Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Даулеталин бастаған топ 9-10 наурызда жұмыс сапарымен Атырау облысына табан тіреді. Салалық кәсіподақ төрағаларымен кездесіп, мекемелерді аралады. 10 наурызда мәдениет пен спорт мекемелері басшыларымен кездесіп, саладағы қордаланған өзекті мәселелерді тыңдады. Облыстық денешынықтыру және спорт басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова саладағы бірқатар мәселерді баяндады. Өңірге қарасты Қызылқоға, Махамбет, Исатай, Мақат, Индер аудандарының спорт бөлімдері мәдениет және білім бөлімдерімен біріктірілген. Бұндай қадамдар нәтижесі спортқа жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей қалу қауіпін туғызуда.
Бүгінде ұлттық спорт клубы, баскетбол, волейбол, су спорты жекешелендірілген, хоккей, футбол, теннис орталығы сенімгерлікпен басқаруға берілген. Бұл клубтар мемлекеттік тапсырысты орындап, қалған қызметтерді ақылы түрде жүргізуде. Жергілікті тұрғындар тарапынан ақылы қызметтерге шағымданған арыздар көптеп түсуде. Өз кезегінде басқарма бұл мекемелердің жұмысына тікелей араласып, бақылауда ұстай алмай отыр. Мамандар тапшылығына байланысты Олимпиадалық спорт түрлері де дамымай отыр. Басқа өңірлерден тәжірибелі мамандар тарту үшін қызметтік пәтер мәселесі шешімін таба алмауда. Облыс құрамасының негізін құрайтын спортшылардың басым бөлігі ауылда тұрады. Олардың қаладағы орталыққа күн сайын қатынауы қиындық туғызуда. Спортшылардың көпшілігі жалдамалы пәтерде тұрады. Осы орайда қызметтік пәтер мәселесінің қажеттілігі туындауда. Ресми облыстық чемпионаттар мен ірі турнирлерде төрешілік қызмет атқаратын төрешілерге бір тәулікке бөлінетін еңбекақы мөлшері 1236 теңгені құрайды. Бұл қызметке тәжірибелі мамандар тартуға мүмкіндіктің болмауы, қаржының аздығынан болып отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда мемлекеттік спорттық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдісі бойынша 9227 бала секцияларда тегін шұғылдануда. Басқарма тарапынан жеке кәсіпкерлердің жұмысын тексеру мүмкін болмай отыр. Ал, кәсіпкерлер тарапынан тапсырыстар көптеп түсіп, қосымша қаржы қажеттілігі туындауда.
Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт мектептері педагогтерінің апталық жүктемесі, мектеп педагогтерінің жүктемесінен 8 сағатқа көп. Бұл білікті жаттықтырушылардың білім саласына кетуіне әсер етуде.
1-ші мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бимырза Тайжанов, 2-ші балалар-жасөпірімдер спорт мектебінің директоры Сүндеткерей Қасанғалиев, Жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Рүстем Қисметовтер жаттықтырушы-мұғалімдердің еңбекақысын көтеру, біліктілігі жоқ қызметкерлердің жалақысын көтеру, 250 шаршы метрді 1 штат бірлігі деп өзгерту және есепшілердің жалақысын көтеру т.б. мәселелерді көтерді. Мүгедектер клубының директоры Аманбай Қыздарбаев 1-ші топ мүмкіндігі шектеулі споршыларға ел ішіндегі іссапарларға ұшақпен қатынау қарастырылса деген ұсынысын білдірді. Мекеме басшылары тарапынан өңіріміздегі спорт саласының дамуына қажетті көтерілген бірқатар басқа да мәселелерге аумақтық кәсіподақтар төрағасы, облыстық маслихат депутаты Баймұханов Ізтұрған Ұзақбайұлы жауап беріп, олардың шешімін табуда қолынан келген көмегін аямайтының жеткізді.
УЕФА талаптарына сай келетін 17000 көрерменге арналған футбол алаңы стадион құрылысның жобасы демеушілер қаражатынан салынатынын, спорт ғимараттарының жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен облыстық мәслихат депутаты ретінде қолдайтынын айтты.
Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық-аспаптар оркестрі басшысы Сағынтай Көпжасаров мемлекеттік сатып алу заңы бойынша музыкалық аспаптарды бір көзден сатып алуға мүмкіндік болса, сапалы дүниеге қол жеткізетінін алға тартты. Құрманғазы мәдениет сарайы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Биғамбаев мемлекеттік мекемелерді оңтайландыру процесі нәтижесінде мәдениет пен спортты ішкі саясатпен қосу, бұқаралық спорттың және мәдениет пен өнерді қолдауда өз нәтижесін бермейтіні туралы өзінің көзқарасын білдірді. Сонымен қатар, қала аумағында орналасқан Жұмыскер және тағы 5 мәдениет үйлері Құрманғазы мәдениет сарайына біріктірілді. Қазіргі таңда Құрманғазы мәдениет сарайының құрылымында 15 қалалық және ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары бар. Жұмыстың ауқымының көптігі, ғимараттарға қажетті мүліктермен қамтамасыз етуде, шараларды қаржыландыруда өз қиындықтарын туғызуда. Күн санап өсіп жатқан ауыл тұрғындар санының өсуіне байланысты, ауылдық клубтардың штат бірліктерін қайта қарау туралы ұсыныстарын берді. Қалалық кітапхана директоры Жанат Жайлауова, соңғы кездері кітапханашы мамандығының тапшы болуына байланысты, сырттай оқитын студенттерге ақылы оқу демалыстарын Еңбек Кодексіне еңгізуді ұсынды.
Сатыбалды Телағысұлы жиналысты қорытындылап сөз сөйледі. Бүгінгі көтерілген мәселелерді 3 деңгейде қарастыруға болатының айта келіп, заңды жетілдіру, министрліктің деңгейінде қарау және облыс деңгейінде шешілетін мәселелер деп бөлді. Мекеме басшыларының жазбаша ұсыныстарын зерделеп, әр деңгейге бөліп, үкімет пен министрлік деңгейінде көтеруге уәде етті.
Әлеуметтік серіктестік жылына байланысты еңбеккерлердің құқығын қорғау, еңбекақы мәселесі мен жанжалдарды болдырмау үшін іссапарға келген төрағаға жиынға қатысқандар зор алғысын білдірді.