Ақпан айының 17-18 күндері Ақмола облысындағы «Щучинский» санаторийi аумағында «ӨЗГЕРІСТІ ӨЗІҢНЕН БАСТА!» республикалық еңбекші жастар форумы өтті. Атырау облысынан «30 еңбек елшісі» жобасының жеңімпазы Сәкен Шарапиден, Атырау облысының Кәсіподақтар орталығының «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Асылай Ниязбаева қатысты.
Форумды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев және жастар ісі жөніндегі Кеңестің Төрағасы Дария Хамитжанова ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Екі күнге созылған шараның алғашқы күнінде жастар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляеваға «Депутатқа 100 сауал» тақырыбымен ашық алаңда көкейдігі сұрақтарын жолдап, пікір алмасып, қоғамда алаңдатушылық тудырып отырған мәселелерді талқыға салды.
Форум семинар- тренингетермен жалғасып, күннің екінші жартысында «Келешек» жастар кеңесінің қорытынды конференциясы болып, кеңестің уақытша атқарушы төрағасы тағайындалды. Жиын барысында Қазақстанның еңбекші жастарының атынан замандастарға үндеу жасалды.
Екінші күн ҚР Кәсіподақтар Федерциясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинмен кездесу өтіп, кәсіподақтың жастар саясатына жауапты азаматтар сауалдарын қойып, кәсіподақ қызметіндегі жастар мәселесі бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Төраға еңбекші жастардың жұмысына сәттілік тілеп, Кәсіподақтар федерациясының қазіргі атқарып жатқан жұмыстары және еліміздегі еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған шараларға қатысты мәселелерді жастарға түсіндірді.
- Елімізде 154 мыңға жуық ұжымдық шарттар жасалған. Ал республикада 30 мыңнан астам кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Кәсіподақ ұйымы бар мекемеде еңбек қатынастарына қатысты мәселелер өз шешімін тауып келеді. Қалған еңбек ұжымдарында ол шарттар қалай жасалды, оның сапасы қай деңгейде дегенге ешкім жауап бере алмайды. Қазір Үкіметке ұжымдық шарттарды мониторингілеу жүйесін жақсартуды ұсындық. Өйткені, ол құжат сол кәсіпорындағы жұмысшылардың еңбек қатынасын қалыптастыру және оны жақсартуға әрқайсысының атсалысуына мүмкіндік береді, – деді ҚР КФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Жастар төрағадан кәсіподақ қозғалысының жас мүшелеріне қандай ақыл-кеңес беретінін, өмірлік тәжірибесімен бөлісуін сұрады.
Тәжірибе мен жаңалықтарға толы болған форумның қорытынды жиынынан соң, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар Бурабайдың тамаша табиғатына тамсанып, танымдық саяхат жасады.
Әр облыстағы жастар жиған білімі мен түйгенін, тәжірибесі мен жаңалықтарын қызметте қолданамыз деген үлкен үміттің жетегінде ұйымдастырушыларға зор алғысын айтып тарқасты.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі