құм өңірінде ұрпақтары ас берді 

Қазақта «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген сөз бар. Мынау құс қанаты талатын ұшы-қиыры  жоқ ұлы далада бір шаңырақтың емес, үлкен бір рулы елдің өсуіне жол салған, ардақты да аруақты, дана  аналарымыз  аз болмаған ғой. Солардың бірі Ақмаңдай әже десек артық айтпаған болар едік.Осыдан отыз жыл бұрын еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста атадәстүріміз бен салтымызды, дініміз бен тілімізді, әдет-ғұрпымыз бен төл тарихымызды түгендеп, ұлттық санамызды қайта жаңғырта бастадық. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» дегендей, өткенімізге көңіл бөлдік. Бір сөзбен айтқанда, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Сол 1990 жылдары бағзы замандардан бері жалғасып келе жатқан, бұрынғы өткен қасиетті, белгілі ата-бабаларымыздың есімін ардақтап, кейінгі ұрпаққа дәріптеу мақсатында ас беру, түнек салу, белгі қою, ескерткіш, мазар орнату іс-шаралары қолға алына бастағаны баршамызға белгілі. Бұл сол кездегі аға буынның бастамасымен, орта буынның қолдауымен, кейінгі жас буынның көмегімен атқарылған, тәрбиелік-тағылымдық  мәні бар, елдің немесе ағайын-туыстың ынтымағы мен бірлігін көрсеткен, үлгі аларлық игілікті істердің бірі болғаны айдан анық. Бұл өнегелі  дәстүр қазірде өз жалғасын тауып келеді.

Мереке қарсаңында, яғни өткен аптаның 8 мамыр күні Қамысқала ауылдық округінің Нарынқұм жиегіндегі «Қойбас қорығы» деп аталатын жерде Пір Бекеттің қарындасы, Беріш-Себек Бозай келіні, Шорман зайыбы, Адай-Мұңал-Қосқұлақ тегі Мырзағұлқызы Ақмаңдай әжені еске алуға арналған ас беру рәсімі өтті.

Бұдан жиырма жыл бұрында  аруақты әжемізге осы жерде, ұмытпасам 2002 жылы тамыз айында ас берілгені есімізде қалыпты. Ата-баба дәстүр жалғастығы деген осы емес пе?!

АҚМАҢДАЙ ӘЖЕ. ОЛ КІМ?

Ол-аты аңызға айналған Бекет әулие Мырзағұлұлының туған қарындасы. Оның мәңгілік мекені қалайша осынау Нарынқұмының ортасынан орын алды дейтін сұрақ кім-кімді де ойландырары сөзсіз. Енді соған тоқталып көрейік.Әулие әженің кіндік қаны тамған жері-Атырау облысы, Жылыой ауданындағы Ақмешіт мекені. Аруақты адамның дүниеге келген жері де киелі саналатыны әлімсақтан мәлім екені даусыз. Мырзағұл атадан Алдаберген,Алдоңғар, Меңдіғұл және Бекет атты 4 ұл,2 қыз Апуа, Ақмаңдай өрбіген, оның ең кенжесі Ақмаңдай әже. Ақмешітте әженің әкесі Мырзағұл, анасы Жәния мен 26 жасында өмірден өткен кіші ұлы Тоғай жерленген. Атасы Жаналы да осы жерде жерленген деген деректер бар.

Ақмаңдай әжеміздің жолдасы Шорман да осы Жылыой топырағында өмір сүрген. Бейіті сол жақта. Шамасы ағайындары бері жаққа көшерде Бейнеу маңайында қайтыс болулы. Ақмаңдай әже 3 баласымен (Сарт, Көдебас, Жылқышы) елмен бірге қайынағасы Орыс (Өтеғали) атамызға ілесіп көшіп келген. Ауыл ақсақалдары ел көшіп жатқанда 1801-1802 жылдары Ақмаңдай әжеден:

— «Ел көшіп жатыр, өз төркініңде қаласың ба, әлде елмен бірге көшесің бе?» — дегенде Ақмаңдай әжеміз: — «Мен балаларымды жетім қылмаймын, не көрсем де ағайындарыммен  келген жеріммен бірге көшем, балаларым ағайынын, туысын біліп өссін»,-деп өте ақылды шешім қабылдаған екен. Міне, осы кезден бастап әженің бойында ата қанынан барған қасиеттері бар екені байқала бастаған. Алдағыны болжап, ауырған малға да, адамға да ем жасаған. Тіпті өзі өмірден өткеннен кейін де ұрпақтарына шапағатын тигізген, мәйітінен шырақ жанып тұрған. Адамдар оның басына барып ниязын байлап, аруағына сыйынып Нарындағы ел-жұрт «Әулие әже», «Ақ шеше» деп атап кеткен.

ҚАСИЕТ ҚАЙДАН ҚОНҒАН?

Мұндай ерекше қасиет Ақмаңдай әжеге ата-бабасынан дарығаны анық. Туған ағасы-әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, бүкіл Адай ұлысына ұран болған пір Бекет. Негізінде әженің бойындағы қасиет бойжеткен кезінен байқала бастапты. Бірде әке-шешесі жазғы жайлауға көшіпті. Көп жүрістен кейін көш тоқтап, мал-жан ішетін суға тарығыпты. Осы кезде әжеміз өзінің ерекше қасиетімен су көздерін тауып, мал-жанды аман алып қалыпты. Ендеше, Беріш-Себек келіні Ақмаңдай рухына Шорман әулетінің тағзым етіп, ас беруі имандылық жолындағы іс екені аян. Бозайұлы Шорман екеуінен Сарт, Көдебас, Жылқышы деген үш ұл дүниеге келген. Рулық жағынан алғанда Шорман-атақты Саржала батырдың немере інісі. Яғни, Ақмаңдай әжені де Саржала батырдың келіні десек, тектілік пен тектіліктің табысқанын байқаймыз. Осы жерде бір атап өтер жайт, Ақмаңдай әже ешқашанда ешкімнің атақ-даңқына арқа сүйеп көрмеген. Оны бір рулы елдің қамын ойлаған асыл ана десек те болады. Содан ба екен, бүгіндері Шорман ата мен Ақмаңдай әжеден тараған ұрпақ, қыз-жиендерін қоспағанда 200 шаңырақ болған екен. Жалпы, осы әулеттің ұл-қыздарынан тараған немере мен жиен-жиеншарлар саны мыңға жуық көрінеді. Текті жерде тоғай орнар деген осы да!

Қазақ «Әйел алма, қайын ал» деп тегін айтпаған. Бозай атасында береке дарып, мал мен басы бірдей өскен ауыл Шорман ауылы. Шорман ұлдарының ішінде Көдебас әнші, атбегі, жалпы өнерге бейім болған. Қасына әнші-жыршы, палуан ертіп, жүйрік ат мініп, өмірін думанмен өткізген. Әрі өте тентек адам болған. Осы бір ісіне көңілі толмаған әжеміз оған «Өспе де, өшпе де» деп бата берген екен. Сол себептен бе екен, атамыздың ұрпақтары өспей қалған көрінеді. Бірақ аты кейінгі ұрпақтарының есінде  қалған дейді үлкен кісілер.

Сарт ата мінезі жайлы, көп сөзді білмейтін, шаруасына мұқият, еңбекқор, бай адам болған. Қанша ауқатты адам болса да, қарапайымдылығы сол-тойға, жиынға барғанда атына тоқым салып, жайдақ мініп, жүре береді екен. Қатар-құрбылары: «Малы көп Сартқа не жетпейді екен,-дейді екен. Сонда Сарт: «Әй, сендер менің тоқымыма қарағанша, артымдағы қоқымыма қараңдар»,-депті дейді. Сондағысы өзінің өсіп келе жатқан ұрпақтарын айтса керек.

Шорман атамыздың кенжесі Жылқышы ата. Ақмаңдай әжеміз өмірден өткенше Жылқышы шаңырағында болыпты. Шорман мен Ақмаңдай әжеден тараған ұрпақтардан көптеген атақты шопандар, зергер, мұғалім, әнші, күйші секілді өнер саңлақтары шыққан. Олардың қатарына белгілі зергер Нух Жалмышев, елімізге белгілі домбырашы Сағын Жалмышев, өнер зерттеушісі, күйші-сазгер Серікқали Харесов, журналист Қазихан Қабделов, Нарынның орденді жылқышысы Шипа Шұғайыпова, ағартушы ұстаздар Қабдел, Ибатолла, Закария Жұмағазиевтер, Алпамыс Хайдаров, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Гүлмайдан Сүндетова т.б. бар.

 «ҚОЙБАС ҚОРЫҒЫ» —

АТА-БАБАЛАР  МЕКЕНІ

Әжеміздің жерленген жері осы «Қойбас қорығында» екен. Бұл қауымды 1957-1958 жылдары көп жыл Новобогат совхозында шопан болып істеген Шәмәли Ғайниұлына «Сухан құдық» деген жерде отырған руы Құлкеш Беріш Айтбаев Жұмағали деген ақсақал көрсетіп кеткен екен. 1801-1815 жылдары Жанбай ата ұрпақтары Бөкейдің соңынан Нарынқұмына көшіп келгенде қоныс тарлық ете бастаған. Жәңгір хан заманында Саржала батыр немересі Бекбайұлы Қойбас би, Тума Кемесай Байшағырұлы Қондыбай шешенді ертіп барып, ханнан жер сұраған екен. Сонда Қондыбай би:

Оралды орыс бермейді,

Әдепті Қойыс бермейді,

Іргені Тана бермейді

Қаратоқай және бермейді.

Аспаннан құдай жаңбыр бермейді,

Жерді Жәңгір бермейді.

Кетейін десем Жәңгір сені қимаймын,

Кетпейін десем ен Нарынға сыймаймын,-депті дейді. Жәңгір Қондыбайдың келісті сөзіне риза болып Себек атасына бір ат шаптырым жер беріпті. Ол жер кейін «Қойбас қорығы» аталып кеткен. Себектің Бөрте, Жанбай атасының балалары «Қойбас қорығын» жазғы жайлау, ал,теңіздегі Жанбайды қысқы қыстаулық етіп қоныстанып, көшіп-қонып жүрген. Мұнда кейінгі ұрпақтарының айтуынша, Сарт, Көдебас, Жылқышы аталары мен оның ұрпақтары, 100 жасаған діни терең білімді, қасиет қонған Қожыр ата т.б. ағайындар дамылдап жатқан көрінеді.

АҢЫЗҒА ТОЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР

Ас беру кезінде әулие әженің көптеген ұрпақтарымен кездесудің сәті түскен еді. Бәрі де Ақмаңдай әжесінің көріпкелдік қасиеттерін жыр қылып айтады. Мен соның үш-төртеуін  назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.

Жантілеу Ғинаятұлы аға: «Биыл әлгі вируспен ауырып жатып қалдым. Ауру басылатын түрі жоқ, ем-домның бәрін жасадым. Бір күні әжеге арнап босағаға нияз байладым да жатып қалдым. Түс көріп жатыр екем, түсіме ақ киімді әже еніп, арқамнан сипап жіберді. Мен оянып кеттім. Сол күннен бастап тәуір бола бастадым. Әжеміздің «Кім бұрын атымды атаса, соны қолдап жебеймін!» деген сөзі есімнен кетпейді, Самиғолла Ибатұлы ініміз: « Мен көп жылдан бері электр маманы болып жұмыс істеймін. Токтың айналасында қауіп-қатер көп қой. Бірде Аққыстауда үш қатарлы үйден өрт шықты. Өрт сөндірушілер келіп, су шашып жатыр. Бәріміз ішке ұмытыламыз жалын кіргізер емес. Сосын есіктің үстіндегі маңдайшасына мініп, үстіндегі кішкентай терезеден ішке кірдім. Іште қалып қойған балаларды сыртқа алып шықтым. Ойымда дым жоқ, жоғары қабатқа қарасам жарық жанып тұр екен.Яғни мен ток жүріп тұрған сымнан ұстап кіріппін. Сөйтсем мені Ақмаңдай әжем аруағы қолдаған екен»,-дейді ол.

Гүлмайдан Сүндетова: « Махамбет ауданында тұратын Әубәкір ақаның баласы Бекіс қасында тағы бір ағайындар бар «Нива» машинасымен әжеге бет алып шыққан ғой. Бейітке 7-8 шақырым қалғанда машина сөніп қала берген. Олай қарайды, бұлай қарайды машина қызбайды. Не істерін білмей кетіп бара жатқан машиналардан сәлем айтады «біз тұрып қалдық машина жіберсін» деп. Оларды алып кетеді, машина сол жерде қалып қояды. Асқа қатысып, қайтарда машинаны қыздырса, гүр ете түседі. Сөйтсе машинаның бір қалтасында арақ жүр екен. Соны әже басына әкелдірмей ұстап тұрған ғой. Не деген құдіреттілік!» — деп таңғалады апамыз.

Бисенғали Мұхитұлы: «2000  жылы қызмет бабымен тамыз айында Степногорск қаласына мекемеге қажетті қосалқы бөлшектерді әкелуге жолға шықтым. Сол күні Құлсарыдан Желтауға жетіп қондық. Келесі күні Шалқарға тарттық. Жолдан керегінше фонтаннан су құйып, Бозойға қарай жүріп кеттік. Біраз жүргеннен кейін машина моторының суы қайнап жүргізбеді. Сөйтіп су таусылды, машина да тоқтап қалды. Енді не істеу керек? Айналада ұшқан қарға жоқ. Бір тамшы суға зәруміз. «Өлген жеріміз осы болар» дедім шоферге. Ол үндемеді. Содан Ақ шешеме сыйынып, «аруағы қолдай көр!» деп айта бердім. Сан түрлі ойға түсіп жатып, ұйықтап кетіппін. Түсімде ақ киімді әже келіп, басымнан сипады: «балам, бәрі жақсы болады» деді. Ауыз құрғап, таңдай кеуіп қалған. Машинадан шығып жан-жағымызға қарасақ, ештеңе көзге түсер емес. Машина төбесіне шығып қарасақ, ескі қыстаудың орны байқалды жақын жерден. Екеуміз қолымызға бір-екі су құятын ыдысымызды алып, солай қарай аяңдадық. Барсақ, онда құдық бар екен. Ыдысымызға жіп байлап құдыққа салсақ су бар екен. суды тартып алып, ішіп қарадық. Керемет тұщы, сап-салқын екен. Сондағы қуанғанымызды айтсаңшы! Содан ыдысымызға мол қылып су толтырып алдық. Жолда Ақ шешеме қайта-қайта сыйынып келемін. Көп ұзамай алдымыздан жылқышының үйі кездесті. Сол жерде демалып, тамақтанып алған соң, әрі қарай жүріп кеттік. Одан кейін жолда көп қиындық көргеніміз жоқ»,-дейді ол сол күндерді еске алып.

ЗИЯРАТ  ЕТУШІЛЕРГЕ ТҮНЕК  ҮЙ  САЛЫНДЫ

Көптен бері Ақмаңдай әжеге зиярат етушілер мен келуші жолаушылар келгенде, ас ішіп, демалып қисаятын орын керек екені әңгіме болып жүр еді. Бір күні Аухади аға інілеріне: «бір түнек үй салып алмасаңдар бізге сын. Ел-жұрттан ұят болады, қамданыңдар» деген ұсыныс жасады. Содан Сарт атадан тараған бес ата ұрпақтары түнек үйін салуға кірісіп кетті. Ағайындардан қаржы жиналып, құрылыс материалдары тасылып, өткен жылы берілуге дайын болды. Сержан Мұхитұлы, Самиғолла Ибатұлы, Назымбек Қазиханұлы тағы басқа көптеген жігіттер осы істің басы-қасында жүрді. Бір сөзбен айтқанда, игілікті істің тезірек бітуіне 60-70-дей адам жиналып, қызмет көрсетті. «Көп біріксе, жүк жеңіл болады» демекші, нәтижесінде  азғантай уақытта ала құм ортасында Шорман ата мен Ақмаңдай әжеге арналып, түнек үй салынды. Намысы биік, жігері мықты, арманы асқақ Шорман ата ұрпақтары түкпір-түкпірдегі барша ағайындарды шақырып, ас берді. Асқа Маңғыстаудан Ақмаңдай әженің төркіндері, нағашылары, пір Бекет ата ұрпақтары, Орал, Ақтөбе, Алматы қалалары мен Исатай, Махамбет аудандарынан ағайын-туыстары келді. Бір күн бұрын Себек ата ұрпақтары алыстан келген нағашыларына дастарқан жайып, қонақжайлық көрсетті.

 Келесі күні түнек үйінің ашылу рәсімі өтті. Онда ел ағалары Зұлпыхар Сүйінішов, Жылыой ауданынан келген нағашылары Ислам қажы Мырзабекұлы, Мұрат Сабытайұлы, Алаш Жалғасбайұлы, Мақсым Шафихұлы, Шорман ата мен Ақмаңдай әже ұрпақтары Жәнібек Шайхымежденов, Жантілеу Ғинаятұлы,  Арман Жұмағазиев, Самиғолла Ибатұлы, Аухади Қабделов, Бисенғали Мұхитұлы, Әліби Хайдаров, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші-сазгер Гүлмайдан Сүндетова, аудан әкімі Полымбет Хасанов, Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова,  құттықтау сөз сөйлеп, махамбеттік ақын Амангелді Есенғалиев  арнау өлеңін оқыды, Тағанбай Уапұлы Ақмаңдай әже туралы баяндама жасаса, Жасталап Шұғайыпов Ақмаңдай әже мен Шорман ата рухтарына арнап Құран хатым түсіріп, дұға бағыштады. Сондай-ақ түнек үйін тұрғызған құрылысшыларға, алыстан келген қонақтарға шапан жабылып, қазақы құрмет көрсетілді, сый-сияпаттар ұсынылды.

Түс қайта әжеге тәу етушілерге қонақасы берілді. «Өлі риза болмай,тірі байымайды» дейді халық даналығы. Зады бұдан ата-бабаларымыз шалқыған байлықты көксеген деген ұғым тумайды. Қайта рухани жан сарайының түлеуін, ой-санасының, ақыл-парасатының кемелденуін арман еткен. Ендеше, бүгінгі ас беру рәсімі ұйымшыл ұрпақтары барда  ата-баба рухының ешқашан өшпейтінін көрсеткен тәрбиелік мәні зор тағылымды шара болғаны сөзсіз.

               Аяпберген САЛИХОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *