Өмірлік тәжірибеден туған бір тұжырым бар, ол: «Ең мәдениетті қоғам – заңмен өмір сүретін қоғам». Сондай-ақ, әлемдік философия ілімінің негізін қалаушы, неміс ойшылы Иммануил Канттың: «Мемлекет дегеніміз – құқыққа бағынған адамдар ұжымы» деуі жай емес. Еуропада болған менің бір танысым осы ойды әрі қозғайтындай мынадай бір есте қаларлықтай әңгіме айтқан еді. Францияның Marly Le Roi қаласына сапарлай барғанда жолдың қиылысындағы бағдаршамға тоқтайтын жерге: «Сенде ерекше құқық жоқ» деген жазу ілулі тұрыпты. Жолсерік француздың айтуынша бұл белгі кез-келген адамның санасында француз Ата Заңының түпкі мән-мағынасын жаңғыртып, қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етеді. Ешкімнің де заңнан аттап кетуіне болмайды. Сонда ғана қоғам ұзақ уақыт орнықты дамиды
Иә, кез келген мемлекет үшін оның негізгі заңы, яғни Конституциясы, сол елдің қарқынды дамуының басты кепілі болып табылады. Өйткені, Ата Заң елдің құқықтық және мемлекеттік құрылымдық аспектілерін нақтылайды әрі реттеп отырады. 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдуммен мақұлданып, қабылданған Конституция тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген жас Қазақстанға көптеген аса маңызды өзгерістер әкелді. Егер Ата Заңымызды алып бәйтеректің алтын діңгегіне балайтын болсақ, осынау заңның аясында өмірдің әрбір саласына лайықталып дүниеге келіп жатқан құқықтық негіздегі құжаттар сол алып ағаштан нәр алған жапырақтай жайқала отырып жанға сая, емге дауа болды. Сөйтіп, тарих үшін қас-қағым секілді көрінетін осы мерзімде біздің еліміздің іргетасын нығайтатын барлық алғышарттар жасалынып, қоғам өз дамуының жаңа дәуіріне нық сеніммен көшті.
Ең алдымен, Қазақстан Республикасының біртұтас унитарлы мемлекет екендігі заңдылық тұрғыдан бекітіліп әрі мемлекетті басқарудыңпрезиденттік жүйесі таңдалып, ел тағдырына қатысты барлық жауапкершілікті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің мойнына алды. Оның себебі де жоқ емес еді. Осы ретте, Ата заңымызды дайындауға көп тер төккен марқұм, академик Салық Зимановтың мынадай пайымдарына ден қойған жөн. Заңгер-ғалым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билік тұтқаларының теке-тірестігі кесірінен және де сыртқы-ішкі «үрит, соқ» күштердің желпуімен бір бүтін елдің екіге бөліне жаздағанын айтады. Мәселен, Ертістің оң жағалауы сол жағалауына көз алартса, Жайық казачествосышпорларын сартылдатып, Оралдың көшелерін шаңдатып жатты. Нақ осы кезде қазақстандық бір топ депутаттар Мәскеуге жиналып, өз алдына көлеңкелі үкімет пен Қазақстанның аумағын бөлшектеуді көздейтін іріткі салушы қозғалысты құруға бастама көтергендері жәйлі бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болып, олардың тараптарынан Президентті қызметінен кетіру, Үкіметті таратып жіберу, жергілікті өзін-өзі басқару құқығына ие болу арқылы солтүстік облыстарды Ресейге беруге жөніндегі талаптар да қойыла басталды. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу қажеттілігінің осындай сын сағатында Салық Зиманов ел басқару жүйесін бір ізге салу керек болғандығы, әрі оның ең бір тиімді жолы тікелей президенттік билікті орнықтыру екендігі жөніндегі өз ойларымен баспасөз бетінде бірнеше мәрте бөліскенін, «Бізге диктатураға мүлде жат, күшті президенттік билік керек» деген тақырыппен арнайы мақала да жазғанын тілге тиек етеді.
Жалпы алғанда, сол кез ұлттық мүдделерді аяқасты еткісі келгендердің қарқынын қайтару үшін мол күш-жігердің қажет еткендігін айтқан жөн. Осы орайда Нұрлан Оразалиннің сол тұста «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Сенім» атты мақаласында келтірілген мына бір мысалы көп жайлардан хабар береді. Әлдебір шешеннің кезектегі бір жиында өрекпіп тоқтау бермеген сәтте Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың шалт қимылдап, микрофон алғанын тілге тиек ете отыра, Оразалин Елбасының «Әркім ел тағдырын өзінің тағдырындай көріп, сөйлеуі ләзім. Даудың арты жаулыққа апармауы тиіс. Жаулыққа барған елдердің боздақ ұландары қалай оққа ұшып, жазықсыздан-жазықсыз қырылып жатқанын көріп отырсыздар. Ұлт намысы отпен тең. Отпен ойнауға болмайды. Даудың құрбаны болған сол өзгенің ұлын өз ұлыңдай көріп, арыңның алдында адал сөйле! Сонда ғана ісіміз оңға басады. Сөз – киелі дүние. Тауып сөйлесең – бағың жанады, ауып сөйлесең – астыңдағы тағың жанады. Бір ауыз сөз бәрін шешеді. Қуанышқа бөлейді, байқамасаң қанға батырады. Таулы Қарабах қырғыны байқамай айтылған бір ауыз сөзден басталған. Сөзге жауапты болайық!» дегені айқайшыларға да, жанашырларға да қатты әсер еткені әлі есімде деп, ағынан жарылады.
Сол жылдары Жоғарғы Кеңес депутаттарының арасынан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуына қарсылық көрсеткендер де болып жатты. Осыған байланысты мына бір жағдайды да айтпай кетпеске болмайды. Канада жазушысы Эрнест Сатон-Томпсонның бір әңгімесінде аңшылардың соңына салған көп итінен қашқан елік, жаны қысылған соң сол адамдардың, яғни иттерді салып тұрған аңшылардың арасына келіп тығылатындығын мысал ете отырып марқұм Қадыр Мырзалиевтің: «Орыс ағайындар, бүгінгі қазақ тілі сол аңшылардың итінен қашқан еліктің күнін кешіп отыр. Оның тағдыры тек сіздердің қолдарыңызда» деп жасаған баяндамасынан кейін ғана депутаттар екінші қайтара дауыс беріп қазақ тілі мемлекеттік тіл болып Конституцияға кіргенін екінің бірі біле бермейді. Бұл, әрине, Қадыр ағаның тапқырлығы мен білгірлігінің арқасы.
Байқасақ, 1993-те де, 1995 жылы да Конституцияның қабылдануы оңай шаруа болмапты. Енді міне, кезінде қазақ қоғамының құқықтық тепе-теңдігін сақтауға ықпал еткен халықтық асыл қазыналар болып табылатын Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мен «Қасымханның қасқа жолына» пара-пар келетін Тәуелсіз Қазақ елінің Конституциясы мемлекеттің дамуындағы өтпелі және даму кезеңіндегі заңдылықтарды ретімен іске асырып келеді. Тоғыз бөлімнен тұратын Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтарына толық жағдай жасалған. Ата Заңымыздың алғашқы бабының алғашқы тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғанын байқайсыз. Яғни, азаматтың өмір сүруіне, білім алуына, қызмет етуіне және зейнеткерлікке шығып, демалуына, кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік берілген. Жынысына, жасына қарамай, сондай-ақ ақсүйектік пен қара топ деп ара жігін ажыратпай, елдің әр азаматына адам баласына қажетті тұрмыстық техника мен құралдарды қолдануға, медициналық ем алу құқығы берілді. Заң бұзса жазалануы мен жауапқа тартылуы да шен мен шекпенге бөлінбей, сот орындары алдында кесілген үкіммен шартты жазасын алады. Мұның бәрін де көзі қарақты әрбір азамат бүгінде жан-тәнімен сезінуде десек қателеспейміз.
Жер-жаһанды қамтыған дағдарыс жағдайында еліміздің экономикасын сауықтыруға, оны күрт дамытуға Ата Заңның оң ықпалы болып келеді. Нақты айтсақ, біз тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде үш экономикалық дағдарысты басымыздан кешірдік. Ал қазір 2019 жылы коронавируспандемиясы тудырған әлемдік экономикалықдағдарыс орын алуда. Негізі қай кезде де оңай болған жоқ. Дей тұрғанмен тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі 1991-1993 жылдарға жалғасқан дағдарыс соның аса бір ауыр тұсы еді. Сұрапыл инфляция дауылы осынау 1991-1993 жылдары ішінде 5573 пайыз болып, бар жоғы үш жылдың ішінде баға 55 есеге өсіп кетті. Бұл ең керемет деген кәсіпорындардың өздері көтере алмайтын соққы болатын. Нәтижесінде, 1991-1995-ші жылдары біз экономиканың 42 пайызынан айырылдық, өндіріс орындарының 52 пайызы тоқтап қалды, ауыл шаруашылығының 49 пайызы жоғалды, 52 млрд. теңгеден астам жалақы төленбеді, зейнеткерлер мен мүгедектер айлар бойы зейнетақы мен жәрдемақыларын ала алмады,сөйтіп экономикаға банкроттық қауіп төнді.Өндірісті тығырықтан шығару үшін инвестиция керек болды, бірақ социализм заңдарына негізделген өндіріске инвестиция келмеді.
