Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, қарымды қаламгер, Исатай ауданының Құрметті азаматы, ардагер мұнайшы, бірнеше кітаптардың авторы Мұрат Бектенұлымен болған әңгімеден үзінді.

-Мұрат аға, биыл сіз жетпіс бес жасқа толдыңыз. Көпті көрген қариясыз. Қазақта «Қариясы бар үйдің, қазынасы бар» деп жатады. Айтыңызшы, осы кезге дейін өмірден қандай ой түйдіңіз, не көріп білдіңіз?

Адамның бұл дүниеге  келуіжәне кетуі бар. Адам қанша жасаса да, бейнетсіз ғұмыр кешсем деп армандайды. Осы кезге дейін өмірден көрген-түйгенім- адамның өмір жолы тақтайдай тегіс болмайды екен. Әскер қатарында қызмет етіп жүргенімде, мені Алматыдағы  жоғарғы комсомол мектебіне оқуға жіберді. Комсомол жетекшілігіне дайындайтын осы алты айлық курсты тәмамдаған соң, еңбек жолымды Гурьев үй құрылыс комбинатында  комсомол комитетінің хатшысы болудан бастадым. Бірақ Тюмень қаласындағы жоғарғы оқу орнында оқып жүрген тете інім Абат кездейсоқ қайтыс болуына байланысты оқуымды одан әрі жалғастыра алмадым. Сол себепті елге келіп, мұнай өндірісінде қырық жылға жуық қатардағы мұнайшы болып, жұмыс істедім.

Адам өміріндегі ең бір ұмытылмас кезең –ол балалық шақ. Сіздің осы қимас балалық бал дәуреніңіз қалай өтті? Отбасы тәрбиесі туралы не айтар едіңіз?

Балалық шағым Нарын құмының кіндігі аталатын Айбас елді мекенінде   өтті. Құмда өсетін  құмаршық, май желкек, шырмауық  пен ақтікеннің қарақатын, сағыз шайнап,  пияздың орнына  құм жуасын жеп  өскен ұрпақтың өкілімін. Әкеміз Бектен мен анамыздың Марфуғаның қатаң тәрбиесімен  бір отбасында сегіз бала біріміздің киімімізді біріміз киіп, құмаршықтан диірмен тартып, талқанын, көжесін ішіп, мал өнімдерінен әзірленетін астарды қорек етіп өскен құм баласымыз.. 

Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың бізге қалдырып кеткен аманаты десем, артық айтпаған болар едім. Осы аманатты кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында Исатай Тайманұлы патша әскеріне қарсы күресіп, елімізді, жерімізді орыстан қорғап қалғанын жақсы білесіз. Соңғы кездері біздің осы өткен тарихымыздан алыстау кейбір ағайындарымыз халық батыры хақында неше түрлі ойға қайшы пікірлер айтып жүргенін өзіңізде естіп жүрген боларсыз?

     —Осысұраққа  былай деп жауап бергім келеді. Тәуелсіздік үшін қанын төгіп, өмірі аттан түспей, жерімізді, елімізді жоңғарлар шапқыншылығынан  қорғаған өңірімізде Құттығай, Саржала, Пыштанай (Шабанқара), Шұбар, Кейкі сияқтықаншама  батырлар өтті десеңізші…  (Мен осы өлке аймағында  болған батырларды айтып отырмын). Осылардан жүз жылдан кейін  жергілікті билеушілер Ресей патшалығына  сүйене отырып, тұрғылықты халықты түрлі салықтар салу арқылы  еліміздің шұрайлы жерлері мен елді қонысынан айырып қыспаққа ала бастаған. Оның соңы аруақты батырлар  Исатай мен Махамбет бастаған ұлт азаттық шаруалар көтерілісіне ұласқан.

