Қасиетті қазақ жерінде дара да дана туған тұлғалардың қатарында тіл білімінің дамуына бар ғұмырын арнаған Рәбиға Сыздық ерекше орын алады. Еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдық белесінде Рәбиға Сәтіғалиқызының ғылым саласындағы да, қоғамның дамуы бағытында да қосқан үлесі орасан. XX ғасырдың басында қазақ халқының басына түскен зұлмат жылдары отбасына түскен ауыртпалықты Рәбиға апамыз да көрді. 1937 жылы әкесі Сәтіғали Құтқожин «Халық жауы» аталып, ату жазасына кесілді. Қиындықта шыңдалған Рәбиға Сыздық ұлтымызға үлгі болатын дара тұлғаға айналды.
Профессор Рәбиға Сәтіғалиқызының өмір жолы мен жеткен жетістіктері, алған асулары бүгінгі жастарға үлгі болатын өмір жолы. Жастайынан өмір қиындығын көрсе де болашаққа сеніммен ұмтылған жас алғашында педагогикалық училищеде білім алды. Алғашында мамандығы бойынша мектеп мұғалімі болып еңбек жолын бастап, Ақтөбеде педучилище оқытушысы болды. Кейінне оқуын жалғастырып, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын 1947 жылы үздік бітірген Р.Сыздық ғылыми жолын бастады. Аспирантурада оқыды, 1957 жылдан бастап ҚазССР Ғылым академиясында Тіл білімі институтында еңбек етіп, бар ғұмырын ғылымға арнады. Қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында еңбек етіп, қазақ тілінің зерттелуіне аянбай қызмет етті.
Өзінің тарихының шежірелі парақтарына 70 жылдан асқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің даму жолдарында профессор Рәбиға Сыздықованың өзіндік орны болғанын атап өтеміз. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарында бірнеше мәрте тіл білімінің тұғырына арналған ғылыми конференциялардың ұйымдастырылуы мен жоғары деңгейдегі мазмұнға ие болуына аса зор ықпал етті. Қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған Атырау өңірінде 2004, 2007, 2008 жылдары қазақстандық ғылыми қауымдастықта тіл мамандарының өзара пікір алмасуына мүмкіндік берген ғылыми жиындар өткізілді. Осы ғылыми конференциялардың бәрінде де филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Сыздық ауқымды ғылыми-әдістемелік қолдау жасап, кеңестерімен жәрдемдесті. Атап айтқанда, 2004 жылы «Қазақ тіл білімі – даму жолында» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында тіл мәртебесінің мәселелері бойынша сараптамалық баяндамамен қатысты. Осы ғылыми жиын барысында Атырау университетінің бір топ жас ғалымдары өздерінің ғылыми таңдауларын жасады. Одан кейінгі «Қазақ тіліндегі терминжасам мәселесі», «Қазіргі әлемдегі тілдер саясаты және қарым-қатынас мәселелері» тақырыптарында өткен ғылыми конференциялар қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюі, тіл мәдениетіне байланысты жан-жақты талдаулар жасалған тұжырымдарымен есте қалды.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ұжымы Рәбиға Сыздықованың Халел бабамыздың ғылыми мұрасының зерттелуіне қосқан үлесін айрықша бағалаймыз. 1998 жылы жарыққа шыққан Халел Досмұхамедұлының таңдамалы шығармаларында Халел бабамыздың қазақ әдебиеті, қазақ тілі, термин мәселесі бойынша мақалаларына талдау жасаған болатын.
Тек тіл саласы ғана емес тарих пен қоғамды терең зерттеген ғалым алғашқы қазақ тарихшыларының бірі Қадырғали Жалаиридің әйгілі «Жами-ат тауарих» шығармасын қазақ халқына да, барша түркі әлеміне де танытты. Ұлы даламыздың ұлы тұлғаларын Қожа Ахмет Яасауи, Қадырғали Жалаири, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов, Құдайберген Жұбанов еңбектерінің насихатталуына зор еңбек етті.
Халел Досмұхамедовтің тілі біліміндегі еңбегін талдаған ғалым оның ғылым тілін қалыптастырғандығын атап өтеді. Қазақ тілінде терминологиясы мүлде қалыптаспаған саладан – «зоология, анатомия, табиғататну пәндерінен оқулық жазу қай халықтың да тарихында сирек кезөдесетін харакет» деп атап өтті. Х.Досмұхамедұлы мен оның ағартушы тұстастары ұстанған жол, қазақ ғылыми тілін сатылай қалыптастыру, жаңа ұғым-түсініктерді шым-шымдап бойға сіңіру жолы бүгін де өз ділгірлігін жойған жоқ, қайта егемендік алуымызға байланысты күн тәртібіне өткір қойылып отыр деп Халелдің терминжасамдағы рөлін бағалады.
Профессор өзінің зерттеу аясында қазақ тілінің тарихы, түркітану ғылымының сан-салалы бағыттарын қамтыды. Кей жерлерде филология, тарих, әлеуметтану және басқа да ғылымдар кешенінде пәнаралық зерттеулер жүргізді.
Ғасырға жуық өмір сүріп, қазақ тілінің әлем тілдерімен терезесі тең ғылым тілі, қарым-қатынас тілі ретіндегі дәрежесін көтеруге, ғылыми зерттелуіне өлшеусіз үлес қосқан Рәбиға Сыздық бейнесі бүкіл қазақ халқының жадында мәңгі сақталады. «Ғалымның хаты өшпес» дегендей, ғылыми мұрасы мәңгіге қалады. Ғалымның мол ғылыми мұрасы тұрғанда, тәрбиелеген ғалым шәкірттері барда Рәбиға анамыздың рухани өмірі мәңгілік болады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Түрік Тіл Қоғамының корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың тәуелсіздіктің нығаюындағы еңбегі ерен болғны сөзсіз.
Атырау өңіріндегі білім мен ғылымның қара шаңырағы Досмұхамедов Университетінің педагогикалық ұжымы өз жұмысында ана тіліміздің абыз анасы атанған Рәбиға Сәтіғалиқызының ғылыми мұрасын оқу үдерісі мен жастар тәрбиесінде қолданатын болады және ол әрқашан жалғасады.
Саламат Нұрмұханұлы Идрисов
«Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ
Басқарма төрағасы-ректор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, профессор