Университеттегі кездесу керемет өткен еді. Үш жігіт өлең оқыдық. Қалай қабылдады екен деп ағамызға қайта-қайта қарағанымыз есімде.

Ол «Бас» романының Қазақстанда, әйтеуір, бір күні жарияланатынын тілге тиек етті. Студент қыз: «Шығармашылығыңызды өлеңмен бастапсыз. Бүгінгі қолжазбаларыңыздан ойлы да астарлы абзацтарыңызбен бірге поэзиялық туындыларыңызды да кездестіре аламыз ба?!» дегенде: «Кезінде жазғанбыз, мына жігіттердей жаза алмайтынымызды білгесін, қойдық қой» деп бізді нұсқады. Күлдік… Сол күн – оны алғашқы және соңғы рет көрген күнім екен.       

Үшеуміз үш түрлі әсер алдық, үш түрлі ой түйдік және бұл ісіміз дұрыс, әркім өзінше ойлануға құқылы деп таныдық. Үш-төрт жыл өткесін «Басты» оқыдым.

Романда антрополог Ноэль өзі қалыптаған ақынның басымен тілдеседі. Мәдениет және білім министріне де, Әдебиет және өнер институтының профессорына да, Мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына да, Тарих және этнология институтына да керексіз баспен…  

Ақкөңіл ақсақалдың қазба жұмыстарына көмектесуге он жігіт жіберуі – ауыл адамдарының өзгеге қолғабыс етуге өте құштар екенін көрсетеді.

Шенеуніктердің археологты жер қазумен ғана айналысатын адамға балауы, «ін қазатын көртышқанға» теңеуі, аяқтан шалуға әзір тұрған әріптестерінің жағымсыз пікір айтуы, әрине, көңілге тиеді. «Мола ақтар деген мен емес. Аулақ жүр. Қу бассыз да шаруамыз шаш етектен!» Қандай ауыр сөздер еді… Бұл аздай «Сол бастан-ақ көрдік қой көресіні. Сонша еңбектенгенде күреп ақша не сыйлық алғандай. Лақтырып кет!» деп әйелі күңкілдейді. Алайда, жұмыс барысында кездескен қиындықтарға төтеп беріп, Ноэль өз жоспарын жүзеге асыруды жалғастыра береді. Жүргенге жөргем ілінеді. Қолдаушыларын да табады. Сүйікті ісімен айналысқан адамның жолында сәті түссе, уын шашып жібергісі келетін жыландардың көп болатынын түсінеді.

Оның атын әлемге әйгілі қылған – сақ қорғаны, күміс тостағандағы жазу. Сына жазуы. «Мен де сендей болғанмын…»

Ноэль түс көре бастағанда, кітаптағы деректер, мұрағаттағы жазбалар оқылғанда ұлт-азаттық көтеріліс көріністері көз алдыңа келеді. Яғни, түс, деректер оқырманды Махамбет ғұмыр кешкен заманға сүйрейді. Күтпеген жерден үрейіңді ұшыратын кино көріп отырғандай күй кешесің.

Өткеніміз бен бүгініміз мезгілдердің, кеңістіктердің арасында өзара байланысады. Далада, қазба жұмыстарының басы-қасында жүресіз де, Ноэльден ақынның басын алып қалған Дәуреннің құжырасынан бір шығасыз. (Дәуреннің құжырасы – Алматы қаласының Калинин көшесіндегі 119 үй, 6-пәтерінің жертөлесі) Содан соң санаңызда Жәңгір хан мен Махамбеттің диалогы сайрай жөнеледі. Дауыс саябырсығаннан кейін Аризонаға аттанасыз… Соғыс биін билеген апачилердің мекеніне… Қызық!

Біреулер ата-бабасына тиесілі жәдігерлерді тауып, кейінгіге аманаттау үшін Мәскеуден Аризонаға мамандарды шақыртады. Біреулер өздері жоғалтқан басты өздері іздейді.

Біреулер археологтарға: «Кел, төрлет, бауыр! Сені тосып отырмыз. Білгенбіз… Бабаларымыздың оңай қорған соқпайтынын көрсін дегенбіз…» деп ата-бабасын көкке көтереді. Біреулер антропология, археология, сәулет өнері туралы ештеңе білмейді. Қызық!

Біреулер басты жоғалтуды, оны дұшпанға қалдыруды сүйекке таңба деп түсінеді. Жауы қарағай басына іліп, мазақ етпесін деп марқұм жолдасының басын кесіп, өзімен бірге әкетеді. Біреулер үшін БАБА БАСЫНЫҢ ҚҰНЫ – бір миллион доллар ғана!

Неге адамдар әртүрлі ойланады? Біреуге маңызды нәрсе неге біреуге маңызды емес? Біреудің өмірдегі ең қымбат дүниесі неге біреу үшін түкке тұрғысыз нәрсе ғана? Біреуді намыс өлтіреді. Ал, біреуге аспан төңкеріліп жерге түссе де бәрібір. Неге?! Белгісіз…

Жер бетінде қаншама халық мекен етеді?! Әр адамның өз тәрбиеленген ортасы бар. Біреулер бес күн жалғандағы келеңсіздіктерден қайда қашсаң да құтыла алмайсың дейді. Өзінен, іс-әрекеттерінен қателік іздемейді. Таңдау туралы ойламайды. Біреулер өміріндегі сәтсіздіктері үшін өзін кінәлайды. Біреулер өлімнен кейінгі өмірдің барына сенеді. Біреулер сенбейді. Екі топтың арасында (жаңа мен ескінің арасында) көзге көрінбейтін талас басталады. Бір арнада тоғыспаған пікірлерді айқас жақындастырмайды. Үлкен соғыстар кішігірім келіспеушіліктерден туындайды. Апаттың, қырғынның алдын алу үшін заң, қағида, дін пайда болған.

           Адам баласы өзге адамның өміріне жайдан-жай енбейді. Оның өзіндік мақсаты болады. Діттегеніне қол жеткізгеннен кейін кездейсоқ кездескендер ажырайды. Пенделер бұл үдерістің нәтижесін ғана байқайды. Сол сәтте өрбіген сезім – белгілі бір уақытқа созылған қарым-қатынастың қорытындысы.

           Әдетте адам адамға несімен ұнауы мүмкін? Несімен ұнамауы мүмкін? Неге адамдар мақсатқа жету жолында құрбан болады? Неге адамдар өзінің адам екенін айқындайтын нәрселерге назар аудармайды?

«Бас» – қоғамымыздың бейнесі. Мұндағы әрбір кейіпкер – танысымыз.

«Үндіс пен қазақ түбі бір туыс. Ерте заманнан» дейді жазушы. Аризонадағы үндістер мен қазақтардың үй шаруашылығына пайдаланған құрал-жабдықтары, музыкалық аспаптары, дәстүрлі үйлері мен билері қатты ұқсас екенін тарихи деректерден білеміз. Олар да дәл біз секілді бұрыштарға ұрынбай өмір сүру философиясын ұстанған деседі.

Қайыржан Әбисатов «Махамбет ғұмырнамасының беймәлім беттері» еңбегінде: «Мен 1966 жылы 9 шілдеде антрополог Ноэль Жұмабайұлы Шаяхметовтың Махамбеттің сүйегін қабірінен қазып түгелдеп алғанын, оның сүйектерін Алматыға алып келгенін, Махамбеттің скульптуралық портретін жасағанын, кейін халқымыздың абзал азаматы, ардақты ұлы, қаһарман ақын-композитор-батыр сүйегі 17 жыл бойы қағаз жәшік ішінде шаң-шаң болып әр жерлерде жатқанын, тек 1983 жылы 15 мамырда қайта жерленгенін өз көзіммен көрген, бабамыздың сүйектерін қабірінен және қайта пәктеуі мен қайта жерлеуіне басынан аяғына дейін қатынасқан куәгермін» деп романның тарихи шындыққа негізделгенін аңғартады.  

Біз «Какой-то бір ақынның басы жоғалыпты» дейтін халықпыз. Иә, біз бір-бірімізді бағалай алмаймыз!

«Бұл сол тұрған, сақталған жерін бүлдіріп кетуі мүмкін. Қиратқыш, бұзақы күш қой» дейді романдағы кейіпкер Қайып Есимович. Махамбет – қиратқыш, бұзақы күш емес. Махамбет – адам баласын тазалыққа, ізгілікке жетелейтін күш. Біз оны күн де жоғалтамыз. Біз оны күн де тауып аламыз.

Романдағы бас – тек Махамбеттің ғана басы емес, бәріміздің басымыз. Туындының басты миссиясы – оқырманға кез келген пікірге құрметпен қарауды үйрету.

Марлен ҒИЛЫМХАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *