Шығармашылық адамының үлкен-үлкен табыстарға жетуінің бірден бір шарты оның бейімі мен пейілінің, яғни туа бітті қабілеті мен сол қабілетке деген ынта-ықыласының сәтті тоғысуы болса керек. Шығармашыл тұлғаның болмысына тиесілі табиғи таланты мен сол талантты үнемі үрлеп отыратын байырғы еңбекқорлық дәрежесі ойдағыдай орайласпаған жағдайда оның биік-биік белестерді бағындырып, ақбас асулардан қылаң беруі де екіталай. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз сондай бел-белестердің талайын бағындырып, 85 жас деп аталатын ақ бас асуға табан тіреп отырған, Атырау өңіріне, қала берді бүкіл республикаға есімі мәшһүр, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Әбіш Кекілбайұлы атындағы ғылыми зерттеу орталығының директоры Қадыр Өтегенұлы Жүсіп ағамыз.
Атырау (ол кезде Гурьев) қаласындағы Жамбыл атындағы орта мектепте оқып жүрген кезінің өзінде-ақ қайта-қайта қиялын қытықтаған атышулы сөз өнеріне деген туа бітті икемділік пен қызығушылық оны сол Гурьев мемлекеттік институтының филология факультетіне алып келген болатын. Институтты 1961 жылы табысты тамамдаған Қадекең ондаған жылдар бойына өз мамандығы бойынша білім беру һәм шығармашылық мекемелерінде алуан түрлі лауазымдарда қызмет істегей жүріп, дәйім шығармашылықпен айналысты, қаламы қашан да қолында болды.
Қадекең қаламының қарымы мен ой жүйесінің арынын облыстың зиялылар қауымы бірден мойындады, сөйтіп ол 1982 жылы Гурьев педагогика институтының студенттеріне қазақ әдебиеті пәнінен дәріс оқуға арнайы шақырылды. Қадекеңнің шын мәніндегі шығармашыл һәм ғылыми тұлға болып қалыптасуына нақ осы институт қабырғасындағы ғылыми орта мен қарбалас еңбек өз септігін тигізгені даусыз. Институтқа жұмысқа орналасқаннан кейін әйгілі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультеті жанындағы Ғылыми кеңеске ғылыми ізденуші болып рәсімделген Қадекең 1988 жылы атышулы жерлесіміз академик-жазушы, профессор Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен «Жұмекен Нәжімеденовтің лирикасы» деп аталатын тақырыпқа жазылған кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты. Жұмекен сияқты ақберен ақынның шығармашылығымен кеңінен танысу диссертация авторын бұрынғыдан да гөрі шабыттандыра түсті, бұл жайт оған өзінің зерттеу нысанын одан әрі кеңейте түсуге, сөйтіп енді «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» атаулы мейілінше ауқымды тақырыпқа докторлық диссертациясы дайындауға себепші болды. Бұл диссертация да 1996 жылы сәтті қорғалып, ағамыз ғылым докторы деген биік дәрежені иеленді. 1998 ж. Қадыр Өтегенұлына Қазақстан республикасының Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен профессор ғылыми атағы берілді.
Қадыр Өтегенұлы 1988–2003 жылдар аралығында табаны күректей 15 жыл бойына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 2003–2013 жылдары Зейнолла Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры болып жұмыс істеді. Қазіргі таңда ол Әбіш Кекілбайұлы атындағы ғылыми-зерттеу орталығының директоры және Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры лауазымдарын иеленеді.
Қадекең өзінің ұстаздық және ғылыми еңбектерін үнемі ұштастыра еңбектенетін қаламгер. Оның «Орта мектепте оқушылардың шығармашылық дағдысын қалыптастыру», «Орта мектепте лириканы талдау», «Әдебиеттануға кіріспе», «Көркем шығарма талдау», «Жыр жиһазы», «Жазушы. Ғалым. Ұстаз». «Алмас жыр», «Әдеби толғамдар» т.с.с. көлемді еңбектері жас шәкірттерге кәсіби білім берудің қыр-сырларын ашып көрсететін бәс жетпес оқу және оқу-әдістемелік құралдар рөлін атқарса, «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы», «Таңғажайып Бейбарыс», «Шың мен шыңырау»,. «Махамбеттану мәселелері», «Қазақтың Қабдоловы», «Жұмекен жұмбағы», «Жылдар жаңғырығы», «Даланың дархан дауысы», «Қайсарлық лирикасы», «Шырайлы жырлар», «Сұлу сөз» атаулы туындылары өзінің талдау нысандарын жеріне жеткізе айшықтаған терең де ауқымды академиялық еңбектер. Бұл тізімге ұстаз-ғалым қаламынан туындаған екі жүзден астам ғылыми мақалалар мен көсемсөздерді қоссақ, Қадекеңнің шығармашылықтың рахаты мен механатынан бір жалықпайтын нағыз еңбеккер екендігін қапысыз түсінесіз.
Қадыр Өтегенұлының ақындық өнері – бөлек әңгіме. Автордың поэзиядағы қалам қарымынан хабардар ететін нақтылы мысалдарды келтіре отырып, оның шығармашылығын жан-жақты талдап беруге бұл мақаланың көлемі көтермейді, әйтпесе ақын жырларында оның талантын сөзсіз дәлелдейтін оралымды образдар мен сәтті шумақтар молынан ұшырасады. Қадекеңнің поэзия әлеміндегі өзіне тән ерекшелігі дегенде, екі мәселені айырықша атаған жөн. Олардың біріншісі – автордың белгілі бір айтулы тұлғалардың образын сомдауды көздеген ірі-ірі эпикалық шығармалар (дастандар, поэмалар) жазуға деген икемділігі болса, екіншісі – ақынның мұндай жырларында негізінен өз өлкемізге етене жақын кейіпкерлер бейнесінің мейілінше әсерлі тұлғалануы. Бұл айтқанымызға дәлел ретінде ақынның әр түрлі жылдарда әр түрлі баспалардан жарық көрген жыр жинақтары атауларының жай ғана тізімін келтірсек те жеткілікті сияқты: «Естелік», «Жүрек сыры», «Асау Атырау», «Айша бибі», «Зейнолланама», «Қыран самғау», «Уа, Сардарым» т.с.с. Осы тізбектегі «Зейнолланама» жинағы ағаның сүйікті ұстазы, айтулы жерлесіміз академик Зейнолла Қабдоловқа арналса, «Қыран самғау» қазағымыздың тағы бір атпал азаматы, жерлесіміз Иманғали Тасмағамбетовке арналған. Аталған кітаптарға, сол сияқты, жерлестеріміз академик Салық Зимановқа, Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында жерлестеріне «Мұнай бер!…» деп жар салған аға ақынымыз Асқар Тоқмағамбетовке т.с.с. арналған шағын жыр-дастандар да бар. Қазір Қадекең өлкеміздің тағы бір талантты тумасы дәулескер күші қарындасымыз Айгүл Үлкенбаеваға арнап тағы бір көлемді дүние жазып жатқандығынан хабардармын.
Шығармашылық және ұстаздық қызметінің аса қарбалас болуына қарамастан Қадыр Өтегенұлы қоғамдық жұмыстармен де тұрақты түрде айналысады. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі күн тәртібіне қойылып, ұлттық тіліміз барынша қолдау шараларын қажет қылып жатқан өлара шақта Қадекең облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайланып, осы орайдағы талай-талай игілікті істерге мұрындық бола білді – тәуелсіздік қарсаңында еліміз үшін әбден үйреншікті болып үлгерген жаппай орыс тілді бала бақшаларында қазақ топтарын құруды, таза орыс мектептерінде қазақ кластарын аша бастауды ұйымдастырды. Ол бүгінгі таңда да Облыстық тіл басқармасы ақылдастар алқасының, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі. Қадекең өзі жұмыс істейтін университет қабырғасында жүргізілетін тәрбиелік және ұйымдастыру шараларына да белсене араласады, мұнда ол университетінің Ғылыми кеңесінің тұрақты мүшесі, Жұмекен Нәжімеденов атындағы әдеби үйірмесінің жетекшісі болып табылады. Қадыр Өтегенұлы соңғы екі жылда облысымыз бойынша шыға бастаған екі бірдей Республикалық әдеби-мәдени-танымдық басылымдардың – «Махамбет» журналының (2020 жылдан бастап шғады) және «Жұмекен» журналының (2021 жылдан бастап шыға бастады) бас редакторы. Бұл басылымдар ақиық ақындар кагортасының жетекші өкілдері Махамбет-бабамыз бен Жұмекен-ағамыздың есімдерін одан әрі ұлықтауға, олардың бәс жетпес шығармаларын жас ұрпақ өкілдері арасында кеңінен насихаттауға қатысты алуан түрлі материалдарды жарыққа шығарып, игілікті іс тындыруда.
Қадыр Өтегенұлының ғылыми-шығармашылық және педагогикалық еңбегі жоғары бағаланды, ол әр түрлі жылдарда «Парасат» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Еңбек ардагері», «Егемендіктің 10 жылдығы», «Егемендіктіктің 25 жылдығы», «Ы.Алтынсарин» медалдарімен марапатталған, «Білім беру ісінің озық қызметкері»белгісінің иегері. Қадыр Өтегенұлына жақында ғана Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Атырау облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ізбасарларына, жеткіншек ұрпақ өкілдеріне сан жылдар бойына жалықпай-талмай еңбек етудің қайталанбас үлгісін танытып келе жатқан Қадыр Өтегенұлы ағамызды мерейлі 85 жасымен құттықтай отырып, әлі де талай-талай шығармашылық табыстар тілейміз!
Сейітов Нәсіпқали,
геолог-ғалым, ғылым докторы, профессор,
Қазақстан Жазушылр одағының және ҚР ҰҒА мүшесі.