Еңбек ардагері Тыныштық (Жеңіс) Шәкімұлы Азановпен сұхбат
-Сіз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өмірге келген ұрпақтың өкілісіз.Өмір белестерінен сыр шертіп көрсеңіз.
Менің төлқұжаттағы есімім- Тыныштық.Ауылдастарым Жеңіс деп кеткен. 1945 жылдың 12 мамырында Жарсуат ауылында туғанмын .Әкем- Шәкім Азанов. Анам- Ұлша Азанова. 1963 жылы Жұмазия Лұқпанова мен отау құрдым. 1946 жылы туған.Отбасында 8 бала:3ұл, 5 қыз.Ұлдарым :Берік,Сағат,Жанат; қыздарым: Нұрлаш, Гүлжан,Айжан, Гүлзина, Құралай.1951 жылы Жарсуат ауылындағы мектепке оқуға бардым. Ұстазым- Бибіш апай (Бибінұр).1959 жылы сегізінщі класты әуелі Зеленыйда
(қазіргі Көктоғайда), кейін Елтай дағы орта мектептің пансионатында жатып,оқуды бітіріп шықтым. Әкемнің сырқатына байланысты, (ол кісі майданнан ауыр жараланып келген еді) оқуымды жалғастыра алмадым. 1960 жылы орта мектепті бітірмегендіктен, РУ- ремселенное училищеге, ағаш шебері мамандығына оқуға түстім. 1961 жылы Қосшағыл ауылындағы мұнай кәсіпшілігінің (промысел) ағаш өңдеу цехына өндірістік практикаға бардым. Осы жолы алғаш «Еңбек кітапшасына» ие болдым.
Осы оқу орнында 2 жыл оқып, ағаш шебері мамандығын алып шықтым.
1959 жылдан бері әкем Махамбет атындағы колхоздың аға шопаны еді.
1962 -1963 жылдары әкеме көмекші болдым. 1963 жылдың тамызында отау құрдым.1964 жылдың сәуір-мамыр айларында Кулагино (Есбол) ауылында трактористік курсты оқып, бітіріп, механизатор мамандығын алып шықтым.
Осы жылдың жазынан бастап, Жамбыл атындағы кеңшардың №3 бөлімшесінің трактор бригадасында 1965 жылдың тамызының аяғына дейін тракторист болдым. Бөлімше басқарушылары қойда –әуелі Сәрсекен аға, кейін Раш Батабиевтер; бригада басқарушы –Итен Жүндібаев. 1965 жылдың қыркүйегінде аудандық әскери комиссариаттың жолдамасымен автомобиль жүргізуші мамандығына оқуға бардым. 1965 жылдың 28 желтоқсан айынан 1968 жылдың 28 желтоқсанына дейін әуелі Байқоңыр қаласының қасындағы Төретам станциясында, (1966 жылдың 5- наурызына дейін), кейін Орынбор облысының «Союзная» станциясында автобатальонда әскери қызметімді өткердім.
1969 жылдың сәуір айынан бастап Жамбыл атындағы кеңшардың автомобиль жүргізушісі болып жұмысқа кірістім. 1970-71 ж.кеңшардың егіс бригадасына тракторист болып кеттім.1972 ж. кеңшар әкімшілігінің ұйғарымымен Орал қаласына «К-700» тракторының жүргізушісін дайындайтын оқуға кеттім. 1972-73 жылдары шаруашылықтың «К-700» тракторының жүргізуші болып еңбек еттім. 1974-78 жылдары кеңшардың егіс бригадасында тракторист болдым. 1978 ж. сәуірінен бастап, 1995 ж. аяғына дейін автомобиль жүргізушісі болып кеңшарда үздіксіз еңбек еттім. Үш жыл кеңшардың №2 қой фермасында аға жұмысшы болдым. 1999 жылдан 2004 жылға дейін Жарсуат өндірістік кооперативінің егіс бригадасының бригадирі және өнім өткізуші болып еңбек еттім. 2005-2006 жылдары егіс бригадасының қоймашысы болдым.
2008 жылдың 12 мамырынан бастап,зейнеткерлікке шықтым.
—Жарсуат ауылының қоғамдық, әлеуметтік,мәдени,саяси өміріне белсене араласқан азамат ретінде атқарған істеріңізді және алған марапаттарыңызды айтып өтсеңіз.
Еңбек жылдарында мынадай марапаттауға ие болдым.
«Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов медалімен», «Халық Қаһарманы» Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арналған белгісімен» және «Атырау облысы мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен,аудандық, облыстық мәслихаттардың «Алғыс хаттарымен» бірнеше мәрте марапатталдым. 2004-2006 жылдары Индер аудандық мәслихатының депутаты болып сайландым. Тұрғын үйге берілген екі жатақханаға газ желісінің тартылуына осы жылдары ықпал етіп, көптеген тұрғындардың алғысын алдым. Аудандық мәслихат депутаты болып жүргенімде Астанадан келген сенаторлардың алдына мәселе қойып, «Алғабас-Жорық», «Қурайлысай» каналдарымен су айдау үшін жеткілікті қаражат бөлініп, және жұмыстың нәтижелі аяқталуына депутаттық өкілеттігімді пайдаланып, ықпал еткенім есімде қалды. 2013-2016 жылдары Жарсуат ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы болып, ауылдық мәдени-әлеуметтік өмірінің дұрысталуына азаматтық үлес қостым.
2017 жылы республикалық «Мерейлі отбасы» байқауы аясында Индер ауданы бойынша I-орын иеленіп, облыстық байқауда жүлделі 3-орынға ие болдық.
-Әке-анаңыз бен олардың замандастары қандай қасиеттерімен сіздің есіңізде қалды?
Әкем Шәкім қарт та, анам Ұлша да көп сөзге әуес емес,қарапайым еңбек адамдары.Олардың замандастары: Донашев Жұмаш,Қадірғожин Сатыш-майдангер,Нұрғалиев Тоқтыбектер. Ұлша шешеміз-өте шаруақор,ұқыпты,немерелерін шаруақорлыққа,еңбек тәртібіне баулыған адам. 1942 жылы Жайық тасығанда,колхоздың қайығымен «Қабдол қауымынан Кулагинге басшы қызметкер, мамандарды құжаттарымен 3-4 ай бойы Ұлша анамыз апарып-әкеліп тұрған.Осындай жауапкершілікке толы қайраттылығы ел есінде қалған.
Менің білуімше,Бөдене,Жарсуат ауылдары 1929 жылы «Жаңа құрылыс» колхозына бірігеді.Басқарма төрағасы – Көпжанов Қайыржан деген кісі.
1930 жылы Қортанов Нұрхаш басқарма болады. Кейіннен Қапан Шүйінішқалиев, Қалам Ниязғалиев, Жұмажан Сағындықовтар басқарма төрағалары болып қызмет атқарды. Әсіресе, Жұмажан Сағындықовтың ауылдың еңбекшілерінің, малшыларының әлеуметтік- тұрмыстық деңгейін жақсартуға көп еңбек сіңірді,колхоздың экономикасын әділетті тәртіптің арқасында жоғарылата алған басшы. Бала күнімнен ерекше есте қалған бір жәйт бар еді. Соны әңгімелеп көрейін. Шамасы, 1955-1956 жылдары болу керек, ақпан айының орта шамасы, мен үйде едім. Ол жылдары қыс қатты болады,күн боран. Түс қайтқан мезгіл. Ауылдан атшанамен басқарма Жұмажан,ферме басқарушысы Көміров Жайбасар екеуі келе қалды.
«Жаманқұдық» қыстағындамыз, ауылдан 21- шақырым. Әкем шанамен шөп әкеліп, көмекшісі Исағали қарт екеуі қойға шашып жатыр еді. Бұны көрген басқарма шанадан түсе салып, қолында сегіз өрме дырау қамшы,амандық –саулық жоқ, әкеме айғайды салмасы бар ма!? Сондағы айтқаны:
-қойды неге өлтіріп жатсың, Үкіметтің саясатына қарсысың ба!
Райкомның бюросына апарам, түрмеде шірітем, көзіңді құртам !.
Әкем соғыстан оралғаннан кейін партия мүшесі еді. Сол сәтте әкемнің, жайшылықта көп ашуға берілмейтін кісі, « келсең –кел» дегендей, сүйеніп тұрған айырын басқармаға қарай ол да ыңғайлап, былай деді:
-Түрмеге шірітпек түгіл,орнымнан да қозғай алмайсың! Сондай басқарманың талайы келіп, талайы кеткен. Сен де соның бірісің!
Мен осы туған топырағымда қаламын. Қойды өлтіріп жатқан мен емес,пермі мен екеуің. Осылай дегенде, Жұмажан марқұм сәл бәсеңсіп :
-Қойды бағатын сен емес пе , мен неге өлтірем ,-деді. Сонда әкемнің айтқаны:
-Мен қырық жыл қой баққан Исағали қарттың айтқанын басында тыңдап қойға өрістен келгеннен кейін шөп салып едім, бұны көрген бірде заппермі, бірде замбасқарма: «Мынадай күйлі қойға шөп салғандарың не қылғандарың ,шөп қыс ұзарып кетсе, басқа отарларға керек болмай ма !» -деп атпен қойды далаға қуып айдап шығып, «ендігәрі шөп салатын болсаң, правлениеде мәселеңді қаратамыз!»- деп тыйым алған жағдай болған.
Іс жүзінде Исағали қарттың айтқаны аумай келіп, қойдың ішіндегі қозыға азық жетіспей,қойлар басқақ болып өліп жатқанына көз жетті.Енді шөп салмағанда қайтеміз? Осылай дегеннен кейін,біраз сөзбен қағысқаннан соң, бірі қамшысын,бірі айырын орнына қойып,екеуі қол алысып,бір-бірін түсініп,жарасты.Жұмажан аға басқармалықтан басқа қызметке ауысқанша, екеуі сыйластықта болды. Сол мезгілде әкеммен бірге колхоздың малшылары: Шотжанов Құлмағанбет,Нұрғалиев Тоқтыбек, Ыбырай қарт,
Молдашбаев Төлеген,Нұғыманов Бегісбай,Жарылғапов Әмен, Тәженов Орынғали,Имашев Еділ,Ерғалиев Бисекеш, Нысанғалиев Хамза, Ахметов Тілеш, Жылқышев Өтеу, Құспанов Құмар,Егізбай.
1930 жылдары колхоз құрылғандағы жиналған қой отарын баққан Мерғали қартпен Қалиса кемпірі, ешкісін баққан Семалиев Әшім.
1952-53 жылдары Махамбет атындағы колхозға әуелі бір автомашина, жүргізушісі Мағзом Жаналисов, кейін тағы бір автомашина, жүргізушісі Қасымов Зинеш, үкіметтен берілді. Сол мезгілдегі ауылдың бар баласы болып, бірінші көрген машинаның айналасынан шықпай, түрлі тетіктерін ұстап көріп жүріп кеткенде,артынан қуып,қуанып, мәз болған балалармыз.
Тағанбай, Батырбай, Бітім, Исламғали, Молдабай,Көшім, Сазанбай, Амангелді,Шағылбай,т.б.
1930- жылдарда колхоз құрылғандағы ұста Жайымов Бернияз, кейін соғыстан оралғаннан соң, Байғожин Сейфолла аға ұста болды.
-Қырқыншы-елуінші жылдардағы табиғаттың тосын мінездері жайында да білсек дейміз.
Естіген-көрген төрт табиғаттың тосын мінез көрсеткен жылдарын айтып өтейін. Біріншісі- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ,1942-нің тасқыны.
Ол күнде ауылдың орны «Ескіқала» деген жерде, үш көше болған. Тасқын кезінде ауылда түгел су шайып кеткен.
Екіншісі- 1949 жылдың қысы, сиыр жылы.Қыс өте қатты, қар қалың болып, қырға қатынас мүлдем болмай қалған. Техника жоқ кезде, қырдағы малға жем Гурьевтен «Ан-2» ұшағымен қырық қапшық тастап кетеді қонбастан.
Колхоздан бөлінген екі жұмысшы Шәкім ата мен Ғиылман деген аға.Есімде қалғаны: 4 жастағы маған әкем жаңа керзі етікті бір қапшыққа байлап жіберіпті. Ішінде жазған хаты бар. Сол қыста Гурьевтегі әскери бөлімдер ауылға бір ауыр жүк таситын « Tягач» тракторын жіберді.
Үшіншісі – 1957 жылдың тасқыны. Махамбет атындағы колхоздың бар құжаттарын екі үлкен сөмкеге салып,колхоздың Қазтабан деген атымен Шабаев Әбу, жас жігіт,комсомол, атпен жүзіп,Жарсуаттан «Баймағанбетке» алып келгенін көзіміз көрді.
— Кімдерді өмір жолында рухани ұстаз санайсыз?
Рухани жағынан Жамбыл атындағы кеңшардың партия ұйымының хатшысы Сүндет аға Тасқаринді, шаруашылықты жауапкершілікпен жүргізуде бас зоотехник,ферма басқарушысы, қызметінде көп жыл еңбек еткен Мағзом аға Жаналисовты ақылшы, жолбасшы санадым.
-Өз заманыңыздың жақсылығы мен кемшілігі жөнінде не айтасыз?
Заманымның жақсылығы деп адам баласының пейілінің кеңдігі және мүдде бірлігі, қоғам үшін, Отан үшін бірлесіп еңбек ету. Жауапкершілік, қоғам мүлкіне қол сұқпау,келер күнге деген риясыз сенім.Басымызда уайым болған жоқ; білім алу тегін, еңбек етуге толық мүмкіндік берілген; баспана тегін. Осыларды айтар едім. Заманымның кемшілігі деп: жалған ақпарат беру,өтірік мадақпен болмағанды болдыру; жағымпаздық; жоғары басшылықтағылардың сапасыздығы сияқтылар Одақты құлатты емес пе!?
Партия қатарына кездейсоқ өткендер де көп болды;Тиімсіз жиналыстардың зияны да аз болмады…
-Бүгінгі жас ұрпаққа тілегіңіз.
Жастарымыз Абай бабамыз өсиет еткендей,алғыр ойлы, саналы,қажыр-қайратымен адал еңбек ететін және отбасынан бастап,барша адам баласына мейірімді жүректі азамат болып өссе деймін.
Сұхбатты жүргізген: Амантай Бақыт