Аптаның  басында аудандық орталық ауруханада есеп беру жиналысы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Н. Әбежан, аурухананың бөлімше меңгерушілері, ауылдық дәрігерлік амбулатория аға дәрігерлері қатысты.

Онда аудандық аурухананың директоры міндетін атқарушы Бекболат Қуанышов аудан денсаулық сақтау мекемелерінің өткен бір жыл ішінде  атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Бас дәрігердің айтуынша, өткен жылы медицина қызметкерлері аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауда біраз жұмыстарды атқарыпты.

Мәселен, өткен жылы  Қамысқала, Тұщықұдық, Жанбай және Исатай елді мекендерінде 4 дәрігерлік амбулатория, Забурын және Нарын елдімекендерінде 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және аудан орталығынан шалғай жатқан Қызыл үй, Жасқайрат, 17 бекет елдімекендерінде 3  медициналық пункті ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана, 40 төсектік тәуліктік және  20 күндізгі төсегі бар стационарлық бөлімше,  Өркен ауылынан  1 көше, 3-ші үйден фельдшерлік –акушерлік пункт ашылған. Бұған қоса  жаңадан ФАП құрылысының жұмыстары басталып кеткен.

Аудандык ауруханаға қарасты емдеу мекемелерінде жалпы саны 50 төсектік  күндізгі стационарлық бөлімше жұмыс жасауда. Аудандағы жалпы саны 24512 бірлік тұрғынға,  қазіргі кезде 33  жоғары білімді дәрігер (оның қазіргі таңда жұмыс жасап отырғандары-27) және 187 бірлік орта білімді медицина мамандары медициналық қызмет көрсетуде. Қамтылуы 100 пайыз. Өткен жылы   4 дәрігер (2 акушер-гинеколог, 2 терапевт) жұмыстан кеткен. Оның орнына 4 дәрігер (педиатр, статист, невропатолог, психатр-нарколог)  дәрігері жұмысқа келген. 

Десе де бас дәрігердің сөзіне қарағанда, аудан бойынша бүгіндері әлі де маман-дәрігерлердің тапшылығы сезілуде. Атап айтқанда, 6 маман (2- жалпы практикалық дәрігер Жанбай дәрігерлік амбулаториясына, рентгенолог, инфекционист, акушер-гинеколог) дәрігерлер жетіспейтін көрінеді.

Оның айтуынша, аурухана мен медицина мекемелерінің материалдық- техникалық базасы жаман емес. Аурухана тенгерілімінде бүгіндері барлығы 20 автокөлік бар, оның қолданыстағысы  10 автокөлік, 7-еуі тозығы жеткендер: 1-еуі қолданыстан шығарылған, 3-еуі аукционда, 3-еуі тозу құны өтеліп, құжаттары облыстық денсаулық басқармасына тапсыруға дайындалуда. 2 «Камаз»  автокөлігі маммографиялық және флюрографиялық қызмет  үшін, 1 автобус —  толық медициналық  құралдармен жабдықталған.

Сондай-ақ барлық мамандар компьютермен жүз пайыз қамтылған, «Дамумед» бағдарламасы бойынша  қосымшамен дәрігер қабылдауына тіркелу, үйден шақырту, РПН-ге тіркелу ситуациялық орталықпен жүргізіледі, керекті  облыстық мамандармен  кеңес келісімшарт негізінде қарастырылған. Телемедицина кеңесі де қолжетімді. ЖМК  алыс елді мекендерге барып, кеңес беріп, толықтай скрининг  өткізеді.  Жылжымалы медициналық көлікпен қаралуға жоспарланған тұрғындар – 4628 адам. Өткен жылы  оның 4440 адам қамтылды.

Өткен жылға облыстық денсаулық сақтау басқармасына 5 медициналық автокөлікке сұраныс берілген. (1 реанимобиль, 4 «УАЗ» автокөлігі  (Қамысқала, Тұшықұдық, Жанбай, Исатай дәрігерлік амбулаторияларына)

Туу мен өлім көрсеткіштері бірі- 13,3%-ға, екіншісі 24,4 %-ға төмендеген. Ал өткен жылы 6 бала тіркеліп, ана өліміне жол берілмеген.

Одан әрі бас дәрігер жасөспірімдер мен балалар арасында алдыңғы жылмен салыстырғанда, жалпы аурушаңдық  өскенін айтып, ал онкологиялық, жүрек-қан тамыр, туберкулез аурулары, жалпы өлім  бірте-бірте азайып келе жатқанына тоқталды.  Жүкті және туу жасындағы әйелдерге медициналық көмек көрсетуде — басты назарда. Тұрғындарды скриниг байқаудан өткізуде күн тәртібінен түскен емес.

Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысымен коронавирус инфекциясына қарсы вакцинасының 1-ші компонентіне жоспарланған 11928 адам болса, соның, 8886-сы екпемен қамтылыпты.  «Пфайзер» екпесімен 1068 адам,оның ішінде  жасөспірім-511, жүкті әйел-27, лактация жасындағы әйел-234, басқалары-296. Ревакцинациядан жоспар бойынша- 7011, орындалғаны- 6331 адам. 6 айдан кейінгі салынатын қайталама вакцинациядан 1377 адам екпе алған.

Ауданда КВИ-ға қарсы вакцинация және  ревакцинациясы  үшін  2021 жылдың ақпан айынан бастап, жалпы 29534 доза вакцина келді, оның 28343 дозасы салынып, 244 доза вакцина қалған.  Күні бүгінде «казвак» және «веросел» вакциналары тұрғындарға қолданылуда. 216 доза «Пфайзер»  облыстық басқармадан бөлініп отыр, келеді деп күтілуде. 

Бас дәрігер сонымен қатар аудандық аурухана қызметкерлерінің алдында тұрғындарға сапалы мединалық қызмет көрсету үшін ауруханада жетіспейтін мамандармен қамту, ол үшін жоғарғы медициналық білім беретін академияларға барып, 2023-2024 жылдарда бітіретін дәрігер мамандармен сөйлесіп, келісім шарт жасақтау, ауданға келген мамандарға біржолғы берілетін үстемақы көлемін арттыру (5000,00-10000,00 млн.теңгеге дейін), қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етуді жалғастыру, аурулардың алдын алу,анықтау және емдеу бойынша тұрғындарға сапалы  қызмет көрсету, медициналық көмекті одан әрі жетілдіру және күнделікті мониторинг жасау үшін ашылған аудандық және салалық ситуациялық орталық жұмысын одан әрі жандандыру, медициналық әлеуметтік сақтандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында жасалған жоспар бойынша және кестеге сай   жұмысты жүргізу, сәбилер өліміне жол бермеу мақсатында туу жасындағы әйелдер арасындағы аурушаңдықты анықтап, сауықтыру жұмыстарын жандандыру, универсальды-прогрессивті патронаж қызметін, БШАЫЕ(ИВБДВ)  бағдарламасы бойынша жұмыстарды күшейту, екпеден бас тартқан ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын әрі қарай жүргізіп,екпе жұмысын жандандыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында  тұрғындармен ағарту жұмыстарын үнемі жүргізіп,  БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы ақпараттар тарату, коронавирусқа карсы вакцинамен жоспарға сәйкес толық екпемен қамту, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсарту бағытында аурухана ғимаратына 2023 жылға күрделі жөндеу жүргізуді жоспарға енгізу,Жасқайрат елді-мекеніне медициналық пункт салудың сметалық құжатын жасақтап, облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсыру, облыстық денсаулық сақтау басқармасына 2023 жылға аудандық ауруханаға сұранысқа берілген 5 санитарлық автокөліктің уақытылы алынуын  ыждағаттау т.т сол секілді міндеттер тұрғанын айтты.

Бұдан кейін аудандық санитариялық-эпидемиология-лық бақылау басқармасының басшысы Бақытгүл Қартмағанбетова баяндама жасады. Ол өткен жылғы санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың аудандағы қорытындыларын баяндады.

ЭПИДЕМИологиялық ЖАҒДАЙ АЛАҢДАТАРЛЫҚ

Оның пікірінше, аудан бойынша өткен  жыл қорытындысымен туберкулездің эпидемиоло-гиялық жағдайы   бірқалыпты, дегенмен алаңдатарлық жағдай көп болып отырғанға ұқсайды..- Жалпы аурушылық көрсеткіші төмендеді. Мәселен,өткен жыл он екі айы ішінде  аудан бойынша туберкулездің   12  жаңа жағдайы тіркеліп,   көрсеткіш 48,9 болды,  аурушылық алдыңғы жылмен салыстырғанда, 3 жағдайға төмен болып отыр,-деді ол, -2021  жылы  15  жаңа жағдай тіркеліп, көрсеткіш   58,5 болған. Жаңа табылған  12 науқастың 3 немесе 25 % таяқша бөлу сатысында,   өткен жылы 15 науқастың 8-і таяқша бөлу сатысында табылып,  53,3% болған. Осы жылы жаңа табылған науқастардың  9 тыныс алу органдарының туберкулезі, 75% құрады.  Қалған 3 науқастың 1 бала, 2 науқас сүйек-буындарының туберкулезі. Ауданда аурушылық Аққыстау емханасы бойынша өсіп тұр.  Жаңадан анықталған 12  науқастың  8-і  немесе  66,6% ауырып,  өздері  медициналық көмекке жүгінген кезде  табылған, оның  4  жағдайы немесе 40% ыдырау сатысында болып отыр. 8 қайталап ауырғандардың  үшеуі, (37,5%) өзі ауырып, медициналық көмекке жүгінгенде анықталған, 3-еуі  ыдырау сатысында анықталған. Исатай ауылдық округінде орналасқан ЖББ «Исатай орта мектебінің» 1-ші сыныбына барған 1 бала бұрын  Манту толымды нәтижемен  есепте тұрған, қайталап  «Диаскентест» сынамасын қою қорытындысымен  өсуі себепті терең зерттеліп, «Туберкулез внутригрудных узлов» болып анықталып, қазір ол ем алуда. 

Баланың атасы 2019  жылы БК+ туберкулез болып ауырған,  қарым-қатынастағылар болып тексерілген кезде Манту толымды болып  химиопрофилактикалық ем  тағайындалған.  Енді 2022 жылы аурушылықпен анықталып отыр. Яғни, науқастардың өздері ауырып қаралып табылуы, ыдырау сатысында, туберкулездің көптеген дәрілеріне төзімді  болып анықталуы, баланың ауыруы, туберкулез ошағындағы Манту толымды  балалардың  тексеру  өтуден бас тартуының өсуі, перзентханадан туберкулезге қарсы БЦЖ  екпесін алмай шығып жатқандардың жыл сайын өсуі, эпидемиологиялық жағдайдың тыныш емес екенін байқатады. Ал аурушылықты ерте табу бағытындағы жұмыс та жеткіліксіз болып отыр.

Өткен жыл  қорытындысымен туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында жоспарланған  12116 адамды флюоротексеруден өткізген болсақ, соның 11520  немесе   95,0%  қамтылды десек,  ал  алыс елді мекендер төмен деңгейде   қалды. Жанбай округінен  жоспарланған тұрғындардың  86,6 %, Исатай  округінен  84,8%,  Зинеден округінен  76,1%   қамтылды. Соның ішінде қауіпті топтағыларды флюорографиямен қамту аудан бойынша 96,9 % орындалғанымен,  Жанбайда 88,4%, Зинеденде  77,5%, Исатайда 80,9% қана қамтылып   отыр.         

Өкпедегі кез келген қалдық іздерімен есепте тұратындарды флюорографиялық тексеру 94,3% қамтылған, оның ішінде Жанбайда 87,3%, Зинеденде 70,0%  Исатайда 75,4%   қамтылған.  Созылмалы бейспецификалық өкпе ауруларымен диспансерлік  есепте тұратындар  аудан бойынша 72,1%, Исатайда 25%, Тұщықұдықта 66,6% , маскүнемдер ауданда 81,8% болса, Тұщықұдықта 54,5%, Қамысқалада 46,1%, Жанбайда 40% болды.

Арнайы әлеуметтік көмек алатын контингент  аудан бойынша  81,5% болса , Жанбайда 35%, Исатайда 44%, Зинеденде 30%  қамтылған.

Жыл бойына мәселе қойып келе жатқанымыздай,  ауданда  стационарлық  2 флюороаппараттар  да  жұмыс жасамай тұр, (компьютерлік «Проскан»  флюороаппараты, ескі  ауруханадан әкелінген  «Флюро 12ф7»  аппараты). Жылжымалы машина флюороаппарат өзінің  мақсатына сәйкес емес, яғни, емханада стационарлық аппараттың орнына жұмыс жасайды. Нәтижесінде алыс елді мекендерде тұрғындарды флюорографиялық тексеру жұмысы өте төмен болып отыр,-деді ол.

КЕМШІЛІКТЕР ҚАШАН ЖОЙЫЛАДЫ?

Сөзін одан әрі жалғастырған санэпид басшысы бұл төңіректегі біраз кемшіліктерге де тоқталып өтті. -Осы мәселені жыл бойы көтеріп келеміз. Сәуір, мамыр айлары,  6 ай  қорытындыларымен де директордың атына хат жазып, медициналық кеңеске  шығарып, мәселе де көтердік, аудан әкімдігінде талқыланып, тапсырма да берілді. Алайда  жағдай өзгерген жоқ. Компьютерлік «Проскан» флюороаппараты желтоқсан айының  4-10  дейін жасап, қайтадан істен шыққан. Үстіміздегі жылдың 18 қаңтарына дейін машина түсіріп келді.

Сондай-ақ соңғы жылдары жалпы емдеу мекемелері  тарапынан туберкулез ауруын ерте анықтау, алдын алу шараларын жүргізу, округ әкімдерімен  бірлесіп,  ошақта сауықтыру шараларын алу өте төмен деңгейде қалып отыр. Емдеу мекемелерінде созылмалы  өкпе ауруларымен, өкпедегі кез келген қалдық іздерімен  есепте тұратындар,   әлеуметтік  көмек алатындар  флюоротексерумен қамтылмай тұрғаны,   перфокартамен жұмыс жасап шақыр да жеткіліксіз екенін  көрсетеді.  Туберкулез жұқпасының ошақтарында кешенді сауықтыру шаралары, қарым-қатынаста болғандарға бақылауда қанағаттанғысыз жағдайда. Аққыстаудан, Жан-байдан ошақтағы қарым-қатынастағылардан өткен  жыл бойына тексеруден  өтпеген жағдайларда бар екенінде айта кеткеніміз жөн болар. Туберкулездің асқынған жағдайларына, баланың аурушылығы, БК+ (таяқша бөлу сатысында) анықталған жағдайларда, аудандық санэпид басқармасымен бірлесіп, талдау жасау, сауықтыру шараларын жасақтау осы кезге дейін  мүлде жүргізілген жоқ.

Ауданда өткен жылы 1-ші сыныпқа баратын балаларға туберкулезге қарсы қайталап егу (ревакцинация БЦЖ) де  қиындықпен жүргізілді.Ең төмен көрсеткіш Аққыстау бойынша. 1-ші сыныпқа баратын 211 баланың 90% Мантумен қамтылды, теріс нәтижемен анықталған 86 баланың  74 немесе 86,0% ғана БЦЖ салынды.  Талап бойынша 95-100 % қамтылса, тиісті ұжымдық иммунитетті қалыптастырады.

Аудандық ауруханада  аудан   бойынша және  Аққыстау емханасы бойынша аурудың алдын алу жұмыстарына талдау жасап,  есебін қабылдап  емдеу мекемелерімен фтизиатрлардан сұрап, тиісті қорытындылар жасап, шарасын алып,  отыратын маман дәрігерлер жоқ.  Әрбір ВОП дәрігері өз бетімен  жұмыс   жасайды. Сондықтан да тапсырылған есептер түрлі, ауданда туберкулезбен бала ауырды, рецидив БК+, өздері шағыммен келіп қаралып, анықталып отырған туберкулез жағдайлары өсті, қарым- қатынастағылар ішінде бір жыл бойы тексеруден өтпеген жағдайлар да кездеседі,  олардың бірде -біреуіне міндетті  талдау сараптама жасалған жоқ. Бактериологиялық зертхана жұмысы тіпті белгісіз, диагностикаға мән беріліп жатқан  жоқ. Яғни жауапкершілікті сұрайтын жауапты адам жоқ. Осы  жағдай бірнеше жыл  бойы қайталанып келеді. Басқа емдеу мекемелерінде аға дәрігерлер бар, өз жұмысын ұйымдастырып,  мүмкіндігінше жауап береді. Ал 10 мың тұрғыны бар Аққыстау емханасы үшін медициналық қамтуға  жауап беретін адам табылмай отыр. «Бірнеше жыл осы жұмысты   директордың орынбасары атқарған» деген  жауап  алып келеміз. Бірақ аудан бойынша,  Аққыстау бойынша  бір ғана туберкулездің алдын алуда  тиісті жұмыстар атқарылмай отырғанын бұл жолы айтуға тура келіп отыр.    

Вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулардың алдын алуда профилактикалық екпемен  95-100 % (ай  сайын 7,9-8,3) көрсеткішті қамтамасыз ету  ғана тиісті ұжымдық иммунитетті қалыптастыратыны белгілі. Мақсатты топ контингентін  жоспарлы екпемен қамту көрсеткіші  2023 жылдың қаңтар айының қорытындысымен аудан бойынша 1 жасқа дейінгі балаларды қамту, 2 жасқа дейінгі балаларды қайталап егу жекелеген Аққыстау емханасы, Тұщықұдық ДА, Жанбай ДА, Нарын ФАП-тары бо-йынша орындалмағандықтан төмен көрсеткішті көрсетіп отыр. 

ЕКПЕДЕН БАС ТАРТУШЫЛАР КӨБЕЮДЕ

Соңғы жылдары  екпеден бас тартушылар саны күннен-күнге өсіп келеді. Өткен жыл қорытындысы бойынша  23 бала екпе алудан бас тартқан, оның ішінде  перзентханадан  екпе алмай шыққандармен қатар 2016, 2019, 2020 жылдары  туған осыған дейін екпелерін алған балалар да бар.  Осындай балалар саны Жанбай ауылында көбейіп келеді.  Мұнда дәрігер де доқ. Қаңтар айында  облыстық перзентханадан   ВГВ екпесін алмаған,  3 бала  шығып   отыр. Бұлар Қамысқаладан, Аққыстаудан.  Аса қауіпті карантиндік ауруларды қадағалау бөлімі бойынша ауданымызда эпидемиологиялық ахуал тұрақты деуге болады, өйткені, адам, мал арасында оба, тырысқақ, құтыру, кене шағу жағдайлары тіркелмеген. Сондай-ақ санэпид басшысы Б.Қартмағанбетова баяндамасының соңында аудандық аурухана және оған қарасты емдеу, алдын алу  мекемелерінің өткен  жылғы санитариялық-эпидемиологиялық, техни-калық жай-күйінің де мәз еместігін алға тартып, өз ойымен бөлісті. 

Баяндамадан соң аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Б.Қуанышов пен аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Б. Қартмағанбетова дәрігер мамандардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берсе, облыстық денсаулық сақтауды дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Хусанов пен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры КЕАҚ  Атырау  облыстық филиалының  директоры Байтолла Ғазизов  адамдардың денсаулығын сақтауда дәрігерлердің рөлі өте зор екенін, кадр тапшылығы мәселесі бірте-бірте шешілетінін, кеткен кемшіліктерді тез арада жою қажеттігін баса айтты. Есеп беру соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан сөйлеп, жоғарыда айтылған мәселелер бойынша тиісті қорытындылар шығару барша медицина қызметкерлерінің басты міндеті екенін сөз етті.

      Аяпберген САЛИХОВ