«Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жаңа әрі әділ ереже бойынша өтеді»
Президент Қ.ТОҚАЕВ
Сонымен, елде тағы сайлау. Сенатты жаңартқанымыз жаңа ғана еді, енді кезек Мәжіліс пен мәслихаттарға келді. Бұл жолғы додаға дауыс беруге құқы бар барлық адам қатысады. Ал, енді Парламенттің төменгі палатасы мен жергілікті өкілетті органдар толық тыңнан құрыла ма, әлде кейбіреулер орнын сақтап қала ма – мұны уақыт көрсетеді. Әйтсе де, біраз өзгеріс болатыны қазір-ақ байқалуда. Сонымен …
Айтпақшы, Президенттің пәрменімен Мәулен Әшімбаев, Нұртөре Жүсіп, Ләззат Қалтаева және Асқар Шәкіров Сенатта жұмысын жалғастыра беретін болды. «Жылы орнын суытпады» дейтіндер де табылар, бірақ жауапкершілік жүгі де жоғары ғой. Соны арқалай алатын алыптар шығар. Осы санаттан Мәулен Әшімбаев спикер лауазымына қайта сайланды. Оны аға буын әдебиеттанушы, сыншы, публицист Сағатхан (Сағат) Әшімбаевтың ұлы ретінде таниды. Бұл кісі кезінде Қазақ телерадиокомитетінің төрағасы болғанда алдынан дәріс те алғам-ды. Ұлтжанды азамат небәрі 44 жыл ғұмыр кешті. Сонау сексен алтының желтоқсанындағы қырғынға жүрегі қатты ауырған. Министр ретінде талай жасты аман алып қалыпты. Әйтсе де, сол оқиға қатты әсер етті ме, саулығы сыр беріп, 1991 жылы өмірден өтті. Әйтпесе, сөз жоқ, тәуелсіз елдің тарланы болар еді. Өйткені, компартияның дәуірлеп тұрған тұсында Қазақ теледидарында «Парыз бен қарыз» бағдарламасын ашып, күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатқан. «Әке көрген – оқ жонар» дейді ғой, Мемлекет басшысы сенім артқанда осыны ойына алған шығар.
Президент қалауымен Сенаттан орын алған Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы Жақып Асанов артынан журналистермен жүздескенде мұндай қызметті өзі де күтпегенін айтады. Рас, сенатор болу ойыншық емес, ендеше ақылдаспай іс істеле ме? Қайткенде де, ол Сенат төрағасының орынбасары атанды. Кәнігі заңгердің жоғары заң шығарушы органның жұмысын жандандыратыны кәміл. Ал, Нұртөре Жүсіп әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне жетекшілік етеді. Алпыстан асқан шағына дейін талай республикалық басылымда қолтаңбасын қалдырып үлгерген ол кезінде «Ақ жол Қазақстан» газетіне де басшылық жасаған. Оппозициялық бағытта делінгенімен, өте мықты басылым болды. Атырауда да оқырмандары көп еді, өзім де сүйіп оқыдым. Енді халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің тізгініне ие Асқар Шәкіров кезінде Кедендік бақылау комитетін басқарған. Бұған дейін Сенат төрағасының орынбасары лауазымын да атқарды. Міне, Мемлекет басшысының ұсынысымен сенатор атанған кейбір тұлғаға осындай жауапты жұмыстар жүктелді.
Ал, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қайрат Қожамжаров, Бақытжан Жұмағұлов, Серікбай Тұрымов тәрізді мықтылар қызметтен кетті. Олар ел өміріне ежелден араласып, облысты да басқарған, министрлікке де жетекшілік еткен, «Нұр-Отанның» де тізгінін ұстаған тарландар еді. Енді саясат сахнасына шыға қоймас. Жастарға жол бергені жөн де шығар. Әйтпесе, Парламент, бұған дейін де айтқанымыздай, заңгерлердің орны ғой. Әйтпесе, мұнда Талғат Мұсабаев ғарышкер болғаны үшін ғана отырды ма? Ләззат Сүлеймен Орталық сайлау комиссиясынан келді. Дана Нұржігіт тележүргізуші еді. Мемлекет басшысының «Саясаткерлердің жаңа шоғырын қалыптастырып, оларды елге таныту да маңызды» деуі тегін емес-ау.
Жә, Сенат құрамы бекітілді, жаңа және ескі депутаттар таныстығын бастап жатыр. Енді жұрт назары Мәжіліске ауды. Ол екі жыл шамасында жұмыс жасады. Рас, депутаттар текке отырмаған тәрізді. Мемлекет басшысы оларға алғыс айтып, шынайы шеберлігі, жоғары жауапкершілігі мен патриоттық сезімін атап өтті. Сайлау аяқталып, қорытындысы толық шыққанша оның қызметін Сенат атқарады.
Әйтсе де, осы жолғы сайлау мүлдем өзгеше өткелі отыр. Президент атап көрсеткеніндей, алдыңғы кезекке әділдік шыққалы тұр. Халықтың көзі қырағы емес пе, бұған дейінгі додаларда дауыс ұрланғаны талай мәрте айтылған. Тіпті маңызды науқан ұйымдастырылмай жатып жеңімпаздар құттықтау қабылдай беретін. Маған ренжімесін, Парламент пен мәслихаттардың бұрынғы депутаттарының дені өздерінің осы атаққа қалай жеткенін ұмытпаған шығар. Қырық жылға жуық журналистік жұмысымда талай сайлауды шолып шыққанмын.
Ашық айтқанда, Парламент тағынан түскен әкімдер мен министрлердің келе қоятын жылы орны секілденіп кеткен. О тоба, кеше бір ведомствоның қызметін келістіре алмаған шенеунік депутат атанып, өзінен кейінгі басшыны сынап жатады. Немесе ауданнан аттанған әкім араға ай салып, сол өңірмен танысуға оралады. Өзі осы жақтан кеткенін ұмытып үлгергені ме? «Депутат келе жатыр» деп бүкіл ауыл дүрлігеді. Қонақасы дайындалып, асты-үстіне түседі. Ау, ол өзіміздің жерлесіміз емес пе? Астанаға мұндағылардың мұңын жеткізсін, өңірдің өзекті проблемасын шешсін де жібердік қой. Ендеше, неге елден ерек болуы тиіс?
Тағы бір байқалатын нәрсе – сол депутаттардың үміткер кезінде де, сайланған соң да соны пікірмен сараланбауы. Бәрінің қозғайтыны әбден жауыр болған, жұрттың баршасына белгілі тақырып, Өндіріс ошақтары мол шоғырланған мұнайлы мекенде қоршаған орта ахуалы ауыр. Атыраудан Астанаға асқандардың алдымен ауызға алатыны да осы. Әйтсе де, содан жағдай жақсарды ма? Аймақтағы әлеуетті компаниялардың аптығы басылды ма? Рас, ел экономикасына табыс керек. Көмірсутегі шикізаты да игерілуі қажет. Бірақ, соны ауаны ластамай жүзеге асыруға бола ма? Осы орайда инвесторлар жауапкершілігін еселейтін заң бар ма? Олар мүмкін сонда айылын жинар? Алайда, депутаттардың қанша буыны ауысты, жақсарған жағдай жоқ. Сайлаушылар сенген серкелерінің өңірді өрге сүйрер тұщымды заң қабылдамағынына ренжиді.
Жауқазын Жайықтың тартылып келе жатқаны жұрттың жанына батады. Күллі Еуропада көлемі жағынан үшінші саналатын су көзінің лайықты мәртебесі де жоқ. Осы мәселенің сөз болғанына да бәлен уақыт өтті. Кешегі кеңестік кезде көзге ілінбеген шығар, бірақ өткен отыз жылда назарға шалынбайтындай не жазығы бар? Қиырдағы Қиғаш пен ойдағы Ойылды, жырақтағы Жемді айтпағанда атыраулықтар үшін тіршілік нәрі осы өзен емес пе? Ол сарқылса, жағадағы ел босып кетпей ме? Жер тырмалаған дихан да, төрт түлігін талшық еткен малшы да ата кәсіптен қол үзеді ғой. Күнделікті тірлігінен қағылған ауылдағылар шұбырып, қалаға ағылмай ма? Мұнда да жетісіп тұрған күй жоқ. Екі қолға бір күрек таба алмағандардың қатарын көбейтіп, шаһар көшелерін шарлай ма?
Жұмыссыздық демекші, егер аймақтағы компаниялардың бар мүмкіндігін тиімді пайдаланса, Атырауда бұл мәселені шашаусыз шешуге толық жағдай бар. Мұнай-газ саласы ауаны ластайды дегенімен, халыққа нәпаха да тауып беріп отыр. Түрлі жобаларға қатысып, толымды тәжірибе жинақтаған жергілікті жастар қай кәсіпорында да сұранысқа ие. Теңізде қызмет істеген кейбір қыз-жігіттер шетелге шығып жатыр. Ендеше, жергілікті жұмыссыздық түйіні неге түпкілікті тарқатылмайды?
Жауап біреу, өзге өңірлерді қамтып отырмыз. Естіп жатырмыз, мердігер мекемелерде еңбек ететіндердің дені сырттан келгендер. Рас, бұл облыс немесе аудан әкімінің қалауы емес шығар, бірақ министрліктен берілген тапсырма солай. Басқа аймақтағы жұмыссыздық мәселесін жеңілдету үшін Атыраудағы жобалардағы жергілікті жастар жапа шегуі керек пе? Оның үстіне, оңтүстіктен келгендер аз ғана жалақыны қанағат тұтады. Бұл инвесторға да тиімді. Демек, соларды қызметке көбірек тартады. Ал, сол жақтағы күнкөріс деңгейін біздегі қымбатшылықпен салыстыруға бола ма? Ендеше, әр аймақ алдымен өз мәселесін шешуі қажеттігі жөнінде заң керек емес пе? Содан соң ғана басқалармен бөлісейік. Құранда да «алдымен қайырды өзіңе жаса» демей ме? Бұл басқа аймақ басшыларын масылдық пиғылдан арылтар еді. Мұнайлы мекенге иек арта бермей, олар да ізденсін. Президент Атырауға келген соңғы сапарында енді бұл жақтан өзге өңірге қаржы аударылып, сый жасалмайтынын айтқан. Мұның жұмыспен қамтуға да қатысы бар. Ендеше, әр аймақтың алдымен өзін қамтамасыз етуі қажеттігі жөнінде заң қабылдануы керек еді ғой. Соған депутаттар мұрындық болуы тиіс-ті.
Азғырдағы ауылдардың ахуалы да алаңдатады. Оларға бер жағындағы аудан орталығымен байланысқаннан гөрі, көршілес Ресеймен барыс-келіс тиімді. Азды-көпті азық-түлігін алады, дәрігерге қаралады. Тағы басқа шаруасын да тындырады. Үш жүз шақырым жердегі Құрманғазыға қатынау жеңіл емес. Әрі тақтайдай тегіс жолы да жоқ. Іргелес елге тәуелділік содан туындап отыр. Әйтпесе, мұндағы жұрт атақоныстан көшкісі келмейді. Шөбі шүйгін жерде төрт түлігін бағып отыр. Міне, соларға да жағдай туғыза алмадық. Талай депутат барды, көзімен көрді. Әйтсе де, нәтиже жоқ. Сол сайланған жандардың халыққа үйіп-төгіп уәде бергеніне жанында болған өзіміз куәміз. Әттең, бірі де орындалған жоқ. Азғырдағылар электр энергиясын да Ресейден сатып алады.
Айта берсе, атыраулықтар депутаттарға айтар базына көп. Мүмкін бұрынғылардың қолы жетпеген нәтиже келешек мәжілісмендерге бұйырар. Оны да уақыт көрсетеді.
Мемлекет басшысы «Алдағы сайлауда партиялардың бәріне бірдей мүмкіндік беріледі» деген-ді. Конституция бойынша Президент еш партияның мүшесі емес. Демек, жергілікті атқарушы билік басшылары да өздерін саяси күштерден тыс ұстауы тиіс. Әкімдердің ешқандай қоғамдық құрылымдарға мойын бұруына құқы жоқ. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдер қандай да бір саяси ұйымға жетекшілік ете алмайды. Ата заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес Президент барлық саяси күштен тысқары тұруы тиіс» деп ашық айтты.
Міне, осы жағдай алдағы сайлауды тартысты етуі мүмкін. Жасыратыны жоқ, бұрын «Нұр Отанға» тең келетін саяси күш жоқ-ты. Әрине, оның төрағалығында Мемлекет басшысы тұрғандықтан, қаржысы да мол, қауқары да қуатты. Енді бәрі тең болып қалғанда халық кімді таңдауы мүмкін. Президент «Елімізге жауапкершілігі жоғары партиялар қажет. Олар халықтың мүддесін тиімді қорғай білуі тиіс» деген. Демек, енді саяси күштер арасында жұртшылыққа жақындасу үшін күрес басталады. Бұрынғыдай сайлау нәтижесін алдын ала біліп отырмайды, әр дауысты таразылайды. Сонда көпшілікті несімен қызықтырады? Халық енді бос сөзге сенбейді. Алдына келген адамға сын көзбен қарап үйренді. Соңғы уақытта оның саяси сауаттылығы да артты.
Ия, осындай жағдайда сайлауалды сайыс та қыза түспек. Мемлекет басшысы оны да ұстамды атқаруды ұсынды. Өз бағдарламасын қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес жүргізуі тиіс. Басқаның намысына тиіп, арына дақ салуға жол берілмейді. Тіпті саяси күштердің ішінде де тартыс туындауы ықтимал. Әркім өзінің партиялық тізімде болғанын қалайтын шығар. Мәселен, үміткерлер тіркелмей жатып Қазақстан Халық партиясында шу шықты. Оның бес белсендісі қатарда болмайтынын жариялады. Солардың бірі – Жамбыл Ахметбеков. Парламентке үш мәрте сайланып, тіпті президенттік додаға да түскен ол аталмыщ саяси ұйымның жәй мүшесі емес-ті. Айтуынша, партияның қазіргі жетекшісі Ермұхамет Ертісбаевпен келіспеген. Ал, басшылық мұның бәрі әлгілердің тағы да депутат болу ниетінен туғандығын жариялады. Әбден мүмкін. Қазір Парламенттің тұрақты мүшесі болып алған депутаттар аз емес. Партия сапындағы өзгелерге орын беру ойында да жоқ. Зейнет жасына әлдеқашан жеткендігі естен шығып кеткен тәрізді.
Рас, Е.Ертісбаев бастаған партия басшылығының пікірінше, бес адамға бола байбалам салудың қажеті жоқ. Жалпы, Ермұхамет Қабиденұлы – саясатта қаражаяу емес. Қарағандының тумасы — саяси ғылымдардың докторы, бұрынғы президенттің он жылдан аса уақыт кеңесшісі болған адам. Бүгінде сол жылдарға баға бере алатындай тұлға. Мемлекеттің қазіргі басшысының бағытын да қолдайды. Атауын қанша өзгертсе де, бұрынғы коммунистер Парламенттен тыс қалған жоқ. Бұл жолы да орыннан дәмелі.
Парламент тарихында тұңғыш рет Атырау облысынан төрт адам Мәжіліс депутаты болды. Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев және Нұрлыбек Ожаев «Аманат» партиясының аманатын арқаласа, Серік Ерубаев «Ақ жол» партиясының сапынан сайланды. Бәрі де осал емес, мұнайлы мекенге із қалдырған азаматтар. Атап айтқанда, Д.Тұрғанов, С.Нақпаев пен Н.Ожаев әр жылдары шаһар басшысы болса, С.Ерубаев Атырау қалалық мәслихатының үш шақырылымында хатшы қызметін атқарды.
Шыны керек, атыраулықтар олардан үлкен үміт күткен-ді. Өйткені, «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дегендей, бұлар күш біріктірсе, біраз мәселе шешілетін. Олардың бірқатарын жоғарыда айттық. Сонау жылы Жылыой жақтан сайланған Фариза Оңғарсынова соңынан сайлаушылармен жүздескенінде облыстан отырған аз адам оңтүстіктен келген көпшілікке төтеп бере алмайтынын айтқан-ды. Дауысқа салғанда әлгілер басымдық танытатын тәрізді. Жұдырықтай жұмылып төрт жігітіміз Мәжіліске барғанда қуанғанымыз да содан.
Мүмкін С.Түгелбаев танытқан батылдық керек пе еді? Бұл кісінің Жылыойдан қалай сайланғаны әлі есімізде. Нағыз таза сайлау сол шығар, бәлкім? Бір орынға жеті үміткер таласты. Екінші турға Сағат Қашқынұлы аупарткомның бірінші хатшысымен шықты. Жеңді. Ешкімнің даусы ұрланған жоқ, билік шараға араласпады. Егер бұл жолы да солай болса, сайланған депутаттың жауапкершілігі артады. Өйткені, жаңа ереже бойынша, егер ол сенімді ақтамаса, сайлаушылар кері қайтарып алады. Рас, бұл да ұзақ шаруа шығар, бірақ келешекте мұндай жәйді де көріп қалуымыз ықтимал.
Мәжіліспен бірге мәслихаттар да жаңармақ. Қаржы үнемдеу сылтауымен мұндай тәсіл де тәжірибеге енді. Жергілікті өкілетті орган Сенат депутаттарын сайлап, енді өздері қайтадан сенімге ие болмақ. Бұған да тың күштер келері кәміл. Тек кімдер? Олар сайлаушыларға нендей уәде береді? Жергілікті ахуалды айықтыра ала ма? Қазір байқап жүргеніміздей, мәслихаттарда отырғандардың дені кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлер. Бұл атқарушы билікке де тиімді. «Халықтың қалауы» деп, біраз шаруаны солар арқылы тындырып алады. Бюджет қаржысын үнемдейді. Мүмкін мұндай әдіс тиімді де шығар, бірақ нағыз депутат емес қой.
P.S. Сонымен, тағы бір дүбірлі дода басталды. Қайталап айтқанда, ол бұрынғылардан басқаша болмақ. Халық нағыз әділ сайысты күтеді. Өкілетті органға өз ісінің шеберлері ғана емес, жұрт үшін жанын беретін елжанды азаматтар келуінен үмітті. Ендеше, іске сәт!
Меңдібай СҮМЕСІНОВ