Басың ауырып, балтырың сыздағанда, не оқыс жағдайға тап болып, жаның мұрныңның ұшына келген сәтте бәріміздің де Құдайдан кейін дәрігерге сыйынатынымыз рас-ау. Аурухана есігін ашып, дәрігер қабылдауына келісімен кім-кімнің де жанарынан үміт оты тұтанады. Бұл – ет пен сүйектен жаралған жанның қай-қайсысының басынан өтіп жататын құбылыс. Қалай болғанда да жаныңның аман қалуына сол ақ халатты абзал жандардың себепші болып жататыны айтпаса да түсінікті емес пе?!
«Денсаулық сақшыларының басты мақсаты – сырқат жандардың психикасын мейілінше қорғау, аурумен қажыған адамды эмоционалды жарақаттанудан сақтау әрі сыпайы болу, оны жеке тұлға ретінде қабылдап, білімің мен білігіңді, кәсіби шеберлігіңді, адами қасиеттеріңді көрсете отырып, оған толықтай тиісті жағдай туғызу».
Бұл қағидалар – саналы ғұмырының қырық жылға жуығын адамдардың денсаулығын сақтау ісіне арнаған республикаға танымал онколог-ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты Жексенбай Нсановтың өмірлік ұстанымы. Кейіпкеріммен кездесіп, сұхбаттасу барысында еліміздегі медицинаның бүгінгі ахуалы, халықтың денсаулығын сақтап, нығайтудағы «әттеген-айлар», қызмет көрсетудегі қолжетімділік пен оның сапасы, әріптестерінің Гиппократ антына адалғы, білікті кадрлармен қамтылуы, әлеуметтік мәселелері және бұдан да басқа жайттарға қанық болдым…
Алғашқы әділетсіздік
Ол бұрынғы Теңіз ауданының Каспаркино ауылында қарапайым малшының отбасында дүниеге келді. Әкесі – шаруашылықта малшы, анасы жұмысшы болды. Он баланың үлкені ретінде кейінгі бауырларына үлгі-өнегесін көрсетіп, Ганюшкинодағы М.Ломоносов атындағы орта мектепті үздік бітірген Жексенбай 1969 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына құжаттарын тапсырады. Алғашқы қабылдау сынағында барлық есептерді дұрыс шығарғанымен оқытушы дәптерді ортасынан крестеп сызып, екілік баға қойып береді. Бұл – бозбаланың өміріндегі өзгеден көрген алғашқы әділетсіздігі-тұғын. Кейін әлгі сынақ есептердің дұрыс шығарылғандығы дәлелденді. Бәрақ, кеш еді.
Мектепте өзгелерден озат оқыған ол намысқа тырысып, ауылға кері қайтуды жөн көрмеді. Қалай да бір мамандық алу үшін оқу керек. Гурьевтің ауыл шаруашылығы техникумына сынақ тапсырып, екі сабақтан да бестік алып, оқуға түседі. Екінші курста жүргенде Отан алдындағы азаматтық борышын өту үшін әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Киров облысында Әуе қорғанысы әскери бөлімінде борышын өтейді. Осында жауынгерлік және саяси дайындықтың үздігі атанды.
Әскерден елге қайтар тұста үлгілі жауынгер Ж.Нсановқа Мәскеудің Тимирязов атындағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түсуге жолдама беріледі. Ауылға оралған үлкен ұлдың бұл талабын ата-анасы қош көрмеді. Техникумдағы оқуын қайта жалғастырған жігіт 1974 жылы «техник-механик» мамандығымен туған ауылына оралады. Әуелі аудандық мекемелерде жөндеуші-слесарь болып жұмыс жасайды. Кейін трактор жүргізіп, шөп те шапты, автокөлік айдап, жүк те тасыды. Шаруашылық гаражында механиктік қызметті де абыройлы атқарды.
«Көпке пайдам тисін деп»
Тепсе темір үзетіндей қайратты, намысшыл, әрі өзіне сенімді жігіттің өмірге көзқарасы күрт өзгеріп сала берді. «Менің ауылдағы техникамен арпалысқан тірлігім бір сарынды өтіп жатыр. Маған мұндай тірлік жараспас, жастары ұлғайып келе жатқан әке-шешеме, еліме көбірек пайдамды тигізер – болашақта дәрігер болуым керек» деген тоқтамға келеді. Шаруашылықтың жұмысынан үйіне келіп кешкі асын ішкен соң, күнде түн ортасына дейін 5-10 сыныптардың өзіне қажетті кітаптарын оқып, болашақ мамандығына мұқият дайындықты бастайды. Сөйтіп, алты айда физика, химия, орыс тілі, биология пәндері бойынша тиянақты дайындалып, санасына түйді.
…Жәкеңнің сол бір дәрігер болсам деген арманы алдамаған екен. Алматы мемлекеттік медицина институының емдеу ісі факультетіне оқуға түскен жиырма сегіз жасар жігіт бірінші курстан бастап-ақ Лениндік стипендиат атанды. Мемлекеттен сол үшін ай сайын 100 сом сыйақы алып тұрды. Әке-шешесіне салмақ салмастан алаңсыз оқыды. Үшінші курстың бітірген бойда болашақ терапевт Алматының аруы Сманқызы Бигүл екеуінің көңілі жарасып, жұбайлық жұп құрды. Оқытушы-профессорлардың зор сеніміне ие болған стипендиатқа төртінші курста бастап, Алматының №12 қалалық ауруханасында кезекші хирург болып та талай науқасты ажал тырнағынан құтқарған сәттері де оның әлі есінде.
Оқу орнын 1986 жыл үздік дипломмен бітіріп шыққан Жексенбай институттың «Онкология» кафедрасында екі жылдық «клиникалық ординатурасын» абыройлы аяқтап, Алматы қалалық онкологиялық диспансерінде хирург болып жұмысын жалғастырды.
Ғылым-білімге деген талабын, ынта-жігерін байқаған ұстаз-ғалымдар мен кәсіби білікті мамандар оны өзі білім алған С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медициналық университетіне оқытушылық жұмысқа шақырады. 1989-2001 жылдары аралығында «Онкология және маммология» кафедрасында студенттерге дәріс оқып, әуелі ассистент, кейін оқу ісінің меңгерушісі лауазымында қызмет атқарды. Қайыржан Әбисатов, Аскер Есенқұлов, Борис Борисович Монахов сынды елімізге белгілі онколог ғалымдар мен профессорлардың ақыл-кеңесін тыңдап, өмірлік тәжірибесін үйренуден жалықпады. Болашағына бағдар алған кейіпкеріміз осы уақытта өкпе обыры сырқаты анықталған 239 адамға сәтті ота жасап, оларға екінші өмір сыйлады. Сөйтіп, 1995 жылы өкпе қатерлі ісіктерін емдеу тәсілдері бойынша медицина ғылымдарының кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Жексенбайға кейінірек доцент ғылыми атағы берілді.
Туған топырақтағы тірлік
Онкология саласында жинақтаған тәжірибелері мен ғылыми негіздемелері бойынша ол докторлық еңбегін жазып, қорғауға дайындалады. Бірақ, отбасылық жағдайға байланысты докторлығын қорғауға мүмкіндік болмады. Әкесі Қалмен қарттың өңеш қатерлі ісігіне шалдығуына байланысты Алатау баурайынан туған жеріне, Ақ Жайық аттанды. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен ол облыстық онкодиспансердің бас дәрігері қызметіне тағайындалады.
Атырауда тыныс алу органдарының ауруы, соның ішінде, өкпе обырының нағыз дендеп тұрған шағы еді. Жексенбай Нсанов қатерлі ісік ауруына шалдығуға шылым шегу, саламатты өмір салтын сақтамау және экологиялық ахуалдың нашарлауы себеп болатындығын, дұрыс тамақтану, спирттік ішімдікке ауестенбеу, спорт пен қимыл-қозғалысқа көбірек ден қою қажеттігін халық жиналған ортада да, жергілікті БАҚ-тар мен телеарнада жиі көрініп, түсінік жұмыстарын жүргізуге баса көңіл бөлді. Әріптестерімен бірге аурудың алғашқы белгілерін анықтау, скринингтік тексерістерді жүргізудің маңызы туралы аудандарға іссапарларға жиі шығып тұрды.
Қатерлі ісікті анықтауда бүгінгі медицинаның мүмкіндігі мол, бірақ ауыр дерттің алғашқы белгілері байқалмай өтеді. Сондықтан да науқастардың 70 пайызында ісік үшінші, тіпті, төртінші сатысында дамитыны анықталған. Тұрғындардың скринингтік тексерулерге әлі де немқұрайлы қарайтыны тағы бар. Скринингтік тексеріс нәтижелері асқазан, өңеш жолдарының қатерлі ісігі белең алып бара жатқаны анықталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы атына өз ұсынысымен шыққан бас дәрігер жаман аурудың алдын алу, емдеу сапасын жақсарту мақсатында «Онкологиялық инновациялар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуге қол жеткізді. Оның жұмысына еліміздің әр аймағынан елуге жуық дәрігер Атырауға жиналып, оларға Астана мен Алматыдан келген көрнекті ғалымдар мен білікті мамандар дәріс оқыды, науқастарға ота да жасады.
Жексенбай Қалменұлы қызметте жүргенде талай биік мінберлерден де, министрлікке жазған ұсыныстары мен ойларында да онкологиялық ауруларды емдейтін маман-кадрларды жергілікті жастардан оқытып дайындау, олардың әлеуметтік жағдайына жете көңіл бөлу, осы тұрғыда денсаулық сақтау жүйесін жақсарту бағытында қолдан келген бар мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігі туралы айтып отыруды өзінің азаматтық парызы санады.
«Өз тәжірибемде диагнозын естігенде есеңгіреп қалатын науқас жандарды талай көрдім. Олардың ойында «Өлеміз бе?» деген сұрақ тұрады. Алғашқы сөзі: «Бітті, өміріміз осымен тоқтады» дейтіндер де бар. Оларға жылы сөйлеп, түсіндіруге тырысамыз. Адамдар сырқаттың бірінші және екінші сатысында келгенде емдеу жақсы нәтиже береді. Ал асқынған ауруды емдеп, жазуға бүгінгі медицинамыз әзірге дәрменсіз ғой, — дейді Жәкең.
9 сағат 35 минут…
- Жәке, сіз жасаған ең ұзақ оперция есіңізде ме?
Қарсы алдымда отырған кейіпкеріме қойылған бұл тосын сұраққа ол еш іркілместен «Әрине, есімде. Тоғыз сағат отыз бес минут» деп дауысын сәл көтеріп, маған жымия қарады.
«Шалғай ауданнан келген науқасқа шұғыл әрі күрделі операция жасауға тура келді. Операция үстелінің жанында тұрып, өзіміздің биологиялық қажеттігімізді ұмытып кететін сәттер де жиі кездеседі. Ішкі құрылысы ақталыпып жатқан науқастың жанынан кету – дәрігерлік антыңды бұзу, әрі кешірілмес күнә. Ота жасау кезінде дәрігердің әр секунды ажал аузындағы дәрменсіз жанға өмір сыйлау үшін қымбат уақыт екендігін ешқашан естен шығаруға болмайды» дейді кезінде ауыр да жауапты міндетті абыроймен арқалаған Жәкең.
Иә, дәрігер өмірінде мұндай жайттар жиі кездеседі.
Бас дәрігердің бастамалары
Осыдан біраз жыл бұрын мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен келген «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры, белгілі ғалым – медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Диляра Қайдарова облыстағы бір алқалы жиында онкологиялық ауруларды анықтап, емдеу үшін Атырау облысында соңғы жылдары іргелі жұмыстар жасалғандығын атал өтті. Бұрын науқастар ем алу үшін Алматыға келіп қаралатын болса, қазіргі уақытта онкологиялық ауруға шалдыққан емделушілерге жоғары сапалы көмек жергілікті медициналық орындарда да көрсетіледі. Атыраудың медициналық мекемелері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталды, хирургиялық күрделі ота жасау мүмкіндігіне ие болды. Өңірде онкологиялық қызмет деңгейін көтеруге, диспансерге заманауи жаңа медициналық құрал-жабдықтар алуға мұрындық болған облыстық бас онкологы, онкологиялық диспансердің бас дәрігері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Алтын дәрігер» төсбелгілерінің иегері Жексенбай Қалменұлының елеулі үлесінің бар екендігін ешкім жоққа шығара қоймас.
Гистологиялық, иммунногистохимиялық зертханалар ашылып, қатерлі ісіктерді анықтау және хирургиялық, сәулелік, химиотерапиялық емдеу тәсілдері жетілдірілді. Бас онколог 2018 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан сүт безі, жатыр мойыншасы, тік және тоқ ішек қатерлі ісіктерін ерте анықтауға арналған скринингтерді енгізіп, жолға қоюға үлкен үлес қосты. Экологиясы қиын мұнайлы аймақта жаңа буын жоғары дәрежелі онкологтар, радиологтар, хирургтар, химиотерапевтер, цитолог, гистолог сынды көптеген мамандар дайындалды.
Өзінің еңбексүйгіш, шыншыл, кәсібіне деген адалдық, іскерлік пен ұйымдастырушылық қасиетімен танылған дәрігер Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Уфа, Ташкент, Минск, Баку қалаларында білім жетілдіру курстарында болды, конференциялар мен симпозиумдарға қатысты. Франция, Германия, Италия мен Австрия мемлекеттеріндегі әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Жемісті жұмысының нәтижесінде жоғары санатты онколог, хирург, денсаулық сақтау ұйымдастырушысы және үлгілі педагог атақтарына ие болды. Ғалымның 25 ғылыми мақаласы, екі оқу-әдістемелік құралы жарық көрді. Екі томдық «Онкология» оқулығында да Жәкеңнің қолтабасы қалды. Ол өкпе, өңеш, асқазан, кеуде, іш-құрсақ қуысындағы ағзаларға жасаладын күрделі оталарды толық меңгерді. Бұлардың денін ол Атырау облыстық онкологиялық диспансеріне басшылық еткен он сегіз жылда өзі жасап, мыңдаған сырқаттың өмір жасын ұзартуға себепкер болғанын, ондаған шәкірт тәрбиелеп, өмірге жолдама бергендігін бүгінде қызметтес әріптестері де мақтанышпен айтады.
Достықтың туын жықпаған
Халықтың ақ алғысын арқалаған Жәкең туралы мектепте бірге оқыған жан досы, ауданға белгілі кәсіпкер Нұрлан Каримовтің пікірін келтіре кеткенім артық болмас.
«Жексенбай біздің сыныптағы үлгілі әрі қай сабаққа да өте зерек, үздік оқушы болды. Тай-құлындай тебісіп, бірге өсіп, ер жеттік. Достыққа адал, парасат-пайымы жоғары, адамгершілігі мол азамат ретінде ортамызды қадірлі. Үлгілі отбасының тірегі. Зайыбы Бигүл Молдабекова да жоғары санатты терапевт, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, «Денсаулық сақтау үздігі», «Халық алғысы» төсбелгілерінің иегері. Өнегелі шаңырақта өсіп, тәлім-тәрбие көрген ұл-қыздары жоғары білімдерін алып, әр салада Жаңа Қазақстанның өркендеуіне үлестерін қосуда. Ұлы Илья Теңізшевройл» ЖШС үййлестіруші болса, қыздары – Ботакөз мектепте ұстаздық етсе, Аянасы Атырау мұнай өңдеу зауытында бухгалтер болып қызмет жасайды.
Жексенбай Қалменұлының еліміздің медицинасы мен ғылымын дамыту, халық денсаулығын нығайтудағы қызметін ескеріп, өзінің туған жерінен – «Құрманғазы ауданының Құрметі азаматы» атағын беруге лайықты деп ойлаймын. Жергілікті атқарушы және өкілді орган басындағы лауазымды тұлғалар осы жағын болашақта ескергені жөн. Өйткені Жәкең – бұл атаққа әбден лайықты азамат».
Шыныда да, Нұрекеңнің бұл пікірінің жаны бар. Кейде біз ауыл көлемінде ғана азды көпті еңбегімен танылғандардың кеудесіне орден-медаль тағып, орынды-орынсыз атақтарға ұсынып жататынды байқаймыз. Тіпті кейбіреулерінің осындай атақты тамыр-таныс салып, не мемлекеттік органдардың есігін тоздырып, өздері шапқылап жүріп иеленіп алатыны ащы да болса шындық. Ал, атаққа нағыз лайықтылар неге тасада қалады? «Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсынның» дәуірі жүріп тұрған заманда аймаққа, тіпті елімізге танылған ардақтыларымызды елеусіз қалдырғанымыз елдігімізге сын емес пе? Ойланарлық жайт?
Жұмыстан босатып, қайта тағайындау
Адам өзіінің қамшының сабындай қысқа ғана тірлігінде небір жайттар кездесіп жатады ғой. 2019 жылдың 10 қазанында (Жәкеңнің туған күнінде) облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен ол диспансердің басшылық қызметінен ешбір себепсіз және алдына ала ескертусіз босатылды. Сөйтіп, билік басындағылар бас дәрігердің туған күніне осындай «тосын сый» әзірлеп қойыпты. Араға екі күн салып, Жекең өз міндетін уақытша атқарушы болып қайта жұмысына қабылданғаны өзгелер үшін жұмбақтау еді. Өйткені, сол кездегі басқарма басшысы облыста өтетін маңызды алқалы жиналыста аймақтағы онкологиялық ахуал жөнінде ғылыми баяндама жасайтын дәрігер таппай қиналады. Өзінің артын ойламай жасаған осынау асығыс шешімі үшін бармағын тістеген әлгі басшы екі күн өткен соң бас дәрігерді бұрынғы лауазымына уақытша тағайындауға қайта бұйрық шығарудан басқа амал таппады.
Жергілікті билік Жексенбай Қалменұлының еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі еңбегі мен ғылымға сіңірген үлесін лайықты бағалап, кәсіби жоғары білім-білігін адамдардың денсаулығын нығайту үшін пайдалануға да ықылас-ниет таныптай отырғандығы қынжылтады. Дегенмен зейнеткерлік демалысқа шыққан ардагер-онколог бүгінде заман талабына сай «Нсанов медицина орталығын ашып, жеке кәсіпкер ретінде халық денсаулығын сақтап, қорғауға қызмет етуде.
Бақытжан ЖҰМАТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі