Біз-тарпаңдай асау мінезді бағзы замандарда Ғұн, Сақ,Көк Түріктер атанған:бүгінде Ұлы мұхиттан қалған Теңіздей Қазақстан деген атаумен жаңа тарихын жасап жатқан Елміз.Ұлы Далада тарпаңдар құрып кетсе де,тарпаңдардың көзін көрген бабалардың ұрпақтары аман.
Қазақ хандарының ең әйгілерінің бірі XVIII ғасырдың соңғы ширегінде Үш Жүздің басын қосқан, басқыншы жауды елден біржолата қуған, жан –жағымыздағы қос алып көршілеріміз: Ресеймен, Қытаймен өзара тиімді бейбіт, тату қарым-қатынас орнатқан сұңғыла саясаткерлігімен тарих сахнасына шыққан Абылай хан мен онымен бірге даңқы даналығымен, дарабоз ақындығымен бізге жеткен Бұқар жырау бабамыздың айрықша ғибратты жолдары бүгінгі уақыттың да кәдесіне жарағандай. Абылай ханның аңызға айналған даналығы, даналығының даралығы-оның шынның жүзіне тура қарай алатын; ханның да кемшілігін көрсе, бүге жектемей,қасқайып қарап айта алатын азуы алты қарыс ақынды ақылшысы санап, жанынан орын беруі.
Халықтың мұң-мұқтажын көріп, анық білгендіктен,солардың сөзін сөйлейтін Ұлы жырауды Абылай ханның тыңдай біліп бағалауы-сол замандарда Үш жүздің сұлтандары мен билеріне тағылым болғаны анық.
«Ақыны әкімін іздеген ел сорлы; әкімі ақынын іздеген ел бақытты»-деген қанатты сөз сол замандардан қалған. Сол –Абылай ханның заманындағы даңқты үш биіміздің бірі Қазыбек бабамыздың өміріне қатысты бір аңыздың айтары мынау.
Қазыбек бидің әр жыл сайын барып, көрісіп,аман-сауын білісіп,сәлемдесіп және ақыл –кеңесін тыңдап,батасын алып,қайтатын ағасы өзі шешен,өзі би Әнет баба екен. Әнет бабаның жасы ұлғайып қартайып,биліктен қалған кезінде іздеп барып,сәлемдесіп қонақ болған Қазыбек биге қария:
-Қазыбек жан-ай,жасы келіп қартайған,қасынан жар тайған,басынан мал тайған адамнан не кеңес не өсиет сұрайсың?-деп ештеңе айтқысы келмейді. Бірақ бірбеткей Қазыбек шешен қарияның бір ауыз ақылын тыңдамай, еш жаққа кетпейтінін білдіреді.Сонда Әнет баба інісінің бұл қылығына күле қарап:
-Болмадыңғой, айтайын,-деп сәл ойланып,- «Әкім» деген сөзді жадыңда сақта,-деген екен.
Қарияға ризашылығын білдіріп,еліне қарай келе жатқан жолда Қазыбек би қасындағы жолдастарынан:
-Әнет бабаның өсиетін ұқтыңдар ма?-десе,ешбір жан үндемепті.
Сонда Қазыбек би бабамыз дана қарияның өсиетін былай деп шешкен екен.
-«Ә» дегені- әділ бол;
-«К» дегені- күншіл болма,көпшіл бол;
-«І» дегені- ілтипатты бол;
-«М» дегені-менмен болма,мейірімді бол,-дегені .
Әнет бабадан қалған осы бір ауыз сөз бүгінгі барлық деңгейдегі әкім азаматтар үшін бойтұмар-сөз болуға лайық емес пе?!
Бұл –ел аузында сақталып бізге жеткен аңыз ғана. Бірақ аңыз түбі-ақиқат, аңыздан да алар ғибратымыз аз болмас-ау…
Әңгіме басындағы мақалаға қайта оралып,бедел мен патриот ұғымдарына қатысты ойларымды одан әрі өрбітсем: бұлар-жеке көзқарасымда, ел басқарған азаматтарға белгілі бір уақыт аралығында атқарылған нәтижелі қызметпен, халқынан алған алғыстармен келетін мәртебе деп ойлаймын.
Бедел-абырой, қазақ баласы үшін абырой –қандай атақ, лауазымнан да жоғары.Осы орайда Индер ауданында абыройлы еңбек еткен қос басшы азаматтың мәдениет саласында жауапты қызметте жүргенімде өзім көрген ел ішінде әлі күнге өнегелі әңгімеге, естелікке арқау болатын абырой, беделдері туралы қалай айтпай кете алам?
Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары ауданымыздың басшылығында Болат Майдыров аға-аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қатимолла Ризуанов аға- екінші хатшы болып қатар жұмыс істеп еді. Аяулы Болат аға өмірден ертерек өтіп кетті, иманы жолдас болғай,
Қатимолла аға әлі де ширақ, Атырау облысындағы мемлекеттік қызмет саласының ардагері, абыз ақсақалымыз.
Айтқым келгені: бұл ағалар түр-тұлғасымен, адамға қарағандағы ілтипатты жылы көзқарастарымен-ақ өздерінің биік адами қасиеттерін айтқызбай-ақ аңғартып тұрушы еді.Ағаларымыз абырой биігінде қалған тұлғалар бейнесінде әлі күнге санамызда, көңілдерімізде жарқырап тұр.
Бүгінгі жұртшылық сайлаған ауыл әкімдерінен де осындай тұлғалық қасиеттерді көргіміз келеді.
Мұндай абырой биігіне жеткен азамат тұлғаның патриот болмауы мүмкін емес. Бедел мен патриот деген ұғымдар ажырамастай тұтастыққа ие.
Мәселе осыларға қалай жетуде? Әрбір азамат-тұлғаның қалыптасуының тұғыры біреу. Ол тұғырдың аты-ар тазалығы. Ар тазалығы-сана, ниет, тазалығымен,жан тазалығымен біртұтас.
Ар туралы анық ойды хакім Абай баяғыда-ақ айтып кеткен.
«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге…»
Әр деңгейдегі әкімдердің алдыңғы қасиеті,тұғыры осы-ар тазалығы.
Бұған қоса абыздардың абызы,аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың сөзімен айтқанда: «ары да, қолы да, жүзі де таза» болғаны абзал.
«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден,қиын кездерде ел басқардым, бірақ ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ-арым таза; екіншіден,ешқашан ешкімнен пара алған емеспін –қолым таза; үшіншіден, ешкімді ешқашан руға, жүзге бөлген емеспін- жүзім таза!» (Н.Оңдасынов)
Міне, бүгінгі халық, әлеумет сайлаған ауыл әкімдері үнемі өзін елінің алдында үлкен жауапкершілігін сезініп жүрсе, ары да, қолы да, жүзі де таза болса, жергілікті тұрғындардың тіршілік-тынысын жақсы білсе,әлеуметтік әлсіз топтағылардың,мүгедек жандардың, жасы ұлғайған қарттарының мұң-мұқтажына көмек қолын дер кезінде созып, жұмыссыз жастарын қолдай білсе,мұндай әкімнің беделді болары анық.
Ал, ауыл-елінің дамуы, өсіп, өркендеуі жолында күн-түн демей еңбектеніп, білімін, күш-жігерін, ақыл-ойын аямай жұмсайтын,ұдайы ізденісте жүретін әкімді патриот демей кім дейміз ?!
Енді ой арнасын әкімдерден әлеуметке бұрайын.Бүгінгі әлеумет бұдан он-он бес жыл бұрынғылардан тым өзгерек: ауылдарда тұрмыстық ахуал жақсарған сайын,ғаламтор желісі арқылы жаһандық және ел ішіндегі ақпараттар тасқынынан көп нәрсені оқып,хабардар болғандықтан, әлеуметтің бір бөлігі үнемі әйтеуір әлденеге көңілі толмай жүреді; сондықтан олар сынағыштау,кейде тауып сынайды,кейде «тайып» сынайды; қалай дегенде де жаңалықтарды қалт жібермей ауылдың ішкі тыныс-тіршілігіне түзу ниет,дұрыс ықыластарымен белсенді араласып жүргендердің,ел болашағына,өз ауылының көсегесі көгергеніне,еңсесі биіктей түскеніне мүдделілер қатары өсіп келе жатқанының куәсіміз.
Бүгінгі таңда ауылдардағы белсенді азаматтардан,әр көшенің тұрғындарынан сайланған қоғамдық кеңес (қауымдастық) мүшелері сайланған әкімдерге қолқабыс етуде. Өзім көріп,біліп жүргендіктен тілге тиек етсем,біздің өткен жылы сайланған Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ербол Ержанұлы Бөкеев осы қоғамдық негіздегі белсенді тұрғындардың алқасының ақыл,кеңестеріне ұдайы назар аударып,тиімді тұстарын әлеуметтің мүддесіне жаратып, іскерлік танытып жүр. Сөзіміз жалаң болмас үшін мына бір жаңалықты облысымыздың, еліміздің тұрғындарымен бөлісіп, ортаға салсам деймін.
Егер Атыраудан Жайықтың Бұхара бетімен Индерге қарай жолға шықсаңыз, шамамен 130 шақырымдай қашықтықта Жарсуат ауылы «Жарсуат»- жарық шамдарымен жазылған көрнекі аркасымен «Қош келдіңіз!»- деп қарсы алады. Ал,ауылға қарай беттесеңіз,алдыңыздан «Туған жерім- Жарсуат» көрнекі белгісіне маңдай тірейсіз.Осындай заманауи айшықты белгілерді орнатқандар кім?-десеңіз, олар –ауылымыздың Махамбет атындағы орта мектебін 2001, 2002 жылы бітірген түлектері. Әрине, түлектердің жақсы ұсыныстарын дер кезінде ақылдасып қабыл алып, қолдау көрсеткен ауылдық округ әкімі екеніне сөз жоқ. «Ауылына қарап, азаматын таниды» деген осы.\
Ойымды жинақтай келгенде, сайланған ауыл әкімдерінің уақыт талабына сай болуы әуелі баяғы Әнет баба өсиет еткендей, тұлғалық қасиеттеріне: әділдігіне, көпшілдігіне,ілтипатты,мейірімді жүрегіне, іскерлігіне байланысты болса, екінші жағынан әлеуметпен ортада белсенді көшбасшы азаматтармен толық түсінумен тығыз байланыста қызмет істегенде ғана белгіленген межелерге қол жеткізбек.
Осылайша алғашқыда ел басқару оңай ма,күндіз-күлкіден,түнде-ұйқыдан айрылып, көңілі алаңдаулы әкім бара –бара «өмір академиясынан» сабақ алып, ең бастысы- әлеуметтің жанашыр,түзу ықылас-ниеттерінен қолдау тауып, аянбай ел игілігі жолында еңбек етіп,абыройлы,нағыз патриот көшбасшыға айналады.
Мемлекеттің де, халықтың да күтетіні – осы.
Амантай Бақыт