодан болғанын ұмытқанша», «Sakhara», №36-37,13. 12. 2022 ж.)
Иә. Алмас Нүсіп айтса,айтқандай-ау. Ештеңеге алаңы жоқ,ұялы телефон,смартфон,гаджеттерден басқаға құштарлығы шамалы ұрпақ өсіп келе жатқаны жасырын емес.Бүгінде қазақ баласы өз-өзіне қол жұмсаудан да, зорлық-зомбылық жасаудан да,неке құрғандардың ажырасуы жағынан да дүние жүзінде «алдыңғы орындамыз».Өзінің құдай қосқан некелі жарын аяусыз өлтіретін де, өз баласын жоғары қабаттан тастап жіберетін де-қазақ баласы.Айдың, күннің аманында бұ қазаққа не көрінгені?
Әлде діндарлар айтып жүрген «ақырзаман»қазаққа ала-бөле бұрынырақ келгені ме? О, тоба! Тоба демей, не дейін? Аллаға серік қосқаным емес, біз аруақ пен киеге, обал-сауапқа сенген,сыйынған ел емес пе едік?!
Қазақ баласы үшін бәрінен биік, бәрінен күшті, жаннан қымбат-ар, намыс емес пе еді !? «Малым –жанымның садақасы,жаным- арымның садақасы» деген қайран бабалар ұрпақтары санасыз, намыссыз,қасиетсіз ез болсын деп қан төгіп,әзиз жандарын Тәуелсіздік жолында қиып па еді!?
Қазақ қоғамын қайда қарасаңыз да ақылың жете бермейтін енжарлық пен салғырттық жайлап алғандай. Сенбесеңіз, ойымды дәлелдеп көрейін. Күні кеше ғана «Атырау» газетінің №6 санында тілші Мәлике Мәлікқызының «Білім сапасы сын көтермейді» деген мақаласы көзі қарақты оқырман,көзі ашық, көкірегі ояу жанның санасын сілкілеп,ойын сарсаңға салмауы,көңілін алай –дүлей сезімдерге бөлемеуі мүмкін емес.Олай дейтінім: бұған дейін де айтылып жүрген өткір мәселені тілші тағы бір мәрте назарымызға ұсынады.
«Өңірде білім сапасының сын көтермейтіні баршаға мәлім.Кейбір пән мұғалімдерінің тапшылығы да жығылғанға жұдырық болып отыр. Мәселен, Атырау қаласындағы мектептерге өткен жылы 55 математика мұғаліміне қажеттілік туындаса, биылғы оқу жылында кадр тапшылығы 82-ге артқан.Ұлттық бірыңғай тестілеудің де көрсеткіштері көңіл көншітпейді…
…Департамент басшысының айтуынша,соңғы бес жылда еңсенің,анығын да сапаның көтерілмеуі қоғам мүшелерін айтарлықтай толғандыруда.
«PISA -2018» –дің қорытындысы бойынша, функционалдық сауаттылықты қалыптастыруда Атырау облысы республика бойынша ең төменгі орында қалып отыр.Облыстағы білім алушылардың 84% -ы сауаттылық деңгейі бойынша төмен нәтиже көрсеткен…» (М. Мәлікқызы «Білім сапасы сын көтермейді»)
Осылай деп саланың жауапты басшысы түк болмағандай есеп береді.Сонда облыстық білім басқармасы кадр тапшылығы боларын алдын ала есептемеген бе? Ал, жылма-жыл Атырау мемлекеттік университетінің математика факультетін бітіріп (бес жылдан бері),мамандық алып шығып жатқан мамандар қайда жүр ?-деген де бір сауал көлденеңдейді.Әлде Атырау мемлекеттік университетінің математика факультеті жабылып қалды ма?
Салғырттық пен енжарлықтың бір көрінісі осындай. Егер бүкіл бір аймақ өміріндегі мыңдаған балалар мен жүздеген ұстаздар,мыңдаған ата-аналар, жалпы бес жүз мың халықтың болашағына қатысты аса маңызды да өткір мәселеде оның түп-тамырын,негізгі орын алу жағдаяттарын, факторларын тауып,соларды түзетумен жұмыстанбай,соған «бас қатырмай»,тек есеп беріп, «біз осындаймыз» дегеннен не ұтпақшымыз?
Біз өмір сүріп,тірлік кешіп жүрген уақыт-жаһандану деп аталатын алыптардың (алып мемлекеттерді айтам), өзін теңселтер, саны аз ұлттарды өзін-өзі сақтау күш –қасиеті жеткілікті,қауқарлы болмаса, жұтып жіберуге де оңай (Құдай оның бетін аулақ қылсын),сондай бір қатал да қыспақты дәуірдің «қақпасын» ашып, ішіне енгендейміз.
Бір қарағанда бәрі бар,таңдау құқы өзіңде: байлық жолын таңдайсың ба,ел не болса,о болсын, өзің байып мұратыңа жетесің;әлде білім –ғылым жолын таңдап, еліңе,ұлтыңа қызмет етесің бе ,адал еңбегіңмен өз ұрпағыңа да,өзгелерге де бейнетті жолдың зейнетін көрсетесің бе?
Бұлардан бөлектеу қазақ баласы үшін бір қасиетті де қазыналы жол бар еді.Біз соны ұмыттық.Ол жолдың аты –ар-намыс жолы,адамдық жолы.Абай,Шәкәрімдер,Мұхтарлар,Қаныштар,Бауыржандар жолы.Алаштың жолы.
Абай хакім бабамыздың «Атаның баласы болма,адамның баласы бол»деген өсиетін ұмытып,бәрін ақшамен билеуге,ақшамен баюға,ақшамен атақты болуға ұмтылдық.Байлықпен жарыстық,асып-тастық,тойхана салып,той жасап жарыстық.Әнші «жұлдыздар» құштарымыз болды. Ғылымды, руханиятты,рухты ұмыттық.Өзгенің қаңсығын таңсық көріп,біресе орысқа,біресе ағылшынға еліктеумен келеміз. Сөйтіп, өз ұлтынан гөрі өзге ұлттарға еліктегіш,қызыққыш,сыйлағыш әлемдегі «ең озық» «интернационалист ұлт» болып шыға келдік.
Өз ұлтына құрметпен қарайтын әлемдегі ешбір мемлекет біздегідей балаларын,әлі ақыл-ойы толыса қоймаған,өз ана тілінде еркін сөйлеп,ұғынуға жетіле қоймаған балаларын бастауыш сыныптарда орыс, ағылшын тілдерінде оқытпайтыны әмбеге аян.Мемлекеттің болашағы,оның тәуелсіздігінің мызғымастығы,білім,ғылымды,технологияны еркін меңгерген жастарда десек,осындай жастарды тәрбиелеп,өсіретін сапалы мұғалімдер кадрын дайындау ісінің кемшін тұстары аз болмағанын бүгінгі өміріміздің өзі көрсетуде.
Шетелдің озығын үйренеміз деп, өзімізде болған жүйенің жақсыларын сақтай алмадық.Экономикалық-әлеуметтік жағынан елдегі ешбір өлкеден кем қалмайтын облысымызда мұғалімдер үшін жағдайдың бәрі жасалған.Сөйте тұра білікті мұғалімдер жетіспеушілігіне, балаларымызды өзге аймақтардан келген білікті мұғалімдердің оқытып жүргеніне таңқалам да,бір жағынан намыстанам да. «Атыраулықтар! Бұ қалай? Сонда бүкіл республикаға мұнайымен,газымен,балығымен,басқа да байлығымен донор,жарылқаушы болып отырған «алтыншы аймақтың» тұрғындарында намыс отының болмағаны ма?! Тойхана салып,той жасап,шетелден әнші жалдап жарысқанша,сол байлықты білімпаз ұрпақ тәрбиелеуге неге жұмсамаймыз?!
Атақ,дәрежесі,алатын жалақысы өзге өңірлердің мұғалімдерінен бір теңгеге кемдігі жоқ мұғалімдеріміз неге намыстанбайды?!
Осы салаға тікелей жауапты Атырау облысының білім басқармасы мен Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің басшылары намыстанбай ма екен?!
Білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткендіктен,бірер ұсыныстарымды айта кетсем.
- Мектеп оқулықтарын, әсіресе «математиканың» оқулықтарын Еліміздің ең таңдаулы ұстаздарын қатыстыра отырып,анық,балаларға түсінікті тілмен жазып,олқылықтарды түзету.
- Жоғары оқу орындары өз түлектерінің біліктілігіне жауапты болуы.
- Мектеп мұғалімдерінің біліктілігі оқушыларының мамандық алудағы жетістік,біліктіліктерімен бағалануы.
- Әр мектептің жетістігі мен кемшілік, олқылықтарының нақты жұртшылыққа жария болуы.
- Ұстаздық қызметке бейімі бар мектеп түлектерін, әсіресе, ер балаларды педұжымның жолдамасы бойынша мемлекеттік грантқа қабылдау.
Бірер жыл бұрын «Педагог мәртебесі» туралы Қазақстан Республикасының заңы қабылданғанына қуанып едік. Мұғалімдердің жалақысы бұрынғыдан әлденеше есе өскенін біліп, бұған да қызыға қарадық.
Бірақ жақсы заң да,қомақты жалақы да шеше алмайтын проблемалар барын өмірдің өзі ұсынуда.Біздің қоғамдағы бүкіл жүйе ақшаға тәуелді болған уақыт.
Адамдар да ақшаның құлы. «Ақшаға бәрін сатып алам» деушілер түбінде қателігін бір мойындар ма екен?
Адам-қасиетімен,адамдық қасиетімен ғана адам. Қасиеттің үлкені-ар, намыс.Намыс –қасиет қана емес, айбынымыз,қорғанымыз да.Намысты, арлы азаматтар ғана –мемлекет тірегі, айбыны.
Сөз басында айтылған «…Немқұрайды,ештеңеге сенбейтін,тіршілік қамытын мойнына іліп алып, көптің ішінде сөлбірейіп жүретін де қоятын құр сүлдер буын…» болып қалмас үшін қазақ баласына сілкініс керек! Серпіліс пен жанымызды, жігерімізді қайрайтын намыс оты,құлшыныс пен рух керек!
Бауыржанның, Қасым Қайсеновтің, Нұрғисаның,Фаризаның рухы қайдасың!? Арманда кеткен Алаш Арыстарының рухы қолдай гөр бізді?
Намыс қайда, жігіттер,намыс қайда?!
Лаулатқан намыс отын Арыс қайда?!
Өркен жайып, өспесе білімді жас,
Озық етер Елімді табыс қайда?!
Амантай Бақыт