Бізді қоршаған ортадағы сылдырай аққан бұлақ, жайқалған өскен ағаштар мен жасыл-ала шөп, саф ауа барлығы да табиғаттың бізге берген сыйы емес пе? Барлығының да сұрауы бар. Табиғатымыз таза болса, адам да аурудан таза, ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Ал, сол қоршаған ортаны, табиғатымызды аялау, қорғау, таза ұстау – біздің әрқайсымыздың парызымыз! Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында біздің тілшіміз Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Нұрлан ЖАНТОҚОВҚА жолығып, сұхбаттасқан болатын.
– Қоршаған ортаға зиян тигізетін де, айналаны қорғайтын да, керісінше оны көріктендіретін де – адамдар. Шындығын айту керек, «нашар экология» деген сөз тіркесі қазір қалыпты сөз қолданысына айналып келеді және бұл тіркеске ешкім таң қалмайтын да, селт етпейтін де болған. Бүкіл дүниеде болғанындай, өлкемізде де, қоршаған ортадағы ең үлкен проблема – қоқыс, ағаштардың кесілуі, ауаның, өзендердің ластануы десек артық айтқандық емес.
Нұрлан Қойланұлы, әңгімеміздің әлқиссасын аймақтың бүгінгі экологиялық ахуалын жақсартуда қолға алынып жатқан шаралардан бастасақ дұрыс болар еді.
– 2020 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе отырып, облыстың өзекті экологиялық мәселелерін шешу бойынша «Жол картасы» жасақталып, бекітілді. Онда қоршаған орта сапасын жақсарту бойынша барлық салалар қамтылған. Сондай-ақ, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарына экологиялық мәселелер бойынша жиырмадан астам іс-шара енгізілді. Негізгі өзекті мәселе – бас шаһардағы атмосфералық ауа сапасы. Біздегі атмосфераға тарайтын ластаушы заттардың шығарындылары 2020 жылы – 150, ал, былтыр 155 мың тонна құрады, оның 85%-і бірінші санаттағы ірі кәсіпорындар еншісінде. Негізгі ластаушы көздер «ТШО», «НКОК» компаниясы, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС сынды мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындар екендігін айтуға болады.
Кәсіпорындарды 21 автоматты мониторинг стансаларынан (АСМ) алынған деректер Air.kz қосымшасы арқылы Атырау қаласының 10 бірлік LED-экрандарында 2021 жылдың мамыр айынан бастап көрсетіле бастады. Биыл қалада орналасқан атмосфералық ауаның жай-күйін бақылау стансаларының деректері LED экрандарда күнделікті онлайн режимде көрсетілуде.
– Күлімсі иістен тұншыққан халықты қатты толғандыратын мәселе – Атырауда сарқынды сулардың булану алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарының жайы. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Ауқымды алқапты алып жатқан «Тухлая балка» алаңының 860 гектары – Атырау мұнай өңдеу зауытының иелігінде. Мұндағы ластанған жерді тазарту жұмысы сәуір айында басталды. Жобаның жалпы құны — 5,5 млрд теңге. Өткен жылға 1,9 млрд теңге бөлініп, игерілді. Учаске төрт секторға бөлінген, былтыр екі секторы 91%-ға аяқталды. Биыл 1,6 млрд. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар жалғасуда. Мердігердің жұмыс кестесіне сәйкес, 178 980 мың текше метр ластанған топырақ шығарылды, жалпы аумағы – 186 250 шаршы метр жер қамыстардан тазартылды және 60 мың текше метр бөгеттер жасақталды. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының өнеркәсіптік кәсіпорындардың аймақ экологиясына теріс әсерін азайту жөніндегі тапсырмасы негізінде қолға алынды.
Атыраудағы экологиялық ахуалды жақсарту жөнінде жасақталған «Жол картасы» бойынша булану алаңдарының жұмысы 2023 жылға дейін толық қалпына келтірілуі керек. Бүгінгі басталған іс-шаралар зауыттың сарқынды суларын булану алқабына ағызуды кезең-кезеңімен тоқтатуды, оны пайдалануды және өңірдің жер асты суларына, флорасы мен фаунасына теріс әсерін болдырмау мақсатын көздейді.
– Жылдар бойы жинақталған қоқыс қалдықтарынан тазалау, оны толығымен жою немесе қайта өңдеу шаралары туралы да БАҚ-тарда жиі қозғалып жүр. Тұрмыстық қалдықтарды қоқыс орындарына жаппай тастау – табиғат пен экологияның бұзылуымен ерекшеленеді емес пе?
– Әрине, бұл айтуыңыз орынды. Жылдар бойы пайдаланылып келген қоқыс полигондары топырақ, жерасты сулары және ауаның ластануына әсерін тигізетіні рас. Аймақта 2020 жылы – 233 641, өткен жылы 190740 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, полигонға шығарылды. Ал, бұл қалдықтарды сұрыптаудың үлесі 2020 жылы -18,0%, 2021 жылы 21% құрады. Биыл оны 24% жеткізу көзделген.
- Осы мақсатта қандай шаралар қабылдануда?
– Атырау қаласынан жеке инвестор «Промэкология» ЖШС-не 30 га жер учаскесі бөлінді. Инвестиция көлемі –1,0 млрд теңге. Кешен құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жобалауға қажетті техникалық шарттар алынды. Жобалау-сметалық құжаттамаларды аяқтау осы жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Кешен құрылысын бастау, жол салу, объектінің инфрақұрылымдық инженерлік желілерін жүргізу жұмыстары былтыр қазан айында басталды. Құрылысты 2023 жылы іске қосу көзделіп отыр.
Жеке инвестор «Гринсити» ЖШС-не полигон салуға 5 га жер учаскесі бөлінді. Инвестиция көлемі -1,5 млрд теңге.
Атыраудың оң жақ бөлігінде қоқыс өңдеу кешенін салу жұмыстарына қажетті құрлығылар толықтай келді. Күні бүгінде өндірістік цех пен әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимараттары салынып, келген жабдықтарды жайғастыру, ғимараттарды сумен, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қоқыс өңдеу кешені құрылысын толықтай аяқтап, пайдалануға беру алдағы маусым айының ішінде күтілуде.
Тағы бір жалпы құны 1,6 млрд теңгелік ірі жоба – қала қолданысындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қалпына келтіру. Бұған келер жылы республикалық бюджеттен 1,5 млрд, 2024 жылы жергілікті бюджеттен 164 млн теңге қаржы бөлу көзделіп отыр.
Сондай-ақ, қаланың оң және сол жақ бөлігіндегі жаңа полигон құрылысы аяқталып, іске қосылғаннан кейін, 2023 жылы қолданыстағы ескі полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.
Мәселенің экономикалық жағына да зер салып көрейік. Қоқыс өңдеу – ХХІ ғасырдың бизнесі десек артық айтпас едік. Себебі бұл тек экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді. Қалдықтарды қайта өңдеу шағын және орта кәсіпкерлік үшін қомақты табыс көзіне айналуы бек мүмкін. Өзіндік құнының төменгі есебінен қайта өндірілген өнімдер көптеген салаларда сұранысқа ие.
– Соңғы жылдары трансшекаралық Жайық және Қиғаш өзендеріне түп тереңдету жұмыстарын жүргізу жайы биік мінберлерден жиі сөз болу нәтижесінде біраз шаруа атқарылды. Алдағы уақытта өзен түптерін тереңдету жалғаса ма?
– 2017-2021 жылдары Жайық және Қиғаш өзендерінің 169 шақырымында түп тереңдету жұмыстары жүргізілді. Осы қос өзенде 2022-2026 жылдарға 295 шақырымға (оның 51,5 шақырымы Жайыққа тиесілі) түп тереңдету жұмыстары жоспарланды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне 2022 жылға 3,0 млрд.теңге бюджеттік өтінім жолданып шешімін тапты.
– Нұрлан Қойланұлы, елді мекендерді құм көшкінінен қорғау, көгалдандыру мен жасыл аймақ жасау жұмыстары да күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі екендігі белгілі. Жылыой, Исатай аудандарының шалғай елді мекендерін құмнан қорғау, ірі мұнай компаниялардың ағаш отырғызу, көгалдандыруға қосып жатқан үлесі туралы да білсек деп едік.
– Облыс елді мекендерін құм басу фактілерінің жиі орын алуына байланысты соңғы екі жылда Жылыой ауданының Майкөмген елді-мекенінде – 6, Исатай ауданының Исатай ауылында 9 га жерге құм тоқтату, ал, 2021-2022 жылдары Кобяково-Забурын су каналының бойындағы барлығы 32,9 га жерге 400,0 млн теңге қаржы қарастырылып, жұмыстары жүргізілуде.
Облыста мемлекеттік орман қорының көлемі — 56 мың гектар, оның 18 мың гектары орманмен көмкерілген. Орман қорын күзету, қору, өсіру және молықтырумен Атырау, Махамбет, Индер, Құрманғазы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелері айналысады.
Өткен жылға осы бағыттағы жұмыстарға 214 млн. теңге жоспарланып, нақты игерілген – 178 млн. теңге. Оның ішінде, орман шаруашылығы мекемелеріне техника алуға 130 млн.теңге, қосымша маусымдық жұмысшылардың еңбекақысын төлеу, тұқым жинау, өңдеу және сақтау оларды қоршау жұмыстарын жүргізілуге 48 млн.теңге жұмсалды.
Облыс көлемінде «Ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемдерін молайтудың 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарға» сәйкес, өткен жылы 309 гектарға 905 мың екпе егу жұмысы толықтай орындалды. Егілген екпелер интерактивті картаға енгізілді. Биыл жергілікті бюджеттен 253 млн.теңге бөлініп, 543,5 гектарға 1,4 млн екпелер отырғызу жоспарланды.
Елді мекендерде Өңірлік жоспар бойынша бес жылда 275 гектар аумаққа 540 мың ағаш көшеттерін отырғызу көзделген, былтыр 48 гектарына 86320 тал егу жоспарланып, толықтай орындалды. Биыл 51 га 101 мың ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Көгалдандыруға аймақтың ірі мұнай компанияларын тарту мақсатында Меморандумдар жасақталды. «Теңізшевройл», «НКОК», «АМӨЗ», «Ембімұнайгаз» АҚ Атыраудан, Жылыой мен Мақат аудандарынан жер учаскелері бөлінді.
Сұхбаттасқан Бақытжан ЖҰМАТ