Батыс Қазақстан облысындағы жалғыз балалар басылымы «Самал» газеті 2001 жылдан бері жарыққа шығып келеді. Ұстаздардың танымдық-тәрбиелік шаралары мен оқушылардың шығармашылығын насихаттау, балабақша, кітапхана және мәдени орталықтардың жұмысын көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Үнпарақтың «Ағымдағы ақпарат», «Ұстаз, ана – ардағым», «Ана тілің – арың бұл», «Менің сүйікті қалам», «Табиғат – тал бесік», «Ауылым – алтын бесігім», «Тәуелсіз елім – бақытым», «Өздерің жазған хаттардан», «Балабақша – бақыт мекені», «Жас қалам», «Қауырсын қалам», «Самалдың сурет галереясы» атты айдарлары бар. Басылым екі мың тиражбен тарайды. Үкіметтен қаржы бөлінбесе де, оқырманды сапалы материалмен сусындатуды тоқтатқан емес. Орал қаласындағы мектептермен, балабақшалармен, кітапханалармен тығыз байланыста.
Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарындағы штаттан тыс тілшілері жиі хат жолдайды. Казталов ауданынан Қарақат Айдарова, Ақжайық ауданынан Айнажан Сәрсенбаева, Жәнібек ауданынан Толқын Кисекова, Сырым ауданынан Ләззат Берғалиева басылымға тұрақты түрде жазған-сызғанын жолдап отырады.
Биыл «Самал» газетінің құрылғанына – 20 жыл. Қазіргі таңда аталмыш басылымға Жұмажан Сүндетов жетекшілік етеді. Газет мерейтойы 7 сәуір күні Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында атап өтіледі. «Самалда» жарық көрген үздік материалдарды назарларыңызға ұсынамыз!

Менің жұмбақтарым

Жол тәртібін үйретіп,
Ала таяғын сүйретіп,
Жүретін кім шопырларды түзетіп?


(Полиция қызметкері)

Қолдары талмайтын,
Биікке самғайтын.
Шамдарды қондырып,
Токтарды жалғайтын,
Кім?


(Электрик)

Домбырасын қолға алып,
Күмбірлетіп күй тартып.
Жүретін кім сахнада
Әсем күйін тыңдатып?


(Күйші)

Көз майын тауысқан,
Кітапқа жабысқан.
Оқытады ерінбей,
Шаршамай шабыстан.


(Ұстаз)

Мойнағым-ау, қандайсың?

Сүйкімдісің, Мойнағым,
Сеніменен ойнадым.
Еркелейсің сен маған,
Қызығыңа тоймадым.

Тентектікті қоймайсың,
Тамаққа да тоймайсың.
Әрі-бері секіріп,
Тыным таппай ойнайсың.

Шәуілдеп сен үресің,
Үйді айналып жүресің.
Бөтен кісі келгенін
Қайдан ғана білесің?

Адамдарды таңдайсың,
Шауып келіп алдайсың.
Шаршамайтын ешқашан
Мойнағым-ау, қандайсың?

Ақбаян МӘЛІКҚЫЗЫ,
4-сынып оқушысы,
Жаңақала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы
«Жас толқын» көркемсөз үйірмесінің мүшесі

Ақын ағаға…

Сусындап Қарасаздың бұлағынан,
Өзіңсің қара өлеңді мұра қылған.
Қазақтың ақын ұлы, ақиығы,
Жыр болып қалықтаған дара қыран.

Сен оның отты өлеңін тыңдадың ба,
Оқып жүр қыздарың да, ұлдарың да.
Өлген жоқ Мұқағали Мақатаев,
Өшпейтін ізі қалған жыр бағында.

Ақбаян ЕСЕТОВА,
Новенький ЖОББМ-нің 7 «а» сынып оқушысы,
Бәйтерек ауданы

Әдемілік әлемі

Тоғайларда бұлбұл құстар сайраса,
Қыр гүлдері құшақтарда жайнаса,
Қандай жақсы, болашаққа бастайтын,
Үміт оты әр жүректі қайраса…

Күллі әлемде бейбітшілік орнаса,
Күллі әлемде бақытсыздық болмаса,
Қандай жақсы, рухы биік қазағым,
Әрқашан да бірін-бірі қолдаса…

Батыр еді қазағымның ұл-қызы,
Қайсар еді қазағымның ұл-қызы.
Ұрпақтары өткен шақты үлгі етіп,
Зеңгір көкте жарқырасын жұлдызы.

Бақыт отын алаулату – жан емі,
Бұндай үрдіс көптен бері бар еді.
Қатыгездер жер бетінен жойылса,
Гүлденеді әдемілік әлемі.

Ажар ЖАНАҚОВА,
8-сынып оқушысы,
2-Шежін ауылы,
Тасқала ауданы

Ел болашағы – менің болашағым

Менің елім – Қазақстан. Мен өз елімді өте жақсы көремін. Қазақ елінің әлемге танымал болуына барымша үлесімді қосамын. Қазіргі таңда мектепті жақсы оқып, ұстаздың айтқан ақыл-кеңесін бойыма сіңіріп, білімді оқушы болуым керек. Өскен соң ел үшін көп еңбек етемін, елдің адамы боламын. Алдымен ана тіліміз қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, әлемге танымал тіл болуы үшін маңдай терімді төгемін. Тілімізді құрметтесек, дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтасақ, ел болашағы жарқын болмақ. Мен қашанда мемлекетіміздің келешегіне алаңдаймын. Себебі, ел болашағы – менің болашағым.

Фатима ЕРБОЛАТ,
Достық ЖОББМ-нің 4 «б» сынып оқушысы,
Бәйтерек ауданы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *