Кең байтақ еліміздің әр аймағында өзінің сара жолымен елге, халыққа сіңірген адал еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын тау тұлғалы азаматтарымыз баршылық. Ал, осындай елі үшін жаратылған іскер жандарды Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай – талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деген болатын.
Негізінен қазақ нағыз жауынгер, ержүрек, данышпан, еңбекқор халық. Бұл игі қасиеттердің атадан балаға жалғасып бүгінгі ұрпағына жетуі, ол өткен тарихымызда із қалдырған дара тұлғаларға қатысты болар еді. Ешбір халық өткен тарихын сараламай, бүгінінен сабақ алмай, келешегін кемелдей алмасы анық. Сондықтан болар осы бір жазбамда өтен ғасырдың 30–70ші жылдар аралығында қиындыққа құрыштай шынығып, қажымай-талмай елінің ертеңі үшін еңбек етіп, сол еңбегінің арқасында небір биік белестерді бағындырған жерлестеріміздің бірі – Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы ерен еңбегімен «Қызыл Жұлдыз» орденімен» — марапатталған ел ардақтысы Зайыров Қажен атамыз жайлы болмақ. Ресми деректерге сүйенсек ол 1903 жылы сол кездегі Гурьев облысы, Жанбай аулында балықшылар отбасында дүниеге келіп, 1980 жылы өмірден өткен.
Қажен аға мектепті тамамдағаннан кейін ауыл шаруашылығын таңдап, осы сала бойынша оқуын жалғастырған. Туған жерін көркейтіп, оны дамытуды өз алдына мақсат етіп қойған жас маман өзі өскен өңірдегі балық, мал шаруашылығын дамытуда көптеген еңбектер атқарады. 1941 жылы ҰОС басталған уақытта сол кездегі комиссариаттың шешімімен Зайыров Қажен ағамызды халықпен жұмысты ұйымдастырушы, нағыз мықты маман ретінде тылда еңбек майданына қалдырады.
Сол жылдары Новобогат ауданында жер бөлімінің бастығы, аудандық кеңес атқару комитеті төреағасының орынбасары бола жүріп, ауданның мал және балық шаруашылығын өркендетуге өлшеусіз үлесін қосқан. Бұл орайда Новобогаттықтар Республика көлемінде бастама көтеріп, мал шаруашылығын өркендету жолындағы жарысты бастаушылардың алғашқылары атанумен бірге, аудан малшылары өздерінің бастамаларына сай еңбек етіп, Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туы мен бірінші дәрежелі сыйлығын бірнеше рет жеңіп алған болатын. Сол бір соғыстың қиын-қыстау кездерінде ауатком төреағасының орынбасары Зайыров Қажен бастаған ауданның басшы қызметкерлері үнемі ат үстінен түспей, шалғай жайылымдарда еңбек етіп жатқан малшы қауымымен бірге тыныстап, майданның қажетін өтеу мақсатында елдің экономикасын көтеру үшін барлық қол күшін бір жерге жұмылдыра білді.
Еңбекқор жан, қалай еткеннің өзінде де елімізге жеңіс күнін жақындату үшін уақытпен санаспай, жұмыс жасаған еңбек адамы ретінде өзіне сеніп тапсырылған жауапты қызметті абыроймен атқарып, қарамағындағыларға үнемі жігер беріп, оларды әр кез қолдап, қажет кезінде көмектесіп, сөзімен ғана емес тындырымды ісімен де көпке үлгі — өнеге бола білді.
Елі үшін еткен еңбек пен төккен маңдай тер де өз бағасын алып, Қажен Зайырұлы соғыс даласында әскери адамға берілетін «Қызыл Жұлдыз Орденімен» марапатталады. Бұл жөнінде кезінде БАҚ беттерінде жазылған болатын. Еңбек десе барын салатын іскер Зәкең талай қилы кезеңді бастан кешірді. Әсіресе, оның байларды тәркілеу, ұжымдастыру науқандары кезінде кейбір асыра сілтеушіліктерге жол бермеген. Дерек беттеріне сүйенсек ол 1939 жылы жеке адамдардың жылқы малын жинап, колхоз фермаларын ұйымдастырған тұста дайындау кооперативінің басқарма төреағасы қызметін де абыроймен атқарған.
Қажен атамыз жайлы жазылған естеліктердің бірінде оның үзеңгілес інісі Дамбы селолық атқару комитетінің хатшысы, кейін төреағасы болған, Құрманғазы, Жамбыл атындағы колхоздарда партия комитетінің хатшысы, Қызылбалық, Жамбыл атындағы колхоздарда аға экономист қызметтерін атқарған еңбек ардагері марқұм Рамазан (Ризуан) Сабырұлы былай деп жазыпты: «Әдеттегідей, ол ертемен дайындау пунктіне келсе, жасы 80-ге таяп қалған, бес баласы бес үй болып, ұрпақ өргізіп отырған, елге сыйлы Оразғали деген қарттың астындағы көк атын белсенділер тартып алып, өзін қамап қойған. Мұндай жағдайды көрген Қажекең сол бойда өзі барып атты иесіне қайтарып, қарияның өзін қамаудан босаттырып жібереді».
Қажен Зайырұлы соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын қайтадан қалпына келтіріп, еліміздің экономикасын өркендету жолында өзінің өлшеусіз үлесін қосты. Ол Каспий теңізінен балық аулауға мараторий жариялаған адамдардың алғашқысы болатын. Осыдан барып негізінен балық шаруашылығында отырған халықты бас-аяғы екі-үш жылда (1954-1956) бұрынғы Новобогат ауданына қарасты Забурын, Манаш, Жанбай елді мекендерін қалаға жақын орналасқан Жайық, Дамбы ауылы бойына көшіру жұмыстары басталып кетеді.
Осы кезден бастап Дамбы бойында балық қабылдау, мұз дайындау пунктері, Пешнойда мұнай айдау базасы бар, бірнеше мәдени-ағарту нысандары, медицина мекемелері ашылып, жалпы саны он мыңға жуық халқы бар ірі елді мекенге айналады. Жауапкершілігі мол мұндай үлкен жұмыстың барлығына басшылық жасау тәжірибелі әрі шебер ұйымдастыруышы ретінде Қажен Зайыровқа тапсырылады.
Алайда сол уақыттары жаңа қонысқа көшіп келген ауыл адамдарының үй-жайлары түгел салынып бітпеген, балалары оқитын мектеп үйі де дайын емес еді. Оған қоса ауылдың инфраструтурасы да әзір болмай, кең жайлаудан көшіріліп келген малға Жайық бойы алқабындағы өріс те таршылық етті. Бұндай сан-қилы кезеңде елді басқару соғыс жылдарында тылда басшылық жұмыста болып ысылған, өмірлік тәжірибесі мол Қажекеңе онша қиынға түспеген. Балаларды оқытатын орын жетіспегенде де ол селолық кеңестің кіріп отырған кеңсе үйін босатып берген болатын.
Көшіп келген аймақта құрылыс жұмыстары қауырт басталып кеткен шақта сол жылдардағы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Д.Оңдасынов пен облыстық кеңес атқару комитетінің төреағасы А.Қайсақановтар бастаған бір топ делегация Дамбы бойы құрылыс ұйымдарында әлденеше рет болып, күрделі мәселелердің тез шешімін табуына ықпалын тигізеді.
Осыдан кейін 1959 жылдың маусым айында облыстық атқару комитетінде Дамбы селолық кеңесінің ұйымдастыру жұмысы жөніндегі кешенді есебі тыңдалады. Қажен Зайырұлы өз баяндамасында селолық кеңестің шаруашылық пен мәдени құрылысқа басшылық етуі, елдің әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайын жақсарту, халықты азық-түлікке қажетті сауда орындарымен, медициналық қамту сынды өзекті мәселелерге бірінші кезекте баса назар аударып, істің мән-жайын байыпты түрде егжей-тегжейлі баяндап береді.
Нақты тұжырымдармен дәлелдер келтірілген кешенді есептен кейін, облыс орталығынан Дамбы селолық Кеңесіне нақты көмек көрсетіле бастаған. Дамбыда колхозаралық аурухана құрылысы тез арада қолға алынып, оның өзі бір жылға жетпейтін уақыт ішінде пайдаланылуға тапсырылған. Ал, селолық кеңес атқару комитетіне облыс орталығынан тіркелмелі мотоцикл көлігі, қазақша әріпті жазу машинкасы берілген. Оның өзі селолық мекемеге үлкен көмек болатын.
Әрине, әрбір жаңа орынға көшіп келген елдің өз қиыншылығы болмай қоймайды. Әсіресе бұрын теңіз табаны болған жер әп-сәтте бұрқылдақ болып келеді де ауылдың бүкіл малы бұл жерді таптағанда жері борасын топыраққа айналып жаңадан салынған үйлерді құм басып қалу қаупі туындады. Бірақ бұл мәселе де тез арада өз шешімін тауып, селолық кеңес төреағасы облыс орталығымен бірлесе отырып бір шешімге келіп,, қалыптасқан жағдайға байланысты бірінші кезекте елді мекендерді көгалдандыру ісі қолға алынған болатын. Бүгіндері әр селода жайқалып тұрған жасыл желек сол кезден бастау алғанына жергілікті халықтың өздері куә. Сөз арасында айта кететін тағы бір жәйт сол кездері колхоздарда үокен еңбекпен алма бақтары отырғызылған болатын. Сол хош иісі бұрқырап тұрған алма бақтары кейін өткен ғасырдың 90-шы жылдарында тоқырау заманында күтімсіздіктен құрып кеткен.
Осындай небір қиындықтарға қарамастан Қажен атамыз халық игілігі үшін жасаған адал қызметінің арқасында еңбек майданында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Сол қажырлы еңбегінің арқасында өз халқының құрметіне, ризашылығына бөлене білді.
Қажекең шаруашылық жайын шыр айналдырып жүріп, айналасындағы адамдармен емен-жарқын әңгіме айтып, жақсы ат мініп, аңшылықпен айналысып, табиғат аясында біраз тыныққанды да ұнатқан. Яғни, айтулы азамат қай заманда болсын айналасындағы адамдардың бабын таба жүріп өмір сүре білген жан. Халық арасында «Артында жақсы аты қалған «Ер Азамат» ешқашан ұмытылмайды» -деген қанатты сөз бар. «Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен қиын кезеңде ұзақ жылдар бойы туған халқына адал қызмет жасағанымен есімі ұмыт болып бара жатқан осы бір абзал азаматтың өмір жолы жайлы жастарға айтып беруді мен өзіме мақсат еттім.
Бір өкініштісі көптеген елді мекеннің құрылуына әуел бастан мұрындық болып, туған өңірінің өсіп, өркендеуіне өлшеусіз өз үлесін қоса білген Қажен Зайырұлындай іскер азаматтың атына қазіргі осы Дамбы бойы елді – мекендерінде еске алатындай бір көшенің атыда берілмегені көпшілікті қыңжылтады .
«Жақсының аты жария» — деген, бүгінгі кейіпкеріміздің халық арасында көптеген «Қаженнің қағытпа әңгімелері» — деген әзілі аралас сөздері де баршылық. Солардың кейбіреуін оқырмандарға ұсынғанды жөн көрдім.
Жерге кіріп кете жаздадым
1934 жылы Мәскеуде үлкен бір жиналысқа қатысып едім,- деп бастайды бір әңгімесін Қажекең.
Кремльді аралап көрдік. Әрине, көсем жатқан мавзолейге де бардық. Айтпақшы Кремльде жүргенде күтпеген жерде Надежда Константиновна Крупскаямен бетпе-бет кездесіп қалмасым бар ма? Ол менің бетіме тура қарап:«Шырағым-ай, ағаң қайтқалы он жыл болды, содан бері бір келіуге жарамағаның ба?» — деп айтқанда жерге кіріп кете жаздадым — деген екен.
Ой, ұялғаным-ай
Бірде аудандық санэпидемстансасынан ауылға комиссия келді. Олар мектепті, клуб пен кітапхананы, дүкендерді қарап шығып, тиісінше акт жасап кетіп қалады.Комиссия кеткеннен кейін Қажекең әлгі мекеме басшыларын шақырып алып тексеру қорытындысымен таныстырып отыр дейді. Жағымды көріністерді айта келіп, кемшіліктерге келгенде дауысы қатқылдау шығып кетсе керек. «Осы сендер жұмыс орындарыңды неге таза ұстамайсыңдар. Халықпен жұмыс жасайсыңдар. Түрлі ауру-сырқау сол кір-қоқыстан жәндіктерден тарайтынын білмейсіңдер ме? Мана комиссия мүшелері дүкенге кіріп бір жәшікті көтеріп қалып еді, астынан он тоғыз тышқан жүгіріп өтті. Ой, ұялғаным-ай» — деген екен.
Балағыңды бір қақпайды-ау!
Қызмет машинасы ауылдың ішінде бір машинамен соқтығысып жұмысқа кеш келген Қажекең шоферді шақырып алып ұрысып отыр дейді:«Сендер шопыр емессіңдер. Ау, шырағым-ау, бүкіл ауылда екі машина, бірімен-бірі соқтығысып жатыр дегені не масқара. Мен, өзім Мәскеуде болған адаммын. Көліктің көптігі деп сол қаланы айт. Жол бойында ерсілі-қарсылы зулдап жатқан көріністі көргендебейне бір құдірет дерсің. Сонда деймін – ау, бір жердегі киоскіден газет журнал алайын деп талтайыңқырап тұра қалсаң, олай да былай ағылған машиналарбұтыңның арасынан зуылдағанда, балағыңды бір қақпайды-ау, шіркін!»- деген екен.
С.Б. АЙМҰРАТОВ
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
«Гуманитарлық ғылымдар және өнер» факультетінің деканы.