Бұрнағы жылы қалада бір таныс досымның үйінде отырғанда бір жасы он-он екіге келген қыз баланың орысша сайрап отырғанын көріп, таңғалғаным бар еді. Ата-анасына балаңыз «өзге тілде сөйлеуге шебер екен » деп едім, әлгі досым соны күтіп тұрғандай,  «көрдің бе, біздің қызды» дегендей мақтана жөнелді.  Мен не дейін, үнсіз қалдым. Мұны неге айтып отырмын. Шынын айтсақ, соңғы жылдары елімізде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай өзге тілде шүлдірлейтін балаларымыз қаптап кетті. Әрине, сіздің көкейіңізде  «неге орысша сөйлейді?» деген заңды сұрақ тұрғаны сөзсіз.

Мәселен, біздің ауданды алайық. Жүз пайыз қазақ тұрады. Кеңес дәуірі кезінде ауданымызда біршама өзге ұлт өкілдері тұрғаны да рас. Бірақ олардың бірқатары еліміз егемендік алған тұста өз Отанына оралса, енді бірі бүгіндері жергілікті халықпен «тонның ішкі бауындай» араласып-құраласып, ағайын-туыс құдандалы болып кеткен. Сөйдеп жүрсем, мәссаған безгелдік, бізде де орысша сөйлейтін балалар әлі де болса, әнебір айтқандай, көп болмаса да, бар екен.

Бір қатты сыйлайтын апамыз айтады. «-Ай,Алла-ай, үйде бір немерем бар. Орысша сөйлегенде, кез келген орысыңды да жаңылдырады-ау! Қайдан үйреніп жүргенін. Сөйтсем,  айфон, теледидар мен  ютубтағы суреттер, мультфильмдер, кинолар, концерттер орыс тілінде жүргізіледі екен ғой. Соны балалар таң атқаннан күн батқанға дейін көреді,тыңдайды.Бара-бара  соған жіпсіз байланып, тәуелді болып қалады екен.Осыдан келіп, баланың тілі орысша шығады. Сөйтіп ата-анасы амалсыздан баланың ыңғайына қарай жығыла береді.Енді қайтсін, қолын кессін бе?!  

Ғалымдардың есептеуінше, әлемде сегіз мың тіл бар екен.Сөз байлығын қолдану дәрежесі бойынша қазақ тілі бірінші орында екен. Орыс тілінде 57 мың сөз, оның 19 мыңы шет тілдерден келген. Ал,Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының сөз байлығы- 23 740 болса, қазақтың түсіндірме сөздігінің сандық құрамы 350 мың сөзді қамтыған. Осыдан-ақ қазақтың тілінің байлығы көрініп тұрған жоқ па? Иә, қазақ тілінің байлығы, оралымдығы дау тудырмайтын басы ашық аксиома. Оны жалғыз қазақ емес, басқа ұлттың өкілдері де мойындағанын талай естідік. Сондықтан қазақ қазақша сөйлеу керек.

Осыған тағы бір мысал. Жақында көрші облыста тұратын інімнің балалары қонақтыққа келді. Екеуі де шет елде оқиды. Бір қарасам, үлкені Салтыков Шедриннің кітабын оқып отыр екен. «Қай кітапты оқысаңда, менің шаруам жоқ, бірақ өзіміздің классик жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын неге оқымайсың» деп едім, қабағы кіржиді де қалды.

Сөйтсек, ірі мегаполис қалаларда әлі күнге дейін балаларды орыс тілі мектебіне беру азаймай отыр екен. Онда оқыған шенеуніктердің балалары қазақ мектебіне төбесінен қарап, мұрнын  шүйіреді. Балалар жоғарғы сыныпты бітірген соң, шетелге оқуға кетеді. Оқи берсін, қызғанбаймыз, бірақ өзінің ана тілін, дәстүрін, салтын, тарихын, әдебиетін ұмытпаулары тиіс емес пе! Ал, бізде керісінше. Сонау мұхиттың арғы бетінде оқып жатқан жастарымыз бізге шетелдің идеологиясын, болмыс-бітімін, әдет-дағдысын, тілін, салтын, наным-сенімін, дінін алып келеді. Одан кейінгі жасөспірімдер үлгі алады.

 Сондай-ақ бізде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бағдарламалар жоқ. Қазақша контенттер аз. Негізінде баланың қазақша сөйлеуі отбасына байланысты. Егер ата-ана тек қазақша сөйлесе бала қайда кетеді? Мүлдем орысша сөйлемей, таза қазақша сөйлейтін ата-аналардың балалары да таза қазақша сөйлейді, бірақ ондай отбасылар өте аз. Үйде ұлтымыздан шыққан ұлы адамдар туралы көп айтып отыру керек. Өйткені, бала анасының тілінде таза сөйлейді, ана тілі аталуының өзі осыдан. Әйтпесе, неге әке тілі деген жоқ? Егер үйде аналар, қазақ келіншектері қазақша сөйлесе, онда қоғам қазақша сөйлей бастар еді. Қазақ әйелдері өздерінің қолында үлкен мүмкіндік барын білмейді. Себебі, ертеден кешке дейін тірліктің соңында жүреді. Үйде шешесі орысша тілдеседі, қоғамдық көлікте, кез келген жерде бала тек орыс тілін естиді. Міне, осыдан келіп, балаларымыз орысша сөйлеуге құмар. Сондықтан қоғамымыз осы бастан ана тілімізге ерекше мән беру керек. Осы жерде алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген асыл сөзін есімізде сақтап жүргеніміз абзал-ау, деп ойлаймын.

                                                                         Аяпберген САЛИХОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *