Ағымдағы жылдың 10 қарашасы күні облыстық Кәсіподақтар үйінде «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шахмат және тоғызқұмалақтан облыстық турнир өткізілді. Сайыстың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, ұстаздар арасында үздіктерді анықтап, қолдау білдіру, зияткерлік ойындарды насихаттау және дәріптеу.
Сайысқа келгендердің барлығыда бастауыш кәсіподақ ұйымдары өткізген жарыстың жеңімпаздары еді. Олардың арасында жоғарғы оқу орындарының профессор-оқытушы құрамы, колледж және қалалық, аудандық білім беру мекемелерінің педагогтері болып, барлығы 25 команда құрамындағы 50 ойыншы бақ сынасты.
Турнирдің ашылу сәтінде Қазақстан Республикасының Әнұраны ойналып, облыстық салалық ұйымның төрағасы Қ.Сүндетұлы құттықтау сөз сөйледі. Содан кейін жарыстың Бас төрешілері, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті С.Гайсин, тоғызқұмалақ ойынының бас жаттықтырушысы Қ.Ашетовтер сөз сөйлеп, турнирді өткізу ережелерімен таныстырды.
Бір күнге созылған ойын бәсекесінде жарыстың жеңімпаздары төмендегіше анықталды.
Шахматтан ерлер командасы арасында бірінші орынды: Ж.С.Рахметов (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті). Әйелдер арасында: А.О.Дауылбаева (Атырау индустриалды колледжі), екінші орынды – Қ.У.Ихсанов (Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығы), Г.Т.Молдашева (Құрманғазы ауданы, Қ.Мырза-Әлі атындағы жалпы орта мектебі), үшінші орынды – М.Ғиниятов (Мақат ауданы, Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебі), З.У.Жұмаева (Исатай ауданы Ю.Гагарин атындағы орта мектебі) жеңіп алды.
Тоғызқұмалақтан ерлер командасы арасында: бірінші орынды – А.М.Шораев (Атырау қаласы, Д.Байбосынов атындағы № 13 Ұлттық мектеп-гимназия). Әйелдер арасында: А.Т.Бокирова (Индер ауданы, Аққала орта мектебі), екінші орынды – Ғ.Турниязов (Жылой ауданы, № 19 орта мектебі), А.Т.Сүлейменова (Атырау қаласы, Б.Нысанбаев атындағы орта мектебі), үшінші орынды – А.А.Мұратов (Индер ауданы, Аққала орта мектебі), Р. Ахметова (Жылыой ауданы, № 15 орта мектебі) жеңіп алды.
Жарыс жеңімпаздары «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ескерткіш сыйлықтарымен марапатталды. Ал алғашқы бірінші орынға ие болған жүлдегерлер республикалық жарысқа тыңғылықты дайындалуға кірісті.
Баспасөз қызметі