Осы бір алмағайып кезеңде халық пен мемлекеттің жағдайын барынша кең қамтыған Конституция тармақтары бойынша тиісті заңнамаларға сүйене отырып, ел игілігіне бағытталған нақты іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, жоспарлы экономикадан нарықтықэкономикаға көшу жүзеге асырылды, орта және шағын бизнеске жол ашылып, жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары көбейді, инвестициялар көлемі барынша ұлғайды. Нәтижесінде, еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, «Қазақстан-2030» стратегиясына сәйкес дамушы мемлекеттердің қатарына кірді, жаңа Елорда – Астана салынды. Екі мәрте жаңғыру деп аталған Қазақстанның бұлайшадаму кезеңі, сайып келгенде, еліміз үшін ауқымдыжетістік, баға жетпес тәжірибе болып қана қоймай,Үшінші жаңғыруды батыл қадаммен бастауға мүмкіндік берді. Экономиканың әлемдік деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуіне лайықталған бұл жаңғыру бүгінгі күні заңнамалық тұрғыдан қорғалып отыр.
Ең маңыздысы, сан ғасыр бойы арман мен мұраттың жемісті нәтижесі болып келген еліміздің егемендігі оның бүкіл аумағын қамтитыны, мемлекет өзінің аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ететіндігі Конституцияда анық көрсетілді. Өз кезегінде, бұл еліміз мүддесіне сай келетін сүбелі істерге молынан жол ашты. Қазақстан өзі шектесетін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан елдерімен шекара мәселесін біржола шешіп, халықаралық құжаттармен нақты бекітті. Бұл – құрылықтағы шекарасының өзі 14 мың шақырымға жуық еліміздің сыртқы саясаттағы үлкен табысы деуге толық болады. Жасыратыны жоқ, 90-шы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі заманда ең бір нәзік әрі терең дипломатиялық шеберлікті қажет ететін шекара мәселесінен шу шығармай, мемлекетіміздің мүддесіне ешбір нұқсан келтірмейтіндей етіп, тігісін жатқызып, оңтайлы шешу – айтуға ғана оңай шаруа еді. Шындап келгенде, Ресей ғылым академиясы География институтының есептеулеріне қарағанда, тек посткеңестік елдердің аумағында территориялық — этникалық дауға ұласуы мүмкін 180 нүкте бар екен.
Халқына қам жасап, жас ұрпақтың өскелең болашағын ойлаған Ата Заң этникалық — ұлттық негізге сүйенген мемлекеттің ішкі саяси қалыптылығына да оң ықпал етуде. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Конституциялық мәртебеге ие болып, Ата Заңның 51- бабына сәйкес өз тарапынан Парламентке 9 депутатты сайлауы елімізде ымыра бірлікті, қайнаған тірлікті орнықтыруға септігін тигізіп отыруы дәлел.
Тұңғыш Президент Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында:«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады» дегені мәлім. Бұл – қоғамды білімді, сауатты адамдар түзсе, елдің де келешегі жарқын болатынын бейнелейді. Сондықтан, жаһандық бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау мәселесіне Ата Заң мүмкіндік беріп отыр. Заңның 30-бабында көрсетілгендей, мемлекетімізде азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілген, ал мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқы бар болып саналады. Бұған1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жақтан «Болашақ» халықаралық стипендиясы толық дәлел бола алады. Осы жылдар ішінде 10 мыңнан астам қазақстандық мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келді. Бүгінгі таңда «Болашақ» қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына жасалған үлкен мүмкіндік әрі бұл секілді бағдарламаның баламасы әлемде некен-саяқ.
Конституцияда сөз еркіндігіне кепілдік берілген, мәселе оны ретімен әрі орынды пайдалануда. Жоғарыда атап өткеніміздей, сөзге деген жауапкершілік бәрінен биік тұруы тиіс. Әрине, «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сондықтан да сөз еркіндігінің, жариялылықтың қоғамның өркениетті негізде дамуына тигізетін пайдасы мол. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың басты көздегені де осы. Еліміздегі БАҚ-тың сексен пайыздайы мемлекеттік емес. Оппозициялық және партиялық басылымдардың саны айтарлықтай. Оларда және әлеуметтік желілерде билікке бағытталып жатқан сыни материалдар легі жеткілікті. Яғни, сынау жағынан келгенде кенде емеспіз.
Конституцияға 1998 жылғы 7-ші қазанда өзгертулер мен түзетулер және 2011 жылдың 2-ші ақпанында толықтырылулар енгізіліп, саяси реформаларға кеңінен жол ашылды. Осыған орай бүгіндері Парламент Мәжілісінің Үкіметті құру кезіндегі рөлі кеңейтіліп, Парламент пен оның палаталарының Үкіметтің және Үкімет мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттілігі күшейтілді. Үкіметтің де өкілеттілігі кеңейіп, оған үлкен жауапкершілік жүктелді. Конституциялық Кеңестің, Сот жүйесінің және прокуратураның қызметтері де жетілдірілуде. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысы шетте қалады дегенді білдірмейді. Біздің саяси жүйеміз, Президент Қ-Ж. Тоқаев айтқандай «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласына және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»тұжырымдамасына негізделетін болады. Осылайшабүкіл халық болып «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруға әрі әлемдік өркениет көшіне ілесуге тамаша мүмкіндік туып отыр. Іске сәт!
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы