«Монополистердің тарифтері қатаң бақылауда болады. Бірақ, бақылау жасау – орынсыз қысым жасау деген сөз емес»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Кәсіпкерлердің аймақтық палатасына электр энергиясы тарифінің жоғары екендігі жөнінде жиі шағым түсетін көрінеді. Оның үстіне, қосылған құн салығын төлемейтін бизнес иелері өздерін осы өтеуден босатуды өтінеді. Осы және өзге де мәселелер жақында тағы да талқыға түсті. Енді соны біз де сараптап көрелікші…
Мәселен, құрманғазылық кәсіпкер Гаухар Дәулетбаева бұл проблеманы облыс әкімі Серік Шәпкеновпен жүздесуде да көтерген. Оның айтуынша, түскен табыстың қомақты бөлігі электр энергиясы төлеміне кетеді екен. Сонда өзге өтемдер қалай өтелмек? Оны басқа да бизнес иелері қолдайтын тәрізді. Расында да, монополистер үстемдік танытып отыр ма? Аймақта мұндай ахуал қалай қалыптасты? Кімдікі жөн. кімдікі қате?
Осы орайда өзге өңірлердегі жағдайды да таразыға тартып көрдік. Қолдағы мәліметке қарағанда, Алматыда заңды тұлғаларға әр киловатт-сағат электр энергиясы үшін тағайындалған тариф – 25,03 теңге. Ал, Астанадағы көрсеткіш 26,38 теңге десек, Ақтауда 28,86 теңге төлейді. Енді атыраулық кәсіпкерлер өтемі – 33,65 теңгеге тең. Көріп отырғанымыздай, бізде, расында да, едәуір көп. Тіпті бизнес иелері үшін электр энергиясының тарифі республика бойынша орташа есеппен алғанда, Атыраумен салыстырғанда 30 пайыз төмен. Бір қарағанда, атыраулық энергетиктер кәсіпкерлерді тонап жатқан секілді. Алайда, шындығында солай ма?
Облыс басшылары соңғы жылдары аймақтағы әлеуметтік ахуалдың жақсылығын айтқанда коммуналдық төлемдердің төмендігін де ауызға алады. Соның ішінде жеке тұлғалар үшін электр энергиясы тарифінің қолжетімді екендігі де бар. Шыны керек, бұл қызметке кәсіпкерлерге қарағанда азаматтар аз ақша береді. Алайда, «АтырауЭнергоСату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Тұрлан Дошатовтың айтуынша, келесі жылдан бастап заңды және жеке тұлғалардың төлемі біртіндеп теңеседі. Атыраулық азаматтар әр киловат-сағатқа 5,71 теңге төлейді. Қазіргі айырма облыста 74 пайызды құрайды. Рас, едәуір алшақтық бар. Әйтсе де, бұл кім үшін жасалды? Бұдан кәсіпорын қара басының қамын ойлады ма? Ертеңгі күні қарапайым тұтынушының иығына зіл батпан салмақ түссе, ол оны қалай көтерер? Бүгін энергетиктерді өздеріне зорлық жасап жатқандай көретін бизнес иесі қарапайым тұтынушының кебін кигенде қайтер екен? Өйткені, оның өзі де үйде жарықты пайдаланады ғой. Ол да тұрмыста жеке тұтынушы болып есептеледі.
Сонымен, келесі жылы заңды және жеке тұлғалар үшін әр киловатт-сағат электр энергиясының төлемі тиесінше 29,93 пен 12,51 теңге болмақ. Байқайсыз ба, кәсіпкерлер үшін едәуір арзандайды. Ал, тұрғындар көбірек төлейтін болады. Одан әрі айырма қысқара түседі. Яғни, 2024 жылы ретімен 26,42 және 18,39 теңгені құрамақ. Ақыры, 2025 жылы айырма мүлдем жоғалады. Демек, заңды және жеке тұлғалар үшін 24,52 теңге тағайындалмақ. Сіз бен бізге керегі осы ма, оқырман? Онсыз да қымбатшылық қос өкпеден қысқанда қарапайым көпшілік коммуналдық қызметтің көтерілуін құптай ма? Істің анық-қанығын ажыратпай-ақ әлеуметтік желіде желсөзге жол беретіндер тағы да шу шығаруы әбден ықтимал.
Сайып келгенде, жеке азаматтарға көп салмақ салмау саясаты тек Атырауда ғана емес, републиканың өзге өңірлерінде де бар. Тек оларда айырма азырақ. Мұнайлы мекенде электр энергиясын тұрмыста тұтыну көп қымбатқа түспейді. Бұл мырзалық емес, тұрғындарды барынша қолдау қарекеті еді. Енді мұндай жағдай да болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқаларға бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажет» делінген. Демек, тарифті көтеріп-түсіріп отырған «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы емес, біздегі баға саясаты солай. Қайталап айтамыз, келесі жылы-ақ жеке тұрғындар үшін электр энергиясы тарифі өскенде, көпшілік оны көтере ала ма? Онсыз да инфляция деңгейі биік болып тұрғанында жұртшылық бұған не айтады?
Жақында Солтүстік Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер «Атамекен» ұлттық палатасына арыз түсірген. Сөйтсе, көппәтерлі үйдің төменгі қабатын иеленген шағын кәсіп иелері жылу энергиясы үшін тұрғындарға қарағанда көбірек толейді екен. Одан әрі тағы зерттеу барысында осындай ахуал Ұлттық экономика министрлігі бойынша 2019 жылы шығарылған бұйрыққа қатысты көрінеді. Демек, мұнда да монополия мекеменің кінәсі жоқ, бәрі берілген нұсқауға сүйеніп жасалған. Ендеше, ірі бизнес иелерінің қызметін қадағалайтын да, оларды реттейтін де құрылымдар жетерлік.
Жалпы, елімізде коммуналдық қызмет көрсету нысандары әбден ескіргені жасырын емес. Олардың дені кеңестік кезден қалған. Жаңадан тұрғызылып жатқаны бірен-саран ғана. Ал, көнені қанша жамағанмен, жақсарып кетпейтіні кәміл. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбырының жартысына жуығының тозығы жеткен» деген. Шындық сол, бұдан он шақты жыл бұрын Атырауда да тозған тұрбалардан атқылаған су көшеге жайылып жататын. Қолдағы құжаттарға қарағанда, сол кезде олардың ескіру деңгейі 80 пайыздан асып, 90-ға жақындапты. Қазір 40 пайыз шамасында. Демек, инвестор біраз іс тындырған. Осы орайда мәселенің анығы – осы жұмыстар үшін жергілікті энергетиктердің бюджеттен бір теңге де алмағаны. Бәрін өз қаражатымен тындырған. Рас, жұмсалған қаржының бір бөлігі тұтынушылардан тариф арқылы жиналды. Бұл да қолданыстағы заңдылықтармен реттеледі. Ірі кәсіпкерлік субъектісі болғандықтан, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының бұра тартуға құқы жоқ. Турасын айтқанда, бәрі Энергетика министрлігінің, монополияға қарсы құрылымның құзырында.
«Тұтынушылар құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің президенті Балжан Досмұхамбетова бұл бағытпен жақсы таныс. Кезінде облыстық табиғи монополистер қызметін реттеуші құрылымның жетекшісі ретінде бірнеше жыл тер төккен. Коммуналдық қызмет бағасын тағайындаумен талай бетпе-бет келген. Міне, соның пікірінше, тарифтік саясат жөніндегі өкілдікті бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне берген жөн. Сонда жағдай жақсаратын көрінеді. Әйтпесе, Табиғи монополияларды реттеу комитеті тек тарифті көтерумен шұғылданатын тәрізді. Бұрын қалай еді? Әлеуметтік желіде айтылып жатқанындай, Б.Досмұхамбетова да қызмет құнын ұстап тұра алмады. Халық сол кезде де ренішін білдірді. Бірақ, содан бері электр немесе жылу энергиясын тарату едәуір жақсарған жоқ па? Ендеше, кезіндегі мемлекеттік қызметкердің халыққа осы жәйді да жеткізгені жөн еді.
Одан әрі Б.Досмұхамбетова қоғамдық кеңестің рөлін көтеруді, онымен мемлекеттік құрылымдар санасуы қажеттігін айтады. Әрине, монополия мекемелердің ашықтығы керек-ақ. Алайда, бұл да әуелден бар нәрсе ғой. Талай мәрте баспасөз туры ұйымдастырылып, кәсіпорындарды араладық. Кейде депутаттар мен белсенділер де бірге жүреді. Сонда, шыны керек, солар не ұқты? Саланың мамандары емес қой. Егер бәрінің пікірін бір арнаға тоғыстырсақ, тарифті көтермек түгілі, төмен түсіруді ұсынар еді. Онда жаңғырту жұмыстарына ақша қайдан алынбақ?
Шындығын айтқанда, қоғамдық кеңеске кез-келген адам мүше болуы әбден ықтимал. Мәселенің мәнісіне терең бойламаса да, олар халықтың көзінше белсенді болуға тырысады. Президент бұлардан сақ болу қажеттігін қаншама айтса да, атқарушы билік соларға жалтақтауын қояр емес. Демек, қоғамдық кеңес құрамына бұра тартатын блогерлер еніп кетсе, ілгері басқан қадамың кері кетуі мүмкін. Қазіргі күнімізге зар болармыз.
Экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, республикадағы жылу-электр орталықтары 1940-1970 жылдары салынған. Екібастұздағы екі гидроэлектр стансасы ғана 1980 жылы тұрғызылған. Ал, тәуелсіздігіміздің өткен отыз жылында мұндай объектілердің ешқайсысы пайдалануға берілмеген. Яғни, көне нысандар кейде күрделі, тіпті жеңіл жөндеуден ғана өткен. Мұнымен күн көруге бола ма? Белгілі сарапшы 2018 жылғы қарашада Стратегиялық бастамалар форумында еліміздің техногендік апат алдында тұрғанын болжаған. Ол үшін көріпкел болудың да қажеті жоқ-ты, қалыптасқан жағдай соған әкеле жатыр еді. Биылғы қыстың бастапқы айларында-ақ бірнеше қалада жылу беру жүйесі істен шығып, төтенше жағдай жариялауға тура келгені соның дәлелі.
Тағы да мамандардың пікірінше, осы жылдары электр энергиясын шығару көбейгенімен, жылу энергиясын өндіру азайған. Сірә, бұл бағыттың шығынын көп санай ма, оған жеткілікті көңіл бөлінбейді. Оның үстіне, ірі қалалардың өзінде жеке сектор әлдеқашан өздеріне дербес қазандықтар қондырып алған. Демек, орталық жылу желісіне тәуелді емес. Бірақ, Атыраудың жағдайында келешекте жылу энергиясына сұраныс күрт артуы әбден ықтимал. Әсіресе, шаһардың оң бөлігі жыл санап қарышты дамып келеді. Әлеуметтік-мәдени нысандар да, тұрғын үйлер де сол жақта салынуда.
Мемлекеттік бағдарлама аясында көппәтерлі баспаналар қатарға қосылуда. Соның бәрін дербес жылу қазандығымен қамту мүмкін емес. Оның үстіне, бұған дейін «Нұрсая» ықшам ауданында қолданысқа енген мұндай нысандардың дені қазір сыр берген. Ауыстыруды қажет етеді. Немесе орталық жылу жүйесіне қосу қажет. Бұған Атырау жылу-электр орталығының қуаты жеткілікті. Алайда, соны Жайықтың оң жағалауына қалай шығару керек? Қалалықтардың жадында болса, бұдан біраз жыл бұрын орталық көпір астынан диаметрі үлкен тұрба тартылып, шаһардың Еуропа бөлігіне қосымша жылу жөнелтілді. Енді бұл да сұранысты қанағаттандырмайтын тәрізді. Демек, қосымша құбыр қажет. Мұны жергілікті энергетиктердің күшімен жүзеге асыруға болады. Әйтсе де, бұған инвестициялық бағдарлама қабылдануы шарт. Түсінікті тілмен айтқанда, қаржы бөлінуі тиіс. Ол жергілікті бюджеттен бөліне ме, әлде монополия мекемеге тариф көтеруге рұқсат беріле ме? Әзірге бұл мәселе шешілмеген секілді.
Соңғы уақытта электр энергиясын тұтыну көлемі қыстан гөрі жазда көбейді. Мұны мамандар салқындатқыш құралдарының тұрмыста көп пайдалануымен түсіндіреді. Расында да, тоңазытқыш пен мұздатқышты айтпағанда, кондиционерді қолдану күрт артты. Тіпті кейбір үйлерде екі-үштен бар. Оның үстіне, Атыраудың шілдесі бұрынғыдан да ысып келе жатқан секілді. Шаһарда жан сақтайтын тал-терегі жайқалған көлеңкелі орындар да, жан-жағына сая себетін субұрқақ та аз. Сонда адамдар төрт қабырғаға тығылмағанда қайтеді?
Міне, осыдан келіп электр желілеріне салмақ түседі. Атырауда электр энергиясының тапшылығы жоқ, инвесторлар сәтті жүзеге асырған нақты бағдарламалар нәтижесінде оның мол қоры жасақталды. Ендігі мәселе – соны тура таратуда. Рас, шаһарда ескі желілер де, көне трансформаторлар да бар. Дегенмен, соларды кім ауыстырады? Тіпті кейбірі иесіз саналады. Бірақ, бойымен ток жүріп жатыр. Біреуі сыр берсе, әкімдік «Атырау-Жарықтан» жәрдем сұрайды. Атқарушы билікте арнайы жөндеу бригадасы жоқ. Үкіметте жақында ғана осы мәселе талқыланды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов осындай нысандарды шапшаң анықтап, энергиямен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға тезірек тапсыру қажеттігін айтты. Әйтпесе, түбі жақсылыққа апармайды. Алайда, солардың бәрін жеткілікті жөндеп, қайта қалпына келтіру үшін инвестиция керек. Ал, соның бір бөлігін тариф құрайтынын ұмытпалық. Демек, бәрібір қалтаны азды-көпті қағуға тура келеді.
Жалпы, Энергетика министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия елдегі 37 жылу-электр орталығының (ЖЭО) 19-да тозу мөлшері «қызыл деңгейге» жеткенін анықтаған. Яғни, апатты жағдай алдында тұр. Тағы 11-і «сары деңгеймен» бағаланған. Демек, бұларда да дабыл қағарлық ахуал бар. Тек жетеуі ғана «жасыл деңгейде» екен. Қанағаттанарлық болғаны ғой. Соның ішінде Атырау жылу-электр орталығы бар. Тіпті үздік саналатын алғашқы үштікке кіреді. Бұл бұған дейін жұмсалған инвестицияның текке кетпегенін көрсетеді. Басқаша айтқанда, тариф арқылы жиналған қаражат қажетті шаруаға жұмсалды. Мұндай жөн нәрсені көрмеу – аққа қара жағумен тең.
Үкіметтегі кеңейтілген кеңесте ащы шындықтың беті ашылды. Былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда электр стансаларындағы апатты жағдай бес пайыз өскен. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Ол алдағы уақытта асқынып та кетуі мүмкін. Өйткені, республикадағы ЖЭО жабдықтарының ескіруі орташа алғанда 66 пайызға жетіпті. Ал, Тараз, Орал, Степногорск, Қызылорда мен Кентау қалаларында 80 пайызды құраған. Еліміздегі жылу-электр орталықтарының орташа «жасы» 61 жылға жеткен. Соның 76 пайызының пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан. Атырау энергетикалық кешені де 60 жылдың табалдырығында тұр. Аз уақыт емес. Егер қазіргі инвесторлар іске кіріспегенде, ахуал әбден асқынып кетер еді. Соңғы он шақты жылдың көлемінде жүзеге асқан бағдарламалардың берекетін жұрт көріп те, бағалап та отыр. Әкімдік те жағдайдың жақсарғанын жасырмайды. Әйтсе де, әлі де біраз шаруа тындырылуы тиіс. Өмір бір орнында тұрған жоқ. Кешегі атқарылған іс бүгінге жарағанымен, ертеңге аздық етуі ықтимал. Себебі, аймақ ел бойынша экономикасы қарқынды дамыған облыстардың қатарында, жаңа өндіріс ошақтары көптеп салынуда. Солардың бәріне энергетикалық қуаттар қажет. Ендеше, болашақтың болжамын қазір жасауға тура келеді.
Үкімет отырысында айтылғанындай, «қызыл деңгейдегі» жылу-электр орталықтары кезекті науқанды сәтті өткізуі және тәуекел қаупін барынша сейілтуі үшін 98 қазандық пен 54 турбинаны күрделі жөндеу мен қайта жарақтандыру керек. Ескі құралдар ауыстырылуы тиіс. Мезгіл – 2023 жыл. Соның бәріне 182 млрд. теңге қажет. Энергия шығарушы кәсіпорындардың қазіргі тарифпен бағамдағанда бұл шараға жұмсар қаражаты 93 млрд. теңге. Қалған 89 миллиард қайдан алынбақ? Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 ЖЭО бюджеттен қаржыландырылады. Ал, жеке меншік нысандардың иелері ақшаны өздері табуы тиіс. Бұл қалай жүзеге асырылмақ?
Келер жылдан бастап «тарифті инвестицияға ауыстыру» бағдарламасы бастау алады. Бұл жаңа тарифтік саясат ретінде қабылданып отыр. Соның нәтижесінде 2035 жылға қарай энергетика жүйесінің тозу деңгейін 15 пайызға төмендету көзделген. Экономист Олжас Құдайбергенов айтқандай, мұның сыртында тарифті көтеру тұр. Президент «Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі» деген-ді. Әрине, тарифті көтеруге мемлекеттік органдар рұқсат берген соң олар тарапынан бақылау болғаны да жөн. Ал, біз білетін жерде атыраулық энергетиктердің тұтынушылардан құпия ісі жоқ. Қоғам белсенділері де, депутаттар да, журналистер де есігін еркін ашып, табалдырығын сенімді аттайды.
Әйтсе де, мамандардың түйіндеуінше, кәсіпкерлерді жиі тексеру қате. Оларға жұмыс жасауға мүмкіндік беру керек. Мәселен, экономист Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, тарифті көтергенде де жұртшылықта сенбестік бар. «Ұрлап кетпей ме, дұрыс жұмсай ма?» деп күдіктенеді. Бұған әлеуметтік желідегі желсөз де себеп. Президент алыпқашпа әңгімеге ден қоймауды қанша айтқанымен, атқарушы билік өкілдері соларды көбірек тыңдайды. Үлкенді-кішілі басқосуларда монополист мекеме басшыларын оңды-солды сынап жатса, бұларды басқа кім ұғады? Сайып келгенде, Мемлекет басшысы әр аймақтағы коммуналдық проблемаларды кәсіпкер мен әкімдік бірлесіп шешуі керектігін ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Бүгінде мемлекеттік органдардың, соның ішінде күштік құрылымдардың бизнесті тексеруге жаппай кірісіп, бағалар мен тарифтерді төмендетуді талап етуі жиілеп кетті. Құр дағпырт үшін жасалатын мұндай әрекеттерді доғару керек» делінген.
Ал, әбден тозығы жеткен жылу-электр орталықтарын бұзып, орнына жаңасын салса ше? Экономистер мұны да есептеп көріпті. Сөйтсе, тың нысан тұрғызуға 0,5-1 млрд. доллар керек көрінеді. Республикадағы облыстардың үшеуінен басқасы дотацияда отыр. Ауқатты аймақ саналатын Атыраудың да мұнша қаражат бөлуге шамасы жоқ. Жекенің күші жетпейді. Сонда сырттан жәрдем сұрала ма? Оның да проблемасы аз емес. Теңгенің ілгері-кейін теңселіп тұрған шағында біреуден алған қарызды еселеп қайтаруға тура келеді. Оған кімнің тәуекелі тұрады?
Қайткенде де, бұл іске мемлекеттің араласуына тура келетін тәрізді. Ол не қаржы бөледі, не кепілдік береді. Әйтпесе, сырттан инвестор да жоламайды. Алайда, өзгенің жәрдеміне сүйенген жөн бе? Стратегиялық объектіні жаттың қолына беру дұрыс па? Оның қаупі де көп емес пе? Ендеше, өз кәсіпкерімізді қолдайық. Солармен жұмыс жасайық. Міне, мамандар ұсынып отырған бағыт осы.
Сонымен, отыз жылда ешқандай ЖЭО салынбағанын айттық. Ия, солай. Әйтсе де, қомақты қаражат табылғанымен, мұндай құрылысты жүргізу кем дегенде бес жылға жуық уақытты қажет етеді. Ал, кәсіпорынды толық қайта жарақтандыруға екі-үш жыл кетеді. Демек, соншама жылу науқаны деген сөз. Оны қыста қалтыраған халық күте ме? Ендеше, жаңа нысанды кейінге қалдырып, күрделі жөндеуге шұғыл кіріскен жөн секілді. Оның үстіне, жоғарыда айтылғанындай, келесі жылдан бастап «тарифті инвестицияға ауыстыру» бағдарламасы қолға алынса, содан түскен қаражат осы мақсатқа жұмсалуы тиіс.
Қазақстан халқына Жолдауда айтылғанындай, тарифті күшпен ұстап тұру энергетикалық қуаттарды кезекпен өшіруге және апатты жағдайлардың туындауына соқтырады. Ал, бұл адамдардың саулығы мен өміріне қатер төндіреді. Екібастұздағы оқиға – соның дәлелі. Содан кейін де бірнеше қалада жылуға қатысты мәселе туындап, тұрғын үйлер мен әлеуметтік объектілер зардап шекті. Оның қасында Атыраудағы жағдай қалыпты. Әйтсе де, мұнда да жылу жабдықтарының 68 пайызы ескірген. Бұрын бұдан да көп еді. Бұл ретте желілер де тілге тиек етіледі. Олардың жер астына көмілгенін, ал бізде ылғал молдығын ескергенде, тозу процесі де шапшаң жүреді. Соңғы уақытта тұрбаларды төзімді материалдармен орап жатқанымен, оның да тозатын кезі келеді. Ендеше, жаңарту жұмыстары ұдайы жүргізілмек.
Аймақта электр энергиясымен қамту айтарлықтай жақсарғанымен, тұтынушы тарапынан шағым да жоқ емес. Әсіресе, «Нұрсая» мен «Самал» ықшам аудандарының тұрғындары жиі арызданады. Ал, шындығында, «Атырау-Жарық» сол өңірге баратын желіге ғана жауапты. Ал, ар жағындағы желі жергілікті атқарушы билік қорында. Демек, бірлесіп жұмыс жасау қажет. Қазір энергетиктер мен әкімдіктің бірлескен комиссиясы проблемалы жерлерді анықтау үстінде. Содан соң кемшілікті жоюға бағытталған нақты қадам жасалады. Жалпы, бюджеттен бөлінетін қаржыны игеруге тыстан мердігер тартқанша, «Атырау-Жарық» ұжымын қатыстырған абзал. Сырттан келгендер шаруасын тындырған соң бұл жаққа аяқ баспайтыны белгілі. Оның үстіне, қолданыстағы стандартқа сай келмейтін қондырғыларды қондырып кетсе, оны соңынан жергілікті мамандар жөндеп әлекке түседі.
Президент «Электр желілерін жөндеуді республикалық бюджеттен қаржыландыруды қарастыру қажет» деді. Ол – «Атырау-Жарық» мекемесіне берілетін ақша емес, ескі желілерді жаңартуға жұмсалатын қаржы. Бұл – төніп тұрған қауіпті сезіну. Нақты инвестициялық бағдарламалар нәтижесінде облыста электр желілерінің тозуы соңғы бірнеше жылда 80 пайыз шамасынан қырыққа дейін төмендеді. Рас, бұл да көп. Дер кезінде шарасын алмаса, көрсеткіш өсе беруі ықтимал. Сондықтан, жаңғырту жұмыстары жедел қолға алынуы тиіс.
P.S. Мақаланың басында кәсіпкерлердің өздеріне қойылған тарифтері жоғары болуына реніші туралы айтқанбыз. Байқадыңыз ба, соның соңы күллі республикада қалыптасқан күрделі проблеманы қамтуға ұласты. Әрине, одан Атырау аймағы да тыс қалмайды. Кешенді мәселені күш біріктіріп, жан-жақты шешпесе, одан әрі асқынып кетуі мүмкін. Коммуналдық қызметтің қай саласы да тұрақты инвестицияны талап етеді. Электр желісі ме, жылу жабдығы ма – қай-қайсысын да үнемі жаңғыртып тұрмаса, олардың тозу деңгейі шектен шығып кетуі ықтимал.
Ал, 22 желтоқсанда энергетиктер төл мерекелерін атап өтті. «Сахара» газетінің редакциясы оларды осы атаулы күнмен қызу құттықтап, халық игілігіне атқарып жатқан жұмысында сәттілік тілейді. Аймақтағы электр және жылу энергияларына қатысты жәй тілшілеріміздің ұдайы назарында болады.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