Атырау облыстық мәслихаты депутаттығына кандидат

ИДРИСОВ САЛАМАТ НҰРМҰХАНҰЛЫНЫҢ

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Мен, Идрисов Саламат Нұрмұханұлы, 9 ақпан 1974 жылы Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік ауылында дүниеге келдім.

Білімім жоғары. 1996 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін «Математика және информатика» пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. Педагогика ғылымдарының кандидатымын, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының  академигі, профессор ғылыми атағым бар.

Еңбек жолын 1996 жылы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Информатика негіздері және есептеуіш техника» кафедрасында оқытушылықтан бастадым.  

2003 жылы — Жаңа ақпараттық технологиялар орталығы директоры.

2009 жылы — физика, математика және ақпараттық технологиядар факультеті деканы.  

2012 жылы — Қашықтықтан оқыту факультеті деканы.

2016-2019 жж.-  Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор.

2020 ж. бастап бүгінге дейін «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректоры қызметін атқарамын.   

2021 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың 19 қаңтарына дейін Атырау облыстық мәслихаты VII шақырылым депутаты болдым. «AMANAT» партиясы мүшесімін. 

             Марапаттарым: «Ерен еңбегі үшін» медалі, Ы.Алтынсарин төсбелгісі.  Үйленгенмін,  4 ұл, 2 қызым бар.

Құрметті жерлестер!

VII шақырылымдағы Атырау облыстық мәслихаты депутаты ретінде өңірдің білім саласына, ауыл шаруашылығы, экология мәселелеріне көңіл бөлдім. Облыстық маслихаттың Экология, табиғат пайдалану және аграрлық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде өңірдің экологиясы, су мәселесі, аграрлық, ветеринария саласы мәселелеріне байланысты Индер, Қызылқоға, Махамбет аудандарын аралап, шаруагерлердің өзекті мәселелерін шешуге атсалыстым. «AMANAT» партиясы жанындағы Білім мен денсаулық мәселелері бойынша аймақтық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде білім және денсаулық саласындағы өзекті мәселелерді шешуге жұмыстар жүргіздім. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі» Атырау облыстық филиалының, Атырау облыстық Прокуратурасы жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша консультативтік кеңестің, Атырау облыстық Полиция департаменті жанындағы консультативтік кеңестің төрағасы қоғамдық жұмыстарын атқарамын.  

Құрметті сайлаушылар!

Индер ауданы терең тарихы, ерекше табиғаты, таңқалдырған тарихи тұлғалары бар өңір. Ауданымыз экономика, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығының сан-саласында жетістіктерге ие.  

Көне сармат пен сақтан бастау алып, түркі дәуірімен жалғасқан даму жолында Асан Қайғы Сәбитұлы, Қарға бойлы Қазтуған, Жиенбет пен Малайсары, Есет, Алдар, Бөкен, Маймақ, Бөдене би, Сырым Датұлы, Өтеміс, Ағатай, Исатай-Махамбет батырлар, Шернияз, Мұрат, Ығылман өрген топырақтың қасиетін ұғынып, қан мен тер сіңген тарихына терең бойлау, олардың аманатына адал болу – ұрпақ мойнындағы парыз, біздің басты міндетіміз болу керек.

Мен Атырау облыстық мәслихаты депутаты қызметімде бабалардан жеткен туған жерімізде әр адамға мүмкіндік жасалатын мемлекетті дамытуға үлес қосамын. Индер ауданы халқының әл-ауқатының артуына, азаматтардың мемлекет пен бизнесті басқаруға ашық, әділ және жауапкершілікпен қатысуына, әлеуметтік саясат  жүйесін нығайтуға, ауылшаруашылығын қолдауға, туризмді, шығармашылық пен кәсіпкерлікті дамытуға назар аударатын боламын.

Мақсат: тұрақты экономикалық даму және өмір сүру деңгейін жақсарту

  1. Табысты арттыру. Жастарды жұмыспен қамту
  2. Сапалы жұмыс орындарын құру арқылы – 2027 жылға дейін жыл сайын 1700 жуық жастарды жұмысқа орналастыру
  3. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы шеңберінде жыл сайын 20-ға тарта адамды жұмысқа орналастыру
  4. «2021-2025 жж. арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы шеңберінде халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары негізінде 2800 адамды қамту
  5. Жұмыспен қамтылған мүгедектер үлесін 28%-ға ұлғайту
  6. Жастардың «Жасыл ел» еңбек жасақтары қызметіне жыл сайын 90 адам тарту
  1. Бәсекеге қабілетті ауылшаруашылығы және орнықты ауыл
  2. Аудан көлемінде көкөніс-бақша дақылдары егін көлемін арттыру (2023 ж.-925 га)
  3. Инвестициялық субсидия арқылы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу
  4. «Ауыл аманаты» жобасы аясында  ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және шағын несие беру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру
  5. Жоғары сапалы  егістік тұқымын сатып алуға субсидиялау көлемін 1,8 есеге ұлғайту
  6. Минералды тыңайтқыштарды сатып алуға субсидиялау көлемін 1,2 есеге ұлғайту
  7. Игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару және жергілікті шаруагерлердің үлесін арттыру
  8. Ауыл маңындағы мал жайылымдық жерлердің тарылмауын қамтамасыз ету
  1. Инфрақұрылымды дамыту. Сенімді энергетика
  2. Асфальт төселмеген көшелерге жоба жасақтап, қажетті қаржыға сұраныс беру
  3. Өрт сөндіру деполарын жөндеу, жаңадан салу
  4. Көшелердің жарық шамдары мен бағандарын орнату, заманауи ЛЕД жарық шамдарын орнату, кірме жолдарды жарықтандыру
  5. Интернет желісімен толықтай қамтамасыз ету, жылдамдығын арттыру
  6. Уақытша тоқ көзін пайдаланып отырған көшелерді тұрақты тоқ көзімен қамтамасыз ету, трансформатор орнату және көшелерді жарықтандыру
  7. Ескі электр энергиясы желілерін жаңарту, бағаналарды ауыстыру, жоғары кернеулі тоқ желісін ауыл сыртына көшіру, т.б.
  8. Жаңадан тұрғын-үй салынатын көшелерге инфрақұрылым жүргізу
  9. Су желісі, су тазарту қондырғыларын күрделі жөндеу, қайта жабдықтау іс-шараларын жүргізу
  10. Индербор кенті бойынша инфрақұрылымды дамыту іс-шараларынң орындалуын қадағалау
  11. Кейбір ауылдарда мәдениет және спорт кешендерін салу мәселесін қолға алу
  1. Сапалы білім беру
  2. Аудан мектептерінің су, сарқынды су, жылу-кәріз жүйелерінің жағдайын жақсарту
  3. Балабақшаға қажеттілігі бар ауылдарға балабақша салуды қадағалау
  4. Ескі мектептерді күрделі жөндеу, замануи стандарттарға сай жаңғырту
  5. Мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, магистратура, қосымша білім алуға мүмкіндіктер қарастыру
  6. Оқушыларды кәсіби бағдарлау жұмыстары, талантты оқушыларды қолдау
  7. Ерекше қажеттіліктері талап ететін жастар үшін облыстық колледждерде, жоғары оқу орындарында жеңілдікпен оқуға мүмкіндіктер қарастыру 
  1. Қолжетімді және сапалы медицина
  2. Ауданға жетіспейтін дәрігер-мамандармен қамтамасы ету
  3. Емханалардың медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуын жақсарту
  1. Әлеуметтік қолдау
  2. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен кемінде 7 жас маманды әлеуметтік қолдау
  3. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру үшін 15 нысанды бейімдеуден өткізу
  4. Индербор кентіндегі апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің мәселесін шешу
  5. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз ету, болашақта осы тұлғалар үшін жекешелендіру заңдылықтарын қарастыру
  6. Микро және шағын бизнесті дамыту бағытында шағын несие алуға азаматтарға қолдау көрсету
  7. Ауылдық жердерде балалардың ойын алаңдарын салу
  1. Туризмді дамыту. Экология.
  2. Ауылдарда және Индербор кентіндегі ағаш отырғызу, көғалдандыру жұмыстары
  3. Қоқыс полигондарын қоршау, сарқынды су төгу орындары мәселесі, санитарлық-тазалық айлықтарының ұйымдастырылуы және экологиялық мәдениетті қалыптастыру шаралары
  4. Орман қоры жерлеріне ағаштар отырғызу, орман қорының көлемін ұлғайту
  5. Саябақтардың күтіп ұсталуы, жаңа саябақтар мен ауылдық жерлерде жастар демалыс орындарын жасау
  6. Бұқаралық спорт түрлерін дамыту, аудандағы тарихи жерлерді туристік аймақтарға айналдыру

Осы аталған жұмыстардың орындалуын қадағалау және аудан халқының тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы үнемі менің назарымда болады және кіндік қаным тамған өз ауданым үшін бар күш-жігерімді салатыныма сендіремін.        

Құрметті сайлаушылар! Қадірлі жерлестер!

            Мен бұл сайлауға осы аталған міндеттерді шешу үшін халықтың әл-ауқатының және өмір сүру сапасының барынша артуы үшін қадам басып отырмын. Еліміздің халқының 50 пайызы ауылда тұрады. Біздің міндетіміз — ауылға әрқашан мән беріп, ауыл тұрғындарының бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Ұлттық болмысымызды сақтаудың, елді біріктірудің бір жолы – ол ауылды дамыту. Осы мақсатта және әділетті де күшті мемлекетті құру өз қолымызда!