Қорқыт бабадан жеткен: «Өткен күн, кеше – тарих, Келер күн, ертең – сыр, Бүгінгі күн – сый» деген сөз бар. Біз жаңа дәуірге қадам басып келе жатқан жас елміз. Бірақ өткенді ұмытпаймыз. Өйткені бабаларымыздың еліміздің игілігі үшін атқарған еңбектері ұрпаққа өнеге болып, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге тамаша үлгі болып қала береді. Олай болса, кешегіні ұмытпай, үнемі еске алып отырсақ бүгінгіні бағалап, алдағыны ардақ тұтарымыз анық. Алдыңғы толқын аға буынның өмірінен құлағдар болып жүрсе деген мақсатпен мен де өз ойыммен бөліскенді жөн санап отырмын.
Иә, «өткен күндер – тарих, болашақ үміт» дегендей Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Отыз жыл – бір азаматтың ғұмыры, еңбек жолы, болашаққа жол салар ізі. Дей тұрғанмен, еркін елдің дербес шаңырақ көтеру қуанышын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Бірақ тәуелсіздікті алу бар да, оны қалыптастыру мүлдем бөлек дүние еді. Қажырлы еңбек пен қайтпас мінез ғана бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Осы ретте ордалы 30 жылда бастан өткерген қиыншылықтар мен кедергілер, атқарылған оңтайлы шаруалар жайлы айта кету орынды болар.
Жазушы, философ, тарихшы, француз ағартушыларының көсемдерінің бірі Франсуа Вольтер айтқандай: Ешқашанда үлкен қиыншылықтарсыз үлкен істердің де болуы мүмкін емес. Мәселен, біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде үш экономикалық дағдарысты басымыздан кешірдік. Енді міне екі жылға таяу пандемия құрсауында қалып отырмыз. Ел әлі толық қалпына келе қойған жоқ. Ал біздің тәуелсіздік жарияланғаннан кейінгі 1991-1993 жылдарға жалғасқан дағдарыс соның ең бір ауыр тұсы еді. Сұрапыл инфляция дауылы көтеріліп, тұтыну бағасының деңгейі осы 1991-1993 жылдары ішінде 5573 пайызға жетіп, бар жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіпорындардың өзі көтере алмайтын соққы болатын. 90-шы жылдардың ортасында еліміздің өндіріс мекемелерінің 40 пайызы тоқтап қалды. Елімізде 52 миллиард теңгеден астам жалақы төленбеді. Зейнеткерлер мен мүгедектер айлар бойы зейнетақыларын, жәрдемақыларын алмады. Өндірісті тығырықтан шығару үшін инвестиция керек болды. Бірақ социализм заңдарына негізделген өндіріске инвестиция келмеді. Қаржы беретін елдер өзінің капиталын сақтауы үшін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңға жүгінеді ғой, ал тәуелсіздік жариялағанда елімізде не инвестиция туралы, не басқа бір салалар жөнінде заң болмады. Техника мен технологиядан да қалыс қалдық. Бір ғана мысал. Мұнай саласында 1990-жылдары 5-5,5 шақырымдық терең ұңғылар қазылатын. Бұл Одақтағы ең үлкен тереңдіктердің бірі еді. Сол жұмыс тоқтай бастады. Өйткені ұңғы бұрғылау үшін тиісінше құбырлар қажет. Күкіртті сутегі сияқты зиянды қоспаларға, қысымға шыдайтын, төтеп беретін мықты құбырлар қажет. Оның бәрін шетелден сатып алатынбыз, алайда байланыстар толық үзілді. Осылайша келіп, жалпы экономикаға банкроттық қауіп төнді.
Бір сөзбен айтқанда, бұл кезең экономика жағдайы, адамдардың рухани дүниесі күйзелісінің ең биік шыңы болды. Осынау аса бір күрделі жағдайдан саяси партиялар, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ қатардағы азаматтардың белсенді қолдауымен ел басшылығының жүргізген сауатты ішкі және сыртқы саясатының арқасында шыға алдық. Мәнерлеп айтсақ, осындай қиын кезеңде «қазақстандық керуен» тамшы су табылмайтын шөл даладан абыроймен өте алды, сөйтіп биік белестерді біртіндеп бағындырып келеді. Біз негізі көпшілік жағдайда өзгерістерді байқай бермейміз, олар бізге үйреншікті көрінеді. Бірақ оларға ондаған жылдардан кейін өскелең ұрпақ көзімен қарасақ үлкен шаманы аңғарасың. Құдды бір Эльбрусқа көтеріліп, оның құз биігінен көсіліп жатқан байтақ даланы байқағандай. Сондықтан да, нағыз мақтанатын нәрсеге мақтана, қуанатын нәрсеге қуана білген жөн. Бұл көңілдің ақтығын, жүректің тазалығын білдіреді. Осы орайда, әлемдік деңгейдегі классик Абай Құнанбайұлының 150 жылдығын тойлау барысында ЮНЕСКО ұйымының сол кездегі Бас хатшысы Федерико Майордың айтқан мына құттықтау сөзі еріксіз еске түседі: «Сіздер көлеңкеде болдыңыздар, бірақ бұдан былай халықаралық қоғамдастықтың назары – сіздерде».
Мұндай мойындау кездейсоқ емес. Бұл – халықаралық қауымдастықтың 1992 жылдан бастап ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдаған шараларды оң қабылдауымен түсіндіріледі. Мәселен, Мәскеудің ызғары қайта қоймаған уақытта Назарбаев Семей жеріндегі кеңестік «ядролық полигонды» біржола жауып, орасан зор ерлікке пара-пар қадам жасады. Сәл кейін ядролық қарудан мүлдем бас тартты және мұны өзгелерге мойындатты. Сөйтіп, 1994 жылғы 5-ші желтоқсанда Будапешт қаласында іргетасын тамыры Ұлы даладан бастау алатын дала қыпшақтары қалаған зәулім сарайда еліміз тарихына алтын әріппен жазылатын тосын оқиға орын алды. Қабырғалары алтынмен апталған, төбеден төмен қарай ілінген салмағы орасан зор люстрамен көмкерілген бас айналатындай нән залдың ортасында біздің елдің президентін қаумалай бес елдің басшылары – Ельцин, Лукашенко, Клинтон, Кучма, Мейджор «Қандай да ядролық қару еш уақытта Қазақстанға қарсы қолданылмайды» деген кепілді растап қол қойды. Сонымен қатар, екі мың ядролық қаруды жоюға қажетті қаражат бөлініп, сонау Ұлы Отан соғысынан бері біздің мойынымызға ілініп келе жатқан қарыз қайтарылмайтын болып келісілді, бізге барынша ыңғайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға толық мүмкіндік туды. Осы сәтке куә болғандардың толқығаннан тұла-бойлары шымырлап, көздеріне жас келгенін, сондай-ақ әлемнің өзге елдері Қазақстанның бұл жарқын үлгісін қолдай отыра жаппай қарусыздануға жол ашылады деген сенімдерін ұмыту ешқашан мүмкін емес. Бірер айдан соң мұндай кепіл берушілер қатары Қытай және Франция елдерімен толықты. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық аренадағы тұңғыш әрі мәртебелі жеңісіне қол жеткізді.
Шекара мәселесі де осы жылдары еш дау-дамайсыз ұлттық мүддеге сай шешілді. Іргелес екі алып көрші – Қытай және Ресеймен, сондай-ақ Орта Азия мемлекеттерімен шекара межелері нақты айқындалып, біржола бекітілді. Бұл да Тұңғыш Президент пен Қазақстан мақтана алатын жайт. Бұрынғы премьер-министр Даниял Ахметов естелігінде былай дейді: «Есімде ерекше сақталғаны – Қытайға сапар. Шекараны делимитациялау құжаттарына қол қою керек болды. Біздің делегацияны Цзян Цземин қабылдады. Сол кездегі қытайлық көшбасшының айтқаны менің әлі есімде. Ол: «Қытай елі тарихта ешбір елмен шекарасын шегендеген емес, бұл – біздің ұстанған ішкі-сыртқы саясатымызға қайшы әрекет. Бірақ мен қалыптасқан дәстүрді бұза отырып, Сіздің басыңызға деген зор құрмет пен ілтипаттың белгісі ретінде екі ел арасындағы шекараны белгілейтін осы құжатқа қол қоямын. Қытай тарабының Қазақстанға қатысты ешқандай жер талабы жоқ!» деп келте қайырды». Иә бұл біз үшін өте маңызды әрі қуанышты жағдай. Қалай дегенде де, шекараны бекемдеу – түптеп келгенде Тәуелсіздікті бекемдеу деген сөз. Және бір назарда ұстауға қажет дүние. Жібек жолы бойында орналасқан елдердің Қытаймен жылдық сауда айналымының көлемі 2,5 триллион долларды құрайтын болады. Әрине, осындай мол сауда қаржысында белдеудің («Бір белдеу – бір жол») маңызды буынындағы ел ретінде Қазақстан да өз үлесін алуға тиісті.
Жалпы алғанда, тәуелсіздік жылдары жас республикамыз әлемге ерекше саяси жетістіктерді әкеле алатынын толықтай дәлелдей алды. Қазақстанның жеке бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің және Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы, 2010 жылы ТМД елдерінің арасында бірінші болып Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп қана қоймай, он бір жыл қатарынан өткізілмей келген ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін мейлінше жоғары дәрежеде ұйымдастыра алуы, 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде енуі мен аталған ұйымға төрағалық етуі, Таяу Шығыстағы түйткілді мәселенің түйінін тарқату мақсатында 2013 жылы Астана қаласының таңдалып, Сириядағы шиеленіскен жағдайды саяси жолмен шешуде «Астана процесі» ретінде танылған бітімгершілік жиыны, 2003 жылдан бастап әрбір үш жыл сайын өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі, сайып келгенде Қазақ елінің мерейін өсіріп, халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды. Сондай-ақ, Елордада өткен «ASTANA. EXPO-2017» болса энергияның экологиялық таза және жаңартылған көздерін дамыту жөніндегі дүниежүзі ғалымдарының ерік-жігерлерін біріктіруге күш салды. Өз кезегінде, 3 миллион 977 мың 545 адам келіп көрген Халықаралық көрменің Астанаға, Қазақстанға пайдасы көп болғанын айтқан жөн. 1400 қазақстандық компания қатысып, құрылыс материалдарын берді әрі құрылыс жұмыстарына араласты. 640 миллиард теңге қаражат игерілді. 1400 пәтер салынып, халықтың игілігіне жаратылды. Ең бастысы, инвестициялық ахуал жөнделіп, осы уақытқа дейін 120 елден 330 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды.
Егемендікке жетіп, еңсе тіктеген тұста үнсіз атқарған іргелі істер туралы тарқатып айтар болсақ, көрсеткіштеріміздің жоғары екенін аңғару қиын емес. Мәселен, 1999 жылғы халық санағы бойынша Қазақстан халқының саны 14,9 миллион адамды құраған еді. Содан бергі кезеңде еліміздің демографиялық жағдайы жылдан-жылға жақсарып, халқымыздың саны бүгін 19 миллионнан асты. Бұл ретте, ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің басты міндеті болды. Осы міндетті орындау үшін мемлекет бар күш-жігерін салды. Соңғы 30 жылда отандық денсаулық саласы айтарлықтай дамып, тіпті көшбасшы елдер де көз тіге қарайтындай дәрежедеміз десек, артық айтқандық болмас. Республикада 496 аурухана және 1955 амбулаториялық-емханалық мемлекеттік ұйым бар, оларда 207 мыңға жуық медицина қызметкерлері, оның ішінде 55 мыңдай дәрігер жұмыс істейді. Барлығы 85 мыңнан астам аурухана төсектік орындары орналастырылған. Мемлекет басшысы Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында медицина мамандарына көп көңіл бөлінетіні жөнінде айта отырып: «2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикалық орташа жалақыдан екі есе артық болады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік», деп ескертті.
Сондай-ақ, ҚР Президенті өз сөзінде: «Біз «тиімді мемлекет» принципіне басымдылық беріп отырмыз» дегенді баса айтты. Яғни, сапалық көрсеткіштің жоғарлауына мән беріліп отыр. Әсте кездейсоқ емес. Өйткені, қазақ халқының адамдық ресурстарының жоғары сапалы болуы – тәуелсіздігіміздің, мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Ал енді қоғамның интеллектуалдық бағыт алуы білім дәрежесінің күрт көтерілуіне тікелей байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы сонау 1913 жылы: «Жұртқа білім үйретумен, көрумен, білумен жайылады» деп бекер айтпаған. Осы тұрғыда мемлекет тарапынан ауқымды шаралардың атқарылып жатқаны көңілге үлкен демеу. Мәселен, «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы – «келешек кілті тек білімде» деген сәулелі ойды адамдар жүрегіне дарытқан бірден-бір құжат. Сөйтіп, ел басқаратын, өндіріс жүргізетін, еліне аса қамқор болатын жастарды әлемнің ең үздік оқу орындарына жіберуге, тіл меңгеріп, қаржы, нарықтық экономика мен заңды оқытып, үйретуге мүмкіндік туды. Бұл бастама 30 жыл ішінде жақсы жемісін берді дей аламыз. «Болашақ» жобасы аясында сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарында Назарбаев интеллектуалды мектептердің ашылып, онда нақты және жаратылыстану ғылымдарын оқып үйренуге, креативті және сыни тұрғыда ойлауды дамытуға мән бере отырып, еліміздің интеллектуал элитасын тәрбиелеуге ыңғайлы жағдайлар жасалуда. Интеллектуалды мектептердің түлектері әлемнің кез келген университетінде оқу мүмкіндігіне ие бола алатынын қазір көріп те, біліп те жүрміз. Әрине, бұл басқа мектептер көлеңкеде қалып жатыр дегенді білдірмейді. Әсіресе ауылдық мектептерде білім беру жүйесін жетілдіру мәселесіне барынша көңіл бөлінуде.
Мұның сыртында, цифрландыру жұмыстары аясында 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті ІТ-маман даярлау міндеті де тұр. Бес жыл ішінде ел өңірлерінде 20 инновациялық бағдарламалау мектебін ашу, 50 өңірлік ЖОО-ны ІТ-компаниялар мен бейінді ІТ-ЖОО қамқорлығына беру, бағдарламалау мектептеріне 20 мың грант бөлу көзделуде. 2023 жылдан бастап Қазақстанның барлық орта мектебінде «Информатика» пәнін ҰБТ-ға енгізе отырып, осы пән бойынша «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізу жоспарлануда. Отандық білім беруді жетілдіру бағытында жасалып жатқан осы игі істер Елді жаңғыртудың стратегиясын жүзеге асыруға кепіл болады деген үміт артады. Қазірдің өзінде Электронды үкіметті дамыту мен цифрлы қызметтерді ұсынуда айтарлықтай нәтижелер бар. Еліміздегі ІТ-индустрия мен цифрландыру жұмысы мемлекет пен ІТ-қоғамдастықтың қарқынды байланысы есебінен жолға қойылып отыр. Бүгінде халықаралық рейтингте жеткен жетістіктері де аз емес. Мысалы БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамытуға қатысты көрсеткішінде 9-шы орындамыз.
Хадистерде айтылуынша, жол салу сауабы мол салмақты істің бірі екен. Тәуелсіздік жылдары қабылданған стратегиялық шешімдердің нәтижесінде Қазақстан өңірлік логистикалық хабқа және транзиттік әлеуеті жоғары елге айналды. Ел аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліздің өтуі де көп жайды аңғартса керек. Оның бесеуі – темір жол дәлізі, алтауы – автомобиль дәлізі. Жалпы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде 2 566,5 шақырым темір жол салынды, қазір Қазақстан темір жолы магистральдық желісінің жалпы ұзындығы 21 мың шақырымнан асты. Бұл ретте біздің ел темір жолдың ұзындығы жағынан ТМД аумағында 3-ші орынға ие. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында республикалық маңызы бар 13,4 мың шақырым автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланды. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу республикалық маңызы бар тас жолдарының магистральдық желісіндегі бұзылған учаскелерін, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты алты негізгі халықаралық транзиттік дәлізді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, бұл жылдары учаскелердің жалпы көліктік пайдалану жағдайы айтарлықтай жақсартылды. Бүгін Қазақстандағы жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 96,8 мың шақырымды құрайды. 1991 жылы бұл көрсеткіш 86 мың шақырымды құраған болатын.
Индустрияландырудың нәтижесінде Қазақстанда темір жол көлігін жасау кластері құрылғаны белгілі. Бүгіндері локомотивтер, электровоздар, жүк және жолаушы вагондары, термос вагондар өндірісі жолға қойылған. Таяуда ТМД елдерінде баламасы жоқ «Ферротранстрейд» зауыты іске қосылды. Серпінді клеммалар мен бұрандалар шығаратын осынау зауыттың ашылуына Мемлекет басшысының өзі қатысты. «Бұл жерден халықаралық сапа стандартына сәйкес келетін компоненттерді шығарады. Жаңа өндіріс толық күшіне енгеннен кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы терминалдар мен бұрандаларды импорттамайтын болады. Кәсіпорынның отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына бек сенімдімін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Автокөлік өндірісінде де ілкімді ілгерілеу байқалады. Былтыр отандық автоөндірушілер 75 мың автокөлік шығарған екен. Биыл 100 мыңдық межені бағындыру міндеті тұр. Сондай-ақ өткен жылы ішкі нарықта сатылған 96 мың автокөліктің 67 мыңы отандық өндірістен шыққан. Бұл Қазақстанда сатып алынатын әрбір үшінші көлік отандық өнім деген сөз. Экспорт көрсеткіші де жақсарып келеді. Былтыр шетелге 8 мыңнан астам жеңіл көлік экспортталған. Биылғы меже – 15 мың көлік, келер жылы 30 мың автокөлікті шетелге жөнелту жағы қарастырылуда. Айта кету керек, автокөлік шығару саласында құрылған бір жұмыс орнының нәтижесінде өзге салаларда 12 жұмыс орнына дейін пайда болады. Өйткені, автоөнеркәсіптің дамуы химия, тоқыма және тағы басқа өндірістік салалармен тығыз байланысты. Яғни елімізде жасалған автокөлік өнімдері көбейген сайын экономика да өрге басады.
Тәуелсіздік кезеңінде өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 10,3 есе ұлғайды. 2020 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 10,5 мың долларды құрады. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,4 пайызды құрады. Нақты сектордағы тұрақты өсім 3,5 пайызға өсті, сондай-ақ карантин шектеулерін жеңілдету нәтижесінде қызмет көрсету секторының біртіндеп қалпына келуі экономиканың қайта өсуін үдетті. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 5,7 пайызға артты. Құрылыс саласы 9,7 пайызға ұлғайды. Елімізде тоғыз айдың ішінде 10,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға жоғары. Дер кезінде дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында экономика қайта қалпына келді. Ауылды дамытуға басымдық берілуде. Премьер-министр Асқар Маминнің мәлімдеуінше, алдағы 5 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыру көлемі 800 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды, ал барлық қаржы көздерін ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 триллион теңге көзделген. 2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, 10 мың километрдей кентішілік жолдардың жай-күйі жақсартылады, 12 мың километр инженерлік желілер мен мыңдаған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынады және жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңартылады. АӨК саласында 4,5 триллион теңге сомасына бір мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 миллион ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады.
Әрине, өмір болған соң кемшіліктер де жоқ емес. Әр адамның бойында міні болатыны сияқты кез келген қоғам да келеңсіздіктерден ада тұра алмайды. Әсіресе COVID-19 пандемиясынан туындаған қиындықтар барлық жағынан өзінің кері әсерін тигізуде. Жыл басынан бері бағаның өсу тарихы ең жоғары көрсеткіштерді жаңартып отыр. Әлемнің ірі экономикаларында инфляция 13 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. АҚШ-та 5,4 пайызға, ал Еуродақта 3,4 пайызға дейін өсті. Бізде азық-түлік инфляциясы 11,5 пайызға, азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5 пайызға, ақылы қызметтер инфляциясы 6,8 пайызға өсті. Инфляция динамикасындағы күрт бұрылыс жылдың соңында 7,9 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде. Карантиндік шаралар мен экспорттық кірістің төмендеуіне байланысты 1-ші жартыжылдықта ІЖӨ 1,8 пайызға қысқарғанын ресми статистика жоққа шығармайды. Қазір жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз көлемінде сақталып отыр. 2019 жылдан бері пандемия салдарынан Ұлттық Қор қаржысына қол салу жиілеп кетті. Қазіргі таңда қорға жинақталған қаражат негізінен әлеуметтік бюджет баптарын орындауға жұмсалып отыр. Атап айтқанда, бұл ақша зейнетақы төлеуге және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталуда. 2020 жылы тек әлеуметтік қызметтерге 3,5 триллион теңге бөлінген. Нәтижесінде, Ұлттық Қордың қоржынындағы 56,9 миллиард доллар – ІЖӨ-нің 38 пайызын құрайды. Бұл алаңдатарлық жағдай. Есеп комитеті Ұлттық қордың шегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына дейін болу керек екенін жариялады. Бұл – қаражат көлемі көрсетілген шектен төмен түсіп кетсе, Ұлттық Қор жойылуға бет алады деген сөз. Байқағанымыздай, қазір ол осы шектің маңайында тұр. GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры Мақсат Халық Ұлттық қор келешек ұрпақ үшін құрылғанын еске салып, дәл қазіргідей жалғаса беретін болса, алдағы 3-4 жылда Ұлттық қордағы қаражат таусылатынын айтты. Сондықтан, Ұлттық Қорға иек артуды доғару қажет.
Үнемдеу мәселесіне де назар аударған жөн. Өйткені, үнемшіл елдермен салыстыра қарасақ, ысырапшылдық тұрғысынан қазақ елі алдына жан салмасы анық. Мәселен, Қазақстан ІЖӨ-нің 1 доллары үшін озық елдерге қарағанда 5-6 есе көп электр энергиясын жұмсайды. Не мына мысалды алайық. Күріштен өнім жинаудан әлемде 15 мемлекеттің қатарынан табыламыз. Елімізде орташа есеппен алғанда гектарына 40-50 центнерден өнім жиналады. Алайда бізді шаң қаптырып кетіп отырған мемлекеттер жетерлік. Мәселен, Египет диқандары гектарына 95 центнер өнім алады. Ресейде күріш жармасының орташа түсімі 70 центнерден келеді. Дамыған елдерде бір текше метр суға 2,5-6,0 килограмм ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 килограмм ғана немесе 6-7 есеге аз өндіріледі. Ал 1 килограмм өнім өндіруге дамыған елдерде 160-400 литр су жұмсалса, бізде 1200-2500 литр ағын су жұмсалады. Яғни елімізде бір гектар суармалы жерге ағын су нормадан артық жұмсалады, су пайдалану коэффициенті мейлінше төмен. Егер еліміз бойынша су пайдалану коэффициентін 0,75-ке көтерсек, 200 мың гектарға жуық жерді суландыратын 1 миллиард 272 миллион текше метр су үнемделеді екен. Сондықтан жаңашылдыққа жатсынбай жаңа технологияларды өндіріске енгізуіміз керек. Осы ретте, экономиканы алға оздыру мақсатында Мемлекет басшысы жуырда 10 ұлттық жобаның тізбесін бекітті. Ендігі басты міндет – орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, ұлттық жобалар шеңберіндегі іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Сөйтіп Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның позициясын 40-орынға дейін жақсарту көзделуде.
Грек сөзінен аударғанда патриот сөзі Отан, атажұрт дегенді білдіреді. Патриотизм атажұртқа деген сүйіспеншілікті, оған адалдықты, жан-тәнімен қызмет етуді көздейді. «Жол ұзақ, ғұмыр қысқа, осы аз ғұмырда елге қызмет жасайық», дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Хакім Абай болса: «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл» дегенді еске салады. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы ынтымақты еңбекте, ауызбірлікте, әрі ынтымағы жарасқан елдің ырысы да мол болады. Ендеше таланттысы басшы, талаптысы қосшы болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ, ұйысып еңбек етсек құт-береке дарыған қуатты да іргелі ел боларымыз хақ. Тек мынаны естен шығармайық – уақыт керуеніне бөгет жоқ. Бүгін ертең, ертең кеш болмас үшін алға ұмтылу керек.
Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ, саясаттанушы