Қазақтың арғы- бергі тарихына көз жүгіртіп, саралар болсақ, қолына найза ұстаған батыр да, қалам алған ақын да, сөз бастаған шешен де, ел бастаған көсем де «ел тағдырын- ер тағдырына» айналдырып жанкештілікке барып, қазығым халық деп ұғынып, олардың бейбіт те берекелі, ынтымақты, іргелі өмір сүруіне өлшеусіз үлес қосқан. Мейлі ол сөзімен яки ісімен болсын ел жадында жылдар бойы сақталып, мақтана айтар аяулы ұлына айналған. Туралығымен тіліп түсіп, еселі еңбегімен есте қалған азаматтардың бірі Теміржан Ислямұлы Ислямов болатын.

   Ауыл шаруашылығы саласында өзінің ойып алар орнын қалдырған ол 1938 жылы қазіргі Атырау облысы, бұрынғы Гурьевтің Теңіз ауданындағы Қошалақ жерінде дүние дидарын көріп, 1957 жылы орта мектепті ойдағыдай тәмәмдағаннан кейін, облыстағы зоотехникалық- малдәрігерлік техникумынан білім алады. 1961 жылы қызмет жолын Балықшы ауданына қарасты Теңдік совхозынан бастап, ұйымдастырушылық талантын танытып, жұмысқа жауапкершілігін өз арасындағы әріптестеріне байқата түседі. Қызметіне қызығушылықпен қараған талапты азамат, білімі мен тәжірибесін жетілдіру үшін  Алматыдағы зоотехникалық малдәрігерлік инстититутының зоотехниктік мамандығын сырттай оқып алады. Оқығанымен оза шауып, адамшылығымен алда болған маманды талайлар мойындап алдымен ферма меңгерушісі ретінде сайлап, 1974 жылы бас зоотехниктік лауазымға ұсынып, қызметін жоғарылатады. Сол тұста, яғни 1970 жылы облыстағы ауыл шаруашылығын жандандыру мен шаруашылыққа белгілі кәсіпті негіз етіп таңдап, өнеркәсіп тұрғысынан механикаландыру, электрлендіру жұмыстары жүргізіліп, озық тәжірибелерді әкелу кең тарай бастады. «Теңдік»  кеңшары қала тұрғындарын сиыр, түйе сүтімен, әрі бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ететін көкөніс- сүт бағытындағы кеңшар болып бектіліп, Теміржан Ислямұлы бастаған топ кедергілерге мойынұсынбастан нәтижелі жұмыс сапасын көрсете білді. Тіпті, өзімен қанаттас жұмыс істеген досы Сандашев Теміржан да ол сәттерді сағынышпен, әдемі естелік ретінде есіне алады.

   —  Теміржан Ислямов  арамызда жұмысына адалдығын, іскерлігін талай мәрте дәлелдеген замандас еңбек адамы. Екеуміз қатар қызмет еткен шақтарда талай қиындықты еңсеріп, қуанышты бірге бөлістік. Ауыл шаруашылығы бәзбіреулер айтқандай оңай жұмыс емес. Өйткені, жаз айында 4-5 сауын гурттарын жайылымы жақсы жерге орналастырып, сиырлардың сауылуын дер кезінде қадағалап, сүтін сапалы етіп комбинатқа жеткізіп,  азықпен уақытылы қамтамасыз ету қатаң тәртіп пен талапты күтеді.

    Жаз айларында жылқы, түйе сынды төрт түліктерді Қызылқоға жерінде бақса, күз бен қыста ауылға көшіретін. Осы сәттерде де мал азығы мен керек- жарақты дайындауды өз қолына алып, күні-түні пішеншілер бригадасының жанында болып, тынбай жұмыс жасайтын. Талапшылдығы мен тәртібінің арқасында кеңшар қыс айларында мал азығынан таршылық көрмейтін.

    Ал, қысы жазы Теміржан «Аспа» сүт комплексінде болып облыс бойынша көш бастаған ғажайып еңбек орнына айналдырды. Оған дәлел облыстағылар Орталық комитет пен республикадан келетін билік өкілдері мен министрлерді, мамандарды осы комплекске қонақ қылдырып, өзі бастап барлық жұмыс бабы мен мал қораларды таныстырып шығатын.

    Совхоздар арасында өтетін айтулы жарыстар мен қоғамдық жұмыста да біздің мекемеміз алдынғы шептен көрініп,  ауыл шарушылығы Министрлігінің, Орталық Кәсіподақ комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен, алғыс хат, мадақтама қағаздарымен жиі мараптталып тұратын. Облыс бойынша сүтті өндіріп ауыспалы Қызыл Туды 3 рет жеңіп алған кездерімізде болған, — дейді.

   Ешкімге жалтақтауды білмейтін, әділдіктің сойылын соғып, турашылдығымен танылған арда азаматтың Теңдік халқына еңбегімен жасаған талайғы жаңалықтары мен жақсылықтары да көптің көңілінде әлі сақтаулы. Сүт өндіруді интенсивтендіруге, малмен селекциялық жұмыс жүргізуге, мал азығын жасақтауға жалғыз өзі бірнеше адамға жүк болатындай қосқан үлесін әлі күнге дейін сол сәттердің көзін көрген, білгендер айтып жүр.

   Теңдік кеңшарында бас мал дәрігері болған Шаданова Гүлсара, зоотехник-селекционер Сұлтанов Мұхит, сауыншы Жұмағазиева Мағрипа бақташы, бригадир Ақанов Құбаш оның қызметтен бөлек, өмірде де қамқор ағалығын ылғи көрсетіп жүргенін, жанындағыларға ақ пейілімен қарайласып, «қанаттыға қақтырмағанын», қатулы қабағының артында ып- ыстық мейірімі төгіліп жататынын жып-жылы сағынышпен жеткізді.

    Аяулы өмірінің 46 жылын кеңшар жұмысына арнаған ардақты жан Томарлы ауылдық кеңесінің депутаттығына сайланып, « В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», « Еңбек ардагері» медальдарімен, республикалық Кәсіподақтар Одағының «I дәрежелі Еңбек даңқы» белгісімен, Ауыл шаруашылығы Минситрлігінің, аудандық, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталған.

    «Азамат жолы-ар жолы» демекші тағдырын тазалық пен жақсылыққа арнап, кісілігі кішіреймей өмірден озған құрметті ердің бүгінгі таңда ізін жалғап жүрген ұрпақтары жоқ емес. Солардың бірі ортаншы ұлы Марат Теміржанұлы. «Әкені көріп ұл өсер» деген халықтың даналығын бойына сіңірген баласы атакәсіпті жанына серік етіп жүр.

  • Әкем анам Далапен үш ұл, екі қызға әдемі өмір сыйлап, білімнен кеңде қылмай, әрбіреуін бір шаңырақ етіп, мейірім мен махаббаттың бесігіне бөледі.  Сондықтан шығар әкемнің әр ісі мен айтқаны даналық пен адалдықтан тұратын телегей теңіз, мол дария көрінді. Еткен еңбегі де мені қанаттандырып, өзінің ізін қууға үлкен септігін тигізді. Әкем маманданған Алматы зоотехника- малдәрігерлік институтына алып арманымды арқалап 1985 жылы оқуға қабылданып 1992 жылы тәмәмдәдім.Кейін Отан алдындағы абыройлы борышымды өтеп келіп, 1992-1995 жылы әкемнің қарамағына қызметке орналастым, 1995 жылы жаппай жекешелендіру кезінде свхоздан өз пай- үлесімізді алып «Жас- жігер» шаруа қожалығын құрдық. Ол өмірден озғанша, яғни 2007 жылға дейін осы шаруашылықты басқарып,  қасында үлкен тәжрибе жинадым.

   Әкем азаматтықтың озық бейнесін жасаған, ұл-қыздарына шынайылықты үйреткен, ағайынға ашық, бауырға қамқор, немерелеріне сүйікті ата болған аяулы адам еді. Оның жүз мектеп бере амайтын тәрбиесін әлі күнге дейін ұмытқан емеспіз, — деді.

   Халқымызда «жігіттің жақсылығын жұрты білер» немесе  «Елге қылған жақсылық, Еленбей қалмайды. Еңбек еткен ерінбей – Кенелмей қалмайды» деген тәмсіл бар. Бұл мақаланы жазуға да Теміржан Исламғалиұлының ғұмырнамасында жүріп өткен жолы мен ізгі еңбегі, қоғамда қалап кеткен ерекше орны, Теңдік халқының аузынан тастамай айтатын толғамды естеліктері түрткі болды. Облыстың ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне, қарыштап дамуына аз үлес қоспаған жанның еселі еңбегін насихаттау да, құрметтеу де бүгінгі ұрпақтың  «ауылшаруашылығының ақтаңгері» атанған тұлғаның алдындағы асыл міндеті. Ендеше, өмірінің еңбек жолын арнаған, ұрпағы ізін жалғап келе жатқан Томарлы ауылдық округінің бір көшесін Теміржан Ислямғалиұлы есіміне арнау мойнымыздағы жүкті жеңілдете түсетіндей.

    Атақ пен мансапқа қызықпай, адал еңбек, алғыр ойын өзіне серік қылған азаматтардың есімі ел алдында жаңғырса өткеніміз түгенделіп, келешегіміз кемелденері хақ!

Асылай Ниязбаева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *