1993 жылдан 1997 жылдың мамыр айына дейін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сол кездегі Жезқазған облыстық ұйымында қызмет еткен болатынмын. Сол бір тұс қазақ тіліне қатысты мәселелердің төңірегінде құдды арыстан баққан ауылдай алыс-жұлысы, айтыс-тартысы, арбасуы мен айқасуы жетіп артылатын шақ еді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне толық ие болуына, оның қолданыс аясының кеңеюіне не түрлі қарсылықтар білдіріліп, іштен шалып жататын жағдайлар аз еместін. Жиналыстардың қазақша басталып орысша жалғасуы, жергілікті жерге жоғары жақтан келетін құжаттардың тек орыс тілінде болуы, ресми атаулардың мемлекеттік тілде жазылмауы мәселені күрделендіре түссе, баспасөз беттерінде «Тіл үшін күрес», «Тіл майданында», «Алғы шепте», «Тілді қорғайық», «Қоғамның қажеті бар ма?» секілді мақалалардың легі толастамай жарық көріп, былайша айтқанда, нағыз халықтық майданға ұласып жатты.
Ал, енді мұндай ортаға рухы мықты, жүрегі түкті, төзімі зор, ұлтым деп ұйқысы қашып, жұртым деп жабығатын, елін ерекше сүйетін адамдар ғана атының басын бұруға тәуекел етері шындық. Бүгінгі күннің биігінен қарасақ, осындай санаулылар санатынан табылған Жезқазған мыс қорыту зауытының, Жезқазған байыту фабрикасының, Жезқазған құю-механикалық зауытының, Батыс Жезқазған кенішінің «Қазақ тілі» бастауыш ұйымдарының төрағалары Мырқы Асқарұлы, Жахан Махмұтұлы (марқұм), Темеш Молдабеков (марқұм), Мұса Тілеуов, «Қазжолбанк» директоры Абзал Әлібеков, Жезқазған әуежай басқармасы басшысы Рысмағамбет Игіліков, «Жезмоторс» компаниясының директоры Асқар Қаржауов, Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясының басшысы Сәбит Байдалин (марқұм) тәрізді аяулы азаматтарды атап өткен жөн. Нәтижесінде, алысқа ат айдамасақ та, мемлекеттік тілмен түбегейлі табысуға бағытталған бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Нақтырақ айтсақ, «Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жолдары» атты ғылыми-практикалық конференция, «Туған тілдің тұғыры биік болсын» деп Ұлытаудан исі қазаққа ұран тастаған Тележаңғырық, «Іс қағаздарын қазақшаға көшіруге дайындық барысы» тақырыбы бойынша аймақтық семинар-кеңес, «Ата мекен – Отчий край» және кәсіпкерлерге арналған «Іске сәт» телехабарлары, «Зерде» оқу орталығы – солардың бір парасы ғана. Сайып келгенде, Тіл Заңын жүзеге асыруға тиімді деген тәсілдің қай-қайсысы да қоғам тарапынан елеусіз қалған емес. Ең бастысы, қазақ тіліне жанашырлық сезім басым болды. Мұнан бөлек, «біз 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 95 пайызын қазақша ауызекі тілде сөйлейтін деңгейіне жеткізе алатын болсақ, бұл аса үлкен жетістік болар еді» деген ресми биліктің мәлімдемесі де үміт отын жағып, елдің сенімін оятты.
Дегенмен, «Баяғы жартас – бір жартас». Иә, хакім Абай бекер айтпаған көрінеді. Өз заманының талай қияметін көргендіктен де кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деген оймен айтқан болу керек. Өйткені қазіргі мезгілде де өте орынды сияқты. Олай деуіміз, қашаннан армандағанымыз – елдің, тілдің бостандығы, заңдылық, әділетті қоғам құру мүмкіншілігі өз қолымызға тисе де, бойымызға сіңген жалтақтық, бодандық психологиямыздан, әлі де басқа ұлт өкілдерінің «көңілін қалдырғымыз» келмейтін көңілшектігімізден, енжарлықтан көбіміз айыққан жоқпыз. Сондықтан ана тіліміздің ахуалы көңіл көншітерліктей емес. Осы ретте белгілі жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ана тілі» Ұлт газетіне берген «Қазақстаннан басқа ешқандай мемлекетте жоқ «үш ерекшелік» деген көлемді сұхбаты көп жайдың бетін ашады. Мұндағы айтылған ерекшеліктер мынадай:
а). Тәуелсіздік алғанына отыз жыл толған мемлекеттердің арасында өз мемлекеттік тілін толық қолданысқа енгізе алмай отырған Қазақстаннан басқа қандай мемлекет бар?
ә). Өз ана тілі — мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді, министрлер мен депутаттарды Қазақстаннан басқа қандай елден табуға болады?
б). Бүкіл ұлт болып түгелдей өз ана тілінде сөйлеп кету үшін үкіметтің арнайы заңы мен қаулысын күтіп отыратын қазақтардан басқа қандай халық бар?
Сұлтанәлі Базарбайұлы: «Осы үш «ерекшелігіміз» реттелмесе, мен қазақ тілінің жағдайы керемет жақсарып кетеді деп үміттенбеймін» деген ой түйеді. Ал марқұм Оразақын Асқар кезінде:
«Ойлан, қазақ! Ойлан, ойлан, көп ойлан
ойсыз қалай бола қойсын қолайлы ән.
Ана тілін білмейтін ұл, қызың көп,
Немерең кім болып туар соны ойлан…!» деп дабыл қаққан еді. Иә, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мәтел бар. Отбасын айтпағанда, бала-бақша, мектеп, университет сияқты оқу-тәрбие орындары сондай алтын ұяның біріне айналары анық. Ендеше осы орындарда нені бойыңа сіңірсең, ертеңгі күні сол ілгеніңмен кетесің, одан соң өзіңді өзің түзеу қиын. Әрине атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға болмас. Мәселен бізде өзге тілді білуге құштарлығымыз ешкімнен кем емес. Қытай, корей, ағылшын, жапон, испан, орыс тілдерін меңгеруге талпынысымыз артты. Тіптен әлем тілдері жөніндегі университетіміз де бар. Бұл өзге тілдерді білуге бет бұрғанымыз десек те, өз тілімізді құрметтеуге әлі де ынты-шынтымызбен құлшына қойған жоқпыз. Бір ғана мысал. Елордада биыл ашылған № 91 мектеп-гимназиясының Instaqram парақшасында берілген мәліметке сәйкес, мұнда жаңа оқу жылы қарсаңында, яғни 2021 жылғы 28-тамызда 1262 оқушы қабылданып, 55 сынып жиынтығы құрылды. Қазақ тілінде оқытатын сыныптар – 15 болса, орыс тілінде оқытатын сыныптар – 37. 0-ші сынып – 3. Бір айта кетерлігі, сол орыс сыныптарындағы оқушылардың басым көпшілігі қазақтың балалары. Бұл жағдай ұлты қазақ, тілі орысша ата-аналардың қалауы бойынша орын алуда. Жалпы алғанда, мұндай ахуал еліміздің ірі қалаларына да тән құбылыс болып тұр. Сөйтіп, қазақтардың өздері елімізде орыс тілдік ортаны қалыптастырып отыр. Осылайша қазақтың атақты жазушысы, белгілі мемлекет қайраткері Ғабит Мүсіреповтің: «Тілін білмеген түбін білмейді, ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, жұбатам деп жылатады», — деген сөзінің мәнісін терең түйсінгендейміз.
Түптеп келгенде қазаққа ұлттық артықшылық емес, керегі – теңдік. Бірақ, байқағанымыздай, бұлай болмай тұр. Сондықтан соңғы уақытта елімізде қазақ тіліне байланысты дау жиілеп барады. Өз кезегінде бұл Қазақ тілінің мәртебесі үшін күресіп жүрген белсенділерді «орыс тіліне қарсылар, ұлтшылдар» деп айыптау мен қудалауға әкеліп соғуда. Мәселен, биылғы тамызда «Til Maydani онлайн партиясы» Youtube арнасының авторы, белсенді Қуат Ахметовті сауда орындарына барып, тек қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені үшін «ұлтаралық араздық қоздырды» деп айыптап, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оның әрекеті Ресей басылымдарында әбден талқыланды. Ұзамай Президент Әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің әрекетін «үңгір патриотизмі» деп атады. Кей саясаттанушылар Абаевтың бұл мәлімдемесін Мәскеу билігіне мұндай әрекеттер Қазақстан билігі тарапынан ұйымдастырылып отырмағандығын ұғындыруға тырысқанымен түсіндіреді. Кейін Ахметовтің Киевке кеткені мәлім болды. Сонымен қатар, павлодарлық белсенді, тіл жанашыры, Руза Бейсенбайтегінің де қазақ тілінде қызмет талап еткені үшін талай мәрте қарсылыққа тап болғаны белгілі. Ал «Қазақша жаз» қозғалысының өкілі Әлия Сари қазіргі жас белсенділер «іс-әрекетімен орыс тілін еш кемсітпейтінін, тек өз құқықтарын талап ететінін» айтады.
«Қозғалысты бастаған белсенділердің бәрі зорлық-зомбылықсыз орта құруға тырысып жүрген адамдар. Сондықтан әуел бастан-ақ агрессив әдіс қолданбаймыз деп шештік. Біз мысалы, компания парақшасындағы бір постың астына «Саламатсыз ба, дүкеніңізге жиі баратын едім. Өнімдеріңіз қатты ұнайды. Егер парақшаңызға қазақша ақпарат қоссаңыздар, маған тіпті ыңғайлы болар еді. Рақмет!» деген сынды пікір қалдырамыз. Соның арқасында бизнеспен дос болуға тырыстық. Олар да біз құқықтарымыздан артық ештеңе талап етпейтінімізді түсінді», – дейді Әлия Сари. Негізінен жас белсенділерден құрылған «Qazaqsha Jaz — Қазақша жаз» қозғалысы түрлі компаниялар, кафе — мейрамхана, дүкендердің желідегі парақшаларына хат, пікір жазып сыпайы түрде қазақша ақпарат, меню сұрайды. Қозғалыс белсенділері бұл әдісті «тербеу» деп атайды. «Тербеудің» бірнеше ережесі бар: тек заң аясында әрекет ету, сыпайы болу және балағат сөз жазбау. Бірақ топ мүшелері бұл әдіс көп күш талап ететін айтады. Олар бір жылдық жұмыстың пайдасы шамамен 33 пайыз болды дейді, яғни қазақша ақпарат сұраған компаниялардың үштен бірі белсенділердің талабын орындаған.
«Мұның себебі заңға тіреледі. Заң қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушының құқығын қорғамайды. «Тербеу» кезінде кикілжің, шиеленістер болды. Бізден «Қай заңға сүйеніп ақпарат сұрап жатырсыңдар?» деп сұрайтын. Ал бізде шынымен ондай бап жоқ. Тұтынушы құқығы туралы заңда баннер, мәзір сияқты көрнекі ақпарат қана қазақша болуы керек деп жазылған. Ал сайт, әлеуметтік желідегі ақпаратты ешкім қадағаламайды. Сондықтан интернеттегі қазақ тілінің мәртебесін белгілеп қоюымыз керек. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – дей келе, Әлия Сари: – Тарихи, мәдени және географиялық жағдайға байланысты орыс тілін қолданыстан алып тастау мүмкін емес. ТМД елдерінде билингуал яғни, қос тілді қатар пайдалану – кең таралған құбылыс. Мақсатымыз – теңдікке қол жеткізу, шеттетуді тоқтату және қазақ тілінің мәртебесін нығайту, – деген тұжырым жасайды.
Бір қуанарлығы, қоғамда «Qazaqsha Jaz — Қазақша жаз» қозғалысы тәрізді қазақ тілін дамытуға талпынып жүрген түрлі белсенді топтар пайда бола бастады. Олар қазақ тілін ғылым негізінде түсіндіреді, түрлі компаниялардан қазақша ақпарат сұрайды, шетел фильмін қазақша сөйлетеді. Мәселен, Qazaq Grammar тобы қазақ тілінің ережесін сақтауға ден қойса, Kazak Bubble (Бабыл мұнарасы) жобасы қазақ тілін ғылыми түрде насихаттауды көздейді, әуесқой аудармашылар мен дыбыстаушылардан құрылған Qial Dub Studio (Қиял даб студио) жобасы шетел фильмі мен мультфильмінің қысқаша үзіндісін қазақша дыбыстаумен айналысады. Ал редактор, тіл маманы Назгүл Қожабек қазақша жазатындарға «Калькасыз қазақ тілі» атты телеграм-канал ашып, осы арқылы «қазақ сөздерімен орысша» жазылған мәтінді азайтуды өзіне мақсат етіп отыр. Қазақстан қоғамындағы тенденциялар мен өзгерістерді, жастардың іс-әрекетін зерттеп жүрген әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу тобының ресми өкілі Серік Бейсембаев бұл топтар Қазақстанда кейінгі жылдары пайда болған азаматтық белсенділіктің бір көрінісі деп санайды. Әлеуметтанушы еріктілерді «көзі ашық, сауатты, еркін ойлайтын және Қазақстан азаматы ретінде қазақ тілінің жағдайына бей-жай қарай алмайтын жастар» деп сипаттайды. Бейсембаевтың ойынша, бұл белсенділер бұрынғылардан жаңа технологиялар қолдануымен, креатив іс-әрекетімен ерекшеленеді.
Алаштың айтулы азаматтарының бірі Сәкен Сейфуллин Қазақ үкіметін басқарып тұрған сонау жиырмасыншы жылдары халыққа: «Сіздер қазақ тілін төменнен бастап көтеріңдер, біз жоғарыдан қолдау білдірейік», деген екен. Ол 1923 жылғы 9-маусымдағы мақаласында: «Істі қазақшаға аударуды ауылдан, болыстан, ауданнан бастау керек. Волостной исполкомдарда істі қазақ тілінде жүргізу үшін уездерде солар кісілер дайындап жіберетін курстар ашылу керек. Ауылдан, болыстан, ауданнан қаладағы мекемелерге қағаз жазғанда тек қазақ тілінде жазып отыру керек. Қаладағы мекемелер қазақша жазылған сөздерді алып тексеріп отыруға міндетті» деп жазды. Әсіресе Сәкеннің «Қазақ тілінде сөйлеуді төменнен емес, жоғарыдан, басқарушы органдардан талап ету керек» деген ойы, бүгін де құндылығын жойған жоқ. Расында, бұқара халық – қазақ тіліне жанашыр, оның мәртебесін көтеру жолында аянбасы анық. Жетпейтіні – жоғарыдағылардың қолдауы. Сондықтан ұлт саясаты тіл саясатына ауысқан жөн. Осы ретте Мемлекеттік тіл туралы жеке заң қабылдануы қажет. Халыққа қызмет көрсететін орындардың бәрінде мемлекеттік тіл қолданылуға тиіс. Бұған мән бермейтін басшыларға шара қолдану қажет. Сол себепті де қазіргі қолданыстағы «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңның 23 бабында жазылған: «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi» деген талап нақты іс жүзіне асырылуы керек. Сондай-ақ, «Қазақстандағы Тіл саясаты жайлы кең таралған аңыздар» деген тақырыпта әлеуметтік желіде Qazaq Grammar тобы жариялаған мына бір деректерді назарда ұстаған абзал.
❌ Қазақстанда екі мемлекеттік тіл бар
✅ Мемлекеттік тіл біреу ғана – ол қазақ тілі (ҚР Конституциясы, 7-бап, 1-тармақ)
❌ Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі
✅ 1989 жылғы ҚазКСР Тілдер туралы заңында және бұрынғы 1993 жылғы Конституцияда шынында да солай жазылған еді, бірақ қазіргі заңдар мен Конституцияда ондай түсінік жоқ.
❌ Орыс тілі барлық жерде қазақ тілімен бірдей қолданылуы керек
✅ Орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады (ҚР Конституциясы, 7-бап, 2-тармақ)
❌ Ешкім мемлекеттік тілді үйренуге міндетті емес
✅ «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» (ҚР Заңы №151-I, 4-бап).
Қорыта айтсақ, Тіл киелі дүние. Тілден айырылсақ, ұлттық қасиетімізден айырылғанымыз. Сондықтан арымыз, намысымыз, қанымыз, жанымыз – ана тілімізді ардақтай білейік.
Кенжеболат Жолдыбай
Нұр-Сұлтан қаласы.