Исатай мен Махамбет туралы  естіген әңгімемді айтар болсам, Исатай өте  ақылды,ортасына беделді, айтқан сөзін өткізетін, халықты артына ерте алатын көсем, батыр адам болған. Өзінің байлығы мен жаз жайлауы бола тұра халықтың қамы үшін осы жағдайға барған ғой. Хан және жергілікті билеуші топтардың елге жасап отырған озбырлығының  соңы ыза мен кекке ұласып, Исатай бастаған қол  хан ордасын қоршап,  ханға халық наразылығын  айтып,  егер қойған шарттары орындалмаса, хан ордасын шабатынын  айқанда, хан уәде беріп, мұрсат сұрайды. Исатай әскерін кейін алып кетіп, уәдені күтіп, орданы шаппайды. Артынан  Исатайдан «неге хан ордасын шападың» деп сұрағанда: «Егер мен хан ордасын шапсам, елімнің  халқы босқа қырылып, азып-тозып, зардап шегеді»,-  деген екен деп ауылымыздың көнекөз қарттары әңгімелеп отыратынын бала кезімізде талай естіп, тыңдаған ұрпақпыз.

Сіз сонау келмеске кеткен кеңес дәуірінде өмір сүріп, бүгінгі заманды да елмен бірге көріп келесіз. Осы екі заманның бір-бірінен қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз? Бүгінгі қоғамның дамуына көңіліңіз тола ма?

Бұл сұрақ ең ауыр сұрақ екен, бұған сан қырынан жауап беруге болар еді, дегенмен айтар болсам,  кеңес дәуірі мен қазіргі заманға  баға беру- біздің еншімізде болмаса керек. Бір таңғалатыным, ол кезде жұмыссыз жүрген адам болған жоқ. Оған бір мысал келтірейін, әскерден келген жастар «бір оншақты күн бос жүрсе, неге жұмысқа кірмейсің» деп ауылдық кеңесі бар, милициясы бар шақырып алып, айтқанының өзі, ол бір өмірге сабақ болатын. Оқу, дәрігерлік көмек тегін, тіпті студенттер самолетпен астанаға ұшатын болса,  билет құнынның жарты бәсін  ғана төлеуші еді. Нарық билеген заман болып тұр қазір, әсіресе, адамдардың безбүйрек болып бара жатқанына қынжыламын. Дегенмен, шүкіршілік жасаумыз керек. Мәңгі нәрсе жоқ, заманда түзелер, келешекте болашағымыз жарқын болып, осы қиындықтар артта қалып, «қой үстіне боз торғай жұмыртқалайтын заман» болатынына сенемін және басқаларды да соған сендіргім келеді.

Өткен жылғы бір Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  деген тұжырым жасаған болатын. Сіз қалай ойлайсыз, қазіргі кезеңде халық пен билік арасында тығыз байланыс бар дегенге сенесіз бе?

-Егер жоғарыдан берілген тапсырмалар дер кезінде орындалса, қандай дәрежедегі адамдар  болмасын немесе әрбір адам Ата заңымызды сыйласа, бәрі өз орнында болатынына сенімдімін.

-Қазақта «Дін-ұстай білсең қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз бар. Олай дейтін себебім, еліміз өз алдына егемендік алған  тұста жастарымыз өзге жұрттың дәстүрлі емес дініне жаппай бет бұрды. Осы қаншалықты дұрыс?

Біздің бала кезімізде дінмен ісіміз болмады десек те болады. Бес уақыт намаз оқығандарды сирек  көретінбіз, онда да құм өресінде мал іздеп жүрген қарттар үйімізге, не түстікке, не қонаға келгенде, намазын оқығанын көретінбіз. Ал, біз болсақ, үйге келген үлкен кісі намаз оқығанда, тізіліп, қаз- қатар отырып, ол кісі бетін сипаса, ата- анамызға еріп, бізде  бетімізді сипаушы едік. Ол кездің молдаларының қазіргідей уағыз айтып отырғанын көрген емеспіз. Ауылдың қарттары бәрі дерлік діни білімдері болмаса да, бес уақыт намазын оқи отырып,  өткен тарихтан сыр  шертіп, ақын-жыраулардың жыр дастандарын таңға дейін жырлайтын.

      Ал, қазір дін жолына түстік дейтін жастар белі қатып, бесіктен шығар- шықпастан түрлі уағыз айтып, арабтың әдет-ғұрпын тықпалап, өліммен, тамұқпен қорқытып,  өз бойына сай емес әңгіме айтып отырғанын оны өздері де ерсі көрмейтін сияқты. Біздің дініміз- үлкен кісіні сыйлау,алдын кесіп өтпеу, олар отырғанда, ешқашан сөзге орынсыз араласып жағаласпау, біреудің ала жібін атамау, бері келе «қазаныңа арам ас салма»,- деген қағидасымен, «ата-анаңды сыйлап өт» деген ұстаммен өскен жанбыз. Қазір  біреулер  араб дәстүрі мен салтын ұстап, киімін  киіп, тұмшаланып жүргендерді көргенде,  қазақи дәстүрден  жастарымыз ауытқып бара жатқан жоқ па деп жүрегің сыздайды.

Мұрат аға, сіз ұзақ жыл мұнай өндірісінде қажырлы еңбек еттіңіз. Ал, мұнай күнделікті тіршілігімізге сіңіп кеткен мамандықтың бірі. Онсыз экономикамыз ілгері баса алмайды. Десек те, соңғы жылдары «қара алтынға» деген көзқарас бірте-бірте өзгеріп бара жатқанын байқап жүрміз. Бүкіл экономикасы осы мұнайға тәуелді еліміз болашақта қалай өмір сүреді деп ойлайсыз?

-Алғашқыда жерімізден мұнай табылғанына қуанып едік. Қырық жылдың үстінде осы мұнай саласында істедім және осы мұнай саласына арнап  «Қос өзен мұнайшылары» деген бес жүз беттік кітап жазып шыққан адаммын. Мұнай өндірудің дұрыс технологиясын сақтамағандықтан, оның тіршілік иесіне зиян екенін көріп жүрміз. Егер де мұнай өндіруде барлық зиянсыз өндіру және өңдеу кезеңдерін дұрыс сақтаса,  ешқандай зардабы  жоқ. Мысалы, мына тұрған көрші Башкир елінде   мұнай ұңғымасының қасында  картоп өсіп тұрғанын мен көзіммен көрдім. Адам баласы мыңдаған жылдар бойы тіршілік жасап, осы өмірге мұнайсыз-ақ жетті. Қазір жаңа технология қарқынмен дамып келеді.  Күндердің күнінде мұнайды ығыстыратын жаңа өндіріс технологиясы табылары әбден мүмкін. «Оған алаңдаудың негізі жоқ» деп дүниежүзінің ғалымдары айтып жатқанын еске алғанымыз дұрыс болар.  Босқа дүрлікпеген жөн.

Атырау өңірі сізді қарымды қаламгер, журналист ретінде жақсы біледі. Тарихи-танымдық көптеген кітаптарыңыз жарыққа шықты. «Тағдыр тәлкегі»,  «Құмаршық» деген туындыларыңыз оқырмандар тарапынан жылы қабылданды. Менің естуімше, сіз барлығы  12 кітап шығарыпсыз. Бұл біле білсек, үлкен еңбек екені даусыз. Оған ең мықты деген жазушылардың да өзі тәуекел ете алмауы мүмкін. Кітапты тектен-тек жазбайды. Сізде сөйткен боларсыз. Алайда, менің бір түсінбейтінім, біздің аудан орталығында осы жылдар ішінде сіздің кітаптарыңыздың бірде-бір тұсаукесері болып көрген емес.  Неге?

Осындай сұрақты қойғанда,  тосылып  қаламын. Ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Аққыстаудағы Абай мектебінде,  Х.Ерғалиев ауылының Новобогат орта мектебінде, Нарын ауылындағы мектепте оқырмандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласына бөлендім десе де болады. Сонау жылдардан Нарын, Тайсойған, Бүйректі, Ойыл  жағалауындардағы  құмдарда өсетін табиғи дәнді шөп «Құмаршық» туралы жазған кітабым Астана қаласында осы жылы басылып шыққан болатын.   Құмаршық кұм өресіндегі халықты аштықтан қырылуынан аман сақтап қалған қасиетті өсімдік. Құмаршық құм қазағына астық, бидай,  киім- кешек секілді,  үй -тұрмысына керекті заттар үшін  де, айырбас ақша ретінде де жүрген екен. Былайша айтсам, батыс қазақстан өңірі халықтарының 1929-1933 жылдардағы  аштықта аман қалуына осы құмаршықтың көп пайдасы тиген. Кітап шыққаннан кейін, ең бірінші болып, Махамбет ауданының оқырмандары тұсаукесер өткізді.  Көрші аудан азаматтарына айтар алғысым шексіз.

         Енді қандай кітаптар жаздым, солар жайында қысқаша тоқталып өтейін.

   1.    «Қос өзен мұнайшылары». 490- бет, 2008 жыл, «Жайықмұнайгаз» басқармасының құрылуына-35 жыл, мұнай өндіріле бастағанына-40 жыл  толуына арналып жазылған.

    2.   «Қасиетіңнен айналдым». 170- бет, 2009 жыл, сынықшы, тасшы, ерекше қасиет иесі, пері ұстаған  Қайыр молда, Арал қазірет балалары Хисметолла бастаған балалары, Сәт бабадан тараған Құрасұлы Зинеден және оның балалары Уәлитхан, Рыспай   туралы  т,б.

   3.     «Айшықты әлем». 415- бет, 2014 жыл, ел ардақтылары,  Ұлы Отан соғысына қатысқандар, тағдыр тәлкегіне түскендер мен аты аңызға айналған атақты күйші Сағырбайұлы  Құрманғазы және оның ұрпақтары, халық жауы атанған майталман күйші Бекмағамбетов Жаңбырбай, біртуар күйші,  жерлесіміз Қаршыға Ахмедияровтың өмірінің соңғы күндері мен бірге болған кездерім туралы  және басқа да әңгімелерім топтастырылған.        

    4.    2013 жылы «Заман сыры», (496- бет)деп аталатын тарихи-деректі ғұмырнамалық  эссе кітапты Ғатих ағамыздың архивінен  жинақтап, құрастырып шықтым. Әдеби өңдеген  журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер академиясының  академигі, ҚР Мәдениет қайраткері, інім Самат Бектенұлы Ибраим, Жансих Ғатихұлы. Бұл кітап өңіріміздің абызы атанған Ғатих Маштаховтың жылдар бойы жинаған  қолжазбалары. Ел ішіндегі ел ақсақалдарымен жүздескен кездесулерден сыр шертеді. Әр жылдарда аудан, облыс басқарған азаматтардың үлгілі істерімен қатар азаматтардың болмыстары мен шынайы кейпі бейнеленеді. Ел ауызындағы салихалы әңгімелерімен қатар  Ғатих ағамыздың ойлы тұжырымалары да енгізілген.

   5.  « Қайраткер қыз Хатима»,белгілі журналист-жазушы Рахмет Иманғалиев  бастап  жазып, аяқталмай  қалған кітапты толықтырып, тараулар қосып, жазып шықтым. Хатима Дайырқызы Чапаев совхозында 25 жылдай қой фермасын басқарған адам. «Ленин», «Октябрь» революциясы  ордендерінің иегері, КПСС ХХIII съезіне және Қазақстан  Коммунистік  партиясының ХIII және ХIV съездеріне делегат болып, қатысқан. Осы жылдар ішінде Хатима апай бастаған қой фермасының еңбеккерлері мен шопандардың жанқиярлық еңбегімен қатар осы ферманы  басқаруда, апайдың жұмысты ұйымдастыруда өзі басқарған ферманың ұйымшылдығымен еңбекқорлығы кеңінен суреттеледі.

    6.     2015 жыл. «Дәуір жаңғырығы». Онда  правитель Бердиев Мүсірәлі және Алаш ордашы,  Атырау қаласында бірінші болып, алғашқы малдәрігерлік мал емдеу орталығын ашқан  Бердиев Ғұбайдолла жайлы сөз болады.  Бұл кітапта Бердиевтер ұрпағының және олардың ел игілігі үшін  атқарған  қызметтері туралы  ұрпағы Жайлашов Жақсылықтың қолжазбасы негізінде жазып шыққан едім.

    7.     2018 жылы Қызыл үй елді мекеніне 105 жыл толуына орай «Қызыл үй менің мекенім» атты кітапты  Мұхамбет Сыехов  екеуміз  бірлесіп жазып шықтық. Бұл кітапта  Қызыл үй елді мекенінің өткені  мен кешегісі  және  бүгінгі тыныс-тіршілігі, тарихы әңгімеге арқау болады.

    8.     2020 жылы «Атырау-Ақпарат» баспасыннан шыққан «Көкжалдар айқасы» атты кітабымда түз тағысы қасқырлар туралы және өңірдің қажымас аңшыларының еңбектері қамтылған. Бұл кітаптағы түз тағысы -қасқыр жануарлар ішіндегі ең сезімтал, айласы адамға теңесер ойы бар жыртқыш аң. Оның «ойы бар» дейтін аңшылар айтпақшы, оның айлакерлігі,  сақтану ерекшелігі басқа аңдарға мүлде ұқсамайтынында.  Аңдардың үлкені аюдан бастап, барлық жануарлар циркте  болсын, былай адамзаттың керегіне қарай, не қолданысқа бас үйретуге  көнсе, тек солардың ішінде жалғыз қасқыр ғана көнбейді екен. «Көкжал» сонымен қатар, қайсар, алған бетіннен қайтпайтын өжет деген мағына береді екен.

    9.      2021 жылы «Атырау-Ақпарат» баспасыннан «Тағдыр тәлкегі» атты кітабым шықты. Ұлы Отан соғысы  кезінде  лажсыздан  тұтқынға түсіп, одан азат етілгеннен кейін  кеңес үкіметінің әскер қатарында  қайта соғысқа кіріп, жеңіспен елге оралып келе жатқанда,  тұтқында болғаны үшін,  алды  он жылға, соңы жиырма бес жылға  сотталып кеткен  азаматтардың тағдырлары  баян етіледі. Өкінішке қарай, кейбірінің аттары бүркемеленіп берілсе,  кейбірінің ұрпақтары мүлде жазбауды өтінгендіктен, кітаптан тұтастай бір тарауды түсіріп тастауға тура келді. Бұл мен үшін ол кісілердің рухының алдында үлкен кешірілмес жағдай болды.  Амал нешік,  әлі де болса, ұрпағында қалыптасқан үрей сақталып қалып қойғаны байқалады.

   10.   2019 жылы жазып, Астанадағы баспаханаға  тапсырсам да, бүкіл жершарына таралған індеттің кесірінен кітабым кешіктіріліп, 2021 жылы «Құмаршық» деген атпен шықты. Бұл  жөнінде алдағы жауабым да кеңінен қозғадым деп ойлаймын.

   11.   2021 жылы «Ғасыр қасіреті» (деректі тарихи-танымдықтуынды) Семей ядролық сынақ  полигонының   жабылғанына -30 жыл толуына орай шыққан кітап. Ақтөбе  қаласының «Ақжар АБК» баспаханасынан басылып шықты. Бұл кітапта біздің өңірімізден шақырылған, яғни Атырау облысынан  әскер қатарында әр жылдарда қызмет  атқарған жерлестер туралы әңгіме айтылады. Сонымен бірге антиядролық «Семей-Невада» қозғалысының тарихынан сыр шертіледі.

        Бұл кітапты шығаруға «Семей ядролық сынақ полигоны  ерекше тәуекел етушілер  бөлімінің ардагерлері мен мүгедектері»  қоғамдық бірлестігі Атырау  облыстық филиалының төрағасы Білім Қаршыға көп еңбек сіңірді. Жинақты құрастыруда редактор Амангелді Мутигуллин мен Жұмақыз Әбенқызы Ерболаеваның қосқан үлестері зор дегім келеді.

12. 2021 жылы  өзіммен бірге туған, тете өскен Абат інім туралы  «Арманым менің жырларым» атты кітабымды шығардым. Бұл кітапқа Нарын құмында  дүниеге келіп, жиырма жасында студент кезінде кенеттен қайтыс болған Абат Бектенұлының  өлеңдері, новеллалары, ой-толғамдары жинақталып  берілген.

Өмірден ерте  кеткен талантты жас ақынның елге деген сағынышы, махаббатқа, достыққа  толы жүрекжарды  өлеңдері оқырмандарды  бей-жай қалдырмайтыны анық. Сондай-ақ ол туралы бауырларының, достарының естеліктері де жарияланған. Абат інімнің қолжазбасы қолыма тиген  бойда,  осы бір дүниені жеке  кітап қылып шығарып алуды мақсат тұтқан едім. Жастай  өмірден  өтіп, артында ұрпақ қалмағандықтан,  осы кітап   басылып шыққанда, інім Абат тіріліп келіп, қасымда тұрғандай күй кештім.  «Артында жазулы хаты қалған адамды өлді деуге бола ма!» демекші,   бауырым  Абаттың рухы осы кішкене кітап арқылы тірі деп сезініп, шүкіршілік етіп отырған жайымыз бар.

Мұрат аға, сіз соңғы кезде өлкеміздің тарихи тұлғаларына көбірек қалам тербеп жүрсіз. Оның ішінде, қуғын-сүргін құрбандарына да көңіл бөлудесіз. Біздің ауданнан қуғын-сүргінге ұшыраған кімдерді білесіз?

Бұл сұраққа мен жауап бердім деп  ойлаймын. Бірақ, қаншама арыстарымыз ұмыт қалып келеді. Ал, қуғын-сүргін құрбандарын жаңа айттым ғой. Сол кісілердің ұрпақтары  әкелері мен аталарының «халық жауы» деген атақтан ақталып шығады дегенге әлі де  сеніңкіремейтіне осы «Тағдыр тәлкегі»  атты кітапты жазу үстінде көзім жетті.

Кітап оқырмандарына не айтасыз?

-Біздер дегенім- қатарластарымыз құм өресіндегі кішкене мектеп кітапханасындағы кітаптарды  тауысқанша  оқыдық. Жоғарғы класс оқушылары  әлімжеттік жасап (әзіл ғой), кейде біздерден алып,  өздері оқып болмай, біздерге оқуға бермейтін.  Менің ең бірінші оқыған кітабым -(Робизон Крузо) ессіз аралда жалғыз 25 жыл тұрған адам туралы еді. Оны үш-төрт рет  оқығаным есімде. Сәбит Мұқановтың «Адасқандар», Сәкен Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітаптары болатын. Әкеміз қалаға барып келген сайын, біздерге батырлар жырын оқуға әкелетін. Өзі оқытып отырып, ұйықтап кеткенде,  біз оқуды қоя қойып, тұрып кетейік дегенде,  көзін ашпастан  «оқи бер» дейтін. Мен айтар едім, «кітап -білім бұлағы» деп бекер айтпаған шығар данышпандар. «Жастарға кітап оқыңдар» деп,  ал, ұстаздарға айтарым, біздің кездеріміздей  белгілі бір жазушының кітабын таңдап алып, оқырмандармен диспут ( оқырмандар болып талқыға салу) ұйымдастырса, қандай жақсы болар еді?! «Жастарға неге кітап оқымайсыңдар» десек, «кітап оқып не керек, керек мәліметтерді интернеттен тауып аламыз» дейді. Сол интернетке  кітаптардан,  оқулықтардан алып, салатыны кім-кімге де белгілі емес пе? «Жастарға кітап оқыңыздар» деуден еш жалыққан емеспін.

-Әңгімеңізге рахмет!

                                                                                        Аяпберген САЛИХОВ,

                                                                                               журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *