Жақында облыс әкімі Ғали Есқалиев Қаратөбе ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыстық басқарма, департамент басшылары, жергілікті атқарушы құрылым және қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты.
Жиынға қатысушылар әуелі бейнебаян арқылы Қаратөбе ауданының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен танысты. Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев өткен жылы ауданның әр саласында жүзеге асырылған жұмыстар жайында баяндама жасады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы 16 наурызда жарияланған «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Жолдауында «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген болатын. Осы мақсат-мұратты жүзеге асыру үшін қоғам мен билік арасында диалог орнатудың маңызы зор. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда бүгінгідей кездесулердің орны ерекше. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді дана халқымыз. Былтыр атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды талқылауға жиналып отырмыз. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында азаматтардың өтініш-тілегін жедел қарау, мұң-мұқтажына назар аудару, қоғамдық диалогті, ашықтықты қамтамасыз ету, халықпен байланыс орнату үнемі басты назарға қойылып келеді. Өткен жылы 270 азамат қабылдауда болып, жеке және заңды тұлғалардан 456 өтініш түсті. Өтініштердің ішінен 76 мәселе оң шешімін тапса, 380 өтініш иесіне түсінік жұмыстары жүргізілді. Мәселелерге байыппен қарап, шыдамдылық танытуымыз керек. Кейінгі кездегі қиындықтарды халықтың ауызбіршілігінің арқасында жеңдік, – деді Қадыржан Орынбасарұлы. Оның айтуынша, былтыр аудан бюджеті 6 млрд 468 млн теңгені құраған. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 82 адамға 47,8 млн теңге грант тағайындалса, 37 кәсіпкерге 172,9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында 9 кәсіпкер 85 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
Экономика негізі – мал шаруашылығы
Жалпы Қаратөбе экономикасының негізі – мал шаруашылығы. 419 шаруа қожалығы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында жұмыс жасауда. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 9,6 млрд теңгені құрап отыр. Бүгінгі таңда ауданда асыл тұқымды 23 шаруашылық тіркелген. Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің көлемін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу бағытында 7 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс жасауда. Кооперативтің құрамында 168 тұрғын бар. Ортақ бағымға 2078 мал басы енген. Кооператив жұмыстарының басым бағыты – ірі қара малын тұқымдық түрлендіру. Қадыржан Сүйеуғалиевтің мәлімдеуінше, 2021-2022 жылдың мал қыстағына қажет 131,4 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланып, қыстаққа 115,1 (87,6 %) мың тонна шөп әзірленген. 2021 жылы 48 трактор, 5 тіркеме және 1 арнайы техника, 21 шөп буғыш, 28 шөп орғыш, 21 тырма, 25 шөп тиегіш сатып алынған. Өткен жылы ауыл шаруашылығына арналған жерлерге 2 (15 жер телімі, 67 өтініш) конкурс ұйымдастырылды. Жеңімпаз болып табылған 14 өтініш иесіне жалпы көлемі 10 180 га жер берілген. Конкурстар нәтижесінде 1 млрд 208 млн 600 мың теңге инвестиция тартылады және 62 (53 тұрақты, 9 маусымдық) жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
– Бүгінде ауданымыз бойынша тұрғын үй кезегінде түрлі санаттағы 328, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімі кезегінде 291 адам тұр. Осыған орай, қазіргі таңда инженерлік-коммуникациялық желілері тартылған 144 жер телімі үй салу үшін кезекте тұрғандарға берілуде. Ауданымыздағы 13 елдімекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қаратөбе тұрғындарының 91,3 %-ы, яғни, сапалы суды тұтынуда, – дейді Қадыржан Сүйеуғалиев.
Сонымен қатар аудан әкімі бірқатар елді мекенде ұялы байланыс жақсарып, жолдар жөнделгенін, халықты жұмыспен қамту бойынша жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Аудан тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету мақсатында Алакөл, Бесоба ауылдарының ауылішілік су құбырының құрылысын жүргізу, қаржыландыру көздерін қарастыру жоспарлануда. Сулыкөл және Қарақамыс елді мекенінде саябақ құрылысын жүргізу, Қаракөл, Қоскөл ауылдық округінде балалар ойын алаңын салу, Қаракөл ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратын және саябағын, Соналы ауылының клубын жөндеу алдағы уақыттың еншісінде.
Жергілікті өнім табысқа кенелтеді
Жиын барысында өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы тұрғындарды ашық диалогқа шақырып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерді шешудің жолын қарастыруға дайын екенін айтты. Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев әлеуметтік желілерге жолданған 8 сауалды оқып, оған тиісті басқарма басшылары жауап берді. Сонымен қатар жиынға қатысушылар да сұрақ қойды. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің уақтылы шешімі табылатынын жеткізді.
Ханкөл ауылын Орал-Ақтөбе күре жолына қосатын жол қай уақытта салынып, Сулыкөл ауылынан аудан орталығына қатынайтын 27 шақырым жолдың қашан жөнделетіні сөз болды.
«Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Мұқанов бірқатар мәселені алға тартты. Ол аудан экономикасын оң өзгерістерге бастайтын жол құрылыстарын жүргізу және орман шаруашылығын ашу жөнінде ұсыныс білдіріп, бүгінде механизаторлар мен малшылардың тапшы екенін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев Шалғын елді мекеніне мектеп және тұрғын үйлер салуға шешім қабылдап, елге үлкен көмек көрсеткен облыс басшылығына алғыс білдірді. Және Егіндікөл, Қоскөл округтерінде қыс мезгілінде бірнеше тәулік бойы электр жарығы болмай қалатынын, газ құбырынан ақау шығуы салдарынан кейде көгілдір отын да болмайтынын айтып өтті. Ал облыстық мәслихат депутаты Жаңабек Жақсығалиев Қаратөбе – Қарақамыс тас жолын жөндеу сапасы сын көтермейтінін тілге тиек етті.
Кездесуде Аққозы, Саралжын ауылдық округтеріндегі ауыз су мәселесі, қала мен аудан арасына қатынайтын такси қызметінің қымбаттығы, ауданда медицина мамандарының жетіспейтіндігі, былтыр пайдалануға берілген 67 үйдің құрылыс сапасы жайлы мәселе қозғалды.
– Қаратөбе – небір таланттардың мекені. Жылдан-жылға әлеуметтік-экономикалық бағытта дамып келеді. Аудан тұрғындарының кішіпейіл, қиналғанға қолғабыс етуге құштар екенін кешегі төтенше жағдайлар кезінде де байқадық. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қолын созған жандарға мың алғыс! Бірліктің арқасында әлі талай сыннан өтеміз деген ойдамын. Осындай сұрақ-жауап сипатындағы кездесулерді жылына, кемінде, екі мәрте ұйымдастырамыз. Елді мекендерді көркейту бағытындағы сұрақтарыңыз жауапсыз қалмайды. Жергілікті өнім мөлшерін ұлғайтып, ысырапшылдыққа жол бермеуіміз керек, – деп Ғали Нәжімеденұлы кездесуді қорытындылады.
Жиыннан соң облыс әкімі облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншинмен, облыс прокурорының орынбасары Мадияр Басшыбаевпен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Марлен ҒИЛЫМХАН