Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға мәлім болып жатырған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» деген атау иеленген жаңа Жолдауын зерделей оқып шыққандықтан ішкі дауысым өз пікірімді айтуға жетеледі.

Жолдауда тарихымызға қанмен жазылған биылғы қаңтар оқиғасы жайлы Президенттің ашық ойына, оның себептері мен салдарына орай айтылған жеке көзқарасына маңыз берген болдық. Парламент қабырғасында өткен арнайы тыңдаудың өзі оқиғаның мән жайын халыққа бүкпесіз жеткізу екені ашық айтылады. «Депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді… біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл – менің жеке қағидатым» делінуі сондықтан деп ойлаймыз. Демек, Президенттің халықтан ештеңені жасырмай бүкпесіз айтуы, сөз бен істің бірлігін дәлелдеуі, халықты тыңдайтын үкімет құруға деген оң қадамы деп ұғынуға болады.

Жолдаудың әр сөйлемін шұқшия оқуға тура келді. Бабаларымыздың «Іштен шыққан жау жаман» сөзі мысалға келтіріліпті. «Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды» делінсе, сол белгілі адамдар кімдер, қашаннан олар белгілі адамдар, сол лауазымды орындарға олар қалай жетті, әсіресе сол «белгілілердің» есімдері кімдер деген сұрақ көңілде көлденеңдей береді. «Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасаса» ол да ашық айтылуы керек деген ойдамын. Әрине, Елбасының өткен отыз жыл ішіндегі еңбегін ешкім жоққа шығара қоймас, бірақ халық тарапынан оған таңылып жатырған кінәлер мен айыптаулардың бәрін терістеу билік пен жұртшылық арасын бітістіре түседі дегенге сене қою қиын. Сол күндері Қауіпсіздік кеңесі неге қарасын көрсетпей бұғып қалды. Кәрім Қажымұханұлы Елбасының биік-биік лауазымдарды сеніп тапсырған белгілі де белсенді кадрларының  бірі емес пе еді, қалай ол жалғыз өзі сатқындық әрекетке барды? Міне, осы және басқа сұрақтар ел тағдырына алаң әрбір қазақстандықты ойландырып жүргені анық. Жолдауда «Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз» делінсе, бұл жайындағы толық ақпаратты ел халқының тездетіп білгенін қалар едік.

Қазақстандықтар білетініндей жаңа жылдың басында дәстүрлі Елбасы өз қолымен іске  қосатын жаңа өндірістік орындардың көбісінің ғұмыры қысқа болғандығы да бүгін жасырын емес. Ауыл – аудандарда некен-саяқ болмаса «кәсіпкермін» деп жүргендердің көбісі алыпсатарлар, аннан әкеліп, мында бағасын үстеп сатушылар. Әрине олардың жағдайлары да жақсы. Сорлап отырған баяғы қарапайым халық. Ресей – Украина арасындағы жанжал ұзаған сайын шет елдерден тауар тасымалдаушылар бағаны күн сайын шарықтатып өсіріп, үсті-үстіне қосуда. Бұған тоқтам салатындай күш көрінбейді. «Өлсең-өрем қап» деген қарау пиғылдың қашанғы жалғасары белгісіз.

Жолдаудағы мына жолдар көңілге үміт ұялатады: «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек». Солай болса жақсы ғой. Көңілімізде жүрген көп қыжылды қалай дөп басқан. Шындыққа жанаспайтын жалған табыстар мен мәліметтерді беріп отырған жергілікті жерден бастап жоғарыға қарай ол – статистикалық құрылымдар. Сірә кезінде оларға «жоқты бар етіп көрсету» тапсырмасы берілген, олар ол жүктемені күні бүгінге дейін бұлжытпай орындауға әбден бойларын үйреткен.  Жетістікті де, ағаттықты да дәл сол күйінде көрсетуге болмайтын отыз жыл өміріміздің шикілігі бастан асады.

Жолдаудағы мына жолдарды көрегендік деп бағалаймын. «Бүкіл құзірет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды… Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүргізуге жол ашады».

«Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жағын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің өкілеттігі көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады». Өте дұрыс айтылып отыр. Шексіз билікте шекесі шылқығандар өздерінің міндеті мемлекеттің тұтастығы мен бірлігіне жауапты екендіктерін арттарында халық тұрғандығын ұмытып та кетті. Билікке деген шексіз қомағайлық басқару тізгінінен айырылып, айналасындағы сыбайлас топтардың уысынан шыға алмай, солардың мақтауы мен еліртуіне әбден бой алдыратынын міне, өткен уақыт та, қаңтар оқиғасы да алдымызға көлденең тартты. Мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастау, мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтетіндігі де өткен уақыттың бізге берген шындығы.

Жолдауда өкілді билік тармағын қайта құру мәселесі кең қамтылған. Мұнда атап көрсетілгендерге қос қолды көтере отырып: «Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді»… Міне, көңілде жүрген ащы ақиқаттың бірі осы. Кезінде өзіміз бір шетінде жүрген жұмыс болған соң білетініміз, сайлауға келмеген адамдардың орнына өздеріне қажетті кандидатура үшін топтап бюллетень салып, өтірік сайлау өткізу – жазылмайтын дертке айналды. Халықтың: «бірде-бір дұрыс өткен сайлауды көрген жоқпыз»-деуі ып-ырас. Әйтпесе, бүкіл Қазақстан бойынша бір кандидатураның 90 пайыздан аса дауыс жинауы ешқандай ақылға сыймайды. Демек, өтірікті де ойланбай айтатын дәрежеге жеттік.

Жолдауда сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңарту, құқық қорғау институттарын күшейту бойынша көтеріліп отырған мәселелер егер жергілікті жерлерде бұрынғы көз де бой да үйренген таптаурын жасандылықтан арылып, шындыққа негізделіп жүргізілсе, жаңару мен жаңғыру жолына түсіп, жаңа Қазақстан құрарымыз ол анық.

Жолдаудың жетінші бөлімінде Бұқаралық ақпарат құралдарының да тың міндеттері белгіленген. «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек» делінген. Демек, газеттердің үстінен қарап, редактордың билігіне қол сұғушы қандай да бір құрылымның болуы – бұдан әрі тиімділігін жоғалтқаны анық. Қылышынан қан тамған кеңестік жүйе де мұндай етіп сөз бостандығын мансұқтамаған. «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек» — делініп отыр. Ендеше «төртінші биліктің» өз құзіреті шеңберінде қанатын еркін жазатындай жағдайы болуы тиіс. Билік үстінен билік құрып біреулердің күнелтісі үшін құрылым ендігі жерде қажетсіз, жауапкершілік елге танымал, халықтың да биліктің де сынынан өткен редакторлардан сұралынуы керек деп ойлаймын. Ақпарат орталықтары өзге облыстарда тарап, Қазақстанның батыс облыстарында ғана сақталуда.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдаудың соңғы бөлігінде отандастарға арнаған сөзінде: «Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан құндылық жоқ… Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз» депті. Бұл әрбір елжанды, саналы отандастың мәңгілік өзгермейтін жүрек үніне айналып, сол жолда бірлігімізді көрсеткенде ғана жаңа Қазақстанның жарқын бейнесін көре аламыз.

Таңатар Дәрелұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *