Еңбек — адам өмірінің маңызды бөлшегі. Білім мен еңбек бір-бірімен тығыз байланысты. Бүгінде Қазақстанда жұмыссыздық мәселесі ең өткір тақырып. Еңбек нарығында сұраныс бар, бірақ лайықты ұсыныс жоқ, бұл көптеген мамандықтарға қатысты мәселе. Бұның себебі неде?
Рас, қоғам өзгерген сайын көзқарастың да өзгеретіні заңдылық. Өткенге көз жүгіртсек, өнеркәсіптік революция кезінде адамдар қол еңбектен зауыттарға көшті. Қызметтер ұсыну төңкерісі туғанда кеңселер арқылы жұмыс жүре бастады. Ал енді, цифрлық дәуірде қай арнаға бұрылуымыз керек? Бәлкім, себепті іздей бермей салдарға де тереңнен үңілген дүрыс па? Сараптап көрейік…
Елімізде қанша жұмыссыз бар?
Қазақстанның Ұлттық экономика минстрлігінің статистика комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, елдегі жұмыссыздық деңгейі 2022 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша 4,8 пайызды құраған. Бұл 443 000 мыңнан астам қазақстандықта жұмыс жоқ деген сөз. Наурыздағы есеп бойынша бүл көрсеткіш 441 900-ге тұрақталыпты. Жалпы Қазақстанда жасы мен әлеуетіне қарай еңбекке жарамды 9 151 600 адам бар екен. Оның ішінде тұрақты жұмыспен қамтылғаны 8 709 700 болса, қалғаны жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Аймақтар бойынша жұмыссыздық деңгейін саралайтын болсақ, барлық облыстар мен Алматы қаласының жалпы көрсеткіші 4,5-4,9 пайыз аралығында. Тек Түркістан облысы мен Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларының көрсеткіші 5,1 пайыз.
Дегенмен тәуелсіз сарапшылар мемлекеттік статистика Қазақстанның еңбек нарығындағы шынайы есептің көрсеткіші емес екенін айтады. Расында көп адамдар жұмыспен қамту орталығына тіркелмейді, әр түрлі салаларда еңбектенеді. Ауыл тұрғындарының дені ауыл және мал шаруашылығымен айналысып, тұрақты жұмыс іздемейді де. Қалалардағы көпшілік базардан нәсібін табады. Шындықтың көзіне тура қарасақ, бұл адамның бәрі де жұмыссыздар санатына жатады. Себебі, мемелекетке төлеп жатқан салығы жоқ, не бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына салымшы бола алмайды, тіпті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды төлеуді қажет деп таппайды. Осыдан келіп статистикалық мәліметтерге ілінбейді. Ресми емес деректер елімізде 2 000 000 астам жұмысссыз бар екенін айтады.
Жұмыссыздықтың басты себебі — болашағы жоқ мамандық
Жасыратыны жоқ, әр дәуірдің еңбек нарығына әсер ететіні ақиқат. Тоқсаныншы жылдары жоғары білімді азаматтардың көпшілігі сауда мен шаруашылықтан нәпақасын айыруға мәжбүр болды. Бүл кезеңнің жастарында жоғары білім алуға ынта да болмай кетті. Кейін экономика тұрақтала бастағанда түлектер жаппай қаржы, құқық, менеджмент бағытында білім алуға ұмтылды. Осы сала мамандарының көптігі сонша бүгінде де ұлттық экономикада сұраныс болмай қалды. Нәтижесінде өндіріс, медицина, ауыл шаруашылығы салаларында мамандар тапшы. Бұл ойымызды Қазақстандағы жұмыс пен қызметкерлерді іздеу порталы hh.kz сайтының сәуір айында жүргізген сараптамасы нақтылай түседі. Сайтқа тіркелген түйіндеме мен бос жұмыс орындарының санынан еңбек нарығындағы бәсекелестік деңгейін бағалауға болады. 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның 400 мыңнан астам тұрғыны hh.kz. сайтынан жұмыс іздеген. Ал жұмыс ұсынушылар 100 мың ғана. Бұдан 2021 жылдың төртінші тоқсанына қарағанда жұмысссыздықтың екі есе өскенін байқауға болады. Бір бос орынға шамамен бес адам үміткер. Жұмыс іздеушілердің дені Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында. Өтініш берушілердің жоғарғы көрсеткіші сату менеджері, клиенттермен жұмыс, сатушы-кеңесші, кассир, есепші жұмысын іздейтіндер. Сараптамаға сәйкес бос жұмыс орындарының көпшілігі спорт клубтары мен сұлулық салондары қызметіне арналған (+57%), инсталляция және сервис бойынша (+42%), жоғары менеджмент (+39%) және сату (+34%) кәсіптік салаларында сұраныс мықтап байқалады. Ал сұранысы жоқ мамандықтардың теріс динамикасын мемлекеттік қызмет, коммерциялық емес ұйымдар (-89%), сақтандыру (-55%), автомобиль бизнесі (-53%), шикізат өндіру (-37%) және банктер, инвестциялар, лизинг (-34%) салаларынан көріп отырмыз.
2022 жылғы сұраныстағы мамандықтар қандай?
Пандемияның салдары да көптеген мамандарды жұмысынан айырып, керсінше кейбір мамандықтардың бағын ашты. Халық мүндай трансформацияға дайын болмағанымен, цифрлық дәуірдің белең алғанын мойындады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың аяғында жасанды интеллекттің (ЖИ-интеллектуалды компьютерлік бағдарламалар мен машиналар жасау технологиясы әрі ғылым) дамуы барысында болашақта банкирлер, бухгалтерлер, кассирлер, курьерлер, жүргізуші мамандықтарына жойылып кету қаупі төніп тұрғанын айтқан болатын. Осы ретте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылға дейін мемлекеттік бағдарламалардың басымдықтарын талдау және кадрлық қажеттілікті болжау негізінде Қазақстанда сұранысқа ие 100 сервистік және индустриялық мамандықтардың тізбесін жасады. Қажет мамандықтардың тізімін түзуге Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейін іске асырылатын стратегиялық, мемлекеттік және салалық бағдарламалардағы басымдықтар алынған. Атап айтқанда, ҚР индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, «Нұрлы Жол» көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы, «Нұрлы Жер» құрылысы, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде өңдеу өнеркәсібі және ҚР БҒМ, «Атамекен» ҰКП және оқу орындары сұратқан 700-ден астам ірі жұмыс берушілердің қажеттілік болжамын талдау барысы негіз болған.
Бұл тізімге жоғары білім талап етілетін 35 мамандық және техникалық және кәсіптік білімді 65 мамандық, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру бағытында 10 жаңа мамандық кірді. Жалпылама айтар болсақ, олар IT мамандар, 3D модельдеу және кеңейтілген шындық инженерлері, машинааралық оқыту жүйелері бойынша маман, жаңартылатын энергия көздері бойынша және аддитивті өндіріс технологиялары бойынша инженерлер, «ақылды» қала құрылысы инфрақұрылымының сәулетшілері мен жобалаушылары, ұшқышсыз авиациялық жүйелер маманы, графикалық және мультимедиялық дизайнерлер. Расында мән беріп қарасақ, біздің бүгінгі онлайн және оффлайн өміріміздің өзі жасанды интеллектке тікелей байланысты болып тұр. Болашақта оған сұраныс әлі артатынын үкімет те нақтылап отыр.
Министрлік 2022 жылы өзекті болған Қазақстандағы мамандықтың көшбасына «Сату жөніндегі менеджерді» қояды. Негізі бұл топқа клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі менеджерлер де, сатушы-кеңесшілер, экспедиторлар, агенттер, call-орталық операторлары, теле-маркетологтар кіреді. Екінші ретте отбасылық жүргізуші, экспедитор-жүргізуші, такси-жүргізушіні қояды. Одан кейін суық және ыстық цех аспазшысы, әмбебап аспазшы, суши аспазшысы сұраныста екенін көрсетеді. Биылғы жылы тапшы болып отырған керекті мамандардың қатарында ультра дыбыстық зерттеу дәрігері, маммолог, уролог, терапевт, эндокринолог, невропатолог бар. Білім саласында математика, ағылшын тілі мұғалімдері аз. Сондай-ақ құрылысшылар, электриктер, дәнекерлеушілер, кран машинистері, слесарь-сантехниктер, монтаждаушылар, тас қалаушылар таптырмай тұрса керек.
Әлемнің еңбек нарығы туралы сарапшылары не дейді?
Егер адам болашақтың мамандықтарын қазір игермесе, оның орнын робот немесе жасанды интеллект алмастырып, жұмыссыз қалдырады дейді «Jobs of Tomorrow» сарапшылары өз баяндамаларында. Олар роботтандыру мен автоматтандыруға байланысты әлемде 75 миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген пікірде. Оксфордтықтар роботтар 15-20 жылдан кейін барлық жұмыстың жартысын жасайды деп санайды. Сонымен қатар, жұмысшылардың 53 пайызының келесі он жылда жұмысы айтарлықтай өзгеретініне немесе ескіретініне, ал адамдардың 77 пайызы қайта даярланып, кәсібін өзгертетініне сенімді.
Британдық «Fast Future» компаниясы 2030 жылға қарай ерекше сұранысқа ие болатын мамандықтардың тізбесін жасады. Болашақта ең танымал кәсіп иесі адам денесінің жасанды бөліктерін өндіруші сарапшылар болмақ. Бұл мамандық уақыт өте келе дербес индустрияға айналмақ. Британдық футурологтардың пікірінше, дене мүшелеріне тапсырыс берушілері әскери қызметкерлер мен кәсіби спортшылар болады. Екінші орынды наномедицина мамандары алыпты. Яғни, медициналық құрылғыларды әзірлеушілер. Адам ағзасындағы рак клеткаларын бұзатын наноқұрылымдарды мамандар қазірдің өзінде жобалап жатыр. Үшінші орында генетикалық түрлендірілген ауылшаруашылық өсімдіктері мен жануарларын өндірумен айналысатын фермерлер тұр.
Әлемдік сарапшыларының болжамына қарасаң алдағы елу жылда адамзат фантастикалық ғаламда өмір сүретіндей күй кешесің. Қашықтағы хирургия операторы, адамның микробиомасы жөніндегі жеке менеджері, киберпротездер мен импланттарды әзірлеуші, ми импланттары жөніндегі маман, киберқауіпсіздік бойынша маман, роботтар адвокаты, виртуалды экскурсовод мамандықтары бүгінгі бірінші сынып табалдырығын аттап отырған балаңыздың заманына бек келуі мүмкін. Себебі осыдан бес жыл бұрын қазір көп адам игеріп алған СММ маманы, тергетолог, коучер, лэшмейкер дегендер естімек түгілі, түсімізге кірген емес. Бірақ, бәрі өзгеруде, жаңа леп, жаңа тыныс ашылуда. Сарапшылар айтса қалт айтпайды дейміз да.
PS. Жоғарыдағы мәселелерді түйіндей келе айтпағымыз, бүгінгі мектеп бітірушілер мамандық таңдағанда жақсылап ойланып, болашаққа бағдар жасаса дейміз. Роботты жасайтын да басқаратын да адам. Астананың біраз мектептерінде робототехника үйірмелері жұмыс жасайды. Осыны өңірлердің білім ошақтарына да қолға алу қажет.
Ертең бәсекеге қабілетсіз саланы таңдап, дипломы бар жұмыссыздардың қатарын толықтырмайтын, келешегінен үміт күттіретін, қоғам мен мемлекетіміздің дамуына пайдасы тиетін салаға желкен тартатын ұрпақ керек бізге.
Гүлнұр Бақытқызы