«Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы»

         Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Газетіміздің ілгергі санында Мәжіліс және мәслихат сайлауына орай саяси партиялардың арасалмағына шолу жасағанбыз. Енді олар тіркеуден өтіп, үміткерлер тізімін де ұсынып үлгерді. Өз күшімен сайысқа түскелі тұрғандар да бар. Әрине, бәрі де жақсы. Әйтсе де, әлі де бір нәрсе жетпей жатқандай, көңілді күдік иелейді. Сонда не?

                                 ЖЕТІ ЖҮЙРІК ЖАРЫСЫ

Сонымен, жеті партия додаға түсті. Өзін өзгеден жүйрік санайтын жеті сәйгүлік мәреге кімнің алдымен жетерін сарапқа салмақ. Президенттің ешқандай саяси күшке мүше болмауы олардың мүмкіндігін теңестіріп те тастады. Рас, бұған дейін де сом салмағы бар билік партиясы бұл жолы да топ бастаудан дәмелі. Парламенттік басымдыққа ие болуы да ықтимал. Бұл өзгелерді одақтасуға итермелеуі мүмкін бе? Әлде бұрынғы сарынмен кете ме? Қанша дегенмен, «көп қорқытады, терең батырады» деген бар ғой. Ал, бұрынғы «Нұр Отан», енді аманат арқалап жүрген саяси күштің әлеуеті жоғары.

Осы орайда өзгелері бір-бірімен бет жыртысып жүрмесе, жарағаны ғой. Соның алғашқы ұшқыны байқалып та қалды. Сайлаушыларға талас барысында «анау менікі» немесе «мынау сенікі» деп, халықты бөліп алуға асыққандар қылаң берді. «Ауылдықтарға» салса, малшылар мен егіншілерге ешкімді жолатқысы келмейді. Бұлардың жоғын өздері ғана жоқтамақ. Бірақ, осы тақырыпты қозғауға басқалар да құмар. Қалалықтардың кейбірінің жадына өдерінің бір кезде ауылда туғаны енді түсіп жатыр.  

Ия, ауыл мәселесі – оңай тарқатылатын түйін емес. Ел халқының жартысы әлі де сонда тұрады. Төрт түлігін тыныш бағуға шабындық пен жайылым жетпей жатса да, байырғы тұрғындар атамекенді тастап кетпейді. Көлдер тартылып, судан тапшылық көрсе де, егіншілер жер емшегін еміп жүр. Қалалықтар тәрізді емес, бұлардың саясатқа да көп қатысы жоқ. Күнделікті шаруадан қолдары босамайды. Міне, осы батыр халықты өз жағына шығарып алса, сөзсіз жеңіске жетерін саяси күштер серкелері де жақсы біледі. Содан соң бұл жаққа аяқ баса ма, жоқ па – оны өздері біледі ғой. Бірақ, Парламентке сайланса, ауылды аузынан тастамас-ау. Өйткені, қайталап айтамыз, бүгінде ауыл ахуалы – күйіп тұрған проблема. Оны сауықтыру үшін өткен уақытта қаншама бағдарлама қабылданды, бірде біреуі толық қанағаттанарлық нәтиже берген жоқ. Әйтпесе, қазіргідей қымбатшылық белең алмас еді. Енді үміткерлер село еңбеккерлеріне нендей уәде беруде? Бұрынғы бос сөз бе, әлде нақты іс ұсына ма?

Кәсіпкерлер де ренжулі. Әлдекімдер орынсыз тексере ме, бір нәрсе дәмете ме — әйтеуір, жұмыс жасатпайды. Тағы бір партия соларды қамқорлыққа алмақшы. Өздері сайланса, бизнес иелеріне жарқын жол ашпақшы. Мұнайшылардың мұңын мұңдап жүргендер де бар. Мұғалімдер мен дәрігерлерді қолдаушылар табылды. Әртістер мен спортшыларды жақтаушылар пайда болды. Сөйтіп, әр партия өз адамдарын бөліп алғандай. Бірақ, солардың бәрі Қазақстан азаматтары емес пе? Біріне жасалған игілік бәріне ортақ қой. Ендеше, неге бөлеміз? Әлде бұл ұпай жинаудың оңай жолы ма?

Айтпақшы, үміткермен кездесу барысында ит мәселесі де қозғалып жатыр. Айтуға да ұят, бірақ осы төрт аяқты хайуандар әбден басқа шықты. Қай қаланы алып қарасаңыз да, өріп жүр. Атырауда аялдамаларда алаңсыз ұйықтап жатыр. Жылыойда әкімдік үйіне барыпты, мұражайдың табалдырығына түнепті. Енді табалдырықтан аттап, төрге озуы қалды. Көшеде құлағына сырға салған иттер пайда болды. Сырғаны қызға салғанды көргенбіз. Шетелге тым еліктеуді қойып, төбеттерді тәртіпке келтірген жөн-ау. Қай қазақ көшеде ит бағып еді?

Алаш арысы Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» дегенде басқа ұлттың жетегінде кетпеуді айтқан-ды. Діні басқа, ділі бөлек жаттың жемсауында жем болмауды көздеген-ді. Қазір ел арасына шыққан үміткерлер осы қанатты сөзді жиі қолданып жүр. Сонда неден оянуымыз керек? Отыз жылғы ұйқыдан ба? Әлде бұған дейін санамызда саңылау болмағаны ма?

Президент былтыр қыркүйектегі Жолдауында «Болашақта Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін» деген-ді. Бұл — бұрын болмаған бастама. Мүмкін өркениетті өзге елдерде де кездеспейтін шығар. Алайда, оны қанатқақты жоба ретінде қабылдау мүмкін бе? Әртүрлі партияның мүшесі министрлер бір-біріне бағынбай жүрмей ме?  Астанада басталған үрдіс облыс пен қала және аудандарда да қайталануы ықтимал. Крыловтың мысалында айтылатындай, аққу көкке, шортан көлге, шаян жерге тартып кетсе ше? Олар ортақ мәмілеге келгенше халық күтіп отыра ма? Бұл да – ойланарлық жәй. 

Үкіметтегі көппартиялықтың қиындығы көп. Расында да, қолынан іс келетін, басқаның ала жібін аттамайтын адам министр атанды делік. Тым-тәуір қызметімен жұртшылыққа жағып та үлгерген шығар. Бірақ, ол бір саяси күштің мүшесі болғандықтан соның серкесімен санасуға тура келеді. Партияның өзі бірге қабылдаған бағдарламасын да орындауы тиіс.

Мемлекет басшысының сол Жолдауында айтылғанындай, биылғы жылдың ортасында Президент, Парламент және Үкімет жаңартылған құрамда шындап іске кіріседі. Рас, Президент пен Сенат сайлауы өтті, біраз министр де шеттетіліп, орнына жаңа адамдар келді. Енді Мәжіліс сайлауы мәреге сәтті жетсе, негізгі саяси институттардың бәрі тың серпінмен жұмыс жасамақ. Сонда ғана «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасының мәні мен маңызы нақтыланбақ.  

                    БҰРЫНҒЫЛАРДЫҢ БӘСІ БАҒАЛЫ МА?

Жаңаша сайлауға қызығып кетті ме, әлде әлі де айтары бар ма — әйтеуір бұдан біраз жыл бұрын Парламент төрінде отырған кейбіреулер қайтадан атқа қоныпты. Олардың бағдарламаларында нендей өзгеріс барын білмедік, бірақ бұрынғы жүйені жаппай жамандап-ак жатыр. Сөйтсек, алдыңғы депутаттар Мемлекет басшысының айтқанынан шықпайтын, соның сөзін сөйлейтін тәртіпті тобыр болғанға ұқсайды. Президент қаламаса, таратып та жібереді. Сөйтіп, қызметсіз қалдырады. Кім жалақысы жоғары жұмысын тастап кетуге құмар дейсіз?  Ал, қаласа, қолшоқпар етіп жұмсайды. Бір басына жетерлік атақ та береді, кеудесін орден-медалға да толтырады. Соған сәйкес билік төңірегіне тілеулестерін топтастырып, солармен ғана қызмет істегенге ұқсайды. Қайткенде де, кеше Бірінші Президент езу тартса, мәз болып күлгендер бүгін солай деп жатыр. Мемлекеттің алғашқы басшысының қолын қысуға таласқандар енді сол күніне сын тұрғысынан қарай бастады.

Атыраудағы ахуал қалай? Дүйсенбай Тұрғанов «AMANAT» партиясының аманатын арқаламақшы. Бұл жолы Ожаев пен Нақпаев тізімде жоқ. Ал, бір мандатты сайлауға оннан аса адам таласпақшы. Үміткерлер арасында Парламенттің бұрынғы мүшелері де, облыстық мәслихаттың экс-депуттары да, ақындар да, кәсіпкерлер де, белсенділер де жүр. Кімнің айы туып, бағы жанады – оны уақыт көрсетеді. Әйтсе де, тартыс қатты болғалы тұр. Сенатқа қос мәрте сайланған Сәрсенбай Еңсегенов сайлау комиссиясының қателігінен додаға кештеу қатысса да, қалған уақытты ұтымды пайдалануда. Әлеуметтік желіде өзі айтқанындай, қысқа мерзімде облыстың барлық ауданын аралап шықпақшы. Сонау жылы жоғары заң шығарушы органның төрінен табылған Ирак Елекеев сайысқа қайта түсті. Ақын-журналист Гүлзада Ниетқалиева өзін Мәжіліс мүшелері сапынан көргісі келеді. Облыстық мәслихатта біраз тәжірибе жинаған Әділ Жұбанов енді жоғарыға көз тіккен. Жә, бәрін санап шығу міндет емес, кейбірі көпшілікке мүлдем  беймәлім. Әйтсе де, осылардың ішінен сайлаушылар бір адамды таңдауы тиіс.

Президент сайлаудың әділ өтуіне кепілдік берді. Демек, бұған дейін дауыс ұрлау фактілері болған. Әділетсіздікке жол берілгені ғой. Бұл жолғы науқанның басқаша екендігін айтушылар алдымен осыны меңзеп отыр ма? Осы орайда есімізге сонау жылғы бір сайлау түседі. Жылыой жақтан жоғары заң шығарушы органға бір орынға жеті кісі таласқан-ды. Іріктелгенде келесі турға екі адам шықты. Олардың бірі аупарткомның бірінші хатшысы да, екіншісі осы лауазымнан босап, қатардағы қызметкер болып жүрген Сағат Түгелбаев еді. Содан ақырғы сында соңғысы озып шықты. Аудан басқарып отырған адам артта қалды. Қазақстандықтар көрген нағыз шынайы сайлау сол шығар, сірә. Бұл жолы да сондай әділдік салтанат құрса, халық шын мәнінде қоғамдағы өзгерістерге сенер еді. Жақсылыққа жол ашқан жасампаздықты қолдар еді.

Жалпы, партиялар тізімі қатарында атыраулықтар көбірек болғаны дұрыс. Әдетте, өзге өңірлермен салыстырғанда халқының саны азаңдау болғандықтан Жайық жағасынан Мәжіліске екі адамнан артық сайлануы сирек-ті. Тек өткен сайлауда ғана төрт депутат төрден орын алған. Бұл жолы жеті саяси күштен кем дегенде бір үміткер тіркелсе, оған бір мандаттық ретпен тағы біреуі қосылса, онда қатарымыз толығар еді. Солар ауыз біріктіріп, мұнайлы мекеннің жылдар бойы  қордаланған проблемаларын бірлесіп шешпей ме? Әр партияның мүшесі десек те, туған жердің топырағы тартпай ма? Әрине, содан үміттенеміз.

Бұл жолы саяси партияларға мол мүмкіндік беріліп отыр. Олардың жергілікті мүшелерінің саны 600-ден екі жүзге кеміді. Демек, бастауыш ұйым құруға жеңілдік көп. Тиісінше облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына өтіп кетуге болады. Әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар жандарға 30 пайыздық квота белгіленуі де бұлардың белсенділігін арттырмақ. Тек көшеден көлденең көк аттыны әкеліп, мәслихат орындығына отырғызып қою жараспас. 

  МӘЖІЛІС ПЕН МӘСЛИХАТТЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН МАЗМҰНЫ

Бұл жолғы  сайлау соны серпінмен өте ме, әлде Парламент жұмысы жаңаша жүре ме — әйтеуір бұрынғылардың белсенділігі байқалады. Рас, әлеуметтік желіде оларды жақтаушылар да жеткілікті, қарсылар да баршылық. Екі жақтың да пікіріне құлақ қоюға болады. Бірақ, бұрынғы сенаторлар мен мәжілісмендердің тірлігі халықтың көз алдында өтті. Парламент қабырғасында кімнің қалай қызмет атқарғаны, өзін қалай ұстағаны, нендей мәселені шешуде табандылық танытқаны немесе аузын буған өгіздей үнсіз отырғаны жұртшылық жадында. Одан еш нәрсе жасыруға болмайды.

Жалпы, бұл жолғы сайлаудың айырмашылығы неде? Күшіне енген өзгерістерге орай, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізіммен сайланады. Қалған отызы бір мандаттық округтерден бақ сынайды. Ал, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарында бұл тәртіп теңге бөлінген. Ақырында, аудандар мен облыстық деңгейдегі қалаларда (біздің жағдайымызда Атырау шаһары) бір мандаттық жүйе қолданылады. Байқап отырғаныңыздай, қолданыстағы заңдылықтарға енгізілген толықтырулар назар аударарлық.

Әсіресе, бір мандат бойынша дауысқа түсуге бекінгендердің батылдығы қуантады. Рас, олардың да артында салмақты күш тұрғаны анық. Әйтпесе, екінің бірінің үміткер болуы қиын-ақ. Сәтін салып сайлана қалса, соңынан сол топтың сойылын соғып, сөзін сөйлейтіні даусыз. Қазіргідей бәрі саудаға салынған уақытта тектен-тек ешкімге қолдау көрсетілмес. Бүгін байқалып тұрғанындай, бұрын облыстық мәслихатта болған бірқатар жігіттер енді Мәжілістен дәмелі. Жә, тәжірибесі толса, жігері жетсе, құба-құп. Әйтпесе, саясатпен шұғылдану – көптің қолынан келмейтін іс. Бәзбіреудер аудандарға сапарын бастап та кетті, жұртшылықпен жүздесіп жүр. Бірқатары жанына белгілі тұлғаларды ертіпті. Солардың беделіне сүйенбек. Заңға қайшы келмесе, бұл да – насихат шараларын ұйымдастыру тәсілі.

Дегенмен, Мәжілістің мәні неде, маңызы қандай? Ал, сайланды делік. Жоғары жалақыдан өзге депутаттарды қорғайтын заңдылықтар да бар. Соның бәріне ие болады. Мемлекеттік немесе құзырлы орындарға сауал жолдап, қажетті мәліметін алады. Халық қалаулысы атанған соң соның атынан сөйлейді. Бітпей жатқан жобаларға араласып, соларды талқылайды. Әйтсе де, бұл Парламент атқаратын шаруа ма? Экс-сенатор Жандарбек Кәкішевтің пікірінше, олар – шаруашылық басшылары емес. Демек, үміткерлердің «Жайықты суға толтырамын, тақтайдай тегіс жол саламын, Жем мен Ойылды реттеймін, бәріңді пәтермен қамтимын» деп уәде беруі қате. Бұл – ашығын айтқанда, жалғандықпен ұштасатын жалаң ұран.

Немесе әлдекімдер Астанадан келген қонақтарға Құлсарыдағы әжетханаларды көрсетіп әлек. Жетінші ықшам аудандағы осы көріністің пайда болғанына қаншама жыл өтті?. Содан бері облыста да, ауданда да неше әкім ауысты?. Бірде-бірі шеше алмады. Енді осы проблеманы Парламент талқыламақ па? Шындығына келгенде, оны бұрынғы депутаттар көрді. Сенатқа да, Мәжіліске де ауданды басқарған әкімдер сайланды. Жылыойда жүргенінде соларға бұл мәселе таныс еді ғой, өйткені әкімдік ғимараты таяқ тастам жерде ғана. Жасай алмады. Неге? Құлқы болмады ма, әлде мүмкіндігі жетпеді ме? Екеуі де ықтимал.

Ал, бұл мәселенің шешімі аса күрделі емес-ті. Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары салынған қос қабатты үйлерді күреп, орнына лайықты ғимарат салса, ешкім далаға шығып дәрет сындырмас еді. Бұған ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасын пайдалануға мүмкіндік болған. Әйтсе де, оның қаражаты күллі аймаққа, тіпті республикаға бөлініп, инвестор еңбек етіп жатқан ауданға қалдық теңге ғана бөлінді. Оның өзі орнымен жұмсалғанына күмән бар. Енді бұл проблеманы Парламент қабырғасында талқыламақ па? Заң шығарушы жоғарғы органға жеткізетіндей жылыойлықтарға ұят емес пе? Одан да бірлескен кәсіпорынның демеушілігін орнымен пайдаланатын заңдылық қажет қой. Сонда оның игілігін құлсарылықтар да көрер еді.

Айтпақшы, жақында «AMANAT» партиясының Ерлан Қошанов бастаған үгіт тобы Құлсарыда болды. Жергілікті жұрт олардың алдына өткір мәселелерді жайып салды. Сөйтсек, еліміздің басты саяси күші солардың көбінен бейхабар екен. Әрине, солай болады, егер сайланып алған соң алыс ауылдарға ат басын қайта бұрмаса. Келесі науқанға дейін елдегілер енді ешкімге керек емес. Анда-санда келе қалса, Атыраудан әрі аспайды. Облыс орталығындағы бірер мекемеге бас сұғып, кері қайтады. Сөйтіп, «бәлен кездесу өткіздік, түген мың адам қатысты» деп есеп береді. Оны кім тексеріп жатыр? Содан соң сайлаушылар сеніміне де селкеу түспей ме?

Тағы да экс-сенатор Жандарбек Кәкішевтің сөзінше, Парламентте заңгерлер мен экономистердің ғана отыруы қате. Барлық сала мамандары қамтылуы қажет. Әйтпесе, заңгерлер тыйым салатын заң шығаруға құмар екен. Азаматтардың аяғын аттатпай тастауы ықтимал көрінеді. Әрине, бұл жаман. Ал, экономистер халықты айыппұлмен бұғаулайды-мыс. Расында да, кез-келген мәселеде айыппұл арқалатып жатса, бұл да жарасымды емес. Сонда кімдер сайлануы керек?

Ақындар адымын алшақ алуда. Журналистер жұлқынып жүр. Бұлар бұрын да болған. Өзіндік қолтаңбасымен көрініп, оқырманын разы еткен кейбір тілшілер Парламент қабырғасында жақ ашудан қалды. Көптің көлеңкесінен шыға алмады. Топырағы торқа болғыр Фариза Оңғарсынова апамыз кезінде «депутат болғаннан, журнал басқарғаным жақсы екен» деген. Бірақ, екінші мәрте сайланудан қашпады. Нұртөре Жүсіп Сенатта отыр. Отты жігіт болатын, жігері жасып қалмады ма? Парламентті оңды-солды сынап жүрген, тіпті мазаққа айналдыратын жұртшылық реніші оған да тиіп жатыр ғой. Ендеше, неге ұмтылады? Қандай құпия сыр жатыр?

Сонау жылдары кейбір депутаттардың белгілі бір топтың сойылын соғатыны жөнінде де әңгіме айтылды. Әбден мүмкін. Кейбір күрделі жобаларға қомақты қаражат бөлгізіп, кейін соны игеруді өздері қамқорлайтын кәсіпорынға тапсырса, қылмыс емес пе? Бұдан сайлаушылар аманаты ақтала ма?

Мұның жергілікті мәслихаттарға да қатысы бар. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар сайлауына партиялар үміткер ұсынбайды. Дегенмен, қолдау көрсетілері кәміл. Қазір облыстық мәслихат хатшысының орны бос. Сол жерге илеуге көнетін, айтқанға жүретін адамның келуіне әкімдік, әрине, мүдделі. Ия, мұнда да бұрынғыша басшылар баршылық. Рас, өз қаражатына болса да, сайлаушыларының мұқтажын өтеп жүрген депутаттар жоқ емес. Мәселен, Оразғали Қаршегеновті құрманғазылықтар қатты құрметтейді. Ал, мынадай да оқиға болған. Ілгергі жылдары жол-құрылыс мекемесінің басшысы депутат боп сайланды. Содан кезекті сессияда облыста жол мәселесі қиындығын, соның салдарынан түрлі оқиғалар орын алатындығын, жұртшылық тарапынан шағым көптігін ортаға салды. Дұрыс мәселе, әрине. Алайда, кейін пайымдасақ, бұл өздеріне ақша түсіріп алу амалы екен. Бюджеттен қаржы бөлінді, соның бәрін дерлік сол кәсіпорын игерді. Яғни, депутат мәртебесін пайдаланып, өзін жұмыс көлемімен қамтамасыз етті.

Бұл жолы да сондай пысықтар өкілетті орынға өтіп кетпеуін қалаймыз. Осы орайда аудандық және облыстық маңызы бар қалалық мәслихаттарға сайлау бір мандаттық жүйемен жүргізіледі. Саяси күштер араласпайды. Демек, дода қызғалы тұр. Әйтсе де, кейбір үміткерлер өздеріне қысым көрсетіліп жатқандығына шағымдануда. Жалпы, мұндай байбаламға салынбай, үгіт жұмыстарын белсенді ұйымдастырып, халықтың алдына жиі шыққан жарасымды. Бірақ, қазір байқалып отырғанындай, кейбір бұрынғы депутаттар өздерін қайта ұсынып, басқаларын шаң қаптырып кетуге тырысуда. Тек соған жағдай жасалар ма екен?

P.S. Сонымен, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қол созым ғана уақыт қалды. Депутаттық дода дүбірінің мәресі таяу. Заң шығаратын жоғары орган мен өкілетті билікке лайықтыларды таңдау — әркімнің міндеті. Ертең ел үмітін ақтамай, қара басының қамын күйттеп кететін кісілердің өтіп кетуіне тосқауыл қою да – баршаның парызы. Ендеше, алдымен өзіміз белсенді болайық.

                                                                   Меңдібай СҮМЕСІНОВ