Бұл арғы-бергі тарихқа қалам сілтеуге себеп болған әріптес ініміз Жанай Амантурлиннің сонау соғыс жылдары және одан кейінгі кезеңдегі түрлі бәйгелерге қатынасып, жасындай жарқылдаған «Есболдың жирені», «Әйгілі Жиреннің ақыры, немесе тоқсандағы шабандозбен әңгіме» атты мақалалары түрткі болды.

          Әрине, түрткі болды деу аз, ол осы тақырыптағы бірнеше әдебиеттер парақтарын көтеріп, баспасөздегі тың жарияланымдарға да үңілуге, бұрын көз тоқтатпаған жайларға байыппен қарап, сараптап, салмақтауға мәжбүр болған жайымыз бар.

         Себебі жерлес журналист өңіріміздегі жылқы малының асылы «Есболдың жиренінің» тегі, оның әуел бастағы иелері, шабандоз Болат  Шүйінішқалиев ағамыздың 1943 жылы 7 қарашада алғаш атқа отыруы, одан соңғы жеті рет осындай бәйгелерде топ жарғаны егжей-тегжейлі баяндалуымен бірге келелі ұсыныстарын да ортаға салған  болатын.

          Сол мақаласын автор: «Ер қанаты-ат» екенін ұрпаққа ұқтыру бәйге өткізумен шектелмесе керек. Сондықтан да «Астана-Көкшетау» автобанының бойында орналасқан Құлагерге қойылған ескерткіштей бір белгі біздің Жиренге қойылса да айып па, ағайын?»- деп көпке қарата ұсынысын тастаса, кейіннен  ұлы даланың тұлпарлары Абылайдың Нарқызылы, Қабанбайдың Қубасы, Исатайдың Ақтабаны сияқты Есболдың Жиренін де ардақтап, атын бір көшеге беру жөнінде де мәселе көтерген еді…

         Бірақ бұл игі ұсыныстар тиісті орындардағы тұлғалардан қолдау тапты ма, әлде құмға сіңген судай ізсіз қалды ма- ол жағы бізге белгісіз. Несі бар, жаңғыру деп жалаулатып жүргендердің ертелі-кеш байыздап, осы біздің қаламгерлердің қаламынан да біртоға ойлы ұсыныстар көтеріліп жүр екен-ау деп, бәлкім, орындалып та қалар.  

         Негізі «Жер шарындағы 250 тұқымнан тарайтын 70 миллион жылқының шыққан жері, яғни тараған өлкесі қазақ даласы екенін бүгінде бүкіл әлем мойындады»,-деп республикалық «Ана тілі» (№46 (1672) 01-07.12.,22) газетіндегі «Қазақстанда жылқы мұражайы бар ма?» тақырыбындағы мақалада жазылғандай әліде мұндай бір игі іс біздің өңірде де қолға алынар деген үміттеміз.

         Осында жазылғандай әлемнің 30 елінде тек жылқыға, тағы 30-дан астамында жанама түрде ашылған музейлер бар көрінеді. Бұл да желмен жарысқан жылқы малы алдымен біздің, яғни қазақтың кең даласын қорғап, шекарасын бекіте түсуге адамнан бірғайым кем емес, тіпті тең дәрежеде дерлік үлесін қосқанын жүдә терең ойланатын кезең келіп жеткенін ұқтырмай ма?!

         Осы ретте тақырып аясында «Қазақстанның Құрметті Журналисі» Төлеген Жаңабайұлының құрастыруымен 2002 жылы  «Арыс» баспасынан шыққан «Атырау арғымақтары» атты кітабында Жирен туралы кең көлемде мақала берілмесе де, «Жүрек жиреннің жыры» атты ақын Ахмет Бердешовтың өлеңін жариялағанын еске  түсіргіміз келеді.

         Осында дербес зейнеткер Сүндет Дауылбаевтың «Есболдың Жирені 1942 жылдан бастап, он жыл бойына бәйгеде алдына ат салмаған жүйрік. Ол 1948-1950-1951 жылдары республикада бірінші орын алған. Облыста да үнемі бас жүлдені иемденген. 1952 жылы қарашаның 7-інде жарыс жолында оқтай ұшып келе жатып, жерге сұлап түседі. Бірақ, Есболдың Жирені туралы әңгімелер ел аузында әлі аңыздай айтылып келеді» деген пікірін де бере кетіпті. Ағымызға бұл үшін зор алғыс айтамыз.

         Міне, осындай септермен «Тай атқа жеткізеді, Ат пыраққа жеткізеді, Пырақ мұратқа жеткізеді» дегендей даналық сөз қалдырған халқымыздың желмен жарысқан тұлпарларына еліміз аман болса  алып ескерткіш те тұрғызар, көшелерге атын да берер деген үлкен үмітке сенім артамыз тағы да.

         Осы атақты Жиреннің тегі мен оған тақымын қысып, жүгенін тарта мінген Болат Шүйінішқалиевтей шабандозды, тіпті оған өлең арнаған ақынның да есімін баршамыз жақсы білеміз. Ал енді оны түн ұйқысын төрт бөліп, ащы терін шығарып, бәйгеге қосатын атбегін, болмаса бапкерін біз білеміз бе екен осы?!

         Әлбетте бір уақ «осыны ойға алған жан бар ма?» деп мәселені тағы бір арнаға бұрып, біраз ізденуге тура келеді. Осындайда ойды ой қуалайдының кебімен аталған кітаптағы жылқы десе аузындағы асын кері қайтарған  Ғалымжан Нұғыманов ағамыздың:

         — » Сонымен Атырауда атбегі қалды ма? «Жоқ» десем талай додаларға ат қосып жүрген индерлік Көшқалиев Нәсіпқали  (Аталған кітапта біздің бұл атбегі туралы мақаламызға орын берілген еді. С.Х.), марқұм Насыров Ғилымғали ұрпақтарының, кулагиндік Пангерейдің, новобогаттық Қадіров Лұқпан, Нәбеннің, «Новобогаттың бурылы» атанған Ғапиев Шамалидің, Хабибуллин Батихолла, тағы басқаларының көңілдеріне келеді»,-деп алып, Әжіхан, Сүлеймен, Әйіп, Қасимов Қуанға ұқсайтын атбегілердің жоқ екенін еріксіз мойындайсың» дегенінен де еске алмай  өте алмадық.

         Себебі, бұл атбегілер кезінде жиі жазылып, сөз болғанда, бар болмысымен бабалар ісін жалғап, ата дәстүрге, оның тұрмыс-салтына адалдық танытқан аудан, облыс қана емес, республикада бірнеше дүркін озық болған атақты Жиреннің бапкері, бүгінгі біздің басты кейіпкеріміз  Есмағамбет Айдуалиев пен оның ісін жалғаған ұлы Құмар Есмағамбетовтың есімдері де осы қатарда тұрмас па еді деген ойға еріксіз мойынұсынамыз.

         Олардың бабалар жолындағы адал істері, бар қам-қарекеттері ізсіз қала бермек пе сонда?! Ойланарлық жайт. Жоғарыдағы сөз болған, күні кеше өмірден өткен Болат Қабдірұлының да шабандоз атанып, атқа отыруына Есмағамбет қарт себепші болғанын азамат былайша еске алғаны бар:

         -Әрбір ұжымшар бәйге аттары мен шабандоздарын Есболға ала келіпті. Енді жаңағы дөнен шығып тұрған Жиренге Ахмет басқарма шабатын кісі таба алмай жүрген көрінеді. Бұл жерде атты жарататын Есмағамбет Айдуалиев деген атбегі мені көрді де: «Әй,бала, мында кел! Отыр атқа!» деп жайдақ атқа отырғызып  қоя берді»,-депті.

          Сөйтіп, өзінің алғашқы  төрт айналыстан тұратын 30 шақырымдық жарыста Жирен қара үзіп, бір айналым бойына өзгелерінен озып келген екен. Сөйтіп, шабандоздың да, оны баптаған атбегілердің де, тіпті осы істің басы-қасында жүрген барлық басшы-қосшылардың да мерейлері өсіпті.

         -Аттан түскен мені атбегі бетімнен сүйіп, «жарайсың, қарағым, бақытты бол деп» жатты.Есмағамбет Айдуалиевтің баласы Құмар Жиренді қыдырту үшін жетектеп кетті,- деп еске алады Болат ағамыз.

         Сірә, бұл Есмағамбет қарттың ұлы, кейін әкенің ісін жалғаушы танылған, биыл туғанына 100 жыл толатын, яғни 1923 жылы дүниеге келген Құмар ағамыздың бұл кезеңде жүріп жатқан Екінші дүниежүлік соғысқа аттанбаған кезі болса керек.

         Өйткені, Құмар Есмағамбетовтың өмірбаянында 1942 жылы Есбол әскери комиссариатының шақыртуымен майданға аттанып, Сталинградты қоршауға алған қалың басқыншыларға қарсы ұрыстардың бел ортасынан табылғаны көрсетілген.

         Дегенмен әңгіме желісін атбегі Есмағамбет Айдуалиевке аударалық. Сірәда адамдар арасындағы қысастық қашан таусылған. Тіпті ол пендесінен ауысып, қайран, өзі жылқы малы болса да Жирен жануарға да сол ауыртпалықтың салқыны аз түспепті. Ол жарыс жолында талай кедергілерге тап болып, сан ауыртпалықты бір кісідей-ақ бастан кешкен екен.

          Әйтеуір, соның талайын да атбегі Есмағамбет қарт екеуі жеңе білген. Тіпті бірде республикалық жарысқа пойызға тиеп бара жатып, тұлпардың аяғын сындырған ғой.  «Сонда арғымақ жарысқа бара алмағанына өкінгендей көзінен жас моншақтап, ағып тұрыпты. Ауылға келген соң оны Есмағамбет қарттың өзі емдеп жазады. Күзгі облыстық жарысқа дайындайды. Бұл Жиреннің соңғы бәйгесі боларын кім білген»,-деп жазады аталған мақаласында  әріптесім  Ж. Амантурлин.

         Бұл жайды жыр тіліне салған ақын Ахмет Бердешұлы болса:

         Риза және болыңдар,

         Ыссылықтан,суықтан,

         Қорғап мені сақтаған.

         Терімді алып суытып,

          Сабындап жуып баптаған,

         Есмағамбет сынды иесіме,-деп шар-тарапқа жылқы малы атынан жария етеді. Шынында да солай емес пе?! Тағы бірде осы ақын Жиреннің өзі болып:

         Рахмет және айтамын,

         Есмағамбет атты иеме-ай.

         Озғаннан соң жиренді,

         Есіңде ғой тиеп-ай,

         Арпа беріп, сүт беріп,

         Міндетіңді ақтадың.

         Т ерімді алып суытып,

         Дер кезімде баптадың,

         Қабыл болды еңбегің,

         Үмітіңді мен ел ақтадым,-деп тәптіштей жырлап, елеусіз атбегінің еңбегін ел жадына құяды.

         Мұның бәрін тізбелеп отырғандағы бірден-бір мақсат, қанша дарын, небір  жүйрік болса да бабы мен бағы келіспесе аталған жеңістердің бірі де болмас еді. Сондықтан да ендігі жерде атақты Есболдың Жирені туралы сөз бола қалған жағдайда оны мейлі ол аудандық, облыс, тіпті республикалық әрбір дүлдүл сайысқа жаратып, өңірдің намысын бермеген бабын келістірген қырағыкөз, нағыз малсақ  атбегі Есмағамбет Айдуалиевтің есімі мен еңбегі де үнемі атала жүргені дұрыс болмақ.

         Сол секілді сұрапыл қиындық қаумалаған күрделі кезеңде ұлттық өнердің туын жоғары ұстаған атбегінің есімін ел жадында қалдыру кейінгі ұрпақтың биік те қасиетті парызы екенін де, әсте ұмытпаған абзал.

         Ал оның ұлы Құмар Есмағамбетов туралы сөзімізді жалғасақ, бұл азамат ауылдастарымен бірге майданға аттанып, Сталинград  үшін болған қанқұйлы шайқастардың ортасында болған 475-інші атқыштар полкінің құрамындағы сан ерлігімен дараланған майдангерлердің бірі.

         Сол қан-қасап  Сталинград үшін болған ұрыстарда қаншама қан төксе де одан аман шығудың өзі жер басқан әр пендегі үлкен жетістік саналған ғой.  Жерлесіміз абырой болғанда, сол ортадан жараланса да аман шығыпты. 1942 жылы оң иығынан ауыр жараланып, әскери госпитальға жеткізіліп, 1944 жылға дейін ұзақ емделеді.

          Бұл кезде қарт Еділдің жағасында тұмсығы тасқа тиіп кейін серпілген қалың жаудың, Курскі түбінде тағы бір есеңгірей соққы жеп, алды-артына қарамай өз шекарасына шегініп  бара жатқан шақ еді. Ауыр жаралы болса да елге абыроймен оралған жауынгер тылдағы еңбектің ортасынан табылады.      Өзінің туып-өскен Есболының, ондағы «Правда» кеңшарының экономикасын нығайтып, ел тұрмысын оңалтуға біркісідей-ақ үлесін қосады. Кезінде  төрт түлікті тең ұстап, кең даланы қора-қора малға толтырған, сөйтіп, ел байлығын молайтқан іргелі кеңшарлардың бірі «Правда» шаруашылығындағы суармалы алқаптан құнарлы мал  азық өсірген егіншілердің еңбекке жұмылдырған білікті жетекші, болмаса, ел байлығының бір түрі болып атағы Мәскеуге жеткен қаракөл елтірісін дайындаған пункті басқарған мақтаулы маман ретінде ортасының сыйлысы болады.

         Сол өлшеусіз еңбегінің арқасында майдан даласында берілген «Қызыл жұлдыз», «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен қатар, «Германияны жеңгені үшін», КСРО Қарулы Күштеріне-70 жыл» тағыда басқа әскери медальдар қатары еңбек жетістіктері үшін берілген марапаттары толықтыра түседі.

         Кеңшар мен ауданнның марапаттарын айтпағанда, бейбіт күннің «Айбынды еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары кеудесінде жарқырады. Сол кезеңде Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне бару құрметіне ие болады.

         Ең бастысы соғыстан оралған соң Разия атты замандасымен шаңырақ көтеріп, 5 ұл-қызды дүниеге әкеліп, адам асыл етіп тәрбиелейді. Онымен қоса өз әкесі Есмағамбет пен Көшмағамбеттен (Көшен) тараған үлкен әулеттің діңгегі ретінде, інілері Биғали, Отар, келіні Айжанмен  ерінбей бірге еңбек етіп,  олардың шынайы жанашырына, мейірімді қамқоршысына айналады.

         Орал қаласындағы екі жылдық колхоздың кадрлық басшылық дайындау мектебін бітірген еңбек адамы туралы кезінде Қазақстанның Құрметті журналисі, танымал ақын  Сансызбай Базарбаевтың:

         -Ел-жұрты құрметтеді тірісінде,

         Ұмытпайды игілікті бір ісін де.

         Амандықпен өсірді перзенттерін,

         Қиындықтың көріп жүріп түрлісін де.

         Ұл өсті Сағындықтай парасатты,

         Білейтін, қастерлейтін ата-салтты.

         Ырысты, Нәсіпті, Үміт, Тұрсынайлар

         Жалғайды ұрпағымен болашақты,-деп жыр төккені бар.

         Жалпы қаламдас ағамыз майдангер туралы ғасырдың басында «Ел-жұрты құрметтеді тірісінде» деп мақала жазса, Дәулет Телеу «Қаһарман жауынгер, қажырлы еңбеккер өмірдерек парағын сөйлетсек» деген тақырыпта мерзімдік басылымдарда мақалаларын жариялап, азаматтың рухын ардақтап, баршаға үлгі еткені де орынды.

         Зейнет жасқа жетіп, 1993 жылы 70 жасында өмірден өткен Құмар Есмағамбетов үлкенге тән мінез-болмысымен жас буынға ақылшы,қамқоршы бола жүріп, Есбол ауылының әлеуметтік-мәдени, саяси-қоғамдық жұмыстарына да жіті араласуға уақыт табады.

         Асылында біздің бүгінгі бейбіт аспанымыз, шаттыққа толы тұрмысымыз бәлкім, беу дегізер бозбалалық бақытты шақтарын соғыс өртеген, талай кеуделерін оқ пен отқа төсеген  майдангер, ал жеңіспен елге оралған соң жарақаттары жанға батса да маңдай терді сыпыра жан аямай еңбек еткен  Құмар Есмағамбетов сияқты асыл ұлдар  ерліктерінің өтеуі де болар-ау, кім біліпті.

         Ендеше оларды  ұдайы еске алып, еңбектерін ұлағаттап, есімдерімен ұрпақтары тұратын көшелерімізді атап, рухтарына бас ие жүрейікші, ағайын. Ашып айтқанда, Есмағамбетовтердің бұл еңбектері ескерілуі керек-ақ.

         С.ХАЛЫҚОВ

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Индербор кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *