Жылдар жылжып, уақыт озған сайын ғылымы мен білімі дамыған елдер ғана талайға үлгі болып алдынғы қатардан көрінетінікөпшілікке аян. Ғалымдары мен оқуға һәм ізденуге құштар азаматтарына жағдай жасап, көңіл бөлетін мемлекет қана жасампаз жаңалықтарды дүниеге әкелмек. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері бұл үрдіс бізде де қалыптасып, кітапханасы бай, қажетті құрал жабдықтар, зертханалар, жиһаздармен қамтылған, білікті профессор-оқытушылардан құралған білім ордалары мен университеттер қатары көбеюде. Бұл оқу орындарының арасында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті бар.
Тарихы тереңнен бастау алатын оқу орны 1950 жылғы 14 маусымда мұғалімдер институты ретінде ашылса, 1955 жылы педагогикалық институтқа айналып, 1994 жылы Атырау университеті ретінде құрылып, көрнекті қайраткер, ғұлама ғалым Халел Досмұхамедовтың есімі берілді. Жоғарғы оқу орны мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, Қазақстанның Батыс аймағында алғашқы аймақтық университет дәрежесіне ие болды.
Алдымен физика-математика, филология жәнежаратылыстану-жағырапия сынды үш факультеттен тұрған мұғалімдер институтында ғажайып оқытушылар мен директор, декандар қызмет етті. Атап айтар болсақ, филологтар Г. Қадырова мен Н.Е. Бахарев, тарихшылар Д.Б. Баяндиев пен А.Польская, биологтар И.Ф. Поваренкин, А.Д. Киселева, И.П. Вотякова, физик И.Г. Чейдуков, математик Яковлева, педагог Р.Г. Гаязова, психолог В.И. Куфтырева, дене тәрбиесінің оқытушылары А.Н. Лютиков, Р.М. Маренинова-Емельченкосынды білімпаздар.
Гурьев қаласы мектептерінен олардың құрамына филолог Л.И. Азовская, географ П.П. Точеный, физиктер Х.А. Ахметжанов, М.Ж. Жұмашев және т.б. қосылды.
1960-жылдардың бас кезінен бастап оқу орнында аспирантураға оқытушыларды жіберу, өз бетімен іздену, тағылымдама сияқты ғылыми жұмыспен шұғылданудың түрлері кең өріс алды. Институтта жұмыс істеп жүрген оқытушылардың, ізденушілердің арасында бірінші болып, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін Қ.Е.Темірғалиев, физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін А.Х.Наубетов диссертация қорғады.
Бұл жылдары институт оқытушыларының ғылыми еңбектерін жариялауға мүмкіндіктер жасалып, ерекше мән берілді. 1959-1962 жылдардың арасында институт ғалымдарының 3 «Ғылыми жинағы» шығарылды. Біреуі — физика-математика ғылымдарының, қалған екеуі тарих-филология сериясы еді. «Ғылыми жинақта» кейбір жас мұғалімдердің алғашқы мақалалары жарияланды.
1970-жылдары оқу орны ғылыми әлеуетінің нығаюына мән беріліп, ғылыми атақ-дәрежелері бар оқытушылар көбейді.
1980-жылдары институтта 6 факультет: тарих-филология, физика-математика, биология-химия, музыка-педагогика, бастауыш білім беру және мектепке дейінгі тәрбие, спорт факультеттері болып, оларда барлығы 2723 студент оқыды. Сырттай оқу бөлімі студенттері орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, биология, музыка және ән, педагогика және бастауыш білім беру әдістемесі, мектепке дейінгі педагогика және психология, дене тәрбиесі сияқты 8 мамандық бойынша даярланды, онда барлығы 2053 студент білім алды. Жалпы студенттердің контингенті 4776 адамды құрады.
1986 жылы желтоқсанда 220 орындық «Құрдастар» асханасы іске қосылып, 1988 жылы құрамында футбол алаңы, жүгіру жолы, трибунасы, оның астында гимнастикалық зал, жүзу бассейні мен жабдықталған спорт кешені ашылды. Бас оқу үйіндегі спорт залына қосымша құрылыс жүргізілді.
1988 жылы маусым айында 400 орындық секциялық типтегі студенттер жатақханасы іске қосылды. 1990 жылы «Буревестник» стадионы жаңартылды.
80-жылдардың аяғында Жұмекен Нажімеденов атындағы әдебиет және өнер бірлестігі құрылды. (жетекшісі-әдебиет кафедрасының меңгерушісі Қ.Жүсіп). Бірлестік 4 секциядан тұрды: «Мирас» — өнердің ұлттық жанрларын орындаушылар секциясы (айтыс, терме, көңілді тапқырлар клубыжәне т.б.), «Үкілі үміт» — жас ақындар секциясы, «Жадыра» — көркемсөз оқу секциясы, «Шұғыла»- драма үйірмесі.
Жылма-жыл институтта факультеттер арасында«Студент көктемі» көркемөнерпаздар сайысын өткізу дәстүрге айналды. Өнерпаздар тек оқу орнының деңгейімен шектемей, қалалық және облыстық фестивальдарға, сайыстарға және т.б. шараларға белсене қатысты. Оқытушы М.А. Әбілова жетекшілігімен құрылған студенттер хоры, «Экспромт» вокальдық ансамблі (жетекшісі О.А. Самедова), қазақтың ұлт аспаптары оркестрі (жетекшісі О.Б. Бахтияров), балдық ансамбль(жетекшісі М.Т. Габдушева) облысқа белгілі көркемөнерпаздар ұжымдары болды.
Еліміз тәуелсіздік алып, жаңа қарқынмен болашаққа бағыт түзеген шақта университет те жаңданып, гүлденіп, өркендей түсті. 1994 жылғы 23 мамырда ҚР Министрлер кабинетінің шешімімен Атырау педагогикалық университетінеғалым, профессор Халел Досмұхамдовтің есімінің берілуі көпшілік үшін қуанышты жаңалық, облыс халқы үшін елеулі оқиға ретінде қабылданды. Ал2000 жылы университетте факультет санының артып, тоғызға жетуі кадр саясатының да қарқынды жүруіне, олардың елдегі, шетелдегі ғалымдармен тәжірибе алмасуына өз септігін тигізіп, мектеп бітіруші түлектерге мол мүмкіндік жасады. Бұл кезеңде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті Америка, Финляндия, Корея, Түркия, Иран, Польша, Венгрия, Ресей сынды елдердің жоғары оқу орындарымен байланыс орната бастады. Қазіргі кезде де бұл үрдістің жібі үзілмей келеді. Оған әлемнің ең ірі 150 халықаралық жоғары оқу орындарымен тәжірибе, білім алмасу мақсатында ынтымақтастық орнатқаны дәлел бола алады.
Сонымен қатар, университеттің Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері ассоциациясының, Дүниежүзілік классикалық университеттер Ұлы Хартиясының (Болонья 2010 ж.), Қазақстан Республикасы жоғарғы оқу орындары ассоциациясының мүшесі болуы студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасалғанының, білікті оқытушылар молдығының көрінісі.
Бүгінгі таңда оқу орнының құрамында 6 факультет, 29 кафедра, 7 ғылымми-зерттеу орталықтары қызмет атқарады. Онда 500-ге тарта оқытушы-профессорлар бар, олардың 200-і ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, PhD докторлары, 30-дан аса оқытушы Қазақстан Республикасының Үздік ЖОО оқытушысы атағына ие болды.
Университетте кәсіби білім берудің көпсатылы жүйесі бойынша 7 мыңнан аса студент пен магистрант білім алуда. Білім мен ғылым жолын қуған жастарға университет тарапынан жағдай жасалып, инновациялық жобаларды іске асырып, ғылыми және қазақ, шетел әдебиетінің бай мұрасы жинақталған кітапханалармен, тегін ғаламтор орталығымен қамтамасыз етіп, оқуда да, мәдени өмірде де, қоғамдық жұмыстарда да алғы шептен көрінген студенттерге ай сайын шәкіртақы тағайындап, академиялық ұтқырлықпен еліміздегі, шетелдегі жоғары орындарына тәжірибе алмасуға жіберіп, алыс облыстар мен елді мекендерден келген жастарды жатақханаға орналастырып, оқимын деген талапкерлердің “бетін қақпай, белін бууды” көздеген.
Университет ректоры Саламат Нұрмұханұлы Идрисов бастаған үлкен құрылымда қызмет ететін оқу ордасы әлеуметтік желіде де белсенділік танытып, білім алушылардың өмірінен, атқарылған игі шаралармен, есте қаларлық оқиғалармен бөлісіп, талайды хабардар етіп отырады. Бұл жүйе, әсіресе Covid19 індеті басталған тұста зор септігін тигізді. Оффлайн жүйеден онлайн оқу жүйесіне көшкен білім алушылар “Білім алушыларға қызмет көрсету” орталығынан asu.edu.kz сайты, телеграм, инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы шұғыл мәселелерін шешіп, қажет ақпараттарының жауаптарын алып, ризашылықтарын білдіріп жатты.
Талайды есеңгіретіп жіберген індеттің таралуы кезінде университет бірден ZOOM платформасы арқылы онлайн оқу жүйесіне кірісті. Студенттер мен магистранттардың оқудан бөлек, ғылыми, мәдени өмірден арасы алшақтап кетпеуі үшін айтулы шараларды осы платформадаұйымдастырып отырды.
2021- 2022 оқу жылына да қарқынды дайындықпен кірісіп, талапкерлер үшін виртуалды қабылдау комиссиясы құрылып, Қазақстанның, тіпті шетелдің бітіруші түлектері бір сәтте үйлерінен шықпай-ақ оқуға түсудің қамына кірісіп, оларға бірнеше оператор өз қызметтерін жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Университет биылғы да мектеп түлектерін қуанышпен қарсы алып, олардың әлемдік білім беру стандарты жүйесімен оқуын, өзі таңдаған мамандығын сапалы түрде жетік меңгеріп шығуын, қоғамдық өмірге белсене араласып, озық оқу ордаларының бірінде оқуын қамтамасыз етпек. Ендеше, “асу бермес асқар жоқ”деп үлкен өмірге қадам басқалы отырған барша жасты Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті құшағын ашып қарсы алары сөзсіз.