Өнер-керемет құдіретті күш. Өнер деген сөзді естігенде елең ете қалмайтын жан бар ма? Атақты орыс халқының сыншысы В.Г. Белинский: «Өнер дегеніміз көркем образ арқылы ойлау»,-деген екен. Шынында да, өнер бізді әсемдік әлемінің заңдарын түсінуге жетелейді, адамға рухани күш береді, ерекше қуаныш, сүйініш, толқу сезімін оятады, өмірге деген құштарлықты арттырады, бұл ретте өнердің тәрбиелік және қоғамдық мәні де айрықша.
Өнер мемлекеттен, жекеменшіктен бұрын пайда болған. Адамзат қоғамы әлі ғылым дегенді, металл өңдеуді, мал шаруашылығын кәсіп етуді білмеген заманда, өнер деген керемет дүниені өмір керегіне жаратып, тұрмыс қажеттілігіне айналдырған. Содан бері ғасырлар бойы өнер адамзатпен бірге жасасып келеді. Өнер-қуаныш көзі, өнер-адамның ақылшысы, жан серігі, рухани азығы. Өнер тарихы әріден, көне заманнан, адамзат қоғамының алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінен басталады. Сол адамзат баласының ақыл-ойымен қиыннан қиыстырған әлемнің жеті кереметін айтпағанның өзінде, өзіміздің Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауиді, Тараздағы Айша бибіні, Ұлытаудағы Алаша ханды, Семейдегі Қозыкөрпешті, Маңғыстаудағы пір Бекет ата қашап салдырған Оғыланды тауындағы мешітті немесе арғы ата-бабаларымыз тасқа бедерлеп кеткен «Таңбалы тастағы» сызу,ою, суреттерді көргенде қалай таңғалмассың. Ендеше ата-бабаларымыз әлімсақтан бері өнерді ерекше қадір тұтқан. Әсіресе, қазақ халқының тасқа қашап, өрнек салу өнері бағзы замандардан бастау алса керек. Оның ішінде сурет салу немесе кескіндеме өнері көп таралғаны күні бүгінге жеткен сан ғасырлық тарихымыздан белгілі. Бұл өнер ұзақ жылдардан, қилы-қилы кезеңдерден өтті. Сурет салу ермек емес, адамды, табиғат көріністерін, маңайымызды қоршаған неше түрлі оқиғаларды бейнелеу, шым-шытырық өмір, жайнаған табиғат құбылыстарын қылқалам арқылы кескіндеме сұлбасын түсіру екінің біріне бұйыра бермейтін киелі өнер десек қателеспеген болар едік. Сызық, жарық пен көлеңке, түс, бояу тағы басқа тәсілдерді пайдалану арқылы суретші болмыстағы сан алуан оқиғаларды тізбек-тізбек етіп көз алдымызға келтіреді, ерекше эстетикалық толқу, ой-сезімін туғызды.
Ұлы суретші И. Репин: «Кескіндеме жаны бояу емес, идея, тек идея!»- деген пікір айтқан екен. Жалпы сурет салу өнері көне заманнан келе жатқанын жаңа әңгімеміздің басында айттық. Адамды бейнелеу, оның ішкі сырын ашып, рухани өмірін көрсету, қоғамдағы тартысты, күресті сипаттау сурет өнеріндегі басты тақырып. Мысалы, Әбілхан Қастеев салған төңкерістен бұрынғы қазақ елінің тарихын бейнелейтін туындыларын еске алайық. Оның «Сатылған қалыңдық» және «Қыз алып қашу» деген еңбектері көптеген ғасырлар бойы «мықтылардың» отымен кіріп, күлімен шыққан, күң болған қазақ қыздарының төңкерістен бұрынғы қайғылы зарлы өмірін көз алдымызға елестетеді. Яғни, қай суретші де көзбен көріп, қолмен ұстауға болатындай образдар жасауға тырысады. Сондай дарынды да талантты суретшілеріміз қасиетті Нарын өлкесінде де аз болмаған. Солардың ішінен Атыраудың абзал ұлдарының бірі, белгілі қылқалам шебері, дарынды суретші, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, тума талант иесі Шаймардан Тілемісұлының есімін ерекше атар едік. Әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміздің өмір жолы қиын да қилы бұралаң жылдарға толы десек біреу сенер, екіншісі сенбеуі мүмкін.
1937 жылы Атырау облысының Новобогат ауданының (Исатай ауданы) Забурын ауылының Амангелді елді мекенінде дүниеге келген ол 1954 жылы Новобогат ауылындағы Амангелді (Ғ.Мәсәлімов атындағы) орта мектепті бітіргеннен кейін, комсомолдық жолдамамен Арқа жеріндегі Қарағанды қаласына аттанады. Бойында жастыққа тән қызбалық та, өршілдікте қатар өрбіген жас жігіт қолына қайла алып,шахтаға түседі. Сонда жүріп ол өмірдің мәні нағыз еңбекте екенін түсінеді. Содан кейін Шалқия кен барлау экспедициясында (Жезқазған облысы) жұмыс істейді. Осылайша өміртану мектебінің алғашқы дәрістерінен сабақ алып, қара еңбекке шыңдалған ол әскери өмірдің де дәм-тұзын татып үлгереді. Осында оның бала жастан армандаған суретке деген құштарлығы оянады. 1961 жылы Украинаның Харьков қаласындағы көркемсурет институтына түсіп, оны 1965 жылы бітіріп шығады.
Сол кезден-ақ Ш. Сариевтің тоталитарлық жүйе мен кеңестік қоғамға деген өзіндік көзқарасы мен ойлау пайымы өзгеше қалыптаса бастаған болатын. Оған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары да тұспа-тұс келді. Бұл жылдарда жер шарында мәдени дүмпулер жүріп жатқан кез еді. Космосқа адам баласы аяқ басып, музыка мәдениетінде де төңкерістер болып жатыр еді. Бұл өзгерістер тек осы салаларды ғана шарпыған жоқ, поэзия, бейнелеу өнерінде де төбе көрсеткен-ді. Поэзияда атақты М.Мақатаев,Ж. Нәжімеденов, Қ. Мырзаәлі, О. Сүлейменов, Т. Айбергенов, М. Отаралиев, Ө. Нұрғалиев сынды «бунтарьлар» бой көрсетсе, бейнелеу өнерінде де С. Айтбаев, Ш. Сариев, А.Сыдыханов, С. Ғұмаров, Т. Тоғысбаев т.б. осы сықылды үркердей топ реформаторлық деңгейге көтерілген-ді.
1962 жылы Алматы қаласына барған Шаймардан «Өнер» комбинатында жұмыс істеп, бүкілодақтық, республикалық көрмелерде алғашқы жұмыстарын көрсете бастайды. Оның қылқаламынан шыққан алғашқы туындылары астана жұртшылығы арасында зор ілтипатпен бағаланады. Ш.Сариевтің 1967 жылғы «Тұрар», 1969 жылғы «Шопан». 1971 жылғы «Гурьев балықшылары» және басқа да құнды туындылары Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының қорында сақталып, жиі-жиі көрмелерге қойылып отырған. Тіпті оның «Сары киімді әйел» мен «Қыздар» атты туындыларын Париж пен Мәскеу көрмелері қайта-қайта сұратып алатын көрінеді. Елден ерек жаратылған шын талант иесінің өнердегі мінезі мен өмірдегі мінезін жаратпаған қызғаншақ, өркөкірек билік басындағылар мен аяқтан шалушылар оны қоғамнан аластатуды ойластырады. Ақыры өршіл талант иесін «СССР Суретшілер Одағы мүшесінің ары мен атағына кір келтіретін қоғамға жат қылықтар (ішкілікке салыну, бұзақылық) жасағаны үшін» деген сылтаумен Шаймардан Тілемісұлын СССР Суретшілер Одағы мүшелігінен шығарып тастайды. Өнер адамына бұдан артық қорлық бар ма еді?
Әйтсе де бояу мен қылқалам суретшінің қолынан түскен жоқ. Ол өз әлемінің ортасында қалды. Бұл әлемнен Сариевті ешкім де алыстата алмасы анық. Оның жазған картиналары, графикалық сериялары көрмелерден көрінуге құқы болмай, шеберханаға айналған аядай ғана қоржын пәтерінің бір бөлмесіне жиналып, қатталып жатты. Кенепке, қағаз-қатырмаға зәру болған сәттердегі мұқтаждық пен дәрменсіздікке тап болған хас шебер, шабыты буырқанған шақтарда суреттерін бұрынғы картиналарының екінші жағына салды. Ал, «Әлем» атты картинасын Шәкең бір аяулы суретші досының мекенжайының қабырғасына естелік ретінде жазып қалдырған. Шаймардан аға ұлттық кескіндеме мектебін құруды армандаған ғой. Сол арманының орындалғанын көре алмай кеткені өкінішті, әрине. Әр суретшінің өз бояуы бар. Шәкең сары бояу, қызғылт сары, қоңыр сары, ақсары, күрең сары, тобылғы сары, шым сары бояуларды живопись пен графикада көп қолданған екен. Ол сонымен бірге портреттік шығармаларға да ден қойған. Оның портреттерінен, әсіресе, әділеттілікке ынтызар адамдарды бірден жазбай танисың. Адамның ішкі жан дүниесін сол қалпында мөлдіретіп беретіні таңғалдырады. Мысалы, «Лебіз» портретін алайық. Балалық кіршіксіз бейнеде тіршіліктің күнәдан пәк рухы бар, күн мен ауаның нұры жаныңызды аялап, шуақ пен жылы самалға кеудеңізді тосып тұрғандай сезінесіз. Таланттың құдіреттілігіне бас иесіз.
Сонау өткен ғасырдың қуғын-сүргін жылдары мен соғыс қарсаңында дүние есігін ашқан ұл-қыздардың қай-қайсысының да тұлабойы сан қырлы өнерге толған еді. Олар ақын да, суретші де, әнші де, күйші де еді. Мұндай өнерден Шаймардан аға да құр алақан болмағаны айтылады замандас, бірге оқыған құрбылары арасында. Әлем, орыс, қазақ бейнелеу тарихын бес саусақтай білген ол ән өнеріне жетік болыпты, Алматы көшелерінде сағаттап жатқа өлең оқиды екен. Тіпті ағамыз артына бір топ өлеңдерін де жазып қалдырыпты. Жақында аудандық мұражайда болғанымда, ағаның бір топ өлеңдеріне көзім түсті. Оның «Бекерден бекер», «Мен де айта алам», т.б. өлеңдері бар. Ал, 1959 жылы жазылған «Фаризаға хат» деген өлеңінде:
Нарыным, сенде өткенмін сайрандасып,
Ескі жолмен өтетін өшті ме екен
Ән салып, ақ түйемен айран тасып?!
Ілініп қырда қияқ сырғасына,
Шыға ма Фариза қыз қыр басына?
Көктеммен көлбеңдеген жыр жаза ма
Сыбырлап сыр айтқандай сырласына…
Ескі деп иланбаймын мен елеске,
Сонда да көңіл шіркін кең емес пе?!
Қолға алып қаламыңды жаза берші
Дарыны қазағымның сен де емес пе?!
Белдеуде қара тұлпар қалса тарпып,
Ел көшер Нарын құмға қомын артып,
Кеудемде көп сәлемім, қарлығаштай
Туысқан аймағыма барсын қайтып,-деп туған жерін сағынышпен алса, 1984 жылғы бір өлеңінде былай деп тебіренеді.
Қынжыламын, таппай керегімді,
Кімге айтармын өмірлік дерегімді?
Түсінбейді бұл адам түсінбейді,
Жүрегімді толқытқан ерек үнді.
Өмір сүру бір сәттік көңіл ме еді?
Өлдім талай, бірақ та көмілмедім.
Көргім келеді өзіңді адам-фәни,
Құштар еттің сен неге өмір, мені.
Түсінемін, түсіндім, түсінермін,
Біреулердің жүрермін түсіне еніп.
Аппақ әлем, жайдары шуақтарым-
Сендер менің бояуым, түсім едің…
Түсінемін. Сені, өмір түсінемін…
Сондықтан да жәй ғана күрсінемін…
Сондай-ақ ол сол кездегі қоғамға оқшау пікірлерімен де ұнамаған өнер адамы болса керек, оны қойын дәптеріндегі:
… Бостандық. Көрініс өзі-өзін жырлай алады десек, оған бостандық беру керек… деген сөздері еріксіз айғақтап тұрғандай. Ол ұлтжандылығы үшін де кезінде темір торлы түрмеге отырыпты. Сөйткен, тағдырлы суретші өмірінің соңғы кезінде туған ауылына келіп, бірнеше құнды картиналарды дүниеге әкелген. 1988 жылы халық жүрегінен ойып тұрып орын алған ерекше дара тұлға мәңгілікке көз жұмды. Бірақ туған жері еш ұмытқан емес. 1988 жылы Алматыдағы ғалымдар үйінің фойесінде Ш.Сариевтің алғашқы дербес көрмесі өткізілді.
Осы жерде айта кетуіміз керек, Шаймардан аға жұбайы Күлпаш Сариева жеңгеміз екеуі Ертас, Лебіз, Қуаныш, Жайдары, Нұрдәулет деген бес ұл-қызды өмірге әкелген абзал әке. Әттең, ұзаққа созылған аурудан көз жұмбағанда, ағамыз қазір ұлдарының қызығын көріп, бақытқа кенеліп отырар ма еді. Жеңгеміз Күлпаш ағамыздың артында қалған мұраларын сары майдай сақтап, оны ел арасына насихаттауда көп еңбек сіңіріп жүр. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент К.Сариева қазір Алматы қаласынан 2003 жылдан бері үш айда бір шығатын «Әдіскер-Методист» атты республикалық ғылыми-педагогикалық журналға басшылық жасауда.
Дарынды ұлының есімін есте қалдыру мақсатында Исатай, Х.Ерғалиев ауылының бір көшесіне есімі берілді. Ғ.Мәсәлімов атындағы мектеп жанынан Ш.Сариевтің өнертану бөлмесі ашылды. Атырау қаласында Ш.Сариев есімімен аталатын облыстық өнер мұражайы бар. Жыл сайын аудан мектептерінде жас суретшілердің байқауы өткізіліп тұрады. Тек бір «әттеген-айы» ағамыздың мерейтойы ешбір жерде аталып өткен емес. Мұны жергілікті басшылар ойлануға тиіс деп есептейміз.
Ш. Сариевтің замандасы, әрі жерлесі, ардақты ұстаз Өтепқали Зұлқашев былай деп еске алады: -Шаймарданмен бір мектепте оқыдық. Мектепте жүрген кезінде-ақ суретті шебер салатындығымен көзге түсіп еді. Шаймардан дарынды суретші еді, көзі тірісінде өзінің лайықты бағасын ала алмады ғой. Ал, құрбысы Нұреден Есмағанбетов: -Марқұм Шаймардан Тілемісұлы қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған дара тұлға, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, жарық жұлдыздай жарқ етіп, жанып, сөнген құбылыс еді,-деп тебіренеді. Шаймарданның қарындасы Қойсын: -Ағам алдын болжай алатын, өз ұлтын ерекше сүйетін, халқының қамын ойлайтын, ақынжанды, ойлы, парасатты, көрікті адам еді. Еліміздің болашағы жастарға көбірек сенетін. Оларды «Желтоқсанның қарлығаштары» дейтін,-деп толғанады. Суретшінің інісі Еркін Тілемісовпен (бұ күнде өмірден озған) бір кездері сөйлескенімізде былай деп ағынан жарылғаны бар еді: -Ол тек шебер суретші ғана емес, өнерпаз әнші, өзіндік қолтаңбасы бар ақын да болатын. Әрбір өнер адамына тән нәзік сезім, халқының болашағына алаңдаушылық оның бойынан ерекше сезілетін. «Халқымның табанына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» деп, сол үшін өмірден теперіш көрген талантты азаматты жерлестері құрметтесе екен.
Айтса айтқандай, біз оны көзі тірісінде құрметтей алмадық, өнер құдіретін бағалай алмаған екенбіз. Облыс немесе республика көлемінде де ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жасай алмағанымыз да өкінішті. Мақаламыздың соңын есімі өңірге белгілі қаламдас, журналистердің бірі Қаршыға Көшековтың мына бір: «Шаймардан аға кескіндеменің Марат Отаралиеві» деген әп-әдемі теңеуімен қорытындыласақ деп отырмыз.
Аяпберген САЛИХОВ