Қапелімде қоғамдық өмірге етене араласқан жанның заңды демалысқа шыққан соң да отбасы, ошақ қасындағы бітпес  күйбеңге бірден-ақ беріліп кете қоюы да қиын екен.

Соданда аудандық мәдениет саласының басшысы Жеміс Базарғалиқызы «Ауданға атақты сазгер, жазушы Илья Жақанов ағамыз келе жатыр, уақыт тауып шарамызға қатыссаңыз қалай болады екен?» дегеніне бірден келісім бере қоймасақ та, көңілін де жыға алмай келістік. Сөйтсек, жаңылмаған екенбіз. Аудандық мәдениет үйінде өткен «Бұлбұл әуез» атты Илья Жақановтың шығармашылығына арналған концертке қатысқан көрермендердің бірі болғанымызға  еш өкінбедік.

Оған себеп өзіміз сонау  ес жиып, етек жапқан 60-ыншы жылдары әр үйдің төрінде, тіпті  Елтай ауылының орталық алаңында орнатылған ұзақты күн аузын бір жаппайтын ақ шелектен, одан әрі мал баққанда ерге ілінген радиоқабылдағыштан жиі естіп, сөздерін жаттаған әндерді сәулетті мәдениет үйінде сазгердің өзімен бірге отырып тыңдап қол соққанның әсері бөлек  екен. Мұны да  өзімізге бір ойламаған жерден бұйырған бақ санадық.

Құрамында танымал әнші Бақыт Жайымова бар, домбырашы Еркін Әубәкіров жетекшілік ететін «Ару әже» ансамблі, Айдар Досымов, Сабыржан Қабдолов, Нұрболат Кәрімов, Самал Өмірзақова, Толғанай Ексебаева, Сайран Түсіпқалиев, Нұрлан Сағынов пен Сұлтан Қияқбай, Әлия Кенжеахметова, тағы басқа аудан өнерпаздарының бүгінде таңсық бола бастаған  табиғи дауыста шырқаған таныс әндері көңілімізді бір көтеріп тастады.

Сөз жоқ бұл көрермендеріне «қайда барсам да алдымнан әндерім шығады» деп тебірене алғысын айтып, ризашылығын білдірген сазгерге кейінгілердің, соның ішінде индерліктердің  көрсеткен шексіз құрметінің белгісі де болса керек.

Әсіресе, Еркін Әубекеров шырқаған М. Мақатаевтың сөзіне жазылған, бірақ сирек орындалатын «Бозқараған» әніне автор ризашылығын білдіріп,  тағы бір қайтара орындатты. Кейбір ішкі иірімдеріне әншінің назарын аудартып, ақыл-кеңестерін қосып, тарихынан сыр тиегін ағытты.Жалпы  әрбір әнді де орындаушы алдымен оның тарихын терең меңгеріп барып орындаса сәтті шығатынын, әрі тыңдарман көңіліне де оның шынайы жететінін сазгер бірнеше рет қайталады.

Ал бізге Мұратбек Жұмашев, Олжас Аққалиев пен Тимур Нұрмағамбетовтің орындаған: «Алаулап күн батса қырды асып, Кетуші ек, қалқатай, сырласып. Ұмытсам сол күнді, сол күнді кеш мені,Есте ғой, дариға, Жайлаукөл кештері» деп басталатын әні тым жақын естілді.

Үш дауыста орындалған  бұл ән бұрынырақта мал баққан елтайлықтар Тәкең-Тасқали Темірболатов, домбырашы Еркін мен ақын Камал Ізімтегіне қайдам, Жайлаукөлдік бойжеткенді өмірлік серік еткендіктен, маған бұл маңның қазіргі жадау тірлігін  көз алдымызға келтірді.

 Кезіндегі атағы дүрілдеген кеңшары тарап, кеңсесі қирап, халқы көшіп, Жайлаукөлде бар ғұмыры өткен әке-шешесі, руы Шақа бажамыз Кеңесбек пен Ұлзаданың мәңгілік тыныстаған орнын күзетіп, ескі орында қалған Ахан бауырдың қазіргі қоңыр тірлігі санаға оралды.

Күз келіп қалды деп сол маңға келе кең жайылған Шу өзенінен болса балық аулап, адамынан гөрі сексеуілін қатты бақылаған үкіметтің тыйымына қарамастан, содан қысқа отын дайындап, Ұланбелден шығатын ескі жолға мазасыздана ұзатылып кеткен сегіз әпке-қарындасының соңынан қарағыштап жүрген балдыздың желқақты жүзі әсте ұмытылар ма?!

Әннің кереметі де осы ғой, кезінде түрлі жел сөзге, тіпті сазгердің 60 жылдан аса жұбайы Тиыш жеңгей айтпақшы, «Илья шапан киіп отырғанда шығарғаны өлеңі болар деп» әлі күнге қағытатындар да арамызда аз емес көрінеді. Бұл да өмірдің бір шындығы.

Жалпы  сазгердің әр өлеңінің сыртында үлкен тарих жатыр. Оның талай ортада шырқалып жүрген «Алматы кешінде», «Жалғыз қайық», «Арқаның аруы»,  «Жан жолдас», «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Әсел», «Асылым», «Түнгі сыр», «Ағады Ертіс», «Нені ойладың», «Балқантаудың бауырында», «Еділ-Жайық», «Күреңбел», «Толағай», «Арыс», ,»Ырғыз», «Есіл бойы», «Теміртау түні», «Оралдың ерке самалы», «Ағады Жайық, ағады», тағы басқа әндерінің кейбірі осы Индер сахнасында орындалуы және оның сәтті шығуы сазгердің мерейін тасытқандай. Сондықтан да болар Илья аға «қайда барсам да алдымнан әндерім шығады» деп марқая  көпшілікке бас иді.

-Менің әндерім, ежелгі сал-серілер сияқты нағыз қазақи кең дауыста шырқалатын туындылар, шырақтарым, оған бүгінгі салдүр-гүлдір,жалт-жұлт еткендеріңді қоспасаңдар екен,-деген аға тілегі де сол арада өнерпаздарға қарата айтылып қалды.

Өзін сонау Біржан сал, Ақан сері, Мәди өнерін бүгінге жеткізуші, қала берді 60-ыншы жылдарғы Шәмші пен Әбліхат жалғастырған қазақ саз өнерінің алтын ғасырының соңғы тұяғы санайтын Илья ағамыздың бұл сөзі басқаларымыздың құлағымызға жағып кетті.Бірақ қазақ өнерінің деңгейін  соны биіктерге жеткізген сол асыл жандардың өздері болмаса, ізбасарлары арамызда жүрмейді ме деп, шошып та кеткеніміз рас енді.

 Шынында да бүгінде «До» мен «ре» арасын таксимен барып келетін» (Ә. Еспаев), бірақ түрлі салада басшылық пен қосшылық жұмыста жүргендіктен бе, қазақтың дәстүрлі өнері емес, мән-мағынасы жоқ, жартылай жалаңаштанған ұятсыз «жұздыздардың» телерналар мен сахналардан түспей еркінсуі 85 жастағы сазгерге де тұрпайы көрінеді екен.

-Сендер, бүгінгі жастар еліктейтін шет елдіктердің өзі біздің көрсең көз тоймайтын ұлттық киімдеріміз бен иірімі терең де әуезді дәстүрлі өнерімізді қатты бағалайды, соған қызығады. Соны естен шығармаңыздар, ұлттық өнерімізді жергілікті жерде насихаттап, ұрпақ бойына дарытуға тер төгіңіздер,-деген тілекті де шеберлік сағатына қатысқандар ерекше құптай жөнелді. Ал қазақ өнерін ХХ ғасырда Әміре Қашаубаев «Ағаш аяқ» әнін Париждің төрінде шырқап танытса, осы ғасырда «Дайдидау», «Самалтаумен»  әлемді өнерімен табынтқан Димаш Құдайбергеновтің өзі-ақ аға сөзін растап отыр емес пе?!

Сондықтан да танымал домбырашы Серік Нысанов бастаған аудандық мәдениет үйінің әр қызметкері өнерпаз ғана емес, ауыл жұртын мәдени тұрмысқа, рухани толысуға үндейтін, ұлттық өнеріміздің жергілікті жерде шын мәнінде насихатшысы бола білуге ұмтылып отыруы тиіс деген сазгер әрі өнертанушының ақыл-кеңесі еш уақытта жерде қалмайды деген сенімдеміз.

Ал ағаның ел сахнасында көп орындала бермейтін Дәулеткерейдің «Көроғлы»  сияқты соңғы кезде Соқыр Есжанның күйлерінің де насихаты кемшін түсіп жатқанын да базыналауы өте орынды естілді. Сондықтан да сонау 40-ыншы жылдары Мұқан Төлебаев жазған «Біржан-Сара» операсының бүгінге дейін деңгейін көтеріп тұрған Соқыр Есжанның терең сазды күйлерінің орны әрдайым бөлек екендігін, әсіресе, ауыл өнерпаздарының тереңдей  түсінуі керектігін ерекше бөле атады.

 Сондықтан да қаланың шу-дуынан жырақ жатқан аудандағы оркестрдің репертуарына үйреншікті, кезекші күйлерді емес, сондай жиі орындала бермейтіндерін көбірек енгізіп, сол арқылы ізденіспен жан-жақты танымалдылыққа  қол жеткізуге  шақырды.

Бұл арада қолымызға қалам алуға түрткі болған әріптесіміз, «Атырау-Ақпарат» ЖШС төрағасының орынбасары Исатай Балмағамбетовтың Қазақстан мен Қырғызстан республикаларының «Еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат» пен Дәнекер» ордендерінің иегері  Илья Жақанов туралы ойлы пікірі де  түрткі болғанын айтпасқа болмайды.

-Осы қазір біз сахна төрінен керемет бір өнер кешін сол әндердің авторы, сазгерменен бірге отырып тыңдап, үлкен әсер алдық,-деп сөзін бастаған әріптесіміз Илья ағаның сазгер, өнертанушы әрі танытушы ретінде бірнеше әндердің тарихын қазбалаған еңбекқорлығын үлгі етті.

Соның бірі  «Дударай» әнінің иесі Үлебайды анықтаған өнер зерттеушісі екенін атады әріптесіміз. Осы арада өз күнделігімізге бір кездері жазылған мына жолдар санаға үйірілді: «Сол әуендер арасынан бала болсам да «Екі жирен» әніне ерекші елтитінмін. Ұмытпасам, осы Илья Жақанов ағамыздың «Екі жирен» әңгімесі болса керек. Шіркін, Илья ағайдың радио- новеллары тым әсерлі еді ғой. Әрі  жақында марқұм Жәнібек Кәрменовтың «Махаббат әні» кітабынан да сол жайды тағы оқыдым.

-«Әй, Шәкен,-деді Жүсекең (Елебеков).-«Жиырма бес» пен «Екі жиренді» айтшы…

..- Қазір, әулием, қазір,-деп Шәкен (Айманов) домбыраның құлақ күйін келтірді» деген жолдарға деген сағыныш әлде өксік пе екен, әйтеуір қолқаны қысқан  ащы сезім қарып кеткендей әсер еткенін қайтерсің…

Міне, осылайша әріптесіміздің тереңнен толғаған сөз өрімі  Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Шама, Жарылғапберді, Мұхит, Молдабай, Әкімгерей, Иманжүсіп, Майра, Мәди, Құдайберген, Исаның есімдерін оралтып, ұмыт бола бастаған тағдырлары мен шығармашылықтарына қалам тербеген жазушы, журналист, кәсіби суретші, реті келсе ақын да болып кететін бір сырлы, бірнеше қырлы азаматтың өмір мен өнердегі тағылымды жолын саралауы көпшіліктің кең қолдауына ие болды.

Тіпті Батыс жеріне келген соң да қаламына іліккен тағдырлар туралы бірде Илья ағамыздың: «Ал мен болсам бұл өлкенің музыка әлеміне енгендей, өзіме беймәлім көп сырды зерттеуге бірден кірісіп кеттім. Мұхиттан басталған әнші-компазиторлардың байтақ галереясы бар.

Олардың ішінде кезінде есімі аталмай, мысалы, Аманғали секілді әншісі «Банды» атанып, әндерін айтуға тыйым салынған кез…Молдабай, Әкімгерей, Қызыл әнші, Қиса, Дәукен, Ажар.., тағы басқа ұмытылған, ескерусіз қалған әншілер тағдыры «Зәуреш» деп аталатын кітабымның негізін құрады» деп еске алғанын оқығанымыз бар.

Бұл қатарға сазгер Доссордан бір ескерткіш орнатуды ұсынып жүрген «Гүлжансары»,  біздің ауданның алты ауызына айналған «Маржан қыз» әндерінің тарихын баяндауы да өз алдына бір шоғыр естен кетпес салмақты шығармалары екені анық. Ал осы ортада индерлік өнерпаз Е. Әубәкіров «Маржан қызды» орындаған соң да осы өңірден атақты жылқышы қызына бір қайталанбас  белгі орнату жөніндегі ұсынысы да жердей қалмас деген үміттеміз.

…Осылайша өзін қабылдап, қолпаштаған толы жұрт алдына толқи көтерілген сазгер Илья Жақанов:

-Бұл бір үлкен оқиға болды.Мынау қыркүйектің сәулелі шуақты күнінде өзім ерекше жақсы көретін Индердің ел-жұрты, сіздердің алдарыңызда өте қимас сәттерді бастан кешіп отырғаныма ризамын. Менің бұл шын ризалық жүрегімдегі сөзім осы.

 Менің бүкіл шығармаларым ел мен жер, уақыт, мезгіл, адамдардың жан-сезімі, ұлы табиғат, ұлы тіршілік. Осы ұланғайыр, шегі де жоқ, шеті де жоқ байтақ даланы бізге алып, осыншама бақытқа жеткізіп кеткен  ата-бабалардың  рухы, бізді желеп-жебеп келе жатқан сол рухпен өмір сүріп келе жатырмын.

Маған сұрақ қояды «Еділ-Жайықты» қалай жаздыңыз деп. Сонда мен Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны»,-деп қонақ Мұрат ақынның «Үш қиян» жолдарын төгіп-төгіп жіберді.-Міне осындай, кешегі Қазтуған, Шалкиіз, Асан қайғылар жырлап өткен осы ұлы даланың рухы маған осы өлеңдерді жаздырып отырған.

Бір әнім биік болса, оны асқар таулардың биіктігінен алдым, бір әнім кең дала болып жайылып жатса, байтақ даладан алдым, бір әнім терең болып жатса, оны  мынау Каспий, Балхаштай ұлы дариялар, мұхит, теңіздерден алдым. Ал жан жүректеріңізді тербеп жатқан ән болса, жүректеріңіздегі нұрлы ойлар, сезімдер, махаббаттан алдым.

Мына Исатай інім әлгінде айтты ғой, біздің алдымыздағы барлық ұлы компазиторлар, сал-серілер дәл бүгінгідей өз концерттерін емін-еркін  көре алған жоқ. Болса да өте сирек болды.Басқаша өмір, басқаша тәртіп болды ол кезде. Ал енді қазір қай жерге, қашан барсам да әндерім алдымнан шығады. Еш уақытта әншілерді мен ертіп жүрмеймін.

Бүгін осы залда, сахнада керемет концерт болды. Ешқандай бұл концертке мен сын да, мін де айтпаймын. Талантты балалардың бүкіл жан жүрегіне, сезіміне, өздерінің ой-өрісінің кеңдігіне, әнді таңдап, түсініп айтуларына ерекше жүрегім керемет толқып отырды. Көз алдыма тамшы дірілдеп тұрғандай болды,-деген алғыс сезімін көрермен қауым да жылы қабылдап, қолтықтаған кітаптарына қолтаңба алып қалуға асықты.

Шара соңында Ш.Сариев атындағы облыстық көкемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражайының басшысы Т. Орынбасарұлы талантты тұлғаның суретшілік жолына тоқталды. Осы арада үлкен кісі бұл өнердің Индер жерінде де өрісін кеңейте түсуге тілек қосты. Ә.Сыдыханов, М.Қалымовтай бірнеше суретшілердің кіндік қаны тамған жердегі таланттардың көзін ашып, қанаттарын қомдауға жағдай жасау, бұл бағытта аудандағы  өнер мектебінің орны мен маңызы ерекше екенін атады.

Қасиетті Индер жеріндегі осынау шара барысында кітапханашылар И. Жақанов шығармаларынан «Өмірін өнерімен өрнектеген» атты көрме ұйымдастырса, өнердің өз адамы, мерейтой иесіне аудан әкімі Салауат Өтеғұлов құттықтау хат табыстап, иығына шапан жауып, сый-сияпат ұсынды.

Сайып келгенде сазгермен болған бір-екі сағаттан біз де тың ой, сындарлы пікірлерді санамызға түйіп, бір байып қалғандаймыз. Жәнеде биік рух қашанда  таусылмас байлық пен беделден емес, биік өнер мен терең әдебиет, мәдениеттен нәр алатынына осы жолы тағы бір көз жеткізгендейміз.

С.ХАЛЫҚОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *