Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, өткен зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады. Сондағы іздейтіні кісілік келбеті, азаматтық тұлғасы.
Ей, такаппар дүние,
Маған да бір қарашы, дей алатындай бір туар азамат, ғалым-қайраткер, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, ауылшаруашылығы ғалымдарының докторы, қоғамға еңбек сіңген қайраткер, ел алдында адамгершілігі мен беделі зор, әркім мақтанышпен көңіл тоя қарайтын Бақтыбек Жұбандықұлы Таубаев 80 жасқа толды. Бақтыбек Жұбандықұлы 1942 жылдың 20 ақпанында Атырау облысы Жылыой ауданының Тұрғызба елді мекенінде дүниеге келді.
1958 жылы Жылыой ауданы Құлсарыдағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Құлсары кәсіпшілігіндегі «Қазтехснабнефть» базасында жұмысшы болып бастайды да, бір жылдан кейін, яғни 1959 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсіп, оны 1964 жылы топырақтану – агрохимия мамандығы бойынша тәмамдап, агроном мамандығын алады. Институт өз жолдамасымен ауыл шаруашылығы мамандары тапшылық етіп жатқан, Атырау облысына жібереді. Атырау облысындағы мемлекеттік ауылшаруашылығы тәжірибе станциясының агрохимия және топырақтану бөлімінің меңгерушісі, одан кейін Атырау аймақтық агрохимиялық лабораториясының директоры болып тағайындалады.
Өз мамандығын терең білетін, іске тындырымды, принципшіл коммунистік партияның жас мүшесін облыс басшылығы 1969 жылы Атырау облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы қызметіне ұсынады. Міне, осы кезден Бақтыбек Жұбандықұлының ел басқарудағы қоғамдық айбынды еңбек жолы басталған болатын. Партия органдарында бірнеше жыл бойына жұмыста ысылған, халықты ұйымдастыра білетіндей жұмыстағы икемділігі байқалған коммунистің болашағынан зор үміт күткен облыстық партия комитеті оған республикалық жоғары партия мектебіне оқуға жолдама береді. Бақтыбек Жұбандықұлы 1972-74 жылдары осы жоғары мектепте саяси идеологиялық терең білім алып, оны үздік дипломмен тәмамдайды.
Ауыл шаруашылығының білікті маманы әрі партиялық идеологияның қыр-сырын жан-жақты меңгерген, бойында ел басқаруға икемділігі анық байқалған Бақтыбек Жұбандықұлы Балықшы аудандық партия комитетінің хатшылығына тағайындалады. Хатшы боп жұмыс істеген бір жыл ішінде ауыл шаруашылығының бірқатар проблемаларын шешуде, идеология саласындағы көптеген жайларды қалыпқа келтіруде, еңбекшілерді саяси ұйымдастыру бағытында ықпалды істер атқарған партия қызметкерін Балықшы ауданының экономикасы саласында көптеген шаруашылық мәселелері күтіп тұрғанын байқаған облыс басшылығы Бақтыбек Жұбандықұлын 1975 жылы Балықшы ауданының аудандық кеңесі атқару комитетіне төрағалығына сайлайды.
Іскерлігімен, тындырымдылығымен, адалдығымен, халықтың тілін таба білетін, табанды принципшілдігімен жұмыс істейтін коммунист басшылықтың әрқашан назарында болады. Бір ауданда жемісті еңбек еткен аудан басшыларының шаруашылығы тұралай жатқан екінші ауданға ауыстырылуы ертеден келе жатқан дәстүр. Өз іскерлігін байқатқан Бақтыбек Жұбандықұлы екі жылдан кейін, 1977 жылы Махамбет ауданы советі атқару комитетінің төрағалығына ауыстырылды. Жаңа басшыға жаңа бағытта еңбек етуге тура келді. Ол Жайық өзені бойында орналасқан, мамандандырылған Махамбет ауданында суармалы егін шаруашылығын қалыптастыруға, көкөніс, картоп, сүт шаруашылығы өнімдерін дамыту бағытында жұмыс атқарады.
Ал, 1984 жылы Бақтыбек Жұбандықұлы облыстық жеміс, көкөніс, сүт шаруашылығы өндірістік бірлестігінің бастығы болып тағайындалады. Екі жылдан кейін 1986-89 жылдары Индер ауданы партия комитетінің бірінші хатшылық міндетін атқарады.
Осылайша көптеген жылдар бойына аудандарда және басқа шаруашылықтарда бар таланты мен іскерлігін салып, жігерін қанаттандырған, халық көңілінен шығып, құрметіне ие болған Бақтыбектің облысты басқаруға да дайындығы мол болатын. 1989-92 жылдары халық депутаттары Атырау облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығын және облыстық агроөнеркәсіп кешенінің төрағалығын қатар атқарды. Бұл еліміздің нарыққа көшу жағдайында облыс агроөнеркәсіп кешенін жаңа арнада ұйымдастыру бағытында күрделі кезең болатын.
Отыз жыл бойына облыс экономикасының қайнаған ортасында болған Бақтыбек Жұбандықұлы еліміз егемендік алған алғашқы жылдары әрі маман, әрі ұйымдастырушы басшы ретінде қай жұмыста да дайын болып шыңдалып шыққан қайраткер тұлға еді. Ол Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының (ВАСХНИЛ) «Жем-шөп және жайылым» ғылыми-зерттеу институтының Батыс аймақтық бөлімінің, содан соң Атырау облысы ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының, облыстық орман және биоресурстар бірлестігінің бас директоры болып, он жыл бойына осындай үш ғылыми мекемелерде басшылық жұмыстарын жемісті атқарды. Бұл мекемелердегі жұмыстары таза ғылыми бағыттағы жұмыстар болатын. Себебі Бақтыбек Жұбандықұлы сексенінші жылдардың бас кезінен облыс, аудан басшылықтарында жүріп, ғылыми ізденістерін де ұмытпаған. Ол 1982-84 жылдары Москва қаласындағы ауыл шаруашылығы мамандарының білімін жетілдіру институтында «Халық шаруашылығы экономикасы және жоспарлау» мамандығында, күндізгі бөлімде, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы экономикасының ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында сырттай оқыды, сөйтіп, 1992 жылы «Ғылыми-техникалық прогресс негізінде Қазақстанның аридті аймақтарындағы қой шаруашылығы дамуының экономикалық тиімділігі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады.
Бақтыбек Жұбандықұлы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде экономика факультеті жаңадан ашылып, жұмыс істей бастағанда, негізгі жұмысын атқара жүріп, өзінің ғылыми мамандығы бойынша 1992 жылдан бастап университетте дәріс оқуға мүмкіндік алады.
Университетте жұмыс істей және ғылыммен айналыса жүріп, 1992-95 жылдары Қазақстан Республикасы жемшөп және жайылым ғылыми-зерттеу институтының аймақтық-территориялық Батыс филиалының директоры, 1995-1997 жылдары Атырау облыстық мемлекеттік ауылшаруашылығы тәжірибе станциясының директоры, 1997-2002 жылдары Атырау облыстық биоресурстар және орман шаруашылығы тәжірибе станциясының директоры болып қомақты да жауапты жұмыстар атқарды.
Бәкең кейіннен университетке бір жола ауысып, аға оқытушы, доцент, «Экономикалық теориясы» кафедрасының меңгерушісі, экономика факультетінің деканы, университеттің ғылыми және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры жұмыстарын жемісті атқарды.
Ғалым өзінің ғылыми ізденісін жылдар бойына әрі қарай жалғастыра беруді мақсат еткен болатын.
Бұл ізденісі нәтижесін беріп, 2005 жылы Ресей ауыл шаруашылығы академиясының Ростов қаласындағы аймақтық ғылыми-зерттеу институтының диссертациялық кеңесінде «Еділ-Жайық аралығындағы табиғи жайылымдардың өнімділігін арттыру бағытында топырақты өңдеу әдістері» тақырыбындағы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы дәрежесіне ие болады.
Диссертация тақырыптары бойынша 82 ғылыми мақалалары мен 3 монографиясы және бір әдістемелік құралы жарық көрді. «Шөлейтті құмдық жайылымдарды тиімді пайдалану және басқару (Еділ мен Жайық аралығындағы құмдық жайылымдар мысалында)» (2004ж. Астрахань университетінің баспасынан шықты); «Қазақстанның аридті жайылымдарын түбегейлі жақсартуда Еділ мен Жайық аралығындағы топырақтың құндылығын арттыру (Дондағы Ростов қаласы СКНЦ ВШ, 2005ж); «Табиғи жайылымдардың өнімділігін арттыру әдістері (Атырау университеті, 2012 ж.); «Табиғи жайылымдардың өнімділігін арттыру әдістері» (Атырау университеті, 2012); «Нарын құмдық жайылымдарының және оларды маусымдық кадастрлық бағалау карталары» (Атырау – 2004) деген ғылыми монографиялары мен әдістемелік құралдары табиғат ғылыми саласы бойынша өте сирек және мәнді ғылыми еңбектер болып бағаланды.
Соңғы әдістемелік еңбегінің нәтижесінде «Атырау облысының Нарын құмдық жайылымдарын маусымдық кадастрлық бағалау» 2 куәлікке ие болды.
Бақтыбек Жұбандықұлы қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, университет жанындағы агроэкономикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры. Бұлармен қоса, Алматы қаласындағы «Еңбек және әлеуметтік қатынастар» академиясының профессоры, Санкт-Петербург қаласындағы психологиялық ғылымдар халықаралық академиясының корр-мүшесі. ҚР Гуманитарлық академияның толық мүшесі – академигі, «Қалмақ республикасында шығатын Солтүстік-Батыс Каспий өңірінің био түрлерін сақтау проблемалары» атты халықаралық жинағының редколлегия мүшесін, Атырау және Қалмақ мемлекеттік университеттерінің халықаралық ынтымақтастығының үйлестірушісі, Атырау облысы әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңес мүшесі, Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің жанындағы Ақсақалдар алқасының жетекшісі, Нұр-Отан партиясының бастауыш ұйымының бюро мүшесі, «Елсана» руханият клубының жетекшісі сияқты қоғамдық жұмыстар атқарады.
Бақтыбек Жұбандықұлы – қоғам қайраткері. Ол аудан, облыс басшылығында жүрген кездерінде, яғни 1975-1990 жылдар аралығында Атырау облыстық, Балықшы, Махамбет, Индер аудандарының халық депутаттары кеңестеріне депутат болып бірнеше дүркін сайланды.
Маңдай тер, қалтқысыз еңбектің нәтижесінде ол Индер ауданының, Махамбет ауданының, Жылыой ауданының және Атырау облысының Құрметті азаматтық атақтарымен мерейі үстем болды.
Бақтыбек Жұбандықұлы ұзақ жылғы ел басқарудағы, ауыл шаруашылығындағы еңбектері мен терең ғылыми жұмыстары жоғары бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен, 2005 жылы «Тың жер игеруге 50 жыл» медалімен; ал ғылыми-педагогтік жетістіктері ескеріліп, «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин» төс-белгілерімен, Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының «Даңқ» медалімен, Қазақстан республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері атағымен, Қалмақ республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет Грамотасымен, Қалмақ республикасы Халық Хуралының (Парламентінің) Құрмет дипломымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Адамгершілігі зор Бәкең үлкенмен-үлкенше, кішімен-кішіше сөйлесе білетін, әр істі орнымен атқаратын адам. Терең білімді, ізденімпаз ғалым, ұлағатты ұстаз. Осындай дархан адамның ұстаздығы да жоғары дәрежеде. Өз пәнін, өз зерттеулерін шәкірттерінің санасына сіңіріп, оны ұғындырудың алуан түрлі тәсілдерін әр шәкірттің зердесіне құя білудің, оларды ғылыми жұмысқа икемдей білудің құпия сырларын меңгерген ғалым.
Академик Зейнолла Қабдолұлының «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қанатты сөзін жан жүрегіне сіңіре білген және оны іс жүзінде қолданған адам. Үлкен жүректі азамат.
Бақтыбек Жұбандықұлы – әр істе батыл әрекет ететін жігерлі қоғам қайраткері дер едім. Оның бұл қасиеттері өзі туған жерін, топырағын, халқын сүюінен бастау алады. Егер жанкештілік болмаса, Балықшы, Индер, Махамбет аудандарының басшысы, Атырау облысының атқару комитетінің екіншi басшысы болып жұмыс істер ме еді? Осынша күрделі міндеттерді өз топырағын, халқын сүйген адам ғана атқара алады. Мұншама атқарылған істерді азаматтық, перзенттік борышым деп біледі.
Бақтыбек еш қиындықтан қорықпастан, қоғамдық жұмыстарын атқара жүріп, ғылымда да жанкештілік жасады. Әрі экономика ғылымдарының кандидаты, әрі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы дәрежесін алу жолында инемен құдық қазғандай ізденіс жасады.
Бақтыбек Жұбандықұлының бойынан байқалған ерекше қасиеттің бірі – шешендігі.
Бұл өнер аузын ашса өлең төгілген әкесі Жұбандық ақсақалдан дарыған. Қазақтың ғұлама шешендік өнерін меңгерумен бірге, оның Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Фариза жырларын жатқа соғатындығы кім-кімді де таңғалдырады.
Саясат, экономика, табиғат сырлары тақырыптарында сөйлегенде де оның білгірлігіне таңғаласыз.
Өзінің бүкіл өмірін еліне арнаған Бақтыбек Жұбандықұлы Отанымыздың егемендігін алуына да үлес қосқан қайраткер. Ал, қазір аудан, облыс басқарған сол адам қасымызда жүр. Оның бойынан қарапайымдылықты ғана көреміз. «Мен бір кезде әкім болғанмын» деп, доктормын, профессормын деп масаттанбайды.
Ол бірнеше ауданның басшылығында жүріп тыныштық, рахат өмір өткізген шығар деп ойламаймыз. Теңіз, Жайық сыйлаған халық несібесін халықтың игілігі етуге тырысты. Балықшы ауданының негізгі экономикасы – балық шаруашылығы болғандықтан, Бақтыбекке Жайық жағалап жүруіне, теңіз кешуіне тура келді. Теңіз тамағы бітеліп жатқанда, Каспийдің балығын өзенге енгіземіз, халықтың қолына жеткіземіз деп талай түндерді ұйқысыз өткізді. Балық зауытының жұмысын қалыпты істетемін деп мұз бен тұз кешті. Халықтың еңбекақысы кем болмауын, баспанамен қамтамасыз етілуін, елдің теңіз тасқынының астында қалмауын ойлады.
Кейін Индер, Махамбет аудандарында әкім болғанда, егін шаруашылығы мен мал шаруашылығының қиын жұмыстарына күрп ете түсті. Қыстың қақаған боранында, күннің ыстығында малшыларды аралады. Малдың жем-шөбінің кем болмауын, баспананың, қора-қора қой, мыңғырған ірі-қара малдың қамын ойлап, мал шығынының болмауы жолында арпалысты.
Бақша шаруашылығы, халықты көкөніспен қамтамасыз етуге де белсене кірісті. Өзінің зерттеген объектісі топырақтың құнарлылығын алақанына салып қарап, ғылыми анализ жасап, жердің сырын, оның жүрегінің соғысын білу – адам жүрегінің соғысын тыңдағаннан әлдеқайда қиын шығар.
Егілген мол бақшаның арасында су каналдарын кешіп жүрді. Шалқыған су, бораған құм топырақты даланың қойнында қажырлылықпен қарапайым еңбек етті.
Сөйткен үлкен жүректі тұлға қандай марапатқа да лайық деп білеміз.
Бақтыбек Жұбандықұлы – бақытты да тәрбиелі отбасының қожасы. Аққаздай аппақ жібек мінезді жары Сәулемен екеуінің Берік атты ұлы мен Арита атты келіндерін тәрбиелеумен бірге, Аружан, Аспан атты сүйікті немерелерін сүйіспеншілікке бөледі. Бақтыбекке жар қосағы Сәулесінен айырылуы қабырғасын қайыстырғанын білеміз. Әйткенмен бақ пен берекені жанына ұялата білген Бақтыбек ешқашан да асқақтап аспандамайды.
Әрқашан азаматтығын сақтаған, ғалымдығын баптаған адам Бақтыбек Жұбандықұлы 80 деген мәр шағына келуі азаматтың бір бағы деп білейік.
Халықтың құрметті перзенті деген ғажап атақ замандар өткен сайын жарқырай көрінсін!
Қадыр Жүсіп
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы