Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені өзінше түсіндіріпті. Мұндағылардың айтуларына қарағанда, бұған республиканың басым бөлігінде ауа райының қаталдығы кінәлі көрінеді. Мәселен, табиғаты жайлы экзотикалық елдермен салыстырғанда бізде көкөніс өсіруге көп шығын шығатын секілді. Әйтсе де, өзімізде бау-бақша өнімі жетіспеушілігінің, оның құны қымбаттығының басты себебі осы ғана ма? Бұл ретте қолда барды ұқсата алмай да жүрген жоқпыз ба?

                                           ЖЫЛЫЖАЙЛАР

бүгінде республиканың барлық өңірінде бар. Тамшылата суару әдісі де өмірімізге ендеп енді. Ендеше, қыс кезінде де өнім алуға жағдай туғызылып отырған жоқ па? Мәселен, Махамбет селосында Артур Қожантаев отбасымен тұрғызған жылыжайынан азды-көпті өнімін жинап келеді. Енді фермер  қияр алуды көбейтуді жоспарлап отыр. Мұндай жыл бойы көкөніс өсіретін шаруашылықтар облыста ондап, ал елімізде мыңдап саналады. Демек, күллі қазақстандықтарды толық демесек те, соған жақын қамтамасыз етуге болады. Алайда, осы мүмкіндік барынша тиімді пайдаланылып жүрген жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының өзі мойындап отырғанындай, кезінде оңтүстік өңірдегі жылыжайлардан өндірілген көкөніс түгелге жуық Ресейге тасымалданған.

Неге? Өйткені, көрші елде бау-бақша өнімдерінің бағасы жоғары еді. Әсіресе, қыс кезінде шарықтап кететін. Міне, осы науқандық мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалуға ұмтылған дихандар қаражат қорын толықтыруға ұмтылады. Жеке пайда жетегінде мемлекет мүддесі қағыс қалады. Жерлестерінің дастарханында қолжетімді көкөніс жетіспей жатқандығы жадыдан шығады. Ал, бұған тоқтау салып, алдымен ішкі сұранысты қанағаттандыруды міндеттеуге бола ма? Өйткені солардың бәріне субсидия төленіп жатыр емес пе?

Турасын айтқанда, мұндай талап сұранып та тұр. Өйткені, елімізде ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы бар. Бүгінде ісін ілгері жылжытып отырған село кәсіпкерлерінің бәріне де кезінде мемлекет тарапынан жеткілікті қамқорлық көрсетілді. Енді аяғына нық тұрған агроөнеркәсіп кешені елімізде азық-түлік қауіпсіздігін орнықтыруға үлес қосуға тиіс емес пе?

Әйтсе де, таразының екінші басын бағамдасақ, дихандардың өзін-өзі асырауына аяқ басуы Үкіметке де тиімді. Рас, әзірге бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, қаржыландыру жалғасуда. Бірақ, ол қаншаға созылмақ?  Сайып келгенде, мемлекет қаржысын жеке құрылымдарды демеуге жұмсай беруге болмайды. Әлеуметтік өзге проблемалар да толып жатыр. Міне, республикадан көкөністі тысқа тасымалдауға рұқсат беріліп отырғандығы да сондықтан. Рас, қазір Ресейге салынған санкция салдарынан кейбір проблема туындаған. Алайда, бізге әзірге бау-бақша дақылдарын қымбатқа сатып алуға тура келеді. Бұған баға саясатында жең ұшынан жалғасушылықты қоссаңыз, онда күрмеулі мәселенің түйіні тіпті күрделене түседі.

                                            ДЕЛДАЛДЫҚ

қай кезде де болған. Байырғы тарихымыздан белгілі, түрлі жәрмеңкелерде жылқысын сатуға келген қыр қазағына қаланың саудада тісқаққан пысықтары делдалдық қызмет көрсеткен. Осы еңбегі үшін кесімді ақысын алған. Бұған екі жақ та ризашылық танытқан. Кейін кеңестік кезде мұндай адамдар алыпсатарлар ретінде қуғындалды. Оларды айыппұлға жығатын немесе тіпті түрмеге тоғытатын заңнамалар жасалды.

Ал, қазір бұлар ашық қызмет істейді. Өйткені, өздерін кәсіпкер санайды. Көкөніс көпшіліктің қолына тигенше алдымен солардың сараптауынан өтеді. Яғни, бәрін қотарып алады да, қымбатқа қайта сатар қолайлы сәтті күтеді. Сайып келгенде, базардағы бағаны белгілейтін осындай жандар. Ауыл қазағының сауда жасап тұратын уақыты да, оған икемі де жоқ. Биылғы өнімді жинап болған соң келер жылдың қамына кіріседі. Сонда күрек-сүймен ұстамай-ақ өзгенің еңбегімен байып жүргендерге қашан тыйым болады? Мемлекет басшысының алқапта өскен өнімнің сауда сөрелеріне тікелей жетуі тиістігін айтқанына да біраз уақыт болды. Өкінішке орай, сол талаптың жергілікті жерде орындалуы нашар.

Ілгергі жылдары Атыраудағы сауда нүктелерінде бау-бақша өнімдерінің тым қымбаттығы жөнінде лауазымды адамдардың бірімен тілдескенбіз. Сонда әлгінің айтқанынан ұққанымыз – ауылдан әкелетін көкөністі базарға жеткізбей, шаһар сыртынан делдалдар қағып кететіндігі. Сол күйінде түгелімен тиеп алады екен. Бұған село еңбеккерлері де үйренген. Оларға бәрібір, өнімі өтсе болғаны. Әйтсе де, құзырлы орындардың бұған да бақылау орнатқаны жөн еді. Себебі, даланың дәмі қалалықтарға шашаусыз жетуі тиіс.

                    «САРАЙШЫҚ» КОММУНАЛДЫҚ БАЗАРЫ

облыс орталығы тұрғындарына азды-көпті қызмет көрсетіп отырғаны сөзсіз. Рас, отқа да оранып үлгерді. Бірақ, қазір жұмысын жалғастырып жатыр. Аталмыш нысанды тұрғызғандағы о бастағы мақсат та – қалалықтарға жергілікті арзан да сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін көбірек ұсыну. Яғни, аралық буындарды жойып, өнімнің алқаптан дүкен сөресіне тура түсуін қамтамасыз ету. Сонда бағасы да төменірек болмақ. Оңтайлы бастама емес пе?

Әйтсе де, осы базарға барған қалалықтардың реніші де жоқ емес. Мұнда жергілікті өнімдерден гөрі сырттан жеткізілген тауарлар көбірек тәрізді. Сірә, ірі нысандағы барлық сөрені толтыру атрыаулық дихандарға қиынға соғып тұрған тәрізді. Жұртшылыққа жергілікті ретінде негізінен ет пен жұмыртқа, көкөніс пен бау-бақша, сүт өнімдері ұсынылады. Өзгелері тыстан тасылғандар. Бағалары да «Дина» немесе «Көктем» базарларынан аса арзан деуге келіңкіремейді. Мұның, біздің ойымызша, бірнеше себебі бар.

Біріншіден, «Сарайшықтың» орналасқан орны көпшілікке қолжетімді емес. Мұнда шаһар орталығынан екі автобус бағыты ғана белгіленген. Онда да №30 «а» бағытындағы көлікке қолындағы жүгі түгілі, адамдардың өздерінің мініп-түсуі азап. Ал, №4 автобустың жүрісі сәл түзелді дегенмен, әлі де жақсартуды қажет етеді. Ал, таксиге төленген теңге мұндағы аз-енм арзаншылықты қымбатқа шығарады.

Міне, осыдан келіп коммуналдық базарға қатынасушылар саны аз болуы туындайды. Бұл – бағаны қолжетімді қалыптастыруға кедергі екінші себеп. Жасыратыны жоқ, ет сатушылардың дені малды сол күйінде қарызға алып, ақшасын түскен табысынан қайтарады. Егер тұтынушы табылмаса, онда өнім өте ме? Сонда шығын қалай өтелер? Мұнда өзге сауда орындарымен салыстырғанда орынақы арзандау делінгенімен, сатушылардың да пайда табуға ұмтылысын ұққан жөн. Яғни, олар да азды-көпті үстемесін қосады. Мұның бәрі, сайып келгенде, қалалықтардың қалтасына салмақ салады. Демек, халық өздері үшін салынған әлеуметтік нысанның қалыпты қызмет істегенін қалайды.

                                       ОҢТҮСТІКТІҢ АЛМАСЫ

республиканың қай түкпірінде де өтімді. Жақында оны өсірушілер Атырауға да келіп, өнімдерін жергілікті халыққа ұсынды. Әрине, арзан бағасына. Ал, бұдан атыраулық кәсіпкерлер зардап шекпей ме? Мәселен, белгілі бизнес иесі Владимир Розметов ен далаға алма бағын отырғызып, үлкен бағдарламаны жүзеге асыруда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшылары мұнайлы мекенге келгенінде мұны күллі республикада алғаш рет қолға алынған игілікті іс ретінде бағалаған. Оған көп қаражат жұмсалды. Егер сырттан арзан алма әкелінсе, онда жергілікті өнім өтпей қалмай ма? Оның үстіне, өңірде оны өсіруге ұмтылушылар қатары артуда. Демек, бұлардың бәріне шаруасын кейінге шегеруге тура келе ме? Әлде бәсекелестік туса, өнім бағасы түсе ме?

 Қазір дихандар пайдаланған суының бір бөлігін ғана төлейді. Қалғанын  мемлекет өтейді. Өзге де қолдау бар. Бірақ, дихандар тағы демеу күтеді. Шығындары көп екендігіне шағымданады. Тіпті облыста егіншілікпен шұғылданатын жан қалмай, бұдан бірер жыл бұрын Өзбекстаннан адамдар алдыру жөнінде әңгіме қозғалды. Әйтсе де, мәселе оң шешілмесе, онда жергілікті көкөніс қымбаттайды. Сонда жұрт, әрине, сырттан жеткізілген арзандау өнімге ұмтылады. Мұның соңы аймақта ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған шараларды жоққа шығаруға соқтырады.

P.S. Ия, жергілікті бау-бақша өнімдерінің бағасы, оның қарапайым халыққа қолжетімділігі жөнінде әлі де айтуға болады. Біз бүгін оны аз-кем ғана әңгіме еттік. Демек, бұл – қайта оралып соғатын тақырып. Аймақ басшылығы қол қусырып қарап отыр демейміз. Бірақ, қымбатшылықты қолдан қалыптастырып жүрген алыпсатарлардың адымын аштырмайтын амал қажет.

Осы орайда қолданыстағы заңдылықтар да бар. Мемлекеттік және құзырлы органдар солардың нақты орындалысын қамтамасыз еткені жөн. Облыс әкімінің ара-тұра сауда орындарын аралауы күткендегідей нәтиже бермейді. Өйткені, кімнен қалай хабарланып үлгеретінін қайдам, сатушылар аймақ басшысы келерден бұрын тауар құнын кеміте қояды. Үкімет басшылығы да анда-санда қолға алынатын мұндай шараның пәрменсіздігін айтуы да сондықтан. Қысқасы, қайткенде де, атқарушы билікке бас ауыртатын мәселе жеткілікті. Өңірде әлеуметтік ахуалдың нашарлауы азық-түлік қауіпсіздігіне де қатысты. Ал, оның жұртшылыққа қолжетімді болуы – кезек күттірмейтін міндет.

                                                                                 Меңдібай Сүмесінов                                                                        

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *