Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – енді партия төрағасы. Билік партиясы – «Нұр Отанның» тізгінін қолына алды. Былай қарағанда әдемі естіледі, бірақ үлкен өлшеммен алып қарағанда біртүрлі…
Президенті қандай да бір партияға басшы бола алмайтын елдер көп, бірақ бізде 1995 жылдан бастап президент партия құра алады және оны өмір бойы басқара алады. Осындай елде бір уақыттарда билік транзиті жүреді және бұрынғы президент кейбір (негізгі) тетіктерді өзі ұстап қалады. Сөйтіп, елдің ең басты тұлғасы саналуға тиіс президент елдің көз алдында «екінші ойыншыға» айналып шыға келеді.
Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуін заңды процесс ретінде емес, үлкен жомарттық, тіпті сый ретінде қабылдайтын бір түсінік қалыптасқан. Алдымен президенттікті берді, одан кейін ассамблеяны сыйлады, кеше билік партиясының төрағалығын ұстатты, енді Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін берсе… Міне, осындай бір мәймөңке. Біздің саяси элитаның да, жалпы, халықтың да Назарбаевтан ештеңе сұрауға хақысы жоқ сияқты, біздікі асса – есекдәме. Жолың болса орындалады, болмаса жоқ.
Осындай елде тақта отырған президентке экс-президенттің партия төрағалығын өткізіп беруі мәрттік болып көрінбей қайтсін?! Бұған қатысты біздің елдегі саясаттанушылар мен сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Тіпті билікті сынап жүрген кей сарапшылардың өзі бұл үлкен өзгерістің басы деген пікір айтып жатыр. Өзгеріс қалайда болады, мәселе – сол өзгерістің қалай жүруінде. Біз мәрттікті емес, осыны талқылауымыз керек еді. Саясаткер Дос Көшім бұл жағдайдың қоғам тарапынан «хан бұйрығы» сияқты қабылданғанын айтады. «Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы төрағалығының өкілеттігін қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешімін не жеке адамның пікірі деп қабылдауымыз керек те, немесе ханның бұйрығы деп түсінуіміз керек.
Қазақ елінде де, өркениетті елдерде де демократиялық құрылымның лауазымды тұлғалары жалпы жиналыста сайлау арқылы жүзеге асады. Төрағалыққа бірнеше адам үміткер болуы да қалыпты жағдай. Бірақ «Нұр Отан» классикалық саяси партия емес, өздерінің биліктерін қолдарынан шығарып алмау үшін құрылған, басқару аппаратындағы адамдардың басын қосатын «саяси партия» рөлін атқарушы құрылым екенін ұмытпайық. Мұндай құрылымда сол «партияның» басшысы ханның рөлін атқарады да, өзінің мұрагерін өзі тағайындайды. Әрине, ертең жарғыға сәйкес, конференция өтіп, дауыс берілуі мүмкін, бірақ мәселені Нұрсұлтан ағамыз шешіп қойғанға ұқсайды. Меніңше, осы шешімді партияның жалпы жиналысында жарғыға сай өткізуге де болар еді, бірақ мұндай дәстүр (партия мүшелерінің барлығы тең, олардың пікірлері, таңдаулары да бірдей деген ұстаным) бұрынғы компартияның басшысы үшін қажетсіз болғанға ұқсайды. Қысқасы, партия басшысы өзінің орнына жаңа басшы тағайындады», – дейді ол.
Бірді-екілі адам болмаса, партияны басқарып келген Назарбаевтың бұл шешімінің алдағы уақытта шартты түрде болса да, партия құрылтайында қаралатынын ұмытып та кетті. Керісінше, экс-президенттің айналасы бұл шешімді «билік транзитінің қисынды жалғасы» деп атап, жалаулатып әкетті. Өйткені тұңғыш президенттің сөзі екі болған кезі жоқ. Бәріміз соған әбден үйренгенбіз. Әлдебір тағайындаулар, саяси науқандар болып жатады, бірақ соның бәрінен ештеңе күтпейтін жағдайға жеттік. Оның үстіне жаңа президент бұрынғы президенттің жолын жалғастыратынын сайланған күнінен бастап айтумен келеді.
«Біздің билік ондай мәдениетке жеткен жоқ»
2019 жылғы президент сайлауынан кейін «Қазақстанда қос билік орнады» деп келген сарапшылардың кейбірі кешегі жағдайдан кейін Тоқаев билігі күшейеді дегенді де айтты. Дегенмен көпшіліктің пікірі бұл сыртқы әшекей ғана, бұрынғы президенттің ықпалы әзірге азаймайды дегенге саяды. Бұл жағдайды шығыс халқына тән өзіндік басқару жүйесі дегенді ойлап тауып, «жеке-дара жолымызға» сілтеушілер де бар. Егер экс-президент билік транзитін шынымен қаласа, бұл қадамды неге ертерек жасамады?
«Назарбаев өзінің партия төрағасы лауазымын неге берді дегеннен гөрі неге 2019 жылы президенттіктен кете салған кезінде немесе президент сайлауынан кейін өткізіп бермеді деген сұрақ әлдеқайда маңыздырақ. Назарбаев биліктен «кеткенде» ол сегіз түрлі маңызды тетікті өзінде сақтап қалды. Екі жарым жыл бойы асықпай Қазақстан халқы ассамблеясын, одан соң партия төрағалығын өткізіп бергенмен, ол қазір де Қауіпсіздік кеңесі, Конституциялық кеңес, «Самұрық-Қазына» сияқты маңызды сегменттерді ұстап отыр. Ал енді кадрлық өзгерістерді өзі жасайды дегенге келсек, 2019 жылы Тоқаевтың өзі тұңғыш президенттің кадрлық саясатқа араласуына мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойғаны белгілі. «Нұр Отанды» жаңа президентке берудің негізгі себебі – бұрынғы президент қазіргінің армиясы жоқ генерал болып қалғанын көрді. Оның мемлекеттік аппаратқа ықпалы аз екені байқалып тұр. Бұл туралы соңғы жолдауында президент те мойындағандай сөз айтты. Бір жақта Ақорда, бір жақта «Кітапхана», екі жаққа жалтақтаған бюрократиялық орта іске қабілеттілігін жоғалтып алды (бұрын да керемет болмағаны тағы белгілі). Қазір карантин, локдаун жағдайында елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай тіпті шиеленісіп кетті. Осындай жағдайда президенттің ықпалын арттырмауға болмайтыны түсінікті болды», – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Иә, бүкіл мемлекеттік басқару құрылымдарында «Нұр Отанның» мүшелері отыр. Демек, партия тізгінін ұстаған адам кадр саясатын жүргізу құқығына ие болады. Бұл партия төрағасы – президентті «екінші ойыншы» болып қалудан сақтап, мүмкіндігін арттырады. Досым Сәтпаев бұған дейін президенттің ең болмаса премьер-министрді ауыстыратын өкілеттілігі болмағанын, бұдан былай министрлер кабинеті, парламент, атқарушы билікке өкім жүргізуге мүмкіндік алғанын айтады, әрине, экс-президентпен келісе отырып. Ал әзірге толыққанды транзит туралы айтуға ерте.
Саясаттанушы «Нұр Отанның» номенклатуралық партия екенін, оның бұған дейінгі дағдарыс кезеңдерінде президентке қолдау көрсетіп көрмегенін де айтады. Демек, партия тізгінін ұстау билік элитасы ішінде ықпалын арттырғанымен, қоғам, жалпы, жұртшылық алдындағы президенттің беделін анау айтқандай асқақтатып жібереді дегенге сену қиын. Өйткені халық бұл партияға сенбейді, үміт те артпайды.
Не де болса партия төрағасы ауысатын түрі бар. Егер биліктегі барлық тетіктерді біртіндеп болса да, жаңа президентке толықтай өткізіп берсе, ары қарай экс-президент немен айналысады? 2019 жылы ол өз еркімен президенттіктен кеткенде «қашан кетеді» деп жүрген жалпы жұрттың өзінің іші жылып қалған. Тіпті көзіне жас алғандар да болды (Перуашев пен Тілеуханнан бөлек). Бірақ ертеңіне-ақ астананың атын ауыстырып, әр облыс орталығының бас көшелерін басқаша атай бастағанда, бір сәтке елітіп қалған қауым содан бастап Назарбаев дәуірінің әлі біраз уақытқа созылатынын түсінген де, қолды бір сілтеген.
«Өркениетті елдерде қызметтен кеткен президент шамасы келгенше барлық өкілеттілігін беріп кетуге тырысады. Егер мүмкіндігі болса, бірнеше жылдан кейін тағы да сайлауға түсіп, өзінің орнына келер, бірақ кеткен уақытта биліктің бір бұрышына жабысып, жаңа президенттің жұмысына қыстырылыспауға тырысады. Кейбіреулері президенттік қызметтен кеткеннен соң, радиоға комментатор болып орналасса, енді біреулері басқа салаға барып, кеңесшілік қызмет атқарады. Бұл саяси мәдениеттілікке жатады, оның астарында «енді сен – президентсің, сенің қандай жетістікке жеткеніңді көрейін, мен араласпаймын» деген ниет жатыр. Біздің билік ондай мәдениетке жете алған жоқ», – дейді Дос Көшім.
Тоқаев кадрлық өзгерістерді бастап кетті ме?
«Нұр Отан» партиясының шартты жаңа төрағасы (құрылтайға дейін экс-президент төраға креслосында қала береді) елдегі кадрлық саясатты бастан-аяқ өзі жүргізуге мүмкіндік алды ма? Дос Көшім бұл процесс те ішінара жүргені болмаса, анау айтқандай үлкен өзгерістер әкелмейді деп отыр. «2019 жылы сайлаудан кейін Қ.Тоқаев мырзаның Н.Назарбаевтың жолымен жүретіні туралы («сабақтастық») айтқанын бәріміз білеміз. Сондықтан өз басым партияның саяси бағытында өзгеріс болады деп ойламаймын. Біреуі кетті, екіншісі келді. Бұл таяқшаны біріне-бірі тапсырып, стадионды айнала жүгіретін желаяқтарды еске салады. Олар да алдыңғы желаяқтың жолынан шықпай, өзінің айналысын жасайды. Әрине, партиядағы кейбір лауазымды тұлғалардың ауысуы мүмкін, бірақ ол партияның мақсат-мүддесіне ешқандай әсер етпейді», – дейді ол.
Партия төрағасы ауысқан соң, сайлау болады, тағы біраз жаппай ауыс-түйіс болады деген болжамдардың расқа айналатын түрі бар. Қазір бүкіл Қазақстан бұрыш-бұрышқа отырып алып өзара болжам жасап жатыр. Кім қайда барады? Және ең маңызды сұрақ: бұл кадрлық өзгерістерді кім жасайды? Партияның жаңа төрағасы ма, әлде…
Алғашқы өзгеріс Алматы облысынан басталды. 2014 жылдан бері облыс әкімі қызметін атқарып келген Амандық Баталов кетіп, орнына Қанат Бозымбаев тағайындалды. Оның Тоқаевтың көмекшісі болғанын ескерсек, президент шынымен біраз өзгеріс жасауға білек сыбана кіріскендей көрінеді. «Бозымбаев та «темная лощадка» емес. Оның қызметтік тізімі біразға жетеді: үкіметте істеді, ұлттық компанияларды басқарды, Павлодар, Жамбыл облыстарының әкімі болды (аймақтық басқаруда біраз тәжірибесі бар). Энергетика министрі қызметінен кеткенде «денсаулығына байланысты» деді. Бірақ бүгінгі өзгеріске қарағанда, сол кезде басқа бір үлкен себеппен, оны президенттің көмекшісі ретінде көлеңкеде ұстай тұру керек болған сияқты. Бәлкім, расымен ауырып, кейін денсаулығы жақсарып кетті. Қалай дегенде де, Бозымбаевтың әкім болуы қоғамда ойпыр-ай дерліктей жаңалық болған жоқ.
Ал Баталовқа келсек, жасының ұлғаюына байланысты кеткені түсінікті. 70 – оңай жас емес. Сондықтан бұдан үлкен саяси астар іздеудің керегі жоқ. Рас, соңғы кездері кәрі тарландар біртіндеп зейнетке шығып немесе басқа жауапкершілігі аздау салаларға ауысып жатыр. Қысқасы, Назарбаев дәуірінен келе жатқан «сұр кардиналдар» біртіндеп азайып барады. Қазіргі келіп жатқан жаңа кадрлар, негізінен, «жетпістіктер» деуге болады, одан да жастар бар. Бұл тісі шыққан қасқырлар алдағы шын транзит кезінде өз үлестерін жұлып алуға дайын тұр. Бірақ бұл болашақтың еншісіндегі шаруа. Қазіргі сұрақ: бұл «жас кадрлар» қаншалықты тиімді жұмыс істейді, бізді батпақтан алып шығуға қаншалықты үлес қосады? Демократияға әлдеқайда жақын жас билік элитасы қалыптаса ма? Бұл өте күмәнді жағдай. Жастар билікті өзгертуге емес, соған икемделу үшін барып жатыр. Бұлардың ішінен реформа жасайтындай ешкімді көріп тұрғаным жоқ. Сондықтан енді қандай кадрлық өзгерістер болса да, одан қандай да бір үлкен өзгеріс күту, түбегейлі реформа күту мүмкін емес», – дейді Досым Сәтпаев.
Билік әлдебір өзгеріс жасаған болады, біз соны жан-жақты талдаған боламыз. Бірақ көбіміздің сөзіміз «бұдан ештеңе өзгермейді» деп түйінделеді. Және сол расқа айналады.
Алмас Нүсіп, «Жас Алаш»