2012 жылғы 3 шілде күні бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында өткен Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жария еткен еді. Аталмыш жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Еңбек дауларының негізгі себептері ретінде екі мәселені атап көрсетуге болады: бірінші – жұмысшылардың кәсіпорынды басқару мәселелерінен шеттетілуі, екінші – даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеу тетіктерінің әлсіздігі» деп айтқанына арада тоғыз жыл өтсе де, тапсырмалар орындалып жатса да, мекемелер мен кәсіпорындардағы еңбек даулары азаяр емес.
Атырау облысындағы еңбек құқықтарын қорғаушылар қосының іздеп келетін жұмысшылар кәсіподақтар мен еңбек инспекциясынан араша сұрайтындардың саны күннен-күнге өсіп барады. Шынын айту керек, әділдік іздеп арыз жазғандарға, өз құқықтарын қорғап жүргендерге жұмыс берушілердің көзқарасы өзгерер емес. Ондай жандар арызқой, пәлеқор, жалақор сияқты көрініп, артынан қудалаушылыққа ұшырайтыны тағы бар. Әлде әділетсіздікке әбден бойымыз үйреніп кеткен бе?! Әйтеуір, тым көнбіспіз.
Аталған мәселелер ағымдағы жылдың 25 маусымында өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті VII-ші отырысында талқыланды.
Жиын барысында Мемлекеттік еңбек инспекциясының маусым айында ұжымдық еңбек даулары туындаған кәсіпорын туралы баяндама тындалды, атап айтқанда:
- Темір жол вагон жөндеу қызметтерін көрсететін «Ак жайык-7» кәсіпорынның жұмысшыларына демалыс күндері жасаған жұмыстарына үстемақы мен басқа лауазымды қоса атқарғаны үшін қосымша ақы төленбеген, еңбек ақы төлеу жүйесі кәсіподақтардың келісімінсіз енгізілген.
- Құрылыс жүргізетін «Казкомсервис» компаниясының жұмысшылары түнгі уақытқа және мереке-демалыс күндері жасаған жұмыс уақытына ақы төленбей, жыл сайынғы еңбек демалыстарына ақы толық есептелмеген.
- Ауыр жүк тасымалдайтын «Саренс Казахстан» ЖШС-нде жұмысшылар жалақыларын 50 пайызға дейін өсіруді, тұрғылықты жерінен жұмыс орнына дейінгі келу шығындарын өтеуді, үстеме жұмыстары үшін және бос тұрып қалу уақытына тиісті ақыларды төлеуді және ерікті медициналық сақтандыруды талап етуде.
- Мұнай-газ құрылғыларын шығаратын «АтырауНефтеМаш» кәсіпорнында 40-тан астам жұмысшының жұмыс беруші тарапынан жалақы мен әлеуметтік жарналарды уақытылы төлемеу, арнайы құралдармен қамтамасыз етпеу және қантар айынан бастап жалақы төлеу жүйесін өзгертумен келіспейтіндігі туралы шағымдары бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланды, жұмыстан қысқарту мәселесі тағы бар.
Еңбек дауларының туындауына жол берген кәсіпорын басшылары сынға алынып, оларға заң бұзушылақтырды жойып, тез арада қолданылған іс-шаралар бойынша жауап беру талап етілді.
Ер азаматтың жұмысқа барып, аман-есен үйіне оралуы – әрбір отбасының тілегі. Жұмыстың ұйымдастыруында кеткен қателіктердің арты қайғылы оқиғаларға алып келетіні сөзсіз-ақ. Сондықтан әрбір жұмыс беруші өзінің кәсіпорында еңбек ететін жұмысшылардың өмір қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлуі — бірінші міндеті болуы керек. Сондықтан, кәсіподақтар 11 маусымдағы комиссия отырысында еңбек қауіпсіздігі ескерусіз қалмайтынын жеткізген болатын.
Ал, «Атырау Жарық» кәсіпорыны жүйесінде қолданылып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, өндірістегі жазатайым оқиғаларының қайталануы, әсіресе адам өлімі бар жазатайым оқиғалар жалғасуда, 2019-2020 жылдары ауыр дәрежедегі өндірістегі жазатайым оқиғалары болса, биыл да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде адам өлімімен аяқталған өндірістік жарақаттану фактісі тіркелді. Комиссия отырысында жауап берген кәсіпорын өкілі өз сөзінде қызметкерлер қауіпсіздік бойынша барлық тағылымдамадан өтті деп сендірсе, екінші сөзінде әрбір жұмысшының артынан кім қарап жүреді деп ағынан жарылды. Алайда тексеру қорытындысы 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсі екені дәлелдеп отыр.
Мәжіліске төрағалық жасаған Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков облыс көлемінде жыл басынан бес ай ішінде жазатайым оқиғалардың саны күрт өскенін ескертті, бүгінгі танда еңбек инспекциясының мониторингі бойынша 21 жазатайым оқиға тіркеліп, 24 адам жарақат алғанын, көп кешіктірілмей еңбекті қорғау мәселесіне арналған дөңгелек үстел жоспарланғанын хабардар етті.
Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – еңбек дауларын алдын алу мәселесі. Бұл орайда сөз сөйлеген кәсіподақтар басшысы Ізтұрған Баймұханов қабылданып жатқан шаралары туралы хабардар етті. «Әлеуметтік шиеленісті болдырмау – басшы мен жұмысшыға бірдей міндет. Халқымызда «Үй болғасын ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген әрі жаман, әрі жақсы тіркес бар. Жамандығы ұрыс-керістің лебі болса, жақсылығы соны жуып-шайып, тігісін жатқыза бітістіруге қызмет етуі. Осы бітістіру мен түрлі әлеуметтік шиеленістің алдын алудың тұрғындар саны артып, жұмыс орындары жетіспей және шетелдіктермен бірлесе жұмыс жасау барысында алуан түсініспеушіліктер туындап жататын қазіргі кезеңде маңызы зор» екенін атап өтті. Соған қоса елдегі әлеуметтік тұрақтылық – мемлекеттік саясаттың шешуші басымдықтарының бірі. Компаниялардың әлеуметтік тәжірибесін талдау арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелеріне жаңа, стандартты емес шешімдер қажеттігін аңғаруға болады. Адами факторды ескермей, әлеуметтік еңбек қақтығыстарына тек еңбек даулары ретінде қарау дұрыс емес. Мұндай наразылықтарға тереңірек үңілсек, оның астарында жұмысшылардың адами қарым-қатынастары, оларды адам ретінде құрметтеу керектігін аңғару қиын емес, – деді І.Баймұханов.
Өз баяндамасында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Еділ Ұзақбай көтерген мәселелердің бірі – ол Теңіз мұнай-газ кен орнында еңбек ететін жұмысшыларға төленетін өтемақы жағдайы болды. ТШО компаниясының мамыр айында бизнес-серіктеріне таратқан мәліметіне сай жұмысшылардың оқшалануына төленетін өтемақының ағымдағы жылдың 1-інші маусымнан бастап 70 пайызға азайтылады, тамызда – 50 пайызға, ал 1-інші қазанынан бастап толықтай тоқтатылады. «Облыстық кәсіподақтарға жолданып жатқан сауалдардың жалпы мазмұны – егерде 1-қазаннан бастап жұмысшылардың вахта аралық демалыс күндеріне келетін оқшалану кезені үшін өтемақы төленбейтін болса, жұмысшылар оқшалану кезенін вахтаның уақытына қосып, толық еңбекақы ретінде төлеуді талап етіп отыр. Аталған мәселе бойынша кәсіподақтарға ESS Suport Services, СиСиСи, Сичим, Денхолм, Казстройсервис, Саренс, НСС, СОС Реалти, Сенимди Курылыс, Болат Жол, Бонатти, Ариадна компанияларының жұмысшылары хабарласқан болатын. Кеше ғана Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында орналасқан «Дунга» мұнай-газ кенішінде орын алды – жүздеген жұмысшылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа – демалыс кезінде оқшаланамыз, ол үшін өтемақы төленбейді деген өтініш жасады. Бұндай жағдай Атырау облысында жыл аяғында емес, ертен-ақ туындауы мүмкін. Атыраулықтар ҚР Президентіне ашық хатпен шықпай, мемлекетті органдарғы жазбай, кәсіподаққа сенім артып жүгініп отыр. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жұмысшыға әрбір оқшалану күніне бір күндік еңбек ақы мөлшерлемесінен кем емес өтемақы төленуіне ұсыныс енгіземіз».
Комиссия отырысына төрағалық жүргізген Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков облыстық еңбек инспекциясы мен ТШО компаниясынның өкілдеріне кәсіподақтармен бірлесе отырып әлеуметтік-еңбек шиеленістердің туындау қаупі бар жағдайларды зерделеп, көп уақытқа созбай тиісті алдын ала шараларды қабылдауға тапсырма берді. Тараптардың келісімі бойынша келер апта үшжақты келіссөздер жүргізілетін болды.
Отырыс барысында Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің COVID-19 короновирусымен күрес шеңберінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің және тәуекел топтарының жалақысына төленген үстемеақы бойынша ақпараты тындалды. Сөз кезегінде кәсіподақтар аталған шараға қатысқан, алайда үстемақы төленбеген медицина қызметкерлердің мәселессін көтерді. Екі тарап емдеу кәсіпорындарының басшылары тарапынан кеткен қателіктерді кезекті өңірлік салалық комиссия отырысында талқылауға шешім қабылдады.
Күн тәртібінде енгізілген Махамбет ауданындағы әлеуметтік әріптестіктің даму жағдайын Аудандық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия төрағасы – Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Мардан Сейтқалиев баяндады.
Баспасөз қызметі.