«Қаралы қаңтар», «қанды қаңтар» һәм «қаңтар қырғыны» сынды қасіретті сөздерді жанына жұптастырған қаңтар оқиғасының өткеніне бір ай уақыт өтті. Әу баста «сеніміне селкеу түсірмес биліктен» «ақырып теңдік сұраған» қарапайым қазақстандықтардың айтпағы да, тілері де бір еді. Жаңаөзендік ағайынның айқын талаппен бастап берген бейбіт шеруі Оңтүстік, Солтүстік, Батыс пен Шығыстағы жұртшылықты бей жай қалдырмай, іштегі әділдік пен адалдыққа аңсары ауғаны, азық-түлік бағасының шарықтап өскені, жалақының жағдайы жақсармай тұрғаны, 30 жыл бойы кеуде ішіне жиналған зарлы запыраны қосылып, барлығын ақтарар сәт туғандай ел тұрғындары бір ауыздан жанайқайын сыртқа шығарды. Мемлекет азаматтары үн қосқан митингі халыққа оқ атылмай, билікке уәжімізді айтып, талабымызды орындатып, келісімді түрде көкейдегіні көппен жеткіземіз деген оймен басталғаны анық. Әйткенмен, Алматыда орын алған алмағайып оқиға жанымызды шүберекке түйіп, тағдырымызды қыл үстіне қойып, гүл Алматыны күл Алматыға айналдыра салды. Бұл жағдайға төтеп берер биліктің де дайын болмай шыққаны, шегендеген шекарадан өтіп «террорист» атанған топтың бір сәтте қаланы жаулап алғаны Қазақстан тарихына таңбаланары хақ. Болған оқиғаға билік өкілдері мен саясаттанушылар, белсенді азаматтар мен шетелдік басылым беттері сараптама жасап, пікір білідіріп, мемлекеттік орган мүшелері қызметтен кетіп, орны ауысқанымен халық «жоғарыдағылардан» өзге дүниені күтуде. Келер ұрпақ алдында абыройымызды төкпей, тарихқа тіке қарап, өткен істің ақиқаты айқындалып, болған жағдайдың артында кімдер тұрғанын ашса ғана көп күмәніміз сейіліп, сергелдең күйден арылып, қалың ұйқыға батқан сенімімізді оятар ма еді? деген ел сауалы бар. Бірақ құзырлы орган қаңтар оқиғасын ұйымдастырған «Иақын инкар» діни экстремистік тобының өкілдері деп ресми мәлімдегенімен, бұл ұйымға 2018 жылы тыйым салынғанын ескерсек , олар қазіргі таңда қайдан шыға салғанын, кімдер әкелгенін, басшысы боп кім тұрғанын дәлелдеп беруге кежегесі кейін тартып тұрғандай. Жә, оқиға салдарынан мерт болды деп ҚР Бас прокуратурасы мәлім еткен 225 адам, денсаулық сақтау министрлігі қосқан 2 адамның тізімін неге әлі күнге дейін айтпай, ресми орган өкілдері жарияламай отыр? 26 қаңтарға дейін көрсетілген ресми мәліметтегі 898 күдікті деп ұсталған адамдар арасында «террористік» топ өкілдері болса неге халыққа қиянат жасағандардың атын атап, түсін түстемейді? Мемлекет осы тұсқа келгенде үнсіз қалғанымен, халық арасындағы белсенділер, ел тағдыры үшін алаңдаулы азаматтар өздері іске кірісіп кеткен сыңайлы. Мәселен, Алматыда қаңтар оқиғасын зерттеу үшін белгілі құқық қорғаушы, заңгер Айман Омарованың басқаруымен тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылып, жәбірленуші мен полицины, соққыға жығылғандардың ісін тексеріп, елімізде неге осындай қанды оқиға болғанына баса назар аударып, тәжірибелі, қылмыстық істі қарайтын қорғаушылармен жұмыс бастады. Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина бастаған «Ар.Рух.Хақ» қоры мен азаматтық қоғамның белсенді мүшелері мерт болғандар жайлы дерек жинау жұмысын жалғастыруда.
Егер билік қаңтардағы қаралы күндерге нақты баға беріп, ақ пен қараны ашып көрсетпесе оқиғаның жылдар жылжығаннан кейін қайтадан жалғасуы мүмкін екені талайғы тарихымыздан белгілі…
Асылай Ниязбаева