БҚО әкімі Ғали Есқалиев іссапармен Теректі ауданына барып, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық хәл-ахуалын арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. «Масқар» ауыл шаруашылығы өндірістік коопераві мен Ақжайық ауылындағы «Айша» бөбекжайын аралап, мәдениет үйінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған семинар-кеңес өткізді.
Сүтті сиыр пайдаға кенелтеді
Ең әуелі өңір басшысы Ақжайық ауылдық округіне қарасты Абай ауылының маңындағы «Масқар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіндегі жұмысшылардың жағдайын, мал бағымының қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқанын білді.
Бұл кооператив 2017 жылы құрылған. Абат Нұрғалиев пен Бекжан Кайнекешов АШӨК-тің құрылтайшылары болып табылады. Қызметтің негізгі бағыты – мал санын көбейту, кооператив мүшелерінің ірі қарасын асылдандыру. 2021 жылы 20 сәуірден бастап мал бақташысын жұмысқа қабылдап, ауыл тұрғындарының ірі қара малын бағуды қолға алған. Қазір 260 бас ірі қараны бағып-баптауда. Мал құдық арқылы суарылады. Былтыр шілде айында Абай ауылының 20 тұрғыны «Масқарға» мүшелікке қабылданған.
– Мүшелікке өткен тұрғындар арасынан 16 тұрғын мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып, қаражатты толықтай кооперативке аударды. Грант алған 16 отбасының әрқайсысына 21 ц шөп, 300 келі жем берілді. Қазіргі таңда «Масқар» АШӨК жаз мезгілінде бағымға қосылған асыл тұқымды бұқаларды қыстақта ұстап отыр. 30 «симментал» тұқымды сиыр бар. «Симментал» сиырының салмағы 334 келі, құны 467 600 теңге. Малдың бір жылдық шығыны 116 600 теңгені құрайды. Орташа есеппен бір сиыр қыстақта тұрғанда 21 ц шөп 720 келі жем жейді. Бір жылда сиыр 5,4 тонна сүт береді. Сүттен 756 мың теңге пайда түседі. Бұл сомадан мал азығының шығынын азайтқанда, жылдық табыс 639 400 теңгені құрайды. 11 жұмысшыға арналған асхана жұмыс жасап тұр. Жылыжай да бар, – дейді «Масқар» АШӨК төрағасы Айбек Борисов.
75 бала тәрбиеленуде
Ақжайық ауылындағы жеке инвестициялық жоба болып табылатын «Айша» жеке бөбекжайы халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Бөбекжай ғимараты 1982 жылы салынған. Мекеменің заңды иесі Қайырғали Ахметәлиев. Светлана Хайруллина – балабақша меңгерушісі. Бөбекжайда 13 адам жұмыс жасайды. 1 меңгеруші, 6 педагог-тәрбиеші, 1 әдіскер балалардың жан-жақты дамуы жолында тер төгіп жатыр. Қазіргі таңда бұл бөбекжайда 75 бала тәрбиеленуде.
– Көпбалалы отбасылардың балаларын жеңілдік жасап, тегін қабылдадық. Былтыр 1 маусымда ашылдық. «Даму» бағдарламасымен Halyk Bank арқылы 6 пайызбен несие алып, өз қаражатымды да қосып, балабақшаға 23 миллион инвестиция құйдым. Бұрын бұл мекеме кафе ретінде жұмыс жасады. Ауылға не керек екенін асықпай зерттедік. Сауда үйін де ашқымыз келді. Зерттеу нәтижесінде 100-ге жуық бала балашақша кезегінде тұрғанын білдік. Содан балабақша ашамыз деген шешімге келдік. Жиһаздарды Орал қаласынан, Біржан есімді кәсіпкерден алдық. Ата-аналар да, балалар да дән риза, – дейді мекеменің заңды иесі Қайырғали Ахметәлиев.
Көлемі 413 шаршы метрді құрайтын 1 қабатты ғимаратта 5 бөлме бар. Көгілдір отынмен жылытылады. 50 пайыз несие, 50 пайыз өз қаражаты есебінен жеке кәсіпкер 2020-2021 жылы 23,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген.
– Жалпы Теректі ауданында 16 балабақша бар. Оның 11-і мемлекеттік балабақша, қалғаны жеке. 536 бала жеке балабақшаларда тәрбиеленуде. «Айша» бөбекжайындағы мамандар балаларды жас ерекшеліктері бойынша 3 топқа бөлді. Жеке кәсіпкер мемлекеттік тапсырыс бойынша үкімет тарапынан бір балаға 45 384 теңге алып отыр. Осы ауылда «Айгөлек» мемлекеттік балабақшасы бар. Онда 100-ден астам бала тәрбиеленуде. Ауыл бойынша балабақша кезегінде тұрғандар жоқ, ал, аудан бойынша 500-ден астам бала кезекте тұр. Барбастау ауылында жеке кәсіпкер балабақша салуға жер алды. Алдағы уақытта жеке балабақшалардың саны артатын болады, – дейді Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Құсайынова.
Кәсіп иелерінің табысы өсіп келеді
Елге пайда тигізуді көздеп, игі істермен айналысып жүрген кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілеген өңір басшысы аталмыш ауылдағы мәдениет үйіне табан тіреп, көрмені аралады. Көрмені аралау барысында Теректі ауданына қарасты ауылдық округтер жайлы жалпы ақпараттар, олардың жетістіктері және жеке кәсіп иелері, шаруа қожалықтары өкілдері атқарып жатқан жұмыстар жайлы біраз ақпарат айтылды.
Атап айтар болсақ, Жаңа Өмір ауылында «Әлішер» жеке кәсіпкерлігі (басшысы С. Сұлтанова) өз қаражаты есебінен 200 орындық балабақша ашқан. Балабақшаның 100 орындық бөлігі 2020 жылдың наурыз айында іске қосылса, екінші бөлігі 2021 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген.
Ақсуат ауылдық округінде жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Округ аумағында орналасқан «Ақсуат» шаруа қожалығында 10, Магистральный ауылындағы мұнай өңдеу зауытында 22, «Пойма май комбинаты» ЖШС-да 130, «Тәуекел» ЖШС-да 8 адам тұрақты жұмыс істейді. Кейбір тұрғындар Орал қаласына сүт, жұмыртқа жеткізіп, пайда табуда.
Покатиловка ауылындағы «Достық» АШӨК-да 250 бас ірі қара, соның ішінде 145 аналық сиыр және Павлодар облысынан әкелінген 16 бас асылтұқымды сүтті қашар бар.2017 жылы кооператив 4,5 млн теңгеге несие алып, модульдік сүт қабылдау пунктін сатып алған. Пункттің негізгі жұмысы – сүтті қабылдап, суытып, арнайы сүт тасымалдау көліктеріне құю. Модульдік сүт қабылдау пункті тәулігіне 2 тонна сүтті салқындатады.Бүгінгі таңда кооператив мүшелерімен сауылған сүтті тапсыруға «Каверин» жеке кәсіпкерлігі келісімшарт жасаған. Егерде бір отбасы 4 сауын сиыр ұстаса, тәулігіне әр сиырдан 50 литр сүт сауылады. 50 литр сүттің 10 литрі май, қаймаққа айналады. Қалған 40 литр сүт «Каверин» жеке кәсіпкерлігіне тапсырылады. Сонда күнделікті бір отбасының табысы 6400 теңгені құрайды. Отбасының айлық кірісі 192 000 мың теңге.
Шағатай ауылдық округінің тұрғындары ұжымдық бау-бақша егумен айналысады. Былтыр Шағатай ауылынан 5 км жердегі Бабырау көлінің жағасынан 1 гектар жер арнайы ұжымдық бау-бақшаға белгіленіп, айналасы қоршалған. 765 кг картоп, 50 түп асқабақ, 1700 түп қияр, қызанақ, 50 түп қарбыз, қауын, сәбіз, қызылша отырғызылған.
Сарыөмір ауылы аумағындағы Шалқар көлі жағасына еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелден демалушылар келеді.Жаз айларында қонақтарға қызмет көрсету мақсатында 150-ге жуық киіз үй құрылады.
Ұзынкөл ауылдық округінің тұрғындары техникалық сумен қамтамасыз етілген.
Новопавловка ауылдық округіндегі орта мектептің сыйымдылығы – 465 орын. Алайда, 2020 жылы бұл мектепте барлығы 101 оқушы оқыды. Кәсіп ашқысы келетін ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша аудан басшылығы мектептің бос тұрған бөлігін жалға беру тиімді деп шешкен. Бүгінгі таңда 3 адам нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант иеленіп, мектептің 2 бөлмесін жалға алып отыр. Бір адам 2021 жылы шілде айынан бастап шаштараздық кәсібін бастаса, екі адам қазан айында тігін кабинетін ашқан.
Долин ауылдық округіндегі «Исмайлов» ШҚ 2009 жылы құрылған. ШҚ басшысы Ержан Исмайлов 2021 жылы 900 мың теңге тұратын «Фаворит» инкубаторын алып, құс өсірумен айналыса бастаған. Шаруа қожалығының қарауындағы мал қорасын құс өсіретін орынға бейімдеп, жаз айларында «Браун» бройлер балапандарын шығарып, ауыл тұрғындарына сатқан. Сондай-ақ, 1000 бас күркетауық балапанын шығарып, өсіріп, Орал, Ақсай қалаларына апарып өткізеді. Қазірдің өзінде 120-дай күркетауығы бар.
Федоровка ауылдық округінде 2015 жылдан бері құрылыс материалдарын шығару жұмыстары жолға қойылған. Ильдар Үмбетияров жетекшілік ететін «Үмбетияров» жеке кәсіпкерлігінде темір-бетон өнімдері мен өрнектастардың (брусчатка) бірнеше түрі шығарылады. Өткен жылы 700 шаршы мерт өрнектас, 60 дана темір-бетонды құбыр, 125 дана іргетасқа арналған блок және 20 мыңнан астам құм блоктары мен керамзит блоктарға тапсырыс орындалған.
Богдановка ауылдық округінде Сайфуллиндер отбасы 4 бас сауын сиыр ұстайды. Сүт өнімдерін сатып, жылына жалпы 395 000 теңге табыс түсіреді.
Агроөнеркәсіптік кешен дамуда
Мәдениет үйінде өткен «Ауылдық елді мекендердің тұрақты дамуының жолдары» тақырыбындағы семинар-кеңесте агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мақсатында жасалатын жұмыстар талқыланды. Семинар-кеңеске ауылдық округ әкімдері, қоғамдық белсенділер, кәсіпкерлер қатысты.
– Мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетіліп отыр. Біз тек жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Азық-түліктің бағасы өсуде. Азық-түлік бағасы біздің өңірде ғана емес, басқа да аймақтарда да қымбаттады. Әлемдегі халық саны осыдан 10-12 жыл бұрын 7 млрд болса, қазір 8 млрд-қа жетті. Өз өңірімізді өз өнімімізбен қамтамасыз ете білуіміз керек. Бұған толық мүмкіндік бар. Шаруа және фермер қожалықтарын ұйымдастырып, кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдесіп, жер қатынастарын реттеген жөн, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
2020 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасап, Үкіметке барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша импортты толық алмастыруға қол жеткізуді тапсырды. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2023 жылдарға арналған ішкі нарықты отандық өніммен толықтыру жөніндегі кешенді жоспар жобасын дайындады.
Облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұловтың сөзіне сүйенсек, 2022 жылдың 1 қаңтарына облысымызда 10,2 мың бас сүтті ірі қара мал тіркеліп отыр. Сауылған сүт көлемі 237,9 мың тоннаны құрап, 2021 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 0,4% өсім байқалуда. Өңделетін сүт көлемі 15-20 мың тонна, бұл жалпы сүт өндірісінің
6-8 %-ын құрайды. Облыстың қайта өңдеу кәсіпорындары халықтың сүт өнімдеріне қажеттілігін 20%-ға дейін қамтамасыз етеді, 80%-ын еліміздің өзге облыстарынан және Ресейден, Белоруссиядан әкеледі.
Соңғы жылдары аймақта судың тапшылығы мен құрғақшылықтың салдарынан ауыл шаруашылығы өндірушілері картоп пен көкөніс дақылдарының алқаптарын жылдан жылға қысқартып келеді. Аудан әкімдіктерінің жедел ақпаратына сәйкес картоптың жалпы түсімі 57,3 мың тонна, қырыққабат 9,3 мың тонна, сәбіз 5,6 мың тонна және пияз 6,8 мың тоннаны құрады. Бұл өнім халық қажеттілігінің 73%-ын қамтамасыз етеді. Яғни, 29 мың тонна өнім жетіспейді.
– Облыстың сүтке деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілмей тұр. Осыған байланысты 5 ауданда сүтті белдеу құру жоспарын жүзеге асырып, сүт фермаларын салу үшін әлеуетті инвесторлар тауып, өңірімізді сүтпен қамту бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Облыс халқының картоп пен көкөніс дақылдарына тапшылығын жою және толық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін картоптың егіс алқабын 700 га-ға, қырыққабатты 720 га-ға, сәбізді 255 га-ға және пиязды 460 га-ға ұлғайту қажет. Картоп пен көкөніс өндірісін ұлғайту облыс халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге, маусымаралық кезеңде сауда бағаларын реттеуге және тұрақтандыруға, жергілікті тауар өндірушілерді дамытуға және қолдауға ықпал етеді. Егіс алқаптарын ұлғайту, картоп пен көкөніс дақылдарынан алынатын өнім көлемін арттыру үшін аудан, округ әкімдері бос жер учаскелерін бөлу, оларға су инфрақұрылымын (су арналарын) жүргізу және өнім өндіруге инвесторлар тарту жөнінде шаралар қабылдауы керек. Алматы, Астана шаһарында немесе алыс-жақын шетелде үлкен кәсіппен айналысып жүрген жерлестерімізді елге шақырып, ауыл шаруалығын дамытуға бел шешіп кіріскен жөн. Жіберілген ақпараттың дұрыстығына аса мұқият болу керек. Себебі, сол ақпараттағы сандармен статистика жасақталады, – дей келе Арман Кәрімұлы егер өнім ақпаратта көрсетілген мөлшерден аз болса, қажеттілік туындайтынын, өнім мөлшерін ұлғайтып көрсетудің ешқандай пайда әкелмейтінін тілге тиек етті.
– 195 млн теңгеге «Барқын» шаруа қожалығы 150 бас асыл тұқымды ірі қара малын алса, «Есенбай» шаруа қожалығы 65 млн теңгеге 100 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды. Жайық өзенінің тартылып қалған арналарына су шығару мақсатында Қарт Жайық, Еремкино көлдеріне және Санаторий Ақжайық ауылы жанындағы арыққа жалпы ұзындығы 1км 700 м жыра қазу үшін сметалық құжаттамалар жасақталуда. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру жалғаса бермек. Өңірімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту бағытында жұмыстануға қашанда әзірміз, – деді Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадырәлиев.
Марлен ҒИЛЫМХАН