Міне, жылдағы дәстүр бойынша алыстағы Орел облысының Покров ауданы Лески деревнясын жау қолынан азат ету жолындағы қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан қазақ даласының даңқты ұлы Боран Нысанбаевтың туғанына-105 жыл, ал тарихта қалған өшпес ерлігін жасағанына 80 жыл толуын жерлестері, барша индерліктер ерекше салтанатпен атап өтіп, тағзым етуде.
Ежелгі Дендер топырағында небір дүлдүл қол бастаған батырлар, дауылпаз ақындар, сөзге дес бермеген шешен-билер, елге қамқор басшылар мен қосшылар дүниеге келіп, бұл жалғаннан өтпеді дейсіз?! Олардың барлығының да ізі көне тарих беттерінде әлі де сайрап жатыр.
Солардың арасында қылшылдаған, ойхой дегізер,25 жасында қан майданға түсіп, сақылдаған сары аязда оқ нөсерлетіп, қалың әскердің жолын тосқан жау дзотын жарып жіберген, Брянск майданындағы 137-інші атқыштар двизиясының 771-інші атқыштар полкі бірінші батальонының минометчигі, қаңбақтылық Боран Нысанбаевтың да ерлігіне әрқашан айрықша орын бар.
Сондықтан да өшпес ерлікке бас иген қалың жұрттың арасында дендерліктердің үні басым, көңілдері әркез асқақ. Өйткені, олар 1943 жылы 23 қыркүйекте арнайы жарлықпен Батыр атағы берілген ұланының есімін ерекше ардақ тұтып, бірнеше рет зиратына барып, гүл шоқтарын қойып, рухына бағыштап дұға оқыды, туған жерінен алып барып топырақ салды.
Тәуелсіз Елінің көк Туын желбіретті.Бірнеше мектепке, көшелерге, мұражайларға есімін беріп, ескерткіштер тұрғызып, поэма жазып, өлеңдер топтамасын дайындап қана қойған жоқ, бірнеше кітап, жинақтар да шығарды. Сөйтіп, Батырдың лайықты ізбасарларын дайындау жолына үн қосып, «Ерлік-елге мұра, ұрпаққа-ұран» деген игі дәстүрдің өміршеңдігін айқын танытып келеді.
Сол игі істің тағы бір жарқын көрінісі-Атыраудағы «Ағатай» баспасынан шыққан «Батыр Боран Нысанбаев» атты кітаптың да тұсауы кесілгеніне біраз жылдардың жүзі болып қалды. Бұл кітапқа бұдан бұрыннан батыр ерлігін насихаттауға, ел жадына беруге қатысқан бір топ жан мен олардың жазған бірнеше мақала, зерттеулері топтастырылған болатын.Оны да осы жолы жақынырақ таныстырудың сәті түсіп отырғандай.
Десекте бұл арада алдымен жоғарыда сөз болған екі ел арасындағы ресми делегация алмасудың (Жеке өздігімен барғандар да аз емес) жайына тоқталсақ. Алғаш болып, 1965 жылы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында Индер аудандық партия комитетінің хатшысы Аташ Досалиев бастап, құрамында батырдың інісі Ибат Нысанбаев, журналист Ізімберген Қожахметов, Көктоғай орта мектебінің оқушысы Райлаш Әбуова бар топ Орел жеріне барған еді.
Артынша күзде Орел облысы Покров аудандық партия комитеті үгіт –насихат бөлімінің меңгерушісі В.А.Васютиннің бастауымен Жеңістің 20 жылдығына орай біздің ауданға ресейліктер делегацияның келуі ерекше оқиға болып саналады. Оған себеп, Қазақстанда ғана емес, 1962 жылғы хрущевтік алмағайып кезеңде Дросков ауданы таратылған шақта Верхно-Жернов мектебіне география пәні мұғалімі болып келген өлкетанушы А.М.Акулининнің ізшілдер тобы Лески деревнясы маңындағы қанды оқиғалардың ізін зерттеуі еді.
Екі елде осылайша қатар жүрген бұл зерттеулер ақыры Батырдың ерлігін насихаттап, ұрпақтарына танытып, мәңгілік етуге жол ашты.Ал ұстаздың еңбегі лайықты бағаланып, «Қазақстан Білім беру ісінің үздігі» атағы берілген.
Осындай тынымсыз ізденістер ақыры қазақтың даңқты ұлы Боран Нысанбаевтың ажал оғын сепкен дзотты кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапса да соңындағы қалың әскерге жол ашқаны анықталып,оның соңы сол қасиетті жерге орелдықтардың арнайы белгі орнатуына алып келген болатын.
Кейін 1966 жылы жазда қазақстандық қызыл ізшілдерді бастап барған Есболдағы Жамбыл атындағы орта мектептің өлкетанушы ұстазы Кенжеғали Қайып осы жайға куә болып, толғана жазды да. «Біз Лескиге жаяу бардық. Екі деревняның арасы тиіп тұр. Халық өте көп жиналды. Боранның бейіті Безымянная деп аталатын терең сайдың қабағында тұр екен.
Бұл сай Лескидің шығыс бетін тіліп өтіп жатыр. Бейіттің сол жағынан сай үш айырылады. Батырдың сүйегі осы жерге қайтадан жерленіп, моласы қайтадан салыныпты. Ақ мрамордан ескерткіш орнатылған да сыртына көк сырлы темір шарбақ қойылған»,-деп жазса, белгі жанында батырдың туған жиені Орынтай Шүйінішбеков сөйлеп:
«Өзіңіз туып-өскен Қаңбақтыңнан келіп тұрмыз. Басыңда тұрып өзіңдей ер болып өсуге, Отанды сүйе білуге ант етеміз…Сен бөтен жерде жатқан жоқсың,туысқан орелдықтардың гүлді де нұрлы аймағындасың. Бірақ, саған туған жердің топырағы қымбат. Сондықтан туған қыстауың «Баеттен» топырақ әкелдік. Топырағың торқа болсын!»-деп, толғанған («К.Қайып. «Дауылпаз» 14 бет).
-«Боран ағамыздың әкесі Мәстеков Нысанбай қарт та ұлы Боранның ерлікпен қаза тапқанын естіп, «Ұлым, сен текке өлмегенсің.Бүкіл Совет халқының арасында өзіңнің ізіңді қалдырдың,сенің өлімің мен үшін ауыр, бірақ, халқың үшін ерлікпен қаза болғаныңды мақтаныш етемін.Сен Отан алдындағы антыңды орындадың, сондықтан сенің бейітіңе ұлы Жеңістің және бейбітшіліктің гүлі өсе берсін»,-дегенін жазып еді көктоғайлық мұғалім Мүнира Тұрғалиева апамыз.
Жалпы жерлестері де жақсы біледі Боран Нысанбаевты алыс-жақындағы көпшілік танып, оның ерлігінің астарына қаныға түсуде есболдық ұстаз К. Қайып ерен еңбек сіңірді. Сонау тыйымы көптеу кеңестік заманда қарапайым жанға әдетте есігі жабық тұратын Мәскеудегі мұрағаттарға барып ізденіп, әуелгі кезде Исембаев болып жүрген боздақтың фамилиясын 20 жылдан соң 1963 жылы қыркүйекте түзетуге септігі тиген.
Өзі жастау кезінде Боранмен талай кездескен жайын ағамыз өзінің «Мен Боран Нысанбаевты қалай зерттедім» деген еңбегінде егжей-тегжейлі баяндаған да еді.Сол ағамыз: «1942 жылдың 6 қаңтардың 7-іне қараған түні менің есімде мәңгі қалды. Боран Нысанбаев, оның жарқын бейнесі,қыстың қаталдығы, анамның тігіп берген теңгесі, Нығмет шалдың ескі тоны,ішінен егіз лақ шыққан қарамойын ешкі,шешеміздің ырымшылдығы, бәрі менің есіме жиі түсетін»,-деп еске алғаны бар.
Мұндай батыр Боранды тани түсуге еңбек сіңірген жандардың қатары жыл өткен сайын, шүкір, көбейіп келеді. Оларды әркез қолдап отыру да керек-ақ. Оның біразының есімдерін ілгерілекте атаймыз деген ойдамыз.
Еске сала кетелік, сонау 1966 жылы жас қызыл ізшілдер Светлана Молдашева, Бақытжамал Аташева, Күләш Досымова, Орынтай Шүйінішбеков, Роза Әжікова, Болат Беркішов, Зәмза, Айдын Ихсанов, Асқар Кенжетаевтар бұл сапарларының әсерін бүгінгі есейген шақтарында да әлі ұмытпаған шығар.
Ал Лескидегі ер қаза тапқан жерге қойылған белгі замана талабымен әлденеше рет өзгертілген.Атап көрсеткен жөн, біз, индерліктер, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында 2015 жылы көктемде барғанда сол ескерткіш белгі жаңартылып, жаңа сипатқа ие болғанына куә болдық.
Оны күтіп ұстаушыларға сол кезеңдегі делегация мүшелері: аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев, Көктоғайдағы Б.Нысанбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлайым Шабдирова, оқушы Перизат Әбдірахманова болып, ризашылығымызды білдіргенбіз де.
Проходишь мимо обелиска,
Замедли шаг,остановись.
И голову склонивши низко,
Всем победившим поклонись,-деп Батырды ұлығылаған сәтте Верхно-Жерновтегі шағын мектептегі жыр жолдарын оқыған бүлдіршіннің үні де жадымызда әлгінде ғана оқығандай ұялап қалды.
Белгі жанында арнайы суретке түсіп, осы сапардың қорытындысымен аудандық «Дендер» газетінің үш санында жарияланған «Қазақтың қаһарман ұлына тағзым» (№18-19-20; 07.05-21.05) атты мақалаларда егжей-тегжейлі баяндалған да болатын.
Ал аталған мақалаларымызда жазғандай, өзіміз бірнеше рет гүл шоқтарын қойып, суреттерге түскен Дросководағы мектептің ауласында орналасқан алып ескерткіштің 1967 жылы ашылуына Индер аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Қабдол Матжанов пен батырдың апасы Құрманбике куә болған екен.
Өкінішке орай ондай биік те сәулетті ескерткіш Атырау өңірінде Екінші Дүниежүзілік соғыс батырларына әлі орнатыла қойылған жоқ. Әрине, өзге облыстарда ондай сәулетті ескерткіштер баршылық. Оларды көріп те жүрміз.
Мұны айтып отырған себебіміз, осындай ұсынысты, нақтырақ айтсақ, Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романының бас кейіпкері ретінде Қайырғали Смағұловқа қатысты сонау бір жылдары Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Берік Қорқытов ағамыз да көтерген екен.Бірақ кейін оған арналып, кеуде мүсіні бой көтерді де зәулім ескерткіш өз жайына қалды.
Ал сөз желісіне оралсақ, 1968 жылы Индер аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жәрдем Кенжетаевтың өзі келіп кеткенін покровтықтар біз барғанда үлкен ықыласпен сөз еткені бар-ды. Жаны жарқын азамат орелдықтарға өзіндік жақсы әсер қалдырыпты.
1973 жылы тамызда Орел облысының жаудан азат етілгеніне 30 жыл толуына орай арнайы шақырумен аупартком хатшысы Бәдеш Мұқантаева бастаған делегация құрамында «Путь Ильича» кеңшары кәсіподағының төрағасы Жолдасқали Құсайынов, мектеп директоры Әбдірахман Карентаев, оқушы Тұрсын Мекеева, есболдық Науша Қадірбаева және аудандық газет редакторы Төлеубай Ысқақов барып келген.
Әріптес ағамыздың осы сапардан оралған соң оқырмандарына «Бұл Лескиде болған еді» деген драмасын сыйлап, оны баршамыз газеттен оқып, өнерпаздар әлі күнге сахналап жүр. Сөйтіп, ол туынды да, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Сансызбай Базарбаевтың «Батыр Боран» поэмасы да ерлікті асқақтатқан өлмес шығармаларға айналды.
Талантты ақындар Меңдекеш Сатыбалдиев пен Табылды Досымов та осындай мәңгі өлмес шығармалар жазғандар қатарында бар. Мәселен, Меңдекеш ақын:
Қиялы ұрпақ аңыз қып шертіп жүрерлік,
Қанішер туса-өлтіре бетін тілерлік.
Ар-ождан барда табынатындай адамзат,
Орелде өтті қайталанбас бір ерлік,-деп жырласа, Табылды інісі:
Соғыстың көрін көмген жер,
Матросовтың ерлігін,
Өзінен бұрын жасаған,
Нысанбаев Боранның
Өртеніп бара жатқанда,
Көз алдына келген жер,-деп баршаны рухтандыра түскені қандай үйлесімді.
Осы ретте айта кетелік, 1944 жылы қазақ жігітінің ерлігіне бағыштап В.С. Поляковтың шығарған «Боран Нысанбаев» атты поэмасы жауынгерлер арасында ерекше құрметке ие болған. Сайып келгенде екі елде де Боран ерлігін дәріптеген жыр шумақтары мен естеліктер, ізденістер, шығарылған кітаптар мен салынған суреттер аз емес. Оның бірқатарына өзіміз де куә болып жүрміз.
Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Елеуов, аудандық әкімдікке қарасты бөлімнің басшысы Гүлнұр Сүйеуова, М.Әуезов атындағы орта мектептің ұстазы Гүлнар Әбілова болып барған сапарымыз да көптеген тағылымды кездесулерге толы болды.
Одан кейін газеттің бес санына жарияланған «Ерлік ешқашан ұмытылмайды, Боран Нысанбаев өшпес ерлік жасаған Лескиге сапар», немесе «Достыққа дәнекер болған ерлік», «Біздің-Александр Матвеевич» сынды, тағы басқа мақалалар,естеліктердің орны біз үшін ерекше бөлек.
Мы наследники тех, кто был честен в бою,
Кто страну защищал смело в годы войны.
И незримо сегодня с нами строю,
Прославленный воин великой страны,-деп жыр төккен Дросково Верхно-Жернов, Вепринецтегі жап-жас оқушылардың үндері бейбіт аспанда әлі де талай шалықтай берсін дегің келеді осындайда.
Осы ретте осы соңғы қос сапарға жол ашып, демеушілік жасаған сол кезеңдегі аудан басшылары Жанкелді Рахметқалиев пен Серік Арыстан, Әлифолла Балахметов, тағы басқаларының есімдерін атамасақ әділдік болмас та еді. Сол қолдаудың арқасында Батыр Боранның 100 жылдығы да аудан мен Көктоғайда ұйымшылдықпен әсерлі өтіп, көптеген ұсыныс-тілектерге жол ашты.
Елдегі осыншама атқарылған игі істердің ең басына,Көктоғайдағы Батыр атындағы орта мектеп жанынан 1965 жылы алғашқы мұражай ашып, бүгінгі облыстық мәртебеге ие болған қасиетті орынның негізін қалап, 1990 жылға дейін оған жетекшілік еткен «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» Мүнира Тұрғалиеваның еңбегін ерекше атаған дұрыс.
Қазір «Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы әскери-даңқ мұражайы» деп аталатын бұл қасиетті орынға жиналған сан құжаттар мен жәдігерлер, көрнекіліктер көздің жауын алады. Мұнда еліміз бен шет жерлерден қаншама адамдар келіп, батыр рухымен сырласты, Көктоғай ауылының тарихына көз жіберді, көңілдеріне тоқыды.
Өткен тарихты тануға ұмтылыс, бүгінгі көп айтылатын туризмді жан-жақты дамыта түсуге де осылайша игі ықпалын тигізіп жатқанын айтпасқа болмайды. Сондықтан да батыр рухымен өзектесе дамып, санасына сіңіріп, біте қайнаған көктоғайлықтар, барша индерліктер, Боран Нысанбаев атындағы орта мектеп оқушылары, соның ішінде оның партасына отырып, үздік оқығандар, суретін салып ерекшеленген Қуаныш Сүлейменов, Қуаныш Абдырахманов, тағы басқаларының да бұл күнді ерекше ардақтауы заңды.
Сондай-ақ сонау 1974 жылы жоғары оқу орынын тәмамдарда дипломдық жұмысына жерлес ағасының ерлігін арқау етіп, көп ізденген есболдық Қабдығали Сейітов, ғалым, ауданның Құрметті азаматы Жиенбай Бақи, аудандағы ескерткішін салуға мұрындық болған жастар жетекшілері Максим Елеуов, Маргарита Бозаева, орелдық азаматтар А.М. Акулинин, А. Полынкин, Н.Л.Харчикова, Т.Т. Белянкина, Н.П. Кондаурова,Н.М. Шалимов, Т.Т.Белевкина, суретші Г.А.Пышалов, А.В. Решетников,З.Н. Еськова,тағыда басқа көп жандардың жерлесіміздің ерлігін ұлықтаудағы еңбектері ұлан-асыр. Оны да әркез дәріптеп, үлгі етіп отырсақ еш айыбы болмас еді.
Бұған қоса уақыт тауып оқысаңыздар, ақындар Саттар Сейтхазин, Сансызбай Базарбаевтың поэмалары, Қабижан Сағи, Кеңес Сахи, Қойшығұл Жылқышиев, А.А. Щапов, В.В. Калинин, Сыйлыгүл Наурызбекова, тағыда басқа көптеген талантты жандардың өлең-жыр, дастандары Боран Нысанбаевтың ерлігін дәріптеп, азаматтық тұлғасын аша түсетінін жақын сезіне түсері сөзсіз.
Шынтуайтында дана қазақ аталарымыз «Ердің баласы-елдің панасы» деп тегін айтпаса керек-ті. Мұны әр уақытта да санаға түйіп жүрген ләзім.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