(Әбіш Кекілбаев ғұламаға арналған екі томдық энциклопедия жарық көрді,үшінші томы дайындалу сәтінде)
«Шығармашылығы»
Сөз басында айта кеткеніміз абзал, бұған дейін біртуар тұлғаларымыздың ешқайсысына әлі дәл мұндай көптомдық арналмаған екен. Энциклопедия Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырысымен Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, замана заңғары Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығына орайластырылды депті, алғашқы бетінде. 2018 жылдың 6 сәуірінде басуға қол қойылған бүтіндей 800 бетке таяу өте көлемді дүние 5 мың дана таралыммен оқырман қолына енді-енді тиіп жатыр. Қазіргі екі томдықтың әрқайсысы осынша беттен тұрар болса, оның қай жерінен бастап сөз қозғап, оқырманға түсінік берудің өзі қияметтің қайымы екен. Әрине, бұндай күрделі еңбек бір-ер адамның қолынан келеді деп айту асыра сілтегендік болар. Бүтіндей авторлар тобының күндізді қойып, кешті сарыала таңға ұластыра жасаған жанкештілігінің арқасында шыныменде мұхиттай шалқар, шыңырауына жету мүмкін еместей терең дүние игерілген ақыры. Бұл арада әйгілі «арыстанушы», бірегей дүниенің жауапты редакторы, филология ғылымының докторы, еліміздің белгілі ғалымы, жерлесіміз Ғарифолла Әнес Қабдолқайырұлының ұшан теңіз, жылдарды-жылдарға ұластырған зор еңбегін астын сызып айта кеткеніміз орынды әрине. Кітапты негізінен «Арыс» қорының «Энциклопедиялық басылымдар» бөлімінің жұмысшы тобы (жетекшісі Т.Алпысбаев) дайындады деп атап көрсетілген.
Энциклопедияның алғашқы томы шығармашылығына түбегейлі арналыпты. Екінші том – өмірі мен ортасы туралы баяндайды. Бірінші том Маңғыстау облысының сол тұстағы әкімі Ералы Тоғжановтың «Руханият шырағданы» деп аталатын кіріспе сөзімен ашылыпты. Онда: «Көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев қазақ халқының әлем алдында бетке ұстар тұлғаларының бірі еді. Классикалық көркем шығармаларымен ХХ ғасырдағы әлемнің үздік жүз жазушысы қатарынан орын алған ол сол арқылы қазақ әдебиетін де өзі шыққан биікке көтеріп, абыройын асқақтатты.
Мәңгілік елді мұрат тұтып, осы жолда ұлттық ұстанымдарымызды бекітіп, рухани жаңғырудың өміршең үдерістерін бастан өткізіп жатқан бүгінгі қоғам дамуы мен ұрпақ алмасуының тағдырлық тұсында Әбіш ағаның ізгілікті, асыл мұраларынан сусындап, бойға сіңіріп, ойға азық етудің маңызы зор» депті.
Кітаптың «Шығармашылығы» аталатын бірінші томында нелер бар, оны ғұламаның мұрасын зерттеп, зерделеу жолында санасы жұқарса да сабырға алдырып, істі тиянақтаған профессор Ғарифолла Әнестің «Оқырманға арнау» сөзінен аңғаруға болады. Осы арнау сөздің өзі «Феномен», «Заманауй энциклопедия», «Шығармашылық» атты томы», «Болашаққа бағдар» аталатын бөлімдерге бөлінген. «Феномен» бөлігіне құлақ қойдық. Посткеңестік әлемде, әсіресе орыс руханиятында «алпысыншы жылдықтар» деген ауқымды тарихи құбылыс бар екен. Коммунистік-сталиндік жүйенің күйреуінен соң дүмпу болып жарылған жыл құсындай жаңа толқын өкілдері кеңестік мәдениет пен руханияттың жалаугеріне айналды. Осы бір рухты жарылыс қазақ топырағына да үркердей таланттар шоғырын – ақын – жазушыларды, сазгер, суретші, киногерлерді дүниеге алып келсе, міне, осы «алпысыншы жылдықтардың» қазақ топырағындағы көшбасшысы Әбіш Кекілбаев болды деп батыл айта алады. Ол өзінің классикалық шағын прозасымен сол кездің өзінде Еуропада (неміс жұртында) жоғары баға алып ғана қоймай, қоғамдық және мемлекеттік қызметтерімен де ұлтымыздың өсу, даму баспалдақтарындағы жаңашыл, прогресті бастамалардың көш басында тұрды. Оны тіпті мол рухани мұрасы мен еліне сіңірген еңбегіне қарап ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовтың бірегей орын-ұстынымен шендестіре алады екенбіз. Тумысында гуманист жазушы, энциклопедиялық білімге ие ғұлама, аузы дуалы шешен би, ұлт жанының білгірі, кең пейілді, жұмсақ жүректі жан тұлғасы уақыт өткен сайын өркештене, зорая түсеріне шандырады.
Ғарифолла Әнес бауырымыз неге бұл кітапты «Заманауй» энциклопедия» депті? «Бүгінгі өркениеттің басты белгілерінің бірі-ұлттық Ғылым академиясы мен төл энциклопедиялық басылымдарының болуы керектігі десек, соңғы жылдардың өзінде бірнеше баскітаптар Алматыдан (1), тіптен облыс орталықтарынан да (2) дайындалып, басылып шықты. Таяуда ғана А.Байтұрсынов пен М.Мақатаевқа және қырғыз ағайындардың Ш.Айтматовқа арнаған энциклопедиялары жарияланды (3). Бір айта кетерлігі – бұлардың бәрі дәстүрлі жосықпен, яғни «А»-дан «Я»-ға дейінгі әліпбилік түзіліммен жасалған еңбектер. Біз де күні кешеге дейін осы қағидатты ұстанып, әйлігі «Лермонтов» энциклопедиясын (4) үлгі тұтып келген болатынбыз» дейді автор.
Ғұлама Әбіштің энциклопедиясын жасаушылар қорытып айтқанда, жаңа бір өзгеше дүниенің кілтін таба алмай жүргендерінде қолдарына «Достоевский» энциклопедиясы түседі. (5). Осы бір игілікті іске, жалғыз-дара еңбегіне 30 жылын құрбан еткен проф. Н.Н.Наседкин кітапты әрқайсысы өз ішінде әліпбилік түзілім құрған үш үлкен тарауға бөліпті. Яғни: «Шығармалары», «Кейіпкерлері». Һәм «Достоевскийдің айналасы».
Әбіштанушы зерделеушілерді тың жолға салып, жаңаша дүние жасауға итермелеген «Достоевский» энциклопедиясы бұрынғы баскітаптарда көзге ұрып тұрған «әттеген-айлардан» арылуға мүмкіндік берген. Осындай ізденіс үстінде, қиын жолды таңдау барысында «Әбіш Кекілбайұлы тұлғалық энциклопедиясы бір-бірін қайталамайтын екі тарау жолмен зерделенген. Оның алғашқысы «Шығармашылығы деп аталып, тәжірибе-байқау ретінде «Сөз» жинағы (6) дүниеге келген. Ал жыл-жылға, ғұмырбаяндық деректерге құрылған келесі бөлім «Өмірі мен ортасы» аталып, оның да ықшамдалған түрі жарық көрген. Осылайша заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық лабораториясының қыр-сыры ашылып, жазушының феномендік қасиеті айқындала түскен.
Ғарифолла Әнес ғалым жерлесіміз «Шығармашылық» атты томында ғұлама Әбіштің мұрасын жанр-жанр бойынша 7 тарауға бөліп талдаған. «Поэзия» тарауында 147 өлеңі мен 2 шағын поэмасы және 19 аударма жыры талданған. Ақын Әбіш жырларының «Ұйқастар сөздігі» қосымша 3-томға берілетіні жоспарлануда. «Проза» тарауында жазушының 13 әңгімесі, 10 повесі және 3 романы әңгіме өзегіне айналған. Жазушыны әлемге мәшһүр еткен шағын прозасын зерделегенде шығармаларының автобиографиялық және географиялық қырлары жете ескерілген. Ал, «Мақалалар» тарауында 660 туынды, оның ішінде сыни-57, сұхбат-93, эссе-57, қазанама-38 сынды жазбалар да әліпбилік жүйемен тізбектеліп сөз етіледі.
«Болашаққа бағдар» бөлімі бойынша зерттеуші профессор, осы бір ауыр жүкті қаймықпай мойынға алып, қаймағын қалқыған Ғарифолла Әнестің өзіне берсек: «Ұлы суреткердің мол мұрасын танып-біліп, насихаттау барысында көптеген «ақтаңдақтар» алдымыздан жолығуда. Біз екі-үш жылдан бері тынымсыз атқарып келе жатқан жазушы шығармаларын текстологиялық тұрғыдан зерделеу ісі тоқталмауы тиіс деп білеміз. Бұл әсіресе Ә.Кекілбайұлының жаңа латын әліпбилі басылымдарында, толық нұсқалы аудармаларында қатаң ескерілер мәселе. Сондай-ақ ойшыл ғұламаның жеке архиві де әзірге ашыла қойған жоқ. Алдағы уақытта әлі де айқындала түсер ақиқаттар, тың тұжырымға әкелер нақты деректер, жарияланбаған жазбалар мен орындалмаған армандардың жай-жапсары келесі томдардың жүгіне айналары сөзсіз»-дейді автор. Демек, Әбіш Кекілбайұлы сияқты дара дарын, халқымыздың асыл перзенті жайында жазылар зерделеу еңбектері қолымыздағы әрқайсысы 800 беттік екі томдықпен, енді қолға алынған үшінші томдықпен де шектелмейді деген сәулелі үміттің шындыққа айналары кәміл.
Әбіш Кекілбайұлының «Шығармашылығы» деген атау иеленген бірінші томдық энциклопедиясында поэзиясы, прозасы, әңгімелері, хикаяттары, романдары, драматургиясы, аудармалары, тарихи-танымдық туындылары, сапарнамалары, мақалалары түгел дерлік әңгімеленіп, талданады.
Мысалы поэзиясын алайық. «Өлең-сөздің патшасы…» деп тақырып қойылған. Мұнда бірден-ақ Әбіштің өлеңдері талданып, талқыланып кетпейді, әуелі поэзия деген не өзі, осы сұраққа толыққанды жауап беріледі. Қазақ поэзиясы туралы сөз былай басталады. «Қазақ поэзиясы – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерінің асыл қазынасы. Қазақтың сөз өнері – поэзиясының тегі әріден, түркі тілдес тайпалардың өз алдына халық болып қалыптаспай тұрған кезінен басталады. Халық фольклоры мен поэзиясының негізі сол тайпалар шығарған ертегі, аңыз, мақал-мәтелдерде жатыр. Мәселен, ежелгі замандардағы сақтар мен ғұндардың аңыз-әпсанаға айналып кеткен ерлік тарихынан, көк түріктердің ежелгі қаһармандық шежіресінен сыр шерткен жыр-дастандар бертін келе қазақтың батырлық жырларының идеялық және көркемдік тұрғыдан қалыптасуына тікелей ықпал етті»- деп алып қазақ халық поэзиясының бастауынан өркендеуі аралығындағы жолды түгел шиырлап, бүгінгі дәуірлеген, жетілген тұсын түгел қамтиды. «Жыраулық поэзия». «Зар заман – әдеби ағымы». Бұларға жеке-жеке түсініктемелер берілген. Сол сияқты Әбіштің де өлеңдерінде молынан кездесетін, поэзияны бір тұтас киіз үй десек, оның уық, шаңырағы, басқасы сияқты метафора, ұйқас, егіз ұйқас, философиялық ой-түйін, шендестіру, қара өлең ұйқасы, шалыс ұйқас, мысқыл, шұбыртпалы ұйқас, аралас ұйқас, дамыту (градация), азаматтық позиция, мысал, лирика, аллитерация, ассонанс, ода, т.б. поэзия құралдарына ғылыми тұрғыда түсінік берілген.
Мысалы Аллитерация (лат. Allittera – дыбыстас) – дауыссыз дыбыстардың қайталануы арқылы әдеби тілді ажарлап, сөздің реңін келтіретін көркемдік тәсіл. Ал, Ода-деген не дейтін болсақ, көркем әдебиеттегі көтеріңкі пафоста жазылған поэзиялық шығарма; мадақ өлең, қошемет екен. Поэзияны жан-тәнімен сүйіп, санасын ойға суарып жүрген талапкер ақындар үшін олар білуге тиіс таптырмайтын дүние деуге толық құқылымыз.
Осы Әбіштің поэзиясы әңгіме болар тұста, бұл өлеңі қашан, қай кезде жазылып, қайда жарияланған, көркемдік дәрежесі, өзге ақындардан ерекшелігі неде, әлгі айтылған әдеби құралдарды қолдануы бәрі тайға таңба басқандай анық та қанық талданып көрсетілген.
Энциклопедияның «Шығармашылығы» атауындағы бірінші томының 16-бетінен мыналарды оқырман назарына ұсынамыз: «Белгілі қаламгер Ә.Кекілбаев та әдебиетке өлең арқылы келді. Оның 1962 жылы баспадан шыққан «Алтын шуақ» деп аталатын тұңғыш кітабы да – өлең кітабы болатын.
Жинақ туралы сыншы Б.Сарбалаев «Жастықтың лебізі» атты мақаласында: «Алтын шуақ» автордың ғана емес, жастықтың лебізі. Осы өлең жинағымен-ақ өлең өлкесінен өз орнын алды, бүгінгі күні де өз орнын алып отыр. Өйткені жақсы жыр жадау тартпайды, жылдар жылжыса да жат болмайды… Аталған «Алтын шуақтың» құндылығы да сонда, ол кезінде қазақ әдебиеті үшін, қалың оқырман қауым үшін Әбіш Кекілбаев атты күйіп-сүйетін, ойлы, сезімтал жас ақынды ашып берді. Алдында шешеннің тілі күрмеліп, ердің қолы қалтырайтын, ақиқаттың көзіне тура қарай алатын, тура қарай бастаған ақынмен таныстырып қойған жоқ, табыстырып та жіберді»-деген пікір айтса, академик Серік Қирабаев: «Әбіштің суреткерлігін байқататын өлеңдерінің көбі табиғатқа, туған дала бейнесін танытуға арналған. Олардың суреттері нақты образдардан тұрады.
Қыс («Екі бетті қызартып, жіберді тартып жағымнан») күз («Күлмейді күміс бұлақ, бұйығыңқы, күндегі мінезі жоқ, жасып ақты… Алқаптың балбыраған шалғыны жоқ, орнында көк сүмелек мұз қалыпты») бейнелерін суретке түсірген ақын жазғы түнді, көгілдір аспанды, аспандағы ай суреттерін адам тіршілігімен ұштастыра бейнелейді.
Энциклопедияның 19-ы бетінен. «Абайла, бауырым, абайла…» 1969 жылы жазған өлеңі. 1999 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Дүние ғапыл» кітабында жарияланған. Жазушының 12, 20 томдық шығармалар жинағына енген. Әрқайсысы төрт тармақтан тұратын, жеті – сегіз буынды қара өлең ұйқасымен өрнектелген алты шумақты өлең философиялық астарда жазылған. «Абайла, бауырым, абайла» Ала көрме у ұрттап; «Абайла!» деген Абай да, ұнатпасаң да ұғып бақ…»-дейді автор.
Абай өлеңдерінде кездесетін философиялық астар мен терең таным байқалады. Өлең тұнып тұрған метафора – образ. Мысалы: «Арман дейтін – арғымақ, шындық дейтін – шабан ат… Сезім дейтін – сел нөсер, Төзім дейтін – қара жер…» Өлеңдегі метафоралық өрнектеулер жаңа образдар жасап, сөздердің экспрессивті әсері мен эмоционалдық бояуын арттыра түскен. Міне, біз әңгімелеп отырған бірінші томдықта әдебиеттегі алғашқы қадамын поэзиядан бастаған ғұлама Әбіштің өлеңдері түгел дерлік осылай талданып бағаланады.
Әңгімелері, хикаяттары, романдары, драматургиясы, аудармалары, тарихи-танымдық туындылары, сапарнамалары, мақалалары, бәрі-баршасы қашан жазылды, қайда басылды, нені айтып тұр, әбедиетімізден алар орыны, жаңалығы, тағы басқа құндылықтары түгел дерлік жіліктеліп шағылып әдеби, тарихи тұрғыда талданады.
Мысалы Романдары туралы жазбас бұрын, роман дегеннің өзі не?-деген сұрақтың жауабына үңілдіреді. Арғы-бергі тарихын саралайды. Шап-шағын анықтамасының өзі дәлме-дәл, ұғымға жеңіл. «Роман-сюжеті көп желілі, кейіпкерлер саны мол, көлемді эпикалық шығарма. Лирика мен драма жанрларының сипаттары да кірігіп отырады, әңгіме мен повеске қарағанда онда түрлі оқиғалар жүйесі, қаһармандар қатары кеңірек қамтылады. 11-12 ғасырларда француз тілінде жазылған көркем туындылар осылай аталады, өйткені француз тілі –роман тілдері тобына жататын». Міне, осыдан кейін ғана «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең – алаң» туралы жан-жақты әңгіме өріс алады.
Энциклопедия беттеріне түрлі иллюстрациялар, сол тақырыптың мазмұнын байыта түсетін түрлі-түсті суреттер, қазақтың біртуар тұлғаларының, әрине көбісі дерлік Әбіш Кекілбайұлымен тағдырлас әдебиет, өнер, мәдениет, ғылым-білім қайраткерлерінің суреттері шағын өмірбаяндарымен әр бетке анық бояумен орналастырылған.
Баскітаптың 769 бетінен ақырына дейін библиографиялық көрсеткішке орын берілген. Онда ғұлама Ә.Кекілбайұлының шығармаларының толық жинақтарының, шығармаларының жеке басылымдарының, шығармашылығы туралы әдебиеттердің, кітап, жинақтардың, оның шығармалары бойынша қорғалған диссертациялардың, Әбіш Кекілбаев шығармашылығы туралы мақалалар мен сыни ой-пікірлердің толық деректері түзілген.
Заңғар жазушы, ғұлама ойшыл, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының «Шығармашылығы» атауын иеленген бірінші томдығының негізгі айтар ойының жалпы нобайына қысқаша ғана осылай таныстырылымды профессор, ғалым жерлесіміз Ғарифолла Әнестің жазбалары негізінде жасадық. Әбіштің шығармашылығына үңілген кәріге де жасқа да ашылған даңғайыр жолды осы деп нұсқауға толық құқылымыз.
«Өмірі мен ортасы»
«Әбіш әлемі» жобасын жүзеге асыруда «Арыс» қоры (баспасы) өзінің «жаңа энциклопедия» сериясы бойынша «Өмірі мен ортасы» деген атау аясында 800 беттік екінші томдықты шығарып, оның мұрасына ынтазар жұртына баға жетпес сыйкәде жасады. Бұл қомақты дүниені бірінші томдықтың заңды жалғасы десе де болады.
Екінші томдықтың алғашқы беттеріне Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Серікбай Тұрымовтың «Ұлы жазушы», ұлт қайраткеріне — «Ел құрметі» тақырыбымен бет ашар мақаласы орналасқан. Ондағы айтылғандарды қара сөздің де, дана сөздің де сұңғыла сүлейі, замана заңғары Әбіш Кекілбайұлы перзенттеріне деген маңғыстаулықтардың ортақ, жүрекжарды лебізі деп қабылдаған орынды. Кіріспе мақаладан бір ауыз сөз: «Әбіш аға майлықиян ту өлкені жат езгісіне бермеген, рухы асқақ Маңғыстау сынды құнарлы да құйқалы өңірдің төл перзенті екенін іштей мақтаныш тұтсақ та, исі қазақтың бетке ұстар мақтанышы, қайталанбас бетке ұстар тұлға екендігін естен шығармаған абзал. «Қазақ жерінің әр пұшпағы-сәждем, әрбір тасы-Қағбам» деп, тебірене де, емірене толғайтын Әбекеңнің қай уақытта да сарабдал сағынышы мен мұңы-шерін басатын көз қуанышы байтағы – ұланғайыр қазақ даласы, көшпенділердің Ұлы Даласы!»
Бұл екінші томдыққа да оқырман үшін арнау сөзді қом да сом дүниенің жауапты редакторы ғалым жерлесіміз Ғарифолла Әнес жазған. Оны дәлме-дәл көшірмегенімізбен ұққанымызды қағазға түсіру қажет деп ұйғардық.
Бұл еңбекті дайындау үстінде оның ықшамдалған тәжірибе-байқау ретіндегі үлгісі- «Әбіш жолы», «Әбіш тағылымы» жинағын оқырманға ұсынған осы «Арыс» баспасы. Сонымен бірге ҚР Ұлттық кітапханасымен бірлесе отырып, алдағы іргелі жұмысқа қолғанат ретінде, әрі болашақ Әбіштанушыларға құбылнама бола алатын «Әбіш Кекілбаев» атты библиографиялық көрсеткішті де мол таралыммен жарыққа шығарған осы «Арыс» қорының игілікті ісі.
Екінші томға үлгі-нысана ретінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Шежіре» кітабы басшылыққа алынған. Десек те, бұдан бірнеше жылдар бұрын жарық көріп, кейін отандық ғылымда жалғасын таппаған жеке-дара зерттеу еңбекті дәлме-дәл қайталап, оның көшірмесі сынды дүние туғызу абырой бермеген болар еді.
Сол себепті «Арыс» баспасының шығармашыл ұжымы кітап өндірісі саласындағы ширек ғасырлық жүріп өткен жолын қорытындылай келе, бұл жобада дәстүрлі канондарды сақтай отырып, жаңа үлгідегі энциклопедиялық басылым түзе алған деп қайталап айтамыз.
«Екінші томдықта Ә.Кекілбаевтың өмір жолы, ғұмыр баяны, қызметтік сатылары бойынша тарамдалады, ал әр тараудың ішінде жыл-жылға болу принципімен хронологиялық жүйе қатаң сақталады. Бұрынырақта реестр мақалалары қатаң әліпбилік тәртіппен тізбектелетін жүйеге әбден көзі үйренген оқырмандарға энциклопедиялық басылымда материалдың бұлайша тарамдалуы, жаңаша іштей бөлшектенуі алғашында біртүрлілеу көрінуі әбден мөмкін. Әйтсе де «Заман-басқа, заң-басқа» дегендей, қазіргі цифрланған, интернетті кезеңде энциклопедиялық басылымдардың басты анықтамалық қызметінен гөрі танымдық мақсатта қолданылуы белең алып келе жатқандықтан, «сірескен» ғылыми мақалалардан гөрі мазмұнды да көркем, танымды да оқылымды дүниелерге сұраныс артып отырғанын ескермеске болмайды. Әр жылда елімізде болған маңызды қоғамдық-саяси оқиғалар мен Әбіш Кекілбайұлының жеке басына қатысты фактілер алдымен сараланады. Одан соң осыған дейін еш жерде жарияланбаған мұрағаттық деректер нақты құжат ретінде рәсімделді.
Сөз соңында осы жобаның дүниеге келу идеясына мұрындық болған, әрі көптеген мақалалардың авторы маңғыстаулық қаламгерлер Әбілқайыр Спан мен Левен Сәдуақасовтар екенін еске сала кетпекпіз. Жобамызды қаржылай қолдап келе жатқан Маңғыстау облысының Әкімдігіне мың алғыс! Сондай-ақ мұрағаттық материалдарды барынша қамтуға қолғабыс жасаған белгілі архиварус Людмила Дәулетқызы Дегетаеваға, тілектес әріптесіміз ҚР Ұлттық кітапханасы мен Орталық ғылыми кітапхана ұжымына айтар алғысымыз шексіз.
Проф. Ғарифолла Әнес.»
Екінші том-«Өмірі мен ортасы» аталатын қалың кітаппен танысқан кім-кімнің де ғалым Ғарифолла Әнестің бұл айтқандары ауытқымас темірқазық екендігіне шүбәсі қалмасы анық.
Бұл баскітап (екінші том) мынадай бөліктерден тұрады: «Ататек. Әулет. Отбасы». «Әбіш-оқушы» (1947-1957): «Әбіш-студент» (1957-1962). «Қазақ әдебиеті» (1961-1963). «Лениншіл жас» (1963-1965). «Мәдениет министрлігі» (1965-1968). «Совет офицері» (1968-1970). «Қазақфильм киностудиясы» (1970-1975). «Компартияның орталық комитеті» (1975-1984). «Мәдениет министрінің орынбасары» (1984-1986). «Жазушылар одағы» (1986-1988). «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының төрағасы (1988-1989). «Сындарлы жылдар. Тәуелсіз Қазақстан (1989-1995). Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы (1996-2002). «Сенат депутаты» (2002-2010). «Құрметті демалыста» (2011-2015). «Жерлеу рәсімі (12.12.2015). «Қазанама». Міне, осы бөлімдерде Әбіш Кекілбайұлы кешкен ғұмырдың қалтарыс-бұлтарысы түгел сүзіліп, айнаға түскендей жарқырап ашылған.
Ал, онымен егжей-тегжейлі танысуды қажет деп тапқан сұңғыла оқырманның өз еншісіне қалдырып, бастапқы «Ататек» бөлімінен мыналарды назарға беру қажет деген тоқтамға келдік:
«Классик жазушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Оңды ауылының Мырзайыр жерінде дүниеге келді. Кіндігі Мырзайыр құдығына таяу қара жұртта кесілген. Сол құдықты шаруагер ел әлі күнге пайдаланады, бәлкім жердің аты да сол су көзіне байланысты қойылған болуы мүмкін…
Адай-ру аты. 25 таңбалы кіші жүздің Байұлы тобына кіреді. Ұраны-Бекет, таңбасы-жебе. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан шежіре («шежіре»-араб тілінен аударғанда үрім-бұтақ, тармақ деген ұғымды білдіреді) бойынша Адай, шамамен, 15-і ғасырдың аяқ кезінде өмір сүрген делінеді. Құдайке, Келімберді деген екі баласы болған. Құдайкеден екі бала-Тәзіке және Қосай, Келімбердіден алты бала: Құнанорыс, Ақпан, Балықшы, Бұзау, Тобыш, Мұңал. Ә.Кекілбайұлы Адайдың Тобыш тайпасына жатады. Тобыш-Ораз-Жайық-Әлмембет-Зорбай-Жанай-Қожаназар-Таған-Көпжасар-Өтек-Жаманқұл-Қоқым-Кекілбай болып таратылады. Әбіштің нағашы жұрты-Мұңалдар. Оның Бәйімбеті. Бәйімбеттің Сарболаты (Байпақ).»
Әкесі Кекілбай туралы
Энциклопедияның осы II-томындағы 35-39 беттер аралығында әкесі Кекілбай, анасы Айсәуле туралы, ататек жайында біраз деректер бар. Әкесі Кекілбай туралы қысқаша айтылған мына жолдар жеткілікті деп ойладық: «…Әбіш ағамыз әкесінің қазасы туралы хабар-ошарды, оның бейітін талай жылдар бойы талмай іздеумен болды.
Сірә Сталинград маңындағы қан-қасаптан аман шықпаған болды ғой деп жүргенде Кекілбай Қожабайұлының 1943 жылы Смоленск облысы, Глинковск ауданы, Милеево деревнясы маңында қаза болғаны, осы жердегі бауырластар зиратына жерленгені белгілі болды.
2018 жылдың жазында Кекілбайдың немере-шөберелері Әбдірашит Мұқырұлы, Дәулет Әбішұлы, Абыл Әулетұлы аталарының жерленген жерінің топырағын алып келген болатын. 2019 жылдың тамыз айында ол Қамысбай қауымындағы Айсәуле мен Бибіжанның, Әулет Әбішұлының, Мұқыр Ниязұлы мен Шәкен Өтеуқызына тұрғызылған күмбездердің арасына қойылды, ескерткіш-тақта орнатылды.
Әбіш әкесін армандаумен дүниеден өтті. Талай-талай сағынышқа толы өлең жолдарын арнады. Ол шығармалары газет-журнал беттерінде, «Алтын шуақ», «Дүние ғапыл» кітаптарында жарияланды. «Жиырып алашұбар алашаны, Жиылып бала-шаға бал ашады, «Келеді көкем, сақа алшы түсті!» Көп бала көк сақаға таласады. Солармен мен де бірге бал ашамын. Қуанам, алшы түссе, «Келеді!» деп, үстінде тайраң салып алашаның» дегендей жолдардан баланың әкеге деген сағынышы бейнеленеді.»
Анасы Айсәуле Жұмабайқызы
«Азан шақырып қойған аты Күнсәуле. Енесінің аты да солай болған соң Айсәуле деп өзгертілген. Дәулетті, ел ішінде аты шыққан, бүкіл рулы елі ұлықтаған Өтесбай бидің немере қызы, Жаманқұл байдың немере келіні болғанымен, тағдырының тұзы тым ауыр соқты. 1931 жылдың ұлы сүргінінде мал-мүлкі тәркіленіп, үй-ішімен босып, Түркіменстанның Красноводск қаласына барып паналаған. 1937 жылы босқын қазақтарды елге қайтару жөніндегі О.Исаев басқарған үкімет комиссиясының үгітімен, Маңғыстауға келіп, Оңдыда колхозға кіреді. Күйеуі Кекілбай соғысқа кеткен соң, Таушық көмір тресінде шахтаға түскен. Стахановшы болған. Көмір тресі жабылған соң Оңдыға оралып, колхозшы ретінде мал баққан, құрылыс салған. Орскідегі ет комбинатына мал айдап барған. Күйеуінің соғыс тұсында Оңдыдағы ауыл кеңесіне келген «қара қағазының» хабарын қариялар оған 1950 жылы ғана естірткен. Әбіш оқуын бітірген соң, жалғыз ұлына қарайлап Алматыға көшіп келді, өмірінің соңғы жылдары Астанада тұрды. Баласы тартқан қиындықты бірге тартты, ол көрген жақсылықты бірге көрді. 2001 жылғы 29 қарашада дүние салды. Астанадан ұшақпен әкелініп, ата қауымы Қамысбайға жерленді. Үш қыз, бір ұл, төрт перзенттің анасы». Энцикл.2-том, 43 бет.
Әулеті
Әбіш Кекілбайұлы шаңырағында ер кіндіктен жалғыз, екі апасы, бір қарындасы бар.
Кекілбаева Дыбыс (1931-2015) – Ә.Кекілбайұлының апасы. Кекілбаева Қарагөз (1934 ж.т) – Ә.Кекілбайұлының кіші апасы. Кекілбаева Тілектес (1942 ж.т.) – Ә.Кекілбайұлының соңынан ерген қарындасы. Деректер қысқартылып алынды. Энцикл. Екінші том, 53-54 беттер.
Жұбайы және ұрпақтары
Жұмабаева Клара (1941 ж.т) – Әбіш Кекілбайұлының зайыбы. Жоғары білімді дәрігер. Ақтөбе медициналық институтын бітірген. (1963). Еңбек жолын Алматы қаласында учаскеліктен бастады. Еңбек кітапшасында жалғыз-ақ сөйлем жазылғандай, Алматыдағы №:1 қалалық емханада қатардағы дәрігер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сол жерден зейнеткерлікке шықты. Екі ұл (Әулет, Дәулет), екі қыз (Зәузат, Сәулет) тәрбиеледі. Абыл, Зухра, Жібек, Батухан, Баязит, Елдар, Алуа деген немересі, Әділ деген шөбересі бар… Ұлдары үйленген, қыздары тұрмыста»…
Энцикл. Екінші том, 55-бет.
Сөз соңы немесе қорытынды
Бала жасынан даналыққа түрен салған, күндер өте келе ғұламалық даралығымен ел жұртын мойындатқан, халқымыздың рухани тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-саяси өмірінде өзіндік мәңгілік ізін табыралаған заманымыздың заңғар тұлғасы, бұлақ ойлы, кемеңгер жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы қалдырған мол мұра (1939-2015) келешекте де күллі адамзат баласының сарқылмас қазынасы болып, жаһандық өркениеттің озық тұсында жарқырай түсері шүбәсіз ақиқат.
Көрнекті қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев қазағым деп қайғы ойлаған дария дана, бірегей дарын, қабырғасы қайыса жүріп ел Тәуелсіздігінің мәңгілігін мұрат тұтқан, әлем алдында өзінің бетке ұстар тұлға екендігін мойындатқан аса ірі саяси қайраткер.
Ұлы Мұхтар өзінің «Таңдамалы шығармалары жинағының» 12 томдығын да, кейінгі 20 томдығын да көре алмай кетсе, заманының тыныштығы арқасында Әбіш Кекілбаев көзі тірісінде-ақ 12 және 20 томдықтарын қолына ұстап, қызуын сезінгенін айтады профессор, бірден-бір Әбіштанушы, осы энциклопедиялардың өмірге келуі үшін үш жыл бойы үзбестен сарыала таңнан тұрып сарыла ізденген, қаламын бауырына қысып көз шырымын алған Ғарифолла Әнес бауырымыз.
Әбіш ғұламаның бүкіл классикалық шығармаларын терең ойлы ізденіспен зерделеп, халықтық асыл қазынаға айналдырған, өскелең ұрпаққа өлшеусіз олжа қалдырған, осы жаңаша энциклопедияларды жарыққа шығарушы барлық жұмысшы топ өкілдеріне саналы жұрттың өкілдері болып, сан рет алғыс айту жарасымды.
Қорытынды сөзіміздің соңын Ғарифолла Әнестің мына пікірімен аяқтағалы отырмыз: «Жазушының бір баласы өз жүрегін жарып шыққан кітабы ғой. Осындайда еске түседі: біз өз бастамамызбен Әбекеңнің «Дүние ғапыл» өлеңдер жинағын және «Үш белес» кітабын қолына тигізіп, ойламаған сый жасағанымызда, шаралы көзі боталап, барша қазақ баласын көлеңкесімен қорғап жүретін ағамыздың ерекше риза болып, мейірлене түскенін көргенбіз. Әсіресе, «Дүние ғапылды» қолына мәпелеп ұстап: «Мені, енді қартайғанда ақын жасамақсыңдар ма?»- деп толқығаны естен кетпек емес…»
Біз әңгімелеген қос томдықта мұрағаттан алынып, тұңғыш жарық көріп отырған қаламгердің қайраткерлігіне қатысты көптеген автографтары, жазбалары, қатынас қағаздары баршылық екен. Алдағы уақытта жазушының жеке архиві ашылған кезде күтпеген талай ескі де жаңа деректерге, бізге беймәлім қолжазбаларға кезігеді екенбіз. Бірегей Әбіштің болашақта академиялық толық жинағы құрастырылады деген үміт үкілейді. Сіз бен бізге сол күнге жету бұйырмысы болсын, ардақты ағайын! Әбіш Кекілбаевтай Тұлғаның тағдыр талайы мен шағармашылық асыл мұрасы рухани тынысымызды ашып, ой өрісімді кеңейтіп, ұрпағымыздың келешегін кемел жолдан көрсетеріне шанымды болайық.
Таңатар Дәрелұлы,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.