Сараптама
Атырауға ақырған аяз әдетте ақпанда келеді. Қалың қар да осы уақытта жауады. Желтоқсан жеңіл желімен жүреді. Қаңтар қаңтарулы күй кешеді. Ал, қыстың соңғы айы қоштасуға қимағандай бар қаһарын төгеді. Биыл да солай болды.
ҚАПЫ ҚАЛҒАН КІМДЕР?
Оқыс оқиға орын алды ма? Әлде бұл селқостықтың салдары ма? Тұтас шаһар тірлігі неге тығырыққа тірелді? Облыстық әкімдікте болған жиналыс соның себебін анықтауға арналды. Аймақ басшысы орынды айтады. Қыстың бастапқы екі айы ешқандай қиыншылық туғызбаған соң ақпанда ақтүтек боран соғады деп ешкім ойламаған секілді. Оның үстіне, ар жағында қол созым жерде наурыз тұр. Көктем лебі желпігендей сезілген. Алайда, ақпан алдап соқты.
Бастапқыда жәй ғана жауған қар келесі күні борандатып кетті. «Арнаулы автобаза» жауапершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алмас Ізтелеуов оның қалыңдығы кей жерде жарты метрге жеткенін айтса, бұл соның салдары. Әйтпесе, көктен түскен ақ ұлпа әрі кетсе бірер қарыстан аспайды. Соның өзі коммуналдық құрылымдарды қапы қалдырды. Бұл бейқамдық емес пе?
Әлеуметтік желіде жазылып жатқан «бөрі сырғақ» амалы дәл осы ақпанда келеді. Осы уақытта ат құлағы көрінбейтін қар жауып, бет қаратпас боран соғады. Жалпы, аңыз бойынша Ақпан мен Тоқпан есімді егіз жігіттер болған деседі. Кезектесіп қой бағады екен. Содан Ақпан малмен өріске шыққан күні ауа райы кенет бұзылып, ол далада үсіп өледі. «Ақпанның амалы» деген содан қалыпты. Рас шығар, әйтеуір Атырауда нағыз қыс осы айда өтеді.
Жә, мұны шаһардың жас басшылығы да, «Арнаулы автобаза» директоры да білмеуі мүмкін. Алайда, Атырауда табиғаттың құбылмалы екендігін, тіпті наурыз-сәуірде де салқындық сезілуі ықтималдығын естен шығарғаны ма? Оның үстіне, облыс әкімі айтқанындай, синоптиктер ескертпе де жасаған. Ілгергі жылдары осындай оқиғалар орын алды ғой. Алмас Ізтелеуовтің «бұл бізге сабақ болды» дегені кәсіпорынның қапы қалғанының дәлелі. Ендеше, кінәлі екенін де мойындағаны ғой. Әрине, өкінішті. Әйтсе де, одан жұртқа жәйлі болған жоқ. Қарапайым халық қиналып қалды.
Жалпы, биылғы ақпанның бірер күні қалалықтар жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Мамандардың айтуынша қос тәулікте бір айлық норманың қары түсіпті. Мұндай ахуал соңғы жеті жылдан бері қайталанып отыр екен. Жә, мұны қолайсыздықтың себебі делік. Салдары ше? Он бір елді мекенге қоғамдық көлік жүрмей қалуы бұрын-соңды кездесті ме? Ал, 33 елді мекенде жарық сөнуі ше? Соның бәріне кім кінәлі?
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов айтқанындай, әлеуметтік желі дабыл қаққан жазбаларға толы. Шаһар маңындағы елді мекендер тұрғындары көліктерін қалаға тастап, енді үйлеріне жете алмай қалды. Қалың қарда жүре алмаған автобустар әлдеқашан тоқтаған. Такси бағасы боталы түйенің құнына жетті. Олар да табылмады. Қанша адамның туыстарын паналауға мәжбүр болғанын өздері ғана білетін шығар. Айдың-күннің аманында отбасы ортасынан табылмаған осы болар.
Бұл жолы «Арнаулы автобаза» мекемесіне айтылған сынға есеп жоқ. Өткен жылы жергілікті бюджеттен оған 1,8 млрд. теңге жұмсалыпты. Бұған көшені сыпырып, қоқысты тасу ғана емес, қар тазалау да кіреді. Бірақ, былтыр айтарлықтай ауырпалық түспегені белгілі. Ал, биылғы қаңтар-ақпанда 320 млн. теңге берілген. Екі айға жетерлік қаражат тәрізді. Оның үстіне, наурызда 1,7 млрд. теңгенің тендері жарияланған. Мүмкін коммуналдық кәсіпорын осы ақшаның толық бөлінгенін қалаған шығар? Сонда қысқа даярлықты жақсартуды көздеген болар? Облыс әкімі атап көрсеткендей, аңғалдық себебі осы емес пе?
Әйтсе де, бұған алаңдайтын еш нәрсе жоқ еді. Бюджеттен қанша қаржы қаралса да соның бәрі «Арнаулы автобазаға» аударылады. Өйткені, өңірде ішкі тазалықпен шұғылданатын басқа мекеме жоқ. Сондықтан, ол монополия деңгейінде тұр. Ерте ме, кеш пе – бәрібір қаражатсыз қалмайды. Демек, оған алаңдамай, ішкі мүмкіндігін пайдаланғаны жөн еді. Әлде әкімдік ақша бермесе, өзінде түк теңге жоқ па?
Қазір қалалықтар тағы бір коммуналдық кәсіпорын ашу қажеттігін айтып жатыр. Бұл ретте бәсекелестік болғанын, тұрғындарға таңдау жасауға мүмкіндік берілгенін қалайды. Әйтсе де, бұл жеңіл шаруа емес. Әлдеқайдан қалталы инвестор келіп, шатқаяқтаған шаруашылықты түзеп беруіне сену қиын. Түбі табыс түсеріне үміт артып, тәуекел етсе, қане? Бұған кімнің батылы жетер? Ал, әкімдікке екінші мекеме жасақтау – керексіз шығын. Ендеше, осы барына қанағат тұтып, одан жауапкершілікті қатаңырақ сұраған жөн. Қайткенде де, ұсынылған ақшаның сұрауы бар емес пе?
Осы орайда көршілердегі ахуал нендей? Ашық ақпарат көздеріне қарағанда, Ақтөбе мен Оралда қар күреуге 180-190 көлік шығыпты. Қажет десе, тағы жүз шақтысын қатарға қосады. Тіпті оннан аса мердігер мекемесі бар екен. Солардың бәрін жұмылдыратын көрінеді. Сонда бұларға бөлініп жатқан қаражат бізбен қатарлас. Артық емес. Ал, бізде 80 шамалы техника тартылған. Соны ауыз толтырып айтамыз. Екі жүздің үстінде адам көшеде жүр. Бәрі дерлік Қарақалпақстаннан келгендер. Арасында егде жандар да жоқ емес. Шыны керек, сол жақтың кісілері болмаса, көшеміз қоқысқа толып, батпаққа батып жатар еді-ау. Әлгілердің айтуына қарағанда, жалақысы да көңілге қонымды. Сонда өз адамдарымыз неге күрек ұстаудан қашады?
Ақпандағы ақтүтек тағы бір проблеманың шетін шығарды. Шаһар басшысы Мейрім Қалауидің айтуынша, әр елді мекенде көше тазалайтын техника бар. Жалпы, биылдан бастап ауылда қоқыс жинау сол жердің әкімдеріне жүктелген. Алайда, сол техниканы меңгеретін маман жоқ көрінеді. Яғни, өңірде арнайы көлік жүргізушісі мен тракторшы даярланбаған. Қанша жыл бойы колледждерде заңгерлер мен кеденшілерді, есепшілерді текке оқытып келгенбіз. Олардың дені қазір бос жүр немесе дипломдағы мамандығы бойынша қызметке орналаспаған. Сонда желге ұшқан қаражаттың обалы кімге? Қазір жұмысшы мамандығына қайта бетбұрыс жасалды. Ендеше, алдымен арнаулы техника мамандарын дайындап алған жөн шығар. Сайып келгенде, Атырауда автобус жүргізушілері де тапшы ғой. Арасында сырттан келгендер жүргізіп жүр.
Тағы бір қауесет — өңірде арнайы техниканың тапшылығы. Расында да, қар тазалағыш көрмедік. Бес-алты кісі жабылып, қолдарындағы күрекпен бір КамАЗ-ды толтырып жатыр. Тракторлар жәй ғана күреп жүр. Содан басқа көзге шалынар көлік жоқ. Әлдекімдер бұрын осында бәрі болғанын, солардың көрші облыстарға кетіп қалғанын айтады. Қолда дәл дерек жоқ, сондықтан ешкімге кінә арта алмаймыз. Әйтсе де, әр жылдары «Арнаулы автобазаға» түрлі техника беріліп жатқандығы жарнамаланып, енді ешқандай қиындық тумайтыны айтылып жатады ғой. Газет бетінде суреті де басылады. Ендеше, солар қайда? Өңірдегі іргелі компаниялар да сый жасаған секілді еді. Бәрінің тозығы жетіп, тұралап қалғаны ма? Мұндай қыс әлі де кездесер. Демек, соған даярлық қазірден басталмас па? Бұл үшін лайықты материалдық-техникалық база қажет емес пе? Алмас Ізтелеуов «сабақ алдық» дегенде нені меңзеді?
Және бір таң қаларлық жәй – қысқа даярлық штабының жоқтығы. Ау, бұл ақша шығындалатын құрылым емес қой. Демек, тұрақты түрде құрылып, жыл бойы жұмыс жасамай ма? Көктемгі тасқынға дайындық қалай жүрмек? Қазір төтенше жағдайларға байланысты ақылдасатын немесе тиісті тапсырма беретін адам да жоқ па? Бұрын бар еді ғой. Осыған да назар аударған абзал.
ЖАРЫҚ НЕГЕ СӨНДІ?
Таратылған мәліметке қарағанда, осы күні 33 елді мекенде жарық болмаған. Әрине, қыстың көзі қырауда қиын жағдай. Әйтсе де, соның бәріне атыраулық энергетиктер кінәлі ме? Жасыратыны жоқ, Атырау энергетикалық кешеніне бұдан он жылдан аса уақыт бұрын жаңа басшылық келгелі бұл бағыттағы жұмыс жүйеленді. Электр де, жылу да желілері жаңаланып, оларды тарату сенімді бола бастады. Мұны облыс пен қала әкімдіктері де, тұтынушылар да жоққа шығармайды. Тіпті бұрын нендей күйде еді, қазір қандай болды – қолдағы суреттер куә. Ендеше, жарық неге сөнді?
Шындығы сол, шаһарда жеке меншік подстансалар көп. Қолданыстағы заңдылықтарға орай, кәсіп иелері ғимарат саларда осындай дербес қондырғы орнатуы тиіс. Бұл – қарапайым тұтынушыларға салмақ салмау үшін істелетін шаруа. Оның мейрамханаға да, мейманханаға да, сауда орындарына да, т.б. қатысы бар. Бизнес иелері сол талапты орындайды. Алайда, қондырылған құрылғы қалай жұмыс жасап тұр? Мәселен, «Атырау-Жарық» өзіне тиесілі подстансаларды көктем мен күзде жоспарлы жөндеп тұрады. Яғни, қысқы науқанға және жаз мезгіліне дайындық жасайды. Майын тексереді, қажет санаса, қосымша құяды. Ал, жеке қондырғыларда осындай шара жүзеге аса ма? Әрине, жоқ. Өйткені, соны атқаратын арнайы даярлықтан өткен маман керек. Олардың 1000 вольттан жоғары және төмен кернеулі құрылғыда жұмыс жасауға рұхсаты болуы шарт. Қай кәсіпкер өзіне мұндай міндетті алады? Ешкім де. Демек, кәсіби кәсіпорыннан көмек сұралуы керек қой. Рас, тегін емес. Өйткені, «Атырау-Жарықтың» өзге подстансаларды жөндеуге бөлетін артық ақшасы жоқ. Егер көлденең подстансаларды өз қаржысына жөндесе, бұл қаражатты мақсатсыз жұмсаған саналады. Ал, оның сұрауы бар. Ендеше, әкімдікке қарасты да, жеке подстансалар да кәсіби мамандармен шарт негізінде жоспарлы жөндеуден өткені дұрыс. Міне, кешеге дейін осы проблема шешімін таппаған.
Тағы бір мәселе – ашық подстансалардың нөсер жаңбыр мен қалың қарға дәрменсіздігі. Ажыратқыштардың (изолятор) арасына ылғал тұрса, бір-бірімен қысқа тұйықталу (короткое замыкание) орын алады. Бұл тұтас желі бойындағы электр энергиясының тоқтауына соқтырады. Міне, жеке меншік подстансалардың бәрі осындай ашық күйінде тұр. Рас, осылай да орнатуға болады. Оған тыйым салынбаған, бірақ сенімділігі шамалы.
Сонау жылдары «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамына қарасты подстансалар да ашық күйінде тұрған. Байырғы қалалықтардың жадында шығар, сол кезде сәл жаңбыр немесе қар жауса, жарық сөніп қалатын. Содан қашан күн ашылғанша қараңғыда отыратынбыз. Кейін жаңа инвестор қондырғылардың бәрін жабық ғимаратқа көшірді. Қазір шаһарда қызыл кірпіштен қалаған подстансалар көрсеңіз, бұлар «Атырау-Жарық» мекемесіне қарасты қондырғылар. Сенімді емес пе? Ауа райы қанша құбылса да, ішіндегі жабдыққа әсері жоқ. Кешегі қарлы боранда қаланың кейбір бөлігінде, мәселен Балықшыда, жарық сөнген жоқ. Ендеше, жергілікті атқарушы билік әкімдікке қарасты және жеке иеліктегі подстансалардың табиғаттың азды-көпті қолайсыздығы кезінде сенімді жұмыс жасауын талап еткені жөн. Бұл – кәсіпкерлердің ішкі ісіне араласу емес, аймақта энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сайып келгенде, ашық подстансалардың және оларға дер кезінде техникалық қызмет көрсетілмеуінің салдарынан халық зардап шекпеуі тиіс. Өйткені, желі ортақ. Сондықтан, бір қондырғының кесірі оның бойындағы барлық тұтынушыға зиян шектіреді. Кешегі қарлы боран кезінде электр энергиясы берілмегенде жеке үйлердегі жылыту қондырғылары жұмысына нұқсан келді. Солардағы қанша қарт кісілер мен кішкене сәбилер салқын салдарынан сырқатқа шалынды екен? Бұған кім жауап береді? Міне, бизнес иелері соны ойлауы тиіс. Ал, түнді таңға ұластырып, қаһарлы қыста электр қондырғысы мен желі бойындағы ақауды жөндеген энергетиктер еңбегіне жұртшылық разы.
Жалпы, биылғы қыс күллі республикада электр және жылу жабдықтарының қаншалықты тозғандығын көрсетті. Бұл туралы біз алдағы уақытта айтамыз. Екібастұздан басталған апатты жағдай еліміздің басқа қалаларында да қайталанды. КЕГОГ компаниясы жекелеген өңірлерде жарық сөнгенін жасырмайды. Абырой болғанда, Атырау мұндай тосын оқиғадан аман. Мұның бәрі – соңғы жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстарының жемісі. Әйтсе де, бұлардың еңбегін жеке иеліктегі подстансалардың жеткіліксіз даярлығы жоққа шығармауы шарт. Мамандардың айтуынша, жекелеген жағдай болмаса, аудандарда жарық өшпеген. Өйткені, оларда кәсіпкерлік нысандары облыс орталығымен салыстырғанда аз. Ал, энергетиктерге қарасты подстансалар, жоғарыда айтқанымыздай, жабық күйінде қондырылған. Демек, барлық жабдықтар осындай сенімді болуы шарт. Сонда ғана жарық сөнбейді.
ТОСЫН ЖӘЙДІҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?
Ия, ақпандағы ақтүтекті оқыс оқиға делік. Облыс әкімі Серік Шәпкенов айтқанындай, қыстың екі айы жаймашуақ өтіп жатқан соң коммуналдық қызмет қапы қалғаны кәміл. Әйтсе де, ауыртпалығы айтарлықтай. Аймақ басшысы алдымен орталық көшелердегі қозғалысты қалпына келтіру, автобустар жолын тазалау қажеттігін айтқан. Әрине, жөн. Әйтпесе, күллі шаһарда тіршілік тізгіні үзілер еді.
Рас, облыстық әкімдіктегі суыт басқосудан соң жұмыс та жүйелі жүре бастады. О баста ұйымдастыруда ұтылған шаһар басшылығы ішкі мүмкіндіктерді жұмылдырды. Ал, оған жағдай жеткілікті еді. Мәселен, бір ғана «Атырауинжстрой» кәсіпорны маусым кезінде жүзге жуық КамАЗ көлігін жалдайды. Бұлардың бәрі жеке меншік, бірақ жазда жұмысқа жегіледі. Иелері табыс табады. Компания басшылығы кез-келген уақытта шақырып алады. Ендеше, резервте тұрған техника емес пе? Бұларда үлкенді-кішілі трактор да бар. Демек, сын сағатында солардың бәрін сапқа тұрғызуға болады. Қала жолдарына бөлінер қаражаттың қомақты бөлігін өзі игеріп отырғандықтан осы жолы көмек қолын созуға жарайтын шығар. Онда да азды-көпті қаржы бөлінуі мүмкін. Бұл бастапқыда басшылардың қатеріне кірмеген. Әйтпесе, шаһарда бұдан да басқа мердігерлер баршылық.
Жә, «ештен де кеш жақсы» дегендей, қазір қаладағы мүмкіндіктер жұмылдырылған секілді. Қар әлі жауып тұр. Синоптиктердің ескертуінше, аспан әлемі әзір ашылмайтын сыңайлы. Демек, етек-жеңді жинауға әлі ерте. Оның үстіне, ар жағында көктем келеді. Бүгінгі қалың қар ертең күрт ерісе, сең жүргендей күй кешуіміз әбден ықтимал. Әсіресе, шаһар сыртындағы елді мекендерге қауіп. Обалы не керек, ауыл әкімдері де естерін енді жинап, көшелерді тазалауға кіріскен. Тек шапшаңдық қажет, бірер көлікпен тезірек іс тындыру қиын.
Әкімдерді сынаймыз-ау, тапсырылған шаруаны орындау да сапа көтермейді. Бейсенбіде Балауса ауылында көшедегі қарды күреді. Күрек арқалап жүрген тұрғындар тракторды көргенде қатты қуанған. Әйтсе де, тракторшы асфальт үстімен ойқастап әрі-бері өтті де қарасын батырды. Нәтижесінде жол үстіндегі қар әр ауланың алдына үйіліп қалды. Амал жоқ, адамдар қайтадан күрегіне жармасты. Ашығын айтқанда, қай басшы кез келген жұмысшының артына еріп, ізін аңдиды. Соңғысына сана берсін дейміз. Әйтпесе, өз үйінің алдын тазалағанда мұнтаздай ететін шығар-ау. Ендеше, өзгеге де осындай көзқарас қажет қой.
Біреулер жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялау жөнінде айтып жатыр. Алайда, оның өзіндік талаптары бар. Жалпы, жұрттың зәресін алмай, бар шаруаны ыждағаттылықпен атқарса, дүрлігуге ешқандай негіз жоқ. Тек шаһардағы қажетті техниканы есепке алып, керек кезінде қолдануға даяр тұру шарт. Су соратын машиналарға көбірек салмақ түсуі мүмкін. Халыққа басшылардың қанша тонна қар шығарғаны жөнінде есебі емес, үй-жайының амандығы қымбат. Егер тұрғындарды тығыраққа тіремей, қиындыққа ұшыратпай аман алып шықса, жұрттың өзі-ақ әкімдерге алғысын жаудырып, батасын береді. Ал, сол биіктен көріну – атқамінерлерге сын.
P.S. Сонымен, ақпанда соққан бірер күн бораннан не ұқтық? Жауапты мекемелер басшыларының бейқам тірлігін байқадық. Ау, жыл он екі айдың әрқайсысының өзіне тән мінезі бар емес пе? Соны ескермеген селқостық салдары күллі шаһар тіршілігін тұралатты. Қанша көлік қақтығысты? Неше адам қол-аяғын жарақаттады? Соның бәріне кім кінәлі? Шындап кетсе, бәрін коммуналдық кәсіпорын басшылығына арта салуға толық негіз бар. Қазір де ахуал алаңдатарлық. Асфальт үстіндегі қарды екі жағына ысыра салған. Жол ортасы тарылып, екі көлік қатар өте алмайтын жағдайға жеткен. Оның ортасындағы қар мұзға айналған. Күн әбден жылынып, өздігінен еріп кетпесе, осылай жата беретіні кәміл. Өйткені, алдыңғы жылы да, былтыр да солай болған. Сонда «Арнаулы автобаза» басшылығы неден сабақ алып отыр?
Меңдібай СҮМЕСІНОВ