(Поэма)

Ұзақ жылдар әріптестік, сыйластық қарым-қатынасымыз үзілмеген ардақты інім Жанай Амантурлиннің 50 жасына арналады

Басқанда асқар-асқар талай белді,

Таңдарға тұнжыраған арай берді.

Екінің бірі емес қой бұл — азамат

Елуге Амантурлин Жанай келді.

Елуге Амантурлин келді Жанай,

Ұйытты ол өзіне елді қалай?

Исламғалиұлына ақ батаны,

Айтамыз не үшін де, берді қалай?

Атағы кетті бүгін аймақты асып,

Елуге келді Жанай жайлап басып.

Өсірді адалдығы, адамдығы,

Бойында бұла күші қайнап, тасып.

Осы ғой Жанай атты жампоз жігіт,

Алдынан керілумен таң созды үміт.

Тау бұзар таланты оған бол-бол деумен,

Көтерер орнынан қан қозды ғып.

Жыр жазсақ ағарғанда самайымыз, 

Дәм-тұздас болдық жылдар талайымыз.

Кісілік, кішілігімен жұртқа жаққан

Біліп қой, осы жігіт – Жанайымыз.

Айтпайсың елеулі ерді қалай ғана,

Істердің бастауы еді талай жаңа.

Жақсылар көп қой шіркін, біздің елде,

Ішінде Жанай — бөлек, Жанай – дара.

Көтерді салған басқа дара сынын,

Жаныңның жаз қылады жарасымын.

Тәуелсіздік көшінде орыны бар,

Айтулы Исламғали баласының.

Идея басы оның тұнып тұрған,

Жүректе жамандыққа құлып тұрған.

Мектебін Сирановтың бітіргенде,

Боз дала бозаң ұлды шынықтырған.

Мың тоғыз жүз тоқсаныншы жыл еді ол,

Алдынан күткен үміт, тілегі мол.

Кіл асау қошқарларды баққан кезде,

Тұрды ерте жұмыс та ауыр, жүдеді мол.

Өмір жол жақсыларға тегіс пе еді?

Кірзі етік киіп түзді тегістеді.

Қой бағып қоңыраулату айтылған сөз,

Қайысып қабырғасы беріспеді.

Су құйды қауғаменен қары үзіліп,

Пішеннің мая-мая бәрін бұзып.

Жылмитып газеттерде көрсеткенмен,

Емес те шопандықтың бәрі қызық.

Тыста боран, түнімен қой күзетті,

Күзетпен бірге сана, ой түзетті.

Қар басқан аула, базды тазартқанда,

Көңілдегі күмән мен жойды кепті.

Отар-отар қой бақты тілік ерін,

Аңызақ, бола бермес күні керім.

Өліспей беріспеді қиындыққа,

Білсе де балғын белі бүгілерін.

1990-2003 ж.ж. көмекшіден аға шопан,

Бұл кезде емес еді бала босаң.

«Аманкелді» кеңшарына әйгі болды,

Жеңумен қиындықты алдын тосқан.

Айтармыз әкесі кім, анасы кім,

Меңгерген шопандар да дала сырын.

Оқуға бірден бармай еңбек еткен,

Шешімін хош көргендер баласының.

Санасын билер жиі мазасыз кеп,

Сен түбі білім кенін қазасың деп.

Түсіңде аққу самғап, ақ қаламды

Ұстатты сен түбінде жазасың деп.

Тапты оны қалам деген досы қалай?

Балғын жас ер еңбектен шошымаған.

Тұлпармен мақаласын алып келер,

Сүйеулер білетіндей осы Жанай.

Жүргендей асығатын ел күзетіп,

Арман ғой, «Дендерге» оны келгізетін.

Сансызбай редактор кезексіз-ақ, 

Жазғанын көлдей қылып бергізетін.

Кашанда келбетіне арды ұстаған,

Атанды шопан бала, жазғыш бала.

Күн ұзақ атсоқты боп келсе-дағы

Кітабын жарық шаммен таңға ұстаған.

Жайраңдап шытпайтын ол бір қабағын,

Таңдардың қарсылаумен нұр шапағын.

Мен емес, ағайындар, халық айтқан,

Қашанда талапты ерге нұр жауарын.

Газеттің бар жұмысын істегені,

Шымыр боп тілшіліктен піссе керім.

«Дендерге» редактор болып оның, 

Айтайық көк аспаннан түспегенін.

Дендерім әулиелер жатқан мекен,

Отыңды заман емес жаққан бөтен.

1973 жыл, 23 ақпан,

Жанайын Қапиза апам тапқан екен.

Дендерде Елтай деген құтты ауыл бар,

Адамдары бірлікпен шықты ауырдан.

Жанайдай жаны бөлек ініміз сол,

Туыпты «Қызыл төбе» қыстауында.

Тапжылмай одан әрі сыр ашамыз,

Мән беріп бағалаймыз мұны аса біз.

Оқырман сәл кейінге шегінеміз,

Бәрін айтып береміз шыдасаңыз.

Қапиза ананың түсі

Бұл Жанай емес жай бір ұлдың бірі,

Солай деп куәлайды шынның жүзі.

Анасы «Толыбайда» қырда туған,

1940-ыншы қырғын жылы.

Бақ, иә сор табады қайдан да ерді,

Ол кезді сөзің жоқ қой айтарға енді.

Қысқасы Қапиза ана қызы еді ғой,

Соғыстан оралмаған майдангердің.

Өксігі тығылғанмен алқымына,

Алланың сыйы болар әр құлына.

Риза Қапиза ана кезіктірген,

Исламғали ерімен тағдырына.

Алты ұлы мен екі қыз ұрпақ сүйді,

Өмірін енді үшеудің жастай қиды.

Төртінші көрген құлын Жанай еді,

Бұларға берген болса Құдай сыйды.

Бар сынға Қапиза ана көнген екен,

Жақсылар ұмтылмайды өрге бекер.

Оқырман, өздеріңе соны айтайын,

Жанайына қандай түс көрген екен.

«Түсімде бұзау іздеп шыққам, сірә,

Бағытым қыр, келемін жұрттан сұрап.

Алдымда құм сағызы гүл атып тұр,

Басамын қадамымды жылдамырақ.

Гүлдеген құм сағызы жайқалады,

Іздеген бұзау байғұс жайға қалды.

Екі қалтам сағыздан бұлтияды,

Екі ұртым толды келем шайнап әлі.

Сағыздың сары гүлі жайнап әлі,

Құлпыртқан биік белдер айналаны.

Өзіме сондай жағып мен келемін,

Екі ұртым толы сағыз шайнағаным.

Алланың алды болжар ісі ме еккен,

Мықты едің құдыреттің күші неткен?!

Тұла бойым қара тер балбыраған,

Әттең-ай, бір оянсам түсім екен.

Өкіндім бұл түсімнің болғанына,

Сезем, қалды аз сәттер толғағыма.

Жылқышы Наурыз қарт кәрі жезде,

Жорыттым жетік жан-ды ол жағына.

Қарт майдангер көз салып тұрпатыма,

Жанарын жолға аударды қырға құлар.

«Ай, балдызым, балдызым жақсы түс бұл,

Бір керемет қосылар ұрпағыңа.

Бұйырса ұлың сөз сауған шешен болар,

Алдындағы кесапат, кесел солар.

Қос ұртың тектен-текке бүлкілдемес

Сөзге жүйрік топ бастар көсем болар.

Ай, балдызым, басыңнан қауіп кетті,

Ұлыңды әкел, жинақтал, тауып есті».

Деді-дағы Наурыз шал қырға қарай

Жүйрігімен тездете шауып кетті.

Дәл келді ме айтқаның, дана қартым,

Данышпаным бұлжытпас дала салтын.

Өткен жүйе өкіріп өзі өлді ғой,

Биігіңді тұқыртса аласартып.

Көріп айтар сығандай бал ашпаған,

Жамандықты жұртынан аластаған.

Дана демей не дейін Наурыз шалды,

Жанай солай десе ешкім таласпаған.

Үйлесіп тұр бойына талғам бәрі,

Жұрты қалар ойының маржандарын.

Тәуелсіздік парағын толтырысып,

Айналуда тарихқа жазғандары.

Кейде жақсы жақсыға жолығыпты,

Бұрынғылар айтыпты оны мықты.

Жанай ұлдың кіндігін кескен сонда, 

Шопан әйел Сәмияның қолы құтты.

Ұлды туған Қапиза ғайыпта ана,

Кемел жан-ды дүниені байыптаған.

«Кескен балам кіндігін би болды» деп,

Мақтануын Сәмияның айыптама.

«Тектіден текті туар,

Тектілік тұқым қуар»

                                        (Халық даналығы)

Тұқымы сирек шөптің түзде гүлдер,

Жоғалмай тұрғанында іздеп үлгер.

Исламғали туған 1935-ті,

Ел есін жинамаған, кім жеңіл дер?

Тағдыры қатты таудың тасынан да,

Азабы арылмаған басынан да.

2-інде әкеден, 4-те анадан,

Айрылып, жүрегінде даты қалған.

Аяғанмен келер ме амал қолдан,

Жетімдік көрген өмір – тарам жолдан.

Исламғали – түз гүлі еді суық ұрған,

Әйтеуір өлмей бір күн адам болған.

Мүсіркер, мүсіркесе ең сыйлы адам,

Аш жүріп, аяз сорса керги ме адам.

Ата-ана маңдайынан сыйпамаған,

Сыйпаса майдақоңыр жел сыйпаған.

Тағдыры тарғыл тастай дара шыбық,

Кім тимес қорғансызға баласынып.

Тынысын әзер алып жатқан да ол

Басына теңбіл-теңбіл жара шығып.

Буыны бекімеген шама ол-ды,

Есте жоқ, кімдерді ол пана көрді.

Іріңін қара шыбын тынбай  сорған,

Тиындай дөңгеленген жара толды.

Естілер есін жыйды ауыр ойлап,

Есігін ашты аңқайтып қауіп-қойма.

«Бұл байғұс енді адам болмайды» деп,

Гуледі оңды-солды ауыл аймақ.

Аман ата аруақты молла еді,

Қиналғанның осындай қорғаны еді.

Сорлының әлсіз соққан тамырынан,

Ұстады «Алла өзің қорға» деді.

Сойғызды тарпаң мінез қасқа айғырды,

Тұқымын оның ел-жұрт мақтайтын-ды.

Сорпасын берді асқызып басын бөлек,

Молла ата байғұс ұлды баптай білді.

Үйірдің шипа тапты саяғынан,

Тәңірі әлде оны аяды ма?

Аман ата даланың дана қарты,

Тұл жетім тұрды-ау бір күн аяғынан.

Көңілде тұрсын заман ақтарған сыр,

Ғұлама алдырмаған мақтанға құр.

Ұрпақтар биік сайын «бисмилла» де,

Аман ата сияқты қарттар жатыр.

Исламғали арғы жағы Жылой жақтан,

Қайтсін-ау, көп сынаған Құдай жастан.

Ес білгеннен өмірі қой соңында,

Ол болмаса белгісіз құлай ма аспан?

Ата-қоныс жерінен ірге тартқан,

Қапизасы жанында бірге баққан.

Бақытына Жанай сынды ұлды болып,

Оттары лаулай жанған түзде жаққан.

Осылар түз-өмірге бауыр басқан,

Маңына өзіндейлер қауымдасқан.

Исламғали баян тартып қарсы алатын,

Қонақ боп келсе құда, ауылдастар.

Қатқан мұз, көңілдегі қырау қалды,

Төңірек оны іздеп сұрау салды.

Ортаның осы қойшы сәні еді,

Ұзақ таң сөйлететін жырауларды.

Ойланып отыратын майысып бел, 

Дем алып шығармайды шай ішіп тер.

Мардымсып ойнағандар омақасты,

Онымен шахматтан сайысып көр!

Өнері бойға сыймай есіңді алар,

Жұбайы қонақ күтсе ниетін қара.

«Оқуың керек ед(і)» дер кейбір есті,

Осындай бір кездегі жетім бала.

Озат шопан кезінде алды құрмет,

Жұмақта жатқан әке мәңгі гүлдеп.

Ұрпағы Тәуелсіздік көшіне ерсе,

Осы ғой жатқандығы арты гүрлеп.

Аузынан тасталмады «Құлһуалла»,

Жан еді пәк жүрегін нұр суарған.

Құраннан таңға аят мен де оқыдым,

Сізге, әке, осынау бір жыр туарда.

Алған білім, асқан асу

Қалмады қойдың соңын тұрақ етіп,

Түспеді басқа жолға бұра кетіп.

Білімсіз болмайтынын іші сезді,

Бапталса басыменен мына жетік.

Күтпеді әлдеқайдан тосын күшті, 

Алардай ынталанды кәсіп құтты.

Қаз.мемл.заң академиясын,

2000-2004-те оқып шықты.

Талантын ұштағандай қолдады есті,

Білгенін, тоқығанын олжа десті.

Атыраудан Досмұхамедов оқу орны,

Мамандық берді оған журналистік.

Жұмысқа да оқуға үлгереді,

Артпаса кемімеді білігі енді.

Дендерде не түйткіл бар түгелденді

Жорға қалам тайпалған жүрдек еді.

Қай жерде де қолдайды іскерді мол,

Санасына салмақ та, жүк берді жол.

2003 ж. редакцияға келер алды,

Анасы сияқтанып түс көрді ол.

Түсінде Жайық үсті самғап ұшты,

Ақ бұлттар аялады арманды ыстық.

Ақ Жайық толқынымен бас изеді,

Сезінді зор қолдауды алдан күшті.

Бұл Жанай неден дағы тайқып пе еді,

Қаламы бақыты ғой, жай құт па еді?

Түсінде Ақ Жайықтан көкті тапса,

Қуанып әкесіне айтып берді.

«Жолыңа, балам, сенің елің алаң, 

Жүргенің бізге бақыт сенің аман.

Ұшқаның көкті шарлап ашылған жол,

Толқындар қолдағандар сені, балам!»

Әке мен ұл құшағы жатты айқасып,

Қуаныш жүректерді қаптай басып.

«Дендердей» аты әйгілі үнжарияның,

Тілшісі, болмаған ұл жастай жасық.

Жоқ та емес қабақтары құрысқан көп,

Жөн айтты редакторға дұрыстар кеп.

Тасқали ағасының жүзеге асты,

Айтқаны Жанайды сен жұмысқа ал деп.

Журналистік жолында

Өседі адам айтқанды орындаса,

Былықтырмай істерді көзден таса.

2003-2010 жж. «Дендерінде»,

Тілші, хатшы жауапты, орынбасар.

Ақылын ағалардың тыңдар еді,

Толдым демей талантын шыңдар еді.

Меншікті тілші қылса «Атырауы»,

Ол 2005-2011 жылдар еді.

Есімін журналистің білер жан-жақ,

Көп жүрді қаламымен түгел қармап.

Жақсылық-кемшілікті көзбен көрді

Индер мен Махамбетті қатар шарлап.

Қосымша «Сахараға» қалам тартты,

Жетіліп күннен-күнге таланты асты.

Қуандық ағамыздың оң қолы боп,

Қызылқоға-Индеріне қадам басты.

Бұл Жанай емес еді сене алмасың,

Жігіттің жолда қалар ере алмасы.

2011-2015 жж. қалап алды,

«Қазақстан-Атырау»  телеарнасы.

Жанының шуақтаумен ізгілігі,

Құпия жүректердің үзді гүлін.

Ашатын адамдардың жан сарайын,

Қой баққан күні кеше түздің ұлы.

Шаруасын қағыстырып тас табақтай,

Бұл Жанай ізденетін босқа жатпай.

Көрдіңіз бе, қайда тек істемеді?

Өзіне таласқандай ақпараттар.

Жазылды суреттеме, очерктер,

Жамандар мәртебеңді өсіріп пе?

Қалам да құдыретті тұлпар, шіркін,

Жанайша жазар болсаң көсіліп кел.

Жазғыштың шала жанбас салмақтысы,

Ой мықты, бітпей оның қалмақ па ісі?

Облыс әкімі сыйлығының лауреаты,

Амандосов ұстаздың ардақтысы.

Жақсылар бұйырғаннан құр қалмас та,

Қабілеті өретіндей құмнан таспа.

«Дендерде» аты шулы бас редактор,

2011-ші жылдан бастап.

«Дендерде» жаңалық көп ырым қылар,

Газеттер таулар десек шыңын құрар.

Бұрын да жақсы еді ғой, өзгеше айтсам

Ренжір Сәкең, Сүйеу, бұрынғылар.

Өткенге жатқаным жоқ кінә тағып,

Тәуелсіздік жаңаны ұнатады.

Аймақта таралымы ең көп газет

«Дендер» мен «Серперімнен» кім асады?

Тұрғандай бұтақтарын жайып шынар,

Табысы жердің белін қайыстырар.

Сүйеудің өзі  шіркін, бір әлем де,

Қыздары, жігіттері сайыпқыран.

«Дендердің» арғы жағы талай мықтым,

Бүгін де таңдарынан арай күттім.

Жанайдың өзі бастап жанып тұрса

Бұлардан жаман газет қалай шықсын.

Жемісті жылдары көп қанат керген,

Жеңістері жетерлік қабат келген.

КАЗМҰУ-дың «журфагына» Жанай барып,

«Дендерді» қолына алып сабақ берген.

«Ал, саған керек болса» дейтіндейің,

Осы анық елдің қамын жейтіндейің.

Болашақ журналистер көп айтыпты,

Жанайдай ағасының кейпін кейін.

Ізденсе қиындықтан тауы қайтып,

Көрмеген шындықтан  ауып айтып.

«Дендердің» 1937-ден,

Барлық нөмірлерін тауып қайтты.

Осы үшін жетті басқа жүдер күні,

Ұлттық кітапхана білер мұны.

Сарылып осы орында көп отырса,

«Дендердің» барлық саны түгел бүгін.

Алумен аппақ тілек – батиханы,

Бұйырса бақыттарың тасиды әлі.

Тағы да ер елуің құтты болсын,

«Дендер» деген кеменің капитаны.

Қоғамдық өмірде де өресі кең 

Зымырап ізсіз емес кетуде уақыт,

Қоғамдық қызметі жетіп жатыр.

Аудандық мәслихаттың Ү-ҮІ-ҮІІ,

Шақырылымының, ең белсенді депутаты.

Аманатты атқарар өзі біліп, 

Кінәлі боп тұрмайды көзі күліп,

Қариялар қашан да ақылшысы,

Сессияда кетпейді көзі ілініп.

Журналист, болмаса да депутатың,

Қиналған үйге жетер есікті ашып.

Қалайда іс шешімін таба алады.

Тұрмайды «не істеймін?» деп бетін басып.

Азамат айыратын ақ-қараны,

Тұлпарлар – журналистер баптағаны.

Ағасы бетін ашса әрі қарай,

Редакторлар клубын басқарады.

Бұл істі «бұл мықтыға» басқартуда,

Оңай емес, кей-кейде бас қатуда.

Таланты, тәжірибесін сарқа жұмсап

Аймақтың газеттерін жақсартуда.

Әрине, қол жеткенге сүйінеді,

Көңілдің қаламайды күйі нені?

Десек те табан тозды журналистің,

Айлығы аздығына күйінеді.

Журналист қоғамның бұл көк терегі, 

Әр күнін қиындықпен өткереді.

Өзгелер тойдан кейін ұйқы соқса,

Ал оған жазу керек көп дерегін.

Шыдайды сонда да олар тартысыңа,

Енеді шындықтың тар тұсына.

Клубта мұның бәрін Жанай басшы,

Салады редакторлар талқысына.

Ағайын, айтқанымыз ұғарға сыр,

Дей алмас біздерді ешкім бұлар масыл.

Мысалы, Жанай інім уақыт тауып,

Жазуды ұмытпайды шығармасын.

Жаңсақтық жоқ, әрине, ісінде бір,

Көрмейді көрер болса түсін де құр.

Әңгіме, эсселері, повестері, 

Зер салсаң көп жинақтың ішінде жүр.

Тау көрем, жазғанынан дала көрем,

Кезінде қария да, қалады өрен.

Сен оның тауып алып оқып қара,

Кітабын сырға толы «Алагөбең»

Хабардар боларсыңыз басқасынан,

Әдебиеттің еркін өтіп қақпасынан.

«Дүниеғапыл» кітабын  құрастырды,

Аты әйгілі «Ағатай» баспасынан.

Тірлікті тұнығымен  ажарлады,

Бұйырса аралармыз базар-бағын.

Өткенде айтып қалды асыл інім,

«Басымда толып тұр» деп жазарларым.

Тірліктің тартып алға дода күнін,

Жүректен шығармайды тоба, ділін.

Мүшесі, грамоталарын талай алған,

Қазақстан Журналистер Одағының.

Дәлелі қиындықты жеңе алғаны,

Өз сыйын еркін елге бере алғаны.

«ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл»,

Елге әйгі кеудесінде медаль бары.

Еш нәрсе дәм етпесін ұрып құлдық,

Тастамас ескерусіз білікті ұлды.

Медальдарын және де иеленді,

Конституция, Мәслихаттың 20 жылдық.

Кезі жоқ абыройын аласартқан,

Өзіндік жол сала алды болашаққа.

Алғыс хат, грамоталар — құрмет сыйы

Басқа да жетіп жатыр марапаттар.

Отбасы, айналасы, есіл ердің киесі

Жатасың бауыр болса аймаласып,

Бар, шүкір, қайын жұрты, қайын ағасы.

Светлана Серік қызы асыл жары,

Түгендеп жүретұғын айналасын.

Үлесі бар абыройында жиып келген,

Егер ері қол созса биіктерге.

Қабағы қонақ келсе нұрланады,

Құдайым кісілікті үйіп берген.

Қазына, жандарының ең асылы,

Есенаман, Жалғасы, Ерасылы.

Төлбасы Еламаны көп тұрмады,

Тағдыры, не істей алар енді ашынып.

Есенаман – Назгүлімен көпке өнеге,

Шұғыла, Әбдірахманы – қос немере.

Бір дауыс жеті түнде естілердей:

«Барына шүкір дей біл, өкпелеме?»

Қарағым, терең үңіл астарына,

Мұны айтып Жанай інім ақтарылар.

Қаройда бір шараның өтуінде, 

Мынадай жағдай өткен бастарынан.

«Іс бөлістік, алдын ала жиын болды,

Барғанда көк пен жерді құйын өрді.

Қараша үй, басын шапқан жерге тігу,

Отбасымыз үшін мүлде қиын болды.

Керегені олай да, бұлай кердік,

Жел тымық, бірақ бәрі құлай берді.

Махамбет баба қаны тамған жер ғой,

Есіл ердің қанына қанған жер ғой.

Құран оқып пісірді Света шелпек,

Содан-ақ ісімізге шырай келді.

Аруақтың осы ғана жолы ма еді?

Пәрменмен осы жерге қонып едік.

Есенаман түні бойы көрген түсін,

«Мына жер қызғалдаққа толы» деді.

Жайқалып қызғалдақтар төбені өрген…

Ұлы баба білмей жатсақ сөге көрме.

Иісті көңірсіту парыз, сірә,

Қазағым, ғажапсың-ау, өнеге өрген.

Жөн білсең баба бәрін кешіреді,

Қуаныш шұғыласы есіледі.

Есенаман көрген түсі – қызғалдақ қыз,

Бүгінгі жасы үштегі – Несібелім.

Сонау жыл мен де бардым қызғанда бел,

Ер сертін туғызардай бұзғанға кер.

Қараойдың қаһарына бас иемін,

Киеңнен айналайын қызғалдақ жер!

Ал, енді бауырларын  білмейтіндер,

Немесе кімнен кейін кім дейтіндер.

Әлия, Қуаныш, Қарлығаш, сосын Жанай,

Қанат пен Сатыбалды, Жәнібек, Кенжебай,

Ұмтылған баршасы да гүлдей күнге.

Іркілген сәттер болды біраздап көш,

Басына түспегендер ұға алмас көп.

Көтерсе Қапиза ана он бір құрсақ

Ішінде Ләззат, Қайрат, Оңай жоқ.

Жұмақтың құстарына тие берсін, 

Бауырсыз кімге барып сүйенерсің?

Адалдан ырзық жыйып, ұрпақ сүйген,

Барлары бір-бір шаңырақ иелері.

Шаң жұтып қалмағандар аламанда,

Ақ шуақ үйіреді бар адамға.

Туған елдің жарап жүр керегіне,

Исламғали-Қапизадан тарағандар.

Сана бар елдің жүгін көтерердей,

Әлсізге тоқтай қалар өте бермей.

Тәуелсіздік тұғырын бекітіскен,

Есті ұрпақ, мәртебең тек өсе бергей!

Сөз соңы, ұлы рухтарға аманат!

Беу, Дендер, топырағыңның кесегі алтын,

Қауыштың күндеріңмен кеше жарқын.

Ұлы рух бабаларға асыл мекен,

Өзіңе басын иіп кетеді әркім.

Қаройым, Қаройым-ау, қарауытқан,

Ерліктен жатырсың ба, алау ұрттап.

Қызыл гүл өңіріне сенен тағып,

Жанайдай ұлың саған жан ауыртқан.

Бізге сен, құла түзді қайран далам,

Бүгін жұрт жылдан есен, айдан аман.

Қам жейді қара қазақ баласына,

Жанайың елуінде жайраңдаған.

Басыңнан қилы-қилы заман көшкен,

Мұнда тек ұлы баба Махамбет пе?

Ақыны зар заманның Мұрат Мөңкем,

Тыңдасам әр сөзіңді танам да естен.

Армысың, Малайсары, би-шешенім,

Бөдене алда да әлі тигей себің.

Ұлы Мұрат жолын алған ұрпағыңа, 

Желбірет Баламайсаң күй шешегін.

Жан бар ма басы таппас құбыланы,

Тәуір күн өткір жүздей құбылады.

Қазақ деп қайғы құсып, у жұтқандар,

Күбірлеп құраныммен жығыламын.

Бір ұлың елуінде атағы үдеп,

Бұлқынды елім деумен адал жүрек.

Жанайдай ұл көбейсін қорған болар,

Жолына артық па еді, баба-тілек.

Арман-ай, арманды бос қумағаны,

Сірә да тұлпардың бұл тулағаны.

Жанарын Алатаудың сулағаны!

Жанына альпинистер жиып алып,

Шыңына 4300 метр биіктегі, 

Дендерден алып келіп ту қадады.

Әлгі айтқан аруақтар көкке шықты,

Қуанды жауын сеуіп төкпе бұлты.

Бұл да бір ішкі рухтың асқақтығы,

Еш уақыт берілмейтін көпке сырты.

Иесі арайлы таң, жалқын кештің,

Желкілдеп, елпілдейді артыңда өскін.

Алатау асқарына Ту қадасаң,

Сол Туға абыройың, даңқың жетсін!

Таңатар Дәрелұлы,

әріптес ағасы, ақын.

ҚР Жазушылар одағының мүшесі