Уақыттан адам асыққан кезеңде өмір сүрген ата-ананың баласын сеніп апарары да, тапсырары да балабақша болып отыр. Таңертеннен кешке дейін баланың тәрбиесімен , ортасымен, дамуымен айналысатын дәл осы жер. Тәрбиешісі тәрбиелеп, аспазы дәмді асын баламның алдына тосады деп жүрген ата – аналарды, барша қоғамды соңғы уақытта құлаққа түрпідей тиер жаңалықтардың жиілеуі алаңдатады.
Әлеуметтік желілерде желдей ескен бейнетаспаларда тәрбиешілердің жас өркендерді әлімжеттік жасауы арқылы тәртіпке шақыруы, балаға бас көз болғандардың зорлық-зомбылық көрсетуі секілді оқиғалардың уақыт өткен сайын көбеюіне не себеп? Кім кінәлі?
Мәселен, 2019 жылдың 18 қарашасында Атыраудағы «Алтын балық» балабақшасының тәрбиешісі тәрбиеленушіні соққының астына алғаны әлеуметтік желі қолданушылары арасында тарап кетті. Тәрбиешіге 2021 жылдың сәуірінде Қылмыстық Кодекстің 110-бабының 2-бөлігі бойынша «кәмелетке толмаған адамды азаптау» деген айып тағылып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Ал, осы жылдың 5-і наурызында Жылыой ауданы Жаңа қаратон ауылындағы «Балдырған» балабақшасында бүлдіршінді шашынан сүйреген тәрбиешінің әрекеті бейнежазбаға түскен. Бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 140- бабы, яғни кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы бойынша сотқа дейінгі тергеп- тексеру жүргізілуде.
Бұл оқиғалардан бөлек, соңғы айларда шулы мәселелердің бірнешеуіне куә болдық. Олардың дені бейнетаспалар мен ұялы телефонға жазылғандықтан ақ қарасы ажыратылып, қоғам мүшелері арасында резонанс тудыруда.
Балаларының денсаулығы мен тәрбиесіне алаңдайтын ата- аналар ұл- қыздарын балабақшаға апаруға қорқып қалғандарын жеткізсе, енді бірі тәрбиешілерді қызметке аларда белгілі бір сынақтан өткізу қажет екенін алға тартады. Ал, кейбір тәрбиешілердің пікіріне сүйенсек бұл қызметке мамандығын емес, грантын сүйіп келген сыңайлы. «Сананы тұрмыс билеген» уақытта ақылы оқуға тапсыруға бірінің қаражаты жетсе, енді бірінің шамасы жетпей әншейін оқуға түсе салатыны ақиқат. Ал, 2020 – 2021 оқу жылында педагогика, соның ішінде «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына 789 грант бөлініп, алдынғы қатардан көрінген.
Балалар тәрбиесі жөніндегі сарапшы, Montessori Qazaqstan қоғамдық қорын құрушы Ерұлан Құсайынов балабақшада көрініс берген зорлық – зомбылық оқиғаларының шешімін жоғары, әділ деңгейде қарастыру керектігін алға тартады.
- Мұндай жағдай орын алғанда балабақша басшысымен қатар қызметкерді де жұмысынан босату крек. Осы арқылы мекемедегі зорлық-зомбылық азаюы мүмкін. Олардың жазалануын Президент әкімшілігі немесе Бас прокоротураның жанынан мамандандырылған комитет құрылып, бақылауда ұстауы маңызды. Жазалау шарасы міндетті түрде жария болуы тиіс.
Балабақша басшылары қылмыстық жағдайларды бақылауда ұстауға құлықсыз болса, осы типтегі фактілер қайталана бермек. Ал, тәрбиешіні қызметінен кетіру мәселені шешпейді, орнына тағы бір біліктілігі төмен қызметкер келмесіне кім кепіл? –дейді.
Психологтар өзгелердің балаларына тәрбиешілер маман, әрі ересек адам ретінде қасақана зиян келтіріп, “нормадан” тыс әрекеттерге баруын зорлық-зомбылық әрекеті деп бағалайды.
— Өзге адамның шекарасына өтіп, балаларға эмоцианальді, физиологиялық тұрғыдан қысым көрсеткен қызметкердің психологиялық жағдайы да қалыпты болмауы мүмкін. Жалақының төмендігі, өміріндегі күйзелістер, әріптестер арасындағы келіспеушіліктер сынды себептер кейде адамды осындай қалыпқа түсіреді. Әйткенмен, балаларға жас кезінде көрсетілген қысым есейе келе оған кері әсерлерін тигізуі ғажап емес, -дейді психолог маман Ақбота Ерімбет.
«Бала – бауыр етім» шырылдаған ата-ананың сеніміне селкеу түсірер жағдайлардың жиі қайталануынан соң, «балабақша зорлық- зомбылық мекеніне айналып бара ма?» деген салқын сауал санамызда көрініс беруде. Демократиялы қоғам құрудың алғышарттарының бірі өзгенің шекарасына, бостандығына қол сұқпау болса, кейбір балабақша қызметкерлерінің оған дайын болмай отырғаны, өкінішті.
Асылай Ниязбаева