Бейнеконференция байланысы режимінде өткен отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері, «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Парламент Мәжілісіндегі және мәслихаттардағы партия фракциясының депутаттары, өңір басшылары, «Jas Otan» жастар қанатының көшбасшылары қатысты.
Жиынды ашқан Елбасы отыз жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктеріне тоқталып, мұның барлығы бірлесе атқарылған жұмыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.
– Бірізді саяси реформалардың нәтижесінде бүгінде елімізде жоғары демократиялық стандарттарға сай келетін тиімді көппартиялық жүйе қалыптасты. Биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың бәрі елдегі партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Отырыста Премьер-Министр, партия Саяси кеңесінің Бюро мүшесі А.Маминнің, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия фракциясының басшысы Н.Нығматулиннің, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы Өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Ю.Кучинскаяның, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы М.Әйтеновтің, «Nur Otan» партиясы Павлодар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Nur Otan» партиясының аудандық мәслихаттағы фракциясының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі В.Гейнцтің, «Nur Otan» партиясының мүшесі, Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауылдық округының әкімі Ә.Зарифовтың баяндамалары тыңдалды.
Елбасы Премьер-Министр мен Парламент Мәжілісі Төрағасының баяндамаларынан соң биліктің атқарушы және заң шығарушы тармағы партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда үйлесімді жұмыс істегенін ерекше атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің алдында тұрған сын-қатерлерге, сондай-ақ партияның келешек стратегиялық мақсаттарына жан-жақты тоқталды.
– Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық. Қазірдің өзінде пандемияны тоқтату қиынға соғуда. Бүгінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Оған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканың қарқынды енгізілуі де әсер етуде, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерлерді атап өтті. Соның ішінде жаңа пандемияларға қарсы күреске, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюіне, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне, геосаяси шиеленістің өршуіне, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздық белең алатынына назар аударды.
– Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Осы орайда партияның соңғы парламент сайлауындағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген ұранының өзектілігі арта түсуде. Біз бүкіл қоғамның мүддесін қорғайтын центристік ұстанымды сақтауымыз қажет екенін тағы да атап өткім келіп отыр. Партияның міндеті – халықты бөліп-жару емес, біріктіру, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы партия фракциясы депутаттарының пандемия кезіндегі тиімді жұмысына тоқталып, барша қазақстандықтар Президенттің мемлекеттік бағдарын қолдап, соның аясында жұмылуы маңызды екеніне баса мән берді.
– Мен партиямыздың негізін қалап, оған осы жылдар ішінде басшылық еттім. «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды екенін жақсы білемін. Бұған дейін де солай болды. Біз партия Жарғысына сүйене отырып, шешім қабылдауымыз керек. Бұл – біздің бірлігімізді көрсететін қадам, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударды. Елбасы атап өткендей, ол үшін «Nur Otan» партиясы үнемі жаңғырып отыруға, заман талабына сай әрі өзгерістерге дайын болуға, халық мүддесін басшылыққа алуға, алдына айқын мақсат қойып, оған жетудің нақты жолдарын табуға, билік органдарының, қоғамдық институттардың тиімді ықпалдастығын қамтамасыз етуге тиіс, сондай-ақ қоғамды партия құндылықтары төңірегіне біріктіруі керек.
– Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Отыз жылда 9,5 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Бұл – көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буын. Мемлекеттілікті сақтап, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын ақиқатқа айналдыру осы ұрпақтың тарихи миссия деп санаймын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Жиында Елбасы жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.
– Біз Тәуелсіздігімізді нығайтып, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды қолдап, ұлттық мәдениетімізді насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қою арқылы жасампаз ел боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Elbasy.kz